2. Созылмалы екі жақты пиелонефрит (бірінші ретті), қайталау фазасы. СБЖ ІІ сатысы.

3. Созылмалы гломерулонефрит, аралас түрі, қайталау фазасы. СБЖ ІІІ сатысы. Кома. Геморрагиялық синдром, анемия.

Емі. Емнің басты міндеті – гомеостазды сүйемелдеу, бүйрек зақымдануының үдеуін баяулату, науқас адамдардың субъективті күйін жақсарту.

Емдеуде – маңызды орынды диетотерапия алады. СБЖ диетамен емдеуде төмендегідей принциптерді ұстау керек:

1. АҚҚ деңгейіне, тәуліктік диурезге және организмде сұйықтықтың жиналуына қарап тағамдағы NaCl көлемін орташа дәрежеге дейін шегеру;

2. Науқас адамның салмағын бақылап отырып, диурезге байланысты анықталатын сұйықтықтың ең жоғарғы көлемін қолдану;

3. Белокты шегеру (аз белокты диета);

4. Құрамында фосфор және/немесе калий көп тағамдарды және цитрустарды шегеру;

5. Тағамның энергиялық құндылығын дене массасының 1 кг 35 ккал/күнде есебінде анықтайды.

Несеппен тұз жоғалтқан жағдайда 1 күнде қолданылатын тұз мөлшерін 8-10 г көбейтуге болады. Тұзақтық диуретиктердің үлкен дозасын қолданғанда (фуросемидтің 80 мг/тәул.) ас тұзын шегермейді.

СБЖ ауыратын адамдардың тәулігіне қабылдайтын сұйықтығының көлемі шамамен 1,5-2 л құрайды. Оны тәуліктік диурезге түзеу енгізіп (бүйрек емес жолдар арқылы бөлінетін сұйықтық көлемін, шамамен 300-500 мл қосып) есептен шығару болады.

Белокты тағам қабылдау СБЖ-де организмде азот алмасудың соңғы өнімдерінің, бейорганикалық аниондардың жиналуын тудырады, яғни уремиялық интоксикацияның белгілерін күшейте түседі. Ал аз белокты тағам бүйрек жетіспеушілігінің дамуын баяулатады.

Азотемия болмаған жағдайда және шумақтық фильтрацияның жылдамдығы сақталған жағдайда тағамдағы белоктың физиологиялық мөлшерін (0,8 г/кг/тәул.) өзгертпеуге болады.

Аз белокты диетаны плазмадағы креатининнің деңгейі 0,2 ммоль/л немесе креатининнің клиренсі 50 мл/мин. төмен болса, береді. Аз белокты диетада белок беруді 0,6 г/кг/тәул. дейін шегереді.

Диетамен емдеуде өте маңызды көрсеткіштің бір рационның энергиялық құндылығы, ол көмірсу және май қолдану арқылы 35 ккал/кг/тәул. деңгейінде ұсталып тұрылуы керек, олай болмаған жағдайда организм өз белогін энергетикалық материал ретінде қолдана бастайды.

Рациондағы белоктың тәуліктік мөлшерін несеп арқылы жоғалтатын белокқа қарап анықтауға болады. Егер белок жоғалту 5 г/тәул. дейін болса, онда тәулік бойында қабылдау керек белок мөлшерін мына формулаға қарап анықтайды:

Тәуліктік белок мөлшері, грамм = Pur. Д тәул. х 0,3; егер тәулік бойында жоғалтатын белок мөлшері 5 г/тәул. жоғары болса, онда формуланың түрі мынадай болады:

Тәуліктік белок мөлшері, грамм = Pur. х Д тәул. х 0,3 + ТЖБ х 1,25; бұл формулалардағы

Pur – тәуліктік несептегі мочевина концентрациясы;

Д тәул. – тәуліктік диурез мөлшері;

ТЖБ – тәулікте жоғалтатын белок.

СБЖ даму жылдамдығын баяулатуға бағытталған емдік шаралар комплексі бүйрек функциясының бұзылу дәрежесіне тәуелді түрде 3 сатыда іске асырылады.

І саты бүйректердің азот бөлу функциясының сақталатынымен сипатталады (креатинин клиренсі 70-90 мл/мин.), бірақ функциональдық резерв азаюы мүмкін (белоктық жүктемені 20-30% көбейткенде оған жауап ретінде шумақтың фильтрацияның көбеймеуі). Бұл сатыда орындалатын емдік шаралар:

а) негізгі бүйрек ауруын тиісті емдеу;

б) АҚҚ мен протеинурияны ААФ ингибиторлары және/немесе А – 1 рецепторлары антагонистерінің көмегімен адекватты бақылау;

в) асқынуларды мезгілінде және тиісті емдеу;

г) ятрогендік себептерді болдырмау: дәрілер, рентген контраст заттар, нефротоксиндер;

д) дене массасының индексі > 27 кг/м2 болған жағдайда дене салмағын қалпына келтіру.

Негізгі ауруды емдеу нефросклероз қалыптасуының алдын алады және СБЖ үдей түсуін баяулатады. Ол аурудың сипаты мен патогенезіне қарай іске асырылады.

Гипотензивтік ем жүргізгенде бүйректік АГ төмендегідей негізгі патогенездік механизмдерін еске алады; Na+ организмде жиналуы мен гиперволемия, ренинангиотензин жүйесі белсенділігінің артуы, зақымданған бүйректен түсетін афференттік импульстің күшеюі нәтижесінде симпатикалық нерв жүйесінің активтігінің күшеюі.

Бүйректің кез келген патологиясында креатининнің қалыпты деңгейі жағдайында және шумақтық фильтрация жылдамдығы > 90 мл/мин. болған жағдайда АҚҚ деңгейі с.б. 130/85 мм жеткізілуі керек; егер тәуліктік протеинурия 1 г/тәул. жоғары болса, онда АҚҚ с.б. 125/75 мм деңгейінде ұстау керек.

Нефрогендік гипертензияда қолданылатын гипотензивтік дәрілер:

1. Диуретиктер