Витамин В12-жетіспеушілік анемия

Витамин В12-жетіспеушілік анемия (В12ЖА) – витамин В12 немесе фолий қышқылы жетіспеушілігі нәтижесінде ДНҚ-ң синтезі бұзылуынан туындайтын және мегалобластық қан түзу, гиперхромия және эритроциттердің макроцитозымен сипатталатын анемиялар.

Ауруды бірінші рет 1849 ж. T.Addisson сипаттап жазған, ал 1872 ж. A.Birmer оны пернициозды (қатерлі) анемия деп атауды ұсынған. Сондықтан В12-жетіспеушілік анемиясы Аддисон – Бирмер ауруы деп те аталады.

Витамин В12-жетіспеушілік анемия 1 млн адамның ішінде 1500 кездеседі. Көбіне 60 жастан жоғары жастағы адамдар ауырады. Әйелдер мен еркектер арасындағы қатынас 10:7 құрайды.

В12 витаминінің алмасуы. Организмге В12 витамині тағамның құрамында енеді. Ол етте, жұмыртқада, сүтте, сүзбеде, бауырда, бүйректерде көп болады. Тағамда В12 витамині белокпен байланысқан күйде кездеседі, белоктан ол тағамды кулинарлық өңдегенде және асқазанның протеолиз ферменттерінің әсерінен бөлінеді. Бос В12 витамині асқазанда R-протеинімен (ағыл. rapid – тез) қосылып, он екі елі ішекке тасымалданады, онда В12 витамині ұйқы безі ферменті трипсиннің әсерінен R-протеинінен босайды.

Он екі елі ішекке ішкі фактор – гастромукопротеин де (асқазанның түбі мен денесінің париетальды – тыстама клеткасы өндіреді, ол В12 витаминінің сіңуі үшін қажет) келіп енеді. Он екі елі ішекте В12 витамині ішкі фактормен қосылып, В12 витамині + ішкі фактор комплексін құрайды, бұл комплекс мықын ішегіне жеткізіледі. Мықын ішегінің ортаңғы және төменгі бөлігінде ішкі факторға арнайы рецептор болатындықтан В12 витамин + ішкі фактор комплексі ішек қабырғасы арқылы сіңеді. Сіңгеннен кейін В12 витамині ішкі фактордан босап, бос күйінде қан плазмасына енеді, онда ол плазманың тасымалдаушы белоктары – транскобаламиндермен байланысады, соңғылар В12 витаминін сүйек миы мен бауырға жеткізеді.

Сау адамның организмінде В12 витаминің 2-5 мкг болады. Негізгі депо – орган – бауыр. Нәжіс пен несеп арқылы тәулік ішінде ересек адам В12 витаминінің 2-5 мкг жоғалтады. Ересек адам тағам арқылы тәулігіне В12-витаминінің 7 мкг алуы керек.

Организмде В12 витамині екі ферментативтік реакцияға қатынасады:

- бірінші реакция ДНҚ молекуласына кіретін тимидинмонофосфаттың түзілуі;

- екінші реакцияда В12 витаминінің екінші коферменті май қышқылдарының ыдырауы мен синтезіне қатысады.

Этиологиясы. В12-ЖА тудыратын себептер:

1. Гастромукопротеин (Каслдың “ішкі факторлары”) секрециясының бұзылуы: асқазан бездерінің тұқым қуалайтын атрофиясы себепті (пернициозды анемия немесе Аддисон – Бирмер ауруы); асқазанның органикалық аурулары (полипоз, рак, А типті созылмалы гастрит), гастроэктомиядан кейінгі күй (В12 витаминінің сіңуі бұзылады).

2. В12 витаминін бәсекелі сіңіру (жалпақ таспақұрт инвазиясы, жіңішке ішек дивертикулезінде ішек микрофлорасының активтенуі).

3. Ішкі факторға рецепторлар функциясының өзгеруіне байланысты В12 витаминінің сіңуінің бұзылуы (ішектің органикалық аурулары – спру, илеит, рак, ішек резекциясынан кейінгі күй, тұқым қуалайтын сіңу бұзылыстары – Имерслунд – Гресбек ауруы).