23-бап. Аккредиттеу туралы куәлiктен айыру
1. Уәкiлеттi орган мынадай жағдайларда, егер:
1) аккредиттеу ережелерiнде белгiленген мерзiм iшiнде кәсiби ұйым өз өкiлдерiн консультациялық органның құрамына жiбермесе;
2) соңғы үш жыл iшiнде жүйелi түрде (үш реттен көп) аккредиттеу ережесiн бұзса;
3) уәкiлеттi органға өзi және өзiнiң қызметi туралы көрiнеу жалған ақпарат берсе;
4) уәкiлеттi орган ескерту жасаған себептердi екi ай мерзiм iшiнде жоймаса немесе әкiмшiлiк жаза қолданылған болса, кәсiби ұйымды, сертификаттау жөнiндегi ұйымды аккредиттеу туралы куәлiгiнен айыру туралы шешiм қабылдайды.
2. Кәсiби ұйым, сертификаттау жөнiндегi ұйым уәкiлеттi органның шешiмiне сот тәртiбiмен шағымдануға құқылы.
24-бап. Iшкi бақылау
1. Ұйымдар Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы заңнамасының, есеп саясатының сақталуын қамтамасыз ету, бухгалтерлiк есеп жүргiзу және қаржылық есептiлiктi жасау кезiнде активтердiң сақталу шараларын, ұрлану жағдайлары мен қателесудi болдырмау және анықтау жөнiндегi шараларды қоса алғанда, операцияларды тиiмдi жүргiзу үшiн iшкi бақылау ұйымдастыруға құқылы.
2. Iшкi бақылауды ұйымдастыруды басшылық қамтамасыз етедi.
3. Мемлекеттiк мекемелердi бақылауды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттiк органдар жүргiзедi.
ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
25-бап. Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп пен
қаржылық есептiлiк туралы заңнамасын бұзғаны
үшiн жауаптылық
Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылыққа әкеп соғады.
26-бап. Өтпелi ережелер
1. Осы Заң, 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлетiн 9-бабының екiншi бөлiгiн қоспағанда, алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.
Ескерту. 19-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2008.10.23 N 72-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.
2. Кәсiби бухгалтердiң бiлiктiлiгiн растайтын және уәкiлеттi орган таныған, осы Заң қолданысқа енгiзiлгенге дейiн берiлген құжаттар жарамды.
3. Осы Заңның 2-бабының 3-тармағында көрсетiлген дара кәсiпкерлер және ұйымдар бухгалтерлiк есеп стандарттарын ұлттық стандарттар қолданысқа енгiзiлгенге дейiн қолданады.