Бауыр циррозының ауырлық дәрежелерін анықтау
Цифрлық эквивалент (баллдар) | Қандағы билирубин мг/дл | Қан сарысуындағы альбумин г/дл | Протромбин уақыты, сек. (протромбин индексі, %) | Бауыр энцефалопатиясы, сатысы | Асцит |
1 | < 2 | > 3,5 | 1-4 (80-60) | Жоқ | Жоқ |
2 | 2-3 | 2,8-3,5 | 4-6 (60-40) | І-ІІ | Жұмсақ (айқын емес), ауық – ауық |
3 | > 3 | < 2,8 | > 6 (< 40) | III-IV | Ауыр (кернеген), рефрактерлі |
Ескерту: көрсеткіштердің цифрлық эквиваленттерін қосады, олардың жиынтығы науқас адамды Чайлд-Пью кластарының біреуіне жатқызуға мүмкіндік береді.
А классы – баллдар қосындысы 5 пен 6 арасында;
В классы – баллдар қосындысы 7-ден 9 дейін;
С классы – баллдар қосындысы 9 жоғары.
А классы компенсациялы бауыр циррозын, В және С кластары декомпенсациялы бауыр циррозын көрсетеді.
Асқынулары. Бауыр циррозының асқынуларына жататындар:
1) асқазан – ішек жолының жоғарғы бөлігінен қан кету;
2) бауыр прекомасы және комасы;
3) екінші ретті инфекция (пневмония);
4) гепато – лиенальдық синдром;
5) цирроз – ракқа көшу;
6) қақпа венасының тромбозы;
7) өт жолдарында конкременттер түзілу (бірінші ретті билиарлық циррозында).
Бауыр циррозының ең жиі кездесетін түрлері.
Бауыр циррозының ең жиі кездесетін түрлеріне вирустық және алкогольдік цирроздар жатады. Олардың үлесіне барлық бауыр циррозының 75-85% тиеді.
Вирустық бауыр циррозы. Аурудың себебі В және С гепатитінің вирусы. Науқас адам анамнезінде бұрын вирустық гепатитпен ауырғаны жөнінде мәлімет болады. Аурудың клиникасында бауыр жетіспеушілігінің белгілері басым болады. Цирроздың бұл түрінің маркерлері HBsAg В гепатитінің беткей антигені және өзекті антиген HBc Ag қарсы антиденелер.
Лапороскопия мен бауыр биопсиясы бауыр циррозын анықтап қана қоймайды, оның морфологиялық типін, процестің активтілік белгілерін анықтауға мүмкіндік береді.
Алкогольдік бауыр циррозы. Алкогольдік бауыр циррозының этиологиялық критерийлеріне анамнезде маскүнемдік туралы мәліметтің және бұрын болған жедел алкогольдік гепатит белгілері туралы мәліметтердің болуы жатады. Алкоголизмнің неврологиялық және соматикалық белгілерінің елеулі маңызы болады: полиневрит, миопатия, Дюпюитрен контрактурасы. Витамин жетіспеушілігі белгілерінің (глоссит, хейлоз, гемералопия), эндокриндік бұзылыстар белгілерінің (гинекомастия, аталық бездердің семуі, етеккір циклінің бұзылуы) болуы да маскүнемдікке тән. Бауыр циррозының клиникалық көрінісінде портальдық гипертензия белгілері басым болады.
Лапороскопия мен биопсия аурудың диагнозын дәлдеуге көмектеседі. Ең мәліметті гистологиялық белгі – алкогольдік гепатит пен Маллори гиалинінің түзілуі және нейтрофильдердің ошақты инфильтрациясы.