1. Анаприлин (обзидан, индерал) тәулігіне 40-120 мг 3-4 ай бойы (ЖЖС 25% азаюы керек).

2. Нитросорбит (әсері ұзартылған басқа нитраттар) күнге 20 мг 4 рет 2-3 ай бойы беріледі.

Портальдық жүйенің декомпрессиясын тудыру үшін портокавальдық тамыр анастомозын салу, құрсақ артериясы тарамдарын байлау, органопексия, спленэктомия операциялары жасалады.

Операция жасау көрсетпелеріне бұрын қан кету болған өңештің варикозды кеңіген веналарының болуы мен жоғарғы дәрежедегі портальды гипертензия жатады.

Гиперспленизмде қан түйіршіктері сандарының сынды деңгейге дейін азаюы мен қансырағыштықтың қоса кездесуі немесе инфекциялық асқынулардың пайда болу қауіпі гемостатикалық, инфекцияға қарсы және орнын толтыру емдерін жүргізуге көрсетпелер болып табылады. Тромбоцитарлық немесе лейкоцитарлық масса құйылады, немесе қысқа мерзімге (3-6 айға) преднизолонның орташа дозасын (20-40 мг/тәул.) тағайындайды. Бұрын қан кеткен немесе қан кету қаупі бар гиперспленизмде спленэктомия жасайды.

Холестаз синдромы терінің қышуымен, майға еритін витаминдер және кальций тапшылығымен сипатталады. Терінің қышуын тоқтату үшін ионалмасу шайыры холестирамин береді: тәулігіне 12-16 г (1 шай қасығын 1 стакан суға немесе шырынға ерітіп, күнге 3 рет), ертеңгілік тамақтан 30 минут бұрын және 40 минут кеш, түскі тамақтан 40 мин. бұрын береді, яғни ішекке көп мөлшерде өт қышқылдары түскен кезде береді.

Холестираминді ұзақ қолдану остеопороз тудырады, себебі бұл препарат кальцийдің несеппен көп бөлінуін тудырады.

Қышуды тоқтату әсері активтенген көмірден алынған препарат билигнинде болады. Билигнинді 5-10 г (1-2 шай қасығы) күнге 3 рет тамақтан 30-40 минут бұрын қабылдайды, сумен қосып ішу керек. Емнің курсі 7 күннен 3 айға дейін созылады. Өт бөлінуі толық тоқтағанда беруге болмайды.

Майға еритін витаминдер тапшылығында А витаминінің ертіндісі – ретинол (100 000 ӘБ), Е витаминінің ертіндісі – токоферол (100 мг), К витаминінің ертіндісі – викасол (5 мг) және кальций препараттары (0,5 күнге 3 рет) беріледі.

Кейде плазмаферездің белгілі бір әсері болады.

Асцитті емдеу. Асцитті емдеуде алдымен төсек режимін, кейін жартылай төсек режимін белгілейді; диетада ас тұзын азайтады, нәтиже болмаған жағдайда альдостерон антагонистерін тағайындайды. Егер бұл препараттар тиімді болмаса, онда салуретиктер беріледі.

Режим бауырдың қызметін жеңілдетуге көмектесуі керек. Ең жайлы режим – төсекте болу режимі.

Диетадағы ас тұзының тәуліктік мөлшерін 1-1,5 г дейін азайту керек, ішке қабылданатын сұйықтықты 1500 мл азайту керек, белок мөлшері 1 г/кг дене массасын құрайды. Тағамның калориялық құндылығы 1500-2000 ккал құрайды.

Егер бұл шаралар нәтиже бермесе, онда антиальдостерондық дәрілер (верошпирон, альдактон) беріледі. Верошпироннан басқа науқас адамға күн сайын немесе күн аратпа 40-80 мг фуросемид тағайындайды. Оң мәнді нәтижеге қол жеткеннен кейін фуросемидтің 40 мг 3-6 күнде 1 рет алуға көшеді.

Осмотикалық диурезді күшейту мақсатында венаға альбумин ертіндісін (10% - 100 мл) және маннитолды (20% ертіндінің 100 мл) 2-3 күн сайын егіп тұрады.

Емге көнбейтін табанды асцитте парацентез жасалады, әр жіберілген сұйықтықтың 1 л альбуминнің 6-7 г венаға егеді.