Гипертония ауруында басты симптомдар артериялық гипертониямен байланысты болады, стрептококк инфекциясымен байланыс болмайды, несептегі өзгерістер болмашы болып келеді.
Түйінді периартериитте гематуриямен қатар субфебрилитет, жүдеу, тахикардия, миалгия, полиневрит белгілері, іш ауыруы және бронхоастматикалық синдром байқалады. Қан анализінде – анемия, лейкоцитоз, эозинофилия болады. Көбіне 40 жастан жоғарғы еркектер ауырады. Диагноз қоюдың шешуші әдісі – тері мен бұлшық ет биопсиясы, гистологиялық тексергенде биоптаттың артериолдарында ауруға тән қабынулы – инфильтративтік және некробиоздық өзгерістер табылады.
Жүйелі қызыл жегіде болатын бүйректің зақымдану түрлері: 1) латентті нефрит және оған тән несепте болатын болмашы өзгерістер (протеинурия және гематурия); 2) созылмалы қызыл жегілік нефрит: айқын несеп синдромы, гипертензия және СБЖ жедел дамуы тән; 3) созылмалы қызыл жегілік гломерулонефрит, айқын нефроз синдромының клиникасы болатын түрі. Басты диагностикалық критерийлеріне полиартрит немесе полиартралгия түріндегі буынның зақымдануы, тері өзгерістері, әсіресе бетте болатын «көбелек» белгісі, полисерозит, пневмонит, құрысулар, психикалық бұзылыстар, жітіфазалық көрсеткіштердің жоғары деңгейі, анемия, лейкопения, тромбоцитопения, LE-клеткалардың табылуы, антинуклеарлық антиденелердің жоғарғы титрі жатады.
Геморрагиялық васкулит (Шенлейн-Генох ауруы) салқын тигеннен кейін, ЖРА, дәрі қабылдағаннан кейін жедел басталады. Ірі буындар зақымданады, олардың айналасында симметриялы орналасқан, сонымен қатар сирақта және дененің басқа жерлерінде геморрагиялық бөртпелер (геморрагиялық пурпура) пайда болады. Іш ауыру ұстамасы мен мелена, коллаптоидты күй байқалады. Несепте гематурия мен протеинурия анықталады.
Гудпасчер синдромында альвеолар мен бүйрек шумақтарының базальды мембранасы зақымданады. Жас адамдар, көбіне еркектер ауырады. Ауру клиникасында қан қақыру, ентігу, нефроз синдромы және СБЖ тез дамуы басым болады. Темір жетіспеушілік анемия, қақырықта сидерофагтар, несепте протеинурия мен гематурия табылады. Өкпе рентгенограммасында – екі жақты ұсақ дақты, бір-біріне жалғасып жатқан инфильтративті өзгерістер анықталады, олар түбір маңында басталып, ортаңғы және өкпе алаңдарына тарайды.
Клиникалық диагнозды тұжырымдау кезінде ескеру керек: 1) аурудың клиникалық вариантын; 2) ең айқын синдромдарды (ісіну, гипертония синдромы); 3) аурудың асқынуларын.
Диагноз тұжырымдау үлгілері:
1. Жедел гломерулонефрит (классикалық вариант). Бүйрек эклампсиясы.