8-бап. Бухгалтерлiк есептi ұйымдастыру
1. Басшылық немесе дара кәсiпкер:
1) есеп саясатын келiседi және (немесе) бекiтедi;
2) бухгалтерлік есепті ұйымдастыруды, оның ішінде ұйым жасайтын барлық операцияларды бухгалтерлік есепте көрсету тәртібін регламенттейтін, бекітілген ішкі құжаттардың болуын қамтамасыз етеді.
2. Басшылық немесе дара кәсiпкер есеп жұмысының көлемiне қарай:
1) бас бухгалтер басқаратын құрылымдық бөлiмше ретiнде бухгалтерлiк қызмет құруды;
2) штатқа бас бухгалтер лауазымын енгiзудi;
3) бухгалтерлiк есептi жүргiзудi және қаржылық есептiлiктi жасауды шарт негiзiнде бухгалтерлiк немесе аудиторлық ұйымға немесе кәсiби бухгалтерге берудi;
4) бухгалтерлiк есептi жеке жүргiзудi жүзеге асыра алады.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ведомстволарына осы тармақтың 1), 2), 3) және 4) тармақшаларының күші қолданылмайды.
Жария мүдделi ұйымдарға осы тармақтың 3) және 4) тармақшаларының күшi қолданылмайды.
Халықаралық бухгалтерлер федерациясының толық мүшесi болып табылатын ұйым - шетел институтының мүшесi бухгалтерлiк ұйымға теңестiрiледi.
Ескерту. 8-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.07.05 N 30-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
9-бап. Бухгалтерлiк қызметтiң басшысы
Бухгалтерлiк есептi жүргiзудi, қаржылық есептiлiк жасауды және ұсынуды, есеп саясатын қалыптастыруды қамтамасыз ететiн бас бухгалтер немесе басқа лауазымды адам бухгалтерлiк қызметтiң басшысы (бұдан әрi - бас бухгалтер) болып табылады.
Жария мүдделi ұйымның бас бухгалтерi лауазымына кәсiби бухгалтер тағайындалады.
Ескерту. 9-баптың екінші бөлігі 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
10-бап.Бухгалтерлiк құжаттарға қол қою құқығы
1. Басшылық немесе дара кәсiпкер бухгалтерлiк құжаттарға қол қою құқығы бар адамдарды анықтайды. Бұл ретте адамның атқаратын лауазымына, ақша сомасының мөлшерiне, операцияның қолданыс аясына және мәнiне қарай қол қою құқығының сатылылығы белгiленуi мүмкiн.
2. Электрондық қолтаңбаны пайдаланатын дара кәсiпкерлер немесе ұйымдар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес электрондық қолтаңбаны пайдалану және оларға қол жеткiзу құқығына қатысты тиiстi сақтық және бақылау шараларын белгiлеуге тиiс.
11-бап. Бухгалтерлiк құжаттарды сақтау
Дара кәсiпкерлер мен ұйымдар бастапқы құжаттарды, қағаз және (немесе) электрондық жеткiзгiштердегi бухгалтерлiк есеп тiркелiмдерiн, қаржылық есептiлiктi, есеп саясатын, есепке алу деректерiн электрондық өңдеу бағдарламаларын Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген кезең iшiнде сақтауға мiндеттi.