12-бап. Бухгалтерлiк ақпарат құпиясы
1. Бастапқы құжаттар мен бухгалтерлiк есеп тiркелiмдерiнiң мазмұны коммерциялық құпияны құрайтын ақпарат болып табылады, оларға қол жеткiзуге басшылықтың немесе дара кәсiпкердiң рұқсаты бар адамдарға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мемлекеттiк органдардың лауазымды адамдарына ғана рұқсат етiледi.
2. Аталған құжаттарға қол жеткiзе алатын адамдар ондағы ақпаратты олардың иесiнiң келiсiмiнсiз жария етпеуге мiндеттi және оны жеке мүддесi үшiн пайдалануға құқығы жоқ. Коммерциялық құпияны құрайтын ақпаратқа қол жеткiзе алатын адамдар оны жария еткенi үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
ҚАРЖЫЛЫҚ ЕСЕПТIЛIК
13-бап. Қаржылық есептiлiк элементтерi
1. Активтер, мiндеттемелер және капитал қаржы жағдайын бағалаумен байланысты қаржылық есептiлiк элементтерi болып табылады.
Активтер - дара кәсiпкер немесе ұйым өткен оқиғалар нәтижесiнде бақылап отырған, болашақта экономикалық пайда алу күтiлетiн ресурстар.
Мiндеттеме - дара кәсiпкердiң немесе ұйымның өткен оқиғалардан туындайтын мойнында тұрған мiндетi, оны реттеу экономикалық пайданы қамтитын ресурстардың шығып қалуына әкеп соғады.
Капитал - дара кәсiпкердiң немесе ұйымның активтерiндегi барлық мiндеттемелер шегерiлiп тасталғаннан кейiнгi үлес.
2. Кiрiстер мен шығыстар пайда мен зиян туралы есепте қызмет нәтижелерiнiң өлшемiмен тiкелей байланысты элементтер болып табылады.
Кiрiстер - есептi кезең iшiнде активтердiң түсiмi немесе өсiмi немесе мiндеттемелердiң азаюы нысанында экономикалық пайданың ұлғаюы, олар капиталға қатысушы тұлғалардың жарнасымен байланысты ұлғаюдан өзгеше капиталдың ұлғаюына әкеп соғады.
Шығыстар - есептi кезең iшiнде активтердiң қолдан кетуi немесе азаюы немесе мiндеттемелердiң пайда болуы нысанында экономикалық пайданың азаюы, олар капиталға қатысушы тұлғаларға бөлумен байланысты азаюдан өзгеше капиталдың азаюына әкеп соғады.
14-бап. Қаржылық есептiлiк элементтерiн бағалау және
есепке алу
1. Қаржылық есептiлiк элементтерiн бағалау - аталған элементтер бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiкте танылатын және тiркелетiн ақша сомаларын анықтау. Бағалауды қолдану әдiстерi мен тәртiбi халықаралық стандарттарға, шағын және орта бизнеске арналған халықаралық стандартқа және Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы заңнамасының талаптарына сәйкес белгiленедi.
2. Қаржылық есептiлiк элементтерiн есепке алу әдiстерi және тану тәртiбi халықаралық стандарттарға және Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы заңнамасының талаптарына сәйкес белгiленедi.
Ескерту. 14-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.12.26 N 61-V (2013.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.