2. Иерсиния себепті созылмалы тифлит, қайталау фазасы, жеңіл түрі.

3. Дисбактериоз себепті созылмалы катарльды колит, тифлит, жеңіл түрі, қайталау фазасы. Гипермоторлы типті тоқ ішектің дискинезиясы.

Емі. Созылмалы колиттің қайталауы кезінде науқас адамды стационарға жатқызу керек. Ем этиологиялық факторды жоюға, ішектің функциясы мен организмнің реактивтілігін қалпына келтіруге, бұзылған су – электролит тепе-теңдігі мен ішектің микроб-тық спектрін түзеуге, ішектегі қабыну процесін азайтуға бағытталуы керек.

Емдік қоректену құнарлы болуы керек, оның құрамында 110-120 г белок, 100 г май, 300-450 г көмірсу, 8-10 г ас тұзы болуы керек. Аурудың диареялы қайталау кезінде алғашқы 2-3 күн бойы қантсыз қою шай, итмұрын немесе қара жидек қайнатпасы, кисель, кефир, простокваша, кептірілген нан беріледі. Кейінгі күндері ауыр диарея болса, кезекті түрде №4 б, 4 в столдары тағайындалады (созылмалы энтеритті қараңыз). Іш қатуы басым созыл-малы колитте аурудың қайталауы және ремиссия кезінде рационға құрамында тағамдық талшықтар көп тағамдар және ішек құрамының қозғалысын күшейтетін тағамдар (сәбіз, қызылша, асқабақ, қара өрік, өрік, кептірілген өрік, жеміс, көкөніс шырындары, печенье, кебек қосылған нан) қосылады. Кебектерді (бидай, қара бидай) жеке беруге болады. Тұрақты ремиссия кезінде құрамында майлы ет, өткір және тұзды тағамдар, тұздықтар, консервіленген және сүрленген тағамдар, тәтті қамыр, ішімдік жоқ жалпы стол тағайындалады.

Тоқ ішектің ауыр қабынуында (ректороманоскопия және биопсия мәліметтерімен дәлелденген) 7-10 күн бойы антибиотиктер («Созылмалы энтеритті» қараңыз) мен поливитаминді құрамалар беріледі.

Сонымен қатар, сульфаниламидтық препараттар (фталазол, сульгин, бисептол, салофальк, салопиридазин), нитрофуран препараттары (фурагин, фурадонин), невиграмон қолданылады. Ем курсі – 7-14 күн. Сол жақ колитте жергілікті ем (балауыздар, микроклизмалар) қолданылады. Беретін дәрінің сипаты созылмалы колиттің сатысы мен даму ерекшеліктеріне тәуелді болады. Іш кеткенде тұтқыр, абсорбциялаушы, қабынуға қарсы дәрілер, ауыр диареяда – диареяға қарсы қолданылатын дәрілер («Созылмалы энтеритті» қараңыз) беріледі.

Метеоризмде карболен, түймедақ гүлінің, жалбыз жапырағының, зере, укроп, фенхель тұқымының тұрындысы беріледі.

Диареяда ішектің моторлы – эвакуациялық функциясының қалпына келуіне церукал (0,01 г 3 рет күнге) және холинолитиктер (атропин, платифиллин т.б.) көмектеседі.

Іш қатуы мен ішектің толық босамауында майлар мен іш жүргізетін дәрілер қолданылады («Созылмалы энтеритті» қараңыз).

Организмнің реактивтілігін көтеру үшін тағайындалады: алоэ экстрактысы 1 мл/тәул., 10-15 егу; пелоидин, 40-50 мл күнге 2 рет, тамаққа дейін 1-2 сағат бұрын ішке қабылданады.

Созылмалы колитті құрама емдеуде өсімдіктен алынған дәрілер де қолданылады.

Шайқұрай, мыңжапырақ, сасықшөп, қалақай және жұмыршақтан тұратын жинақтардың қабынуға қарсы әсері болады.

Дәрілік өсімдіктерден (қара қарақат, түймедақ гүлі, шайқурай шөбі, жалбыз, укроп тұқымы, зере тұқымы) алынған тұрынды қабылдағаннан кейін метеоризм азаяды.

Диареяда тұтқырлық және антидиареялық қасиеті бар өсімдіктерден (қара жидек, мойыл, қайынды ағаш бүртігі, емен қабығы және басқалар) алынған тұрынды қолданылады.

Іш қатқанда ішті босататын қасиеті бар дәрілік өсімдіктер (алоэ, ит жүзім қабығы мен жемісі, рауғаш түбірі, александрий жапырағы) қолданылады.

Тыныштандыратын дәрілік жиынтықтар да қолданылады: шүйіншөп түбірі, сасықшөп, түймедақ гүлі.

Созылмалы колиттің ем комплексіне физиотерапиялық емдер де кіреді. Аурудың өршуі кезінде жылытатын компрестер (сулы, жартылай спиртті, майлы), ремиссия кезінде – балшықтар, озокерит, парафин, диатермия, жылы бұлаулар қолданылады. Новокаин, платифиллин, кальций хлоридының электрофорезі, УЖЖ ток, ультрадыбыс тағайындалады.

Минералдық сулармен емдеу де қолданылады. Іш қатуы бар созылмалы колитте жоғары – және орташа минералданған, құрамында магнийдің, сульфаттардың иондары бар, газы көп Ессентуки – 17, Баталинская, Славянская, Смирновская сулары қолда-нылады (1 стаканнан күнге 3 рет).

Іш өтуі бар созылмалы колитте аз минералданған, ішінде кальций, гидрокарбонат иондары көп, аз концентрациялы көмір қышқылды газ болатын Ессентуки – 4, Березовская сулары беріледі (жылулығы 40-45° С 1/4-1/2 стакан суды күнге 3 рет береді).

Интоксикация белгілері болған жағдайда (іш өткенде) дезинтоксикациялық мақсатта венаға тамшылатып гемодез, глюкозаның 5% ерітіндісі жіберіледі. Метаболизмдік және қышқыл – сілтілі бұзылыстарын түзеу үшін аминқышқылдарының препараттары, альбумин, электролиттер егіледі, анаболикалық және поливитаминдік препараттар қолданылады («Созылмалы энтеритті» қараңыз).

Стационардан шыққаннан кейін бификол немесе колибактерин 5 дозадан күнге 3 рет 1 ай бойына беріледі, олармен бірге дәрілік өсімдіктерден алынған қайнатпалар мен тұрындылар беріледі.

Уақытша еңбекке жарамсыздықтың орташа мерзімдері. ІІ-ІІІ дәрежелі колитте – 1,5-2 айға дейінгі мерзімді құрайды.

МӘСК жолдама беру. МӘСК жолдама СК ІІІ дәрежесінде беріледі.

Санаторийлы-курорттық ем науқас адам ауру қоздырғышы болмайтын жағдайда және аурудың ремиссия фазасында іске асырылады. Науқас адамдарды Белокуриха, Арзни, Березов минерал сулары, Боржоми, Джермук, Ессентуки, Железноводск, Пятигорск, Трускавец, Сары-Ағаш курорттарына жібереді.

Диспансерлеу. Созылмалы колитпен ауыратын адамдарды диспансерлік есепке алады. Аурудың жеңіл түрінде оларды жылына 1 рет қарайды. Ауру адамды учаскелік терапевт, гастроэнтеролог бақылайды, көрсетпе болса – онколог бақылайды.

Прогноз. Мезгілінде және активті емдегенде, сонымен қатар берілген ұсыныстар міндетті түрде сақталған жағдайда болжам, жайлы болып келеді.

Профилактика. Алдын алып, сақтандыру шараларына жедел ішек инфекцияларының алдын алу, жедел колитті мезгілінде этиологиялық емдеу, организмдегі созылмалы инфекция ошағын жою, тиімді қоректену, қоректену гигиенасын сақтау жатады. Психотерапиялық ем тәсілдерінің, ішек қызметіне сәйкес фитопрепараттарды қабылдаудың, асқорыту мүшелерінің басқа ауруларын емдеудің үлкен маңызы болады.