Қарыншаішілік блокада
Қарыншаішілік блокада – электр импульсінің қарыншалар миокардына жету жолында Гис будасы сабақтарының немесе олардың тармақтарының деңгейінде баяулауы немесе тоқтауы.
Классификациясы. Түрлері:
1. Бір тармақты блокадалар:
а) оң жақ сабақ блокадасы;
б) сол жақ алдыңғы тармақ блокадасы;
в) сол жақ артқы тармақ блокадасы.
2. Қос тармақты блокадалар:
а) сол жақ сабақ блокадасы (бір мезгілде алдыңғы және артқы тармақ блокадасы);
б) оң жақ сабақ блокадасы мен сол жақ алдыңғы тармақ блокадасы;
в) оң жақ сабақ блокадасы мен сол жақ артқы тармақ блокадасы.
3. Үштармақты блокада – бір мезгілде Гис будасының барлық үш тармағының зақымдануы. Үштармақты блокада толық АВ – блокадасын тудырады.
Біртармақты (монофасцикулярлы) блокадалар. Гис будасы оң жақ сабағының блокадасы. Гис будасының оң жақ сабағының блокадасының нәтижесінде жүректің оң жақ жартысы қарыншааралық перденің сол жақ жартысынан және сол жақ қарыншадан (олар бірінші қозады) кейін қозады. Қозудың мұндай әдеттегі жағдайға ұқсас емес тарауы ЭКГ-да блокадаға тән белгілер тудырады:
1. V1,2 оң жақ кеуде тіркемелерінде (сирегірек ІІІ, avF аяқ-қол тіркемелерінде, пішіні М – тәрізді rSR немесе rsR типтес QRS комплексінің болуы, бұл жағдайда R > r.
2. Сол жақ кеуде тіркемелері (V5, V6) мен І, avL тіркемелерінде кеңіген, жиі тісшеленген S тісшесінің болуы.
3. QRS комплексі ұзақтығының 0,12 с жоғары болуы.
4. V1 тіркемесінде (сирегірек ІІІ тіркемеде) RS-T сегментінің депрессиясы мен теріс мәнді немесе қос фазалы (- +) асимметриялы Т тісшесінің болуы.
Гис будасы оң жақ сабағының толық емес блокадасында Гис будасының оң жақ тармағының бойымен импульс аздап баяу тарайды. ЭКГ-да болатын белгілер:
1. V1 оң жақ кеуде тіркемесінде rSr немесе rsR типтес QRS комплексінің болуы, І және V6 тіркемелерде аздап кеңіген S тісшесінің болуы.
2. QRS комплексінің ең үлкен ұзаруы 0,09-0,11 с жетеді.
Жүректің оң жақ жартысы блокадасының негізгі себептері – жүректің оң жақ қарыншасы зақымданатын аурулар, оң жақ қарынша гипертрофиясы, гликозидтік интоксикация, басқа препараттардың (хинидин, b-адреноблокаторлар) дозасының асып кетуі, электролиттік өзгерістер.
Сол жақ алдыңғы тармақ блокадасы. Сол жақ қарыншаның алдыңғы – бүйір қабырғасы бойымен импульстің өтуі бұзылады. Қозу толқыны сол жақ артқы тармақ бойымен тарайды, сондықтан әуелі қарынша аралық перде және артқы қабырғаның төменгі бөліктері қозады, кейін – сол жақ қарыншаның алдыңғы – бүйір қабырғасы қозады. ЭКГ-да:
1. Жүректің электр өсінің өте солға қарай ауытқуы (a бұрышы - 30°-тан – 90° дейін).
2. QRS комплексінің І, avL тіркемелерінде qR типтес, ал ІІІ, ІІ және avF тіркемелерінде rS типтес болуы.
3. QRS комплексінің жалпы ұзақтығы 0,08 с-тен 0,11 с дейін.
Басты себептері – миокардтың алдыңғы, алдыңғы – бүйір инфарктісі, атеросклероздық кардиосклероз, сол жақ қарынша гипертрофиясы, жүрекшеаралық перде кемістігі, миокард патологиясы.
Сол жақ артқы тармақ блокадасы әуелі сол жақ қарыншаның алдыңғы және алдыңғы – бүйір қабырғасының қозуымен, кейін сол жақ қарыншаның артқы – төменгі бөлімдерінің қозуымен сипатталады.
ЭКГ-да:
1. Жүректің электр өсінің оңға қарай өте күшті ауытқуы (a бұрышы +120° тең және одан жоғары).
2. І және avL тіркемелерінде QRS комплексінің түрі rS типтес, ал ІІІ, avF тіркемелерінде – qR типтес болуы.
3. Қарыншалық QRS комплексінің жалпы ұзақтығы 0,08 – 0,11 с тең.
Ең жиі себептері: төменгі диафрагмалық миокард инфарктісі, атеросклероздық кардиосклероз, кардиомиопатиялар.
Қостармақты блокадалар.
Гис будасы сол жақ сабағының толық блокадасы импульстің өткізілуінің сол жақ сабақтың екіге бөлінетін жеріне дейін тоқтауына байланысты немесе импульстің бір мезгілде сол жақ алдыңғы және сол жақ артқы тарамдары арқылы өтуінің тоқтауында пайда болады.
Блокаданың бұл түрінде әуелі жүректің оң жақ бөліктері қозады, тек содан кейін қозу толқыны баяу сол жақ қарыншаға тарайды.
ЭКГ – белгілері:
1. V5, V6, І, avL тіркемелерінде кеңіген, деформацияланған, ұшы жарықшақтанып, кеңіген R тісшесінің болуы;
2. V1, V2, avF тіркемелерінде кеңіген деформацияланған S тісшесінің немесе ұшы кеңіген немесе жарықшақтанған QS комплексінің болуы;
3. QRS комплексінің жалпы ұзындығының 0,12 с дейін және одан жоғары ұзаруы;
4. V5, V6, І, avL тіркемелерінде QRS комплексіне дискордантты RS-T сегментінің және теріс мәнді немесе қос фазалы (- +) асимметриялы Т тісшесінің ығысуы.
5. Жүректің электр өсінің солға ығысуы (барлық жағдайда емес).
Басты себептері: сол жақ қарыншаның жайылмалы зақымдануы (жедел МИ, кардиосклероз, жүректің қолқалық ақаулары, қолқа коарктациясы және басқалары).
Гис будасы сол жақ сабағының толық емес блокадасы импульстің сол жақ сабақты негізгі бағаны арқылы немесе сол жақ сабақтың екі тарамы арқылы баяу өтуімен сипатталады. Сол жақ қарыншаға импульс баяу сол жақ сабақ бойымен жетеді, ал сол жақ қарыншаның негізгі қозуы Гис будасының оң жақ сабағы арқылы келген импульстің әсерінен болады. ЭКГ-да:
1. І, avL, V5, V6 тіркемелерінде биік кеңіген, кейде жарықшақтанған R тісшесінің болуы (qR тісшесі болмайды).
2. ІІІ, avF, V1, V2 тіркемелерінде кеңіген және тереңдеген QS комплексінің немесе rS болуы, кейде S тісшесінің (немесе QS комплексінің) бас жағы жарықшақтанған болуы.
3. QRS ұзақтығының 0,10 – 0,11 с дейін өсуі.
4. Жүректің электр өсінің солға ығысуы (тұрақсыз белгі).
Себептері: Гис будасының сол жақ сабағының толық блокадасының себептерімен бірдей.
Оң жақ сабақ блокадасы мен сол жақ алдыңғы тармақ блокадасында қозу әуелі Гис будасының сол жақ артқы тармағы арқылы сол жақ қарыншаның төменгі – артқы бөліктеріне тарайды, кейін сол жақ алдыңғы тармақ арадағы анастомоздар арқылы сол жақ қарыншаның алдыңғы бүйір бөліктеріне тарайды. Тек содан кейін қозу айналыс жолы арқылы оң жақ қарыншаға тарайды.
ЭКГ-да:
1. Гис будасы оң жақ сабағы блокадасының ЭКГ-белгілері:
а) V1, V2 тіркемелеріндегі rSR немесе rSr комплекстері;
б) V3 – V6 тіркемелерінде кеңіген тісшеленген S тісінің болуы;
в) QRS комплексінің ұзақтығы 0,11 – 0,12 с жоғары.
2. Жүректің электр өсінің күшті солға қарай ауытқуы (a бұрышы - 30°-тан - 90° дейін).
Басты себептері: СЖИА, жедел миокард инфарктісі, жүрек ақаулары, қарыншалардағы склероздық процестер, Ленегр ауруы (қарыншаішілік өткізгіш жүйесінің идиопатиялық дегенерациясы, склерозы және кальцинозы) және Леви ауруы (қарыншааралық перденің фиброзы).
Гис будасының оң жақ сабақ блокадасы мен сол жақ артқы тармақ блокадасы. Басында Гис будасының сол жақ алдыңғы тармағы арқылы сол жақ қарыншаның алдыңғы – бүйір бөліктері қозады, кейін сол жақ артқы тармақ анастомоздары арқылы – артқы төмен бөліктері қозады. Содан кейін қозу айналып барып, баяу оң жақ қарыншаға тарайды.
ЭКГ-да:
1. ЭКГ-да Гис будасы оң жақ сабағы блокадасының ЭКГ-лық белгілерінің болуы:
а) V1 – V2 тіркемелерінде (сирек ІІІ, avF тіркемелерінде) rSR, rsR немесе rSr типтес комплекстер болуы;
б) V5 – V6 тіркемелерінде, кейде І, avL тіркемелерінде кеңіген жиі тісшеленген S тісшесінің болуы;
в) QRS комплексінің ұзақтығы 0,11 – 0,12 с жоғары.
2. Электр өсінің оңға қарай ауытқуы (a бұрышы +120° тең немесе жоғары).
Басты себептері алдыңғы блокаданың себептерімен бірдей.