3. Қарыншалар жиырылуының саны 1 минутта 40 пен 60-тың арасында болады.
4. Қарыншалық комплекстер кеңімеген және деформацияланбаған.
Толық АВ – блокадасының дистальді түрінде қарыншалар жетекшісі Гис будасы сабақтарының бір тарамының бойында орналасады.
ЭКГ-лық белгілері:
1. Жүрекшелер және қарыншалар ырғағының арасындағы байланыстың толық үзілуі (атриовентрикулярлық диссоциация).
2. PP және RR аралықтары тұрақты болып келеді, бірақ RR ұзақтығы РР ұзақтығынан жоғары болады.
3. Қарыншалар жиырылуының саны 1 минутта 40-45 аспайды.
4. Қарыншалық комплекстер кеңіген және деформацияланған.
Фредерик синдромы – толық АВ – блокадасының жүрекшелер фибрилляциясымен немесе дірілімен қоса кездесуі. Бұл синдромда жүрекшелердің кейбір бұлшық ет талшықтарының ретсіз қозуы мен жиырылуы болады. Импульстер жүрекшелерден қарыншаларға тарамайды.
Фредерик синдромы жүректің ауыр органикалық ауруларында кездеседі.
Фредерик синдромының ЭКГ-белгілері:
1. ЭКГ-да Р тісшесінің болмауы, оның орнында жүрекшелердің жыбыр толқындарының (ff) немесе діріл толқындарының (FF) тіркелуі.
2. Қарыншалар ырғағы синустік емес (эктопиялық ритм: түйіндік немесе идиовентрикулярлық) болуы.
3. RR аралықтары тұрақты (дұрыс ырғақ).
4. Қарыншалардың жиырылу саны 1 минутта 40-60-тан аспайды.
Морганьи-Адамс-Стокс синдромы көбіне толық емес АВ – блокада толық блокадаға ауысар кезде бой көрсетеді. Қарыншалар ырғағының жаңа эктопиялық жетекшісі іске кіріскенге дейінгі мерзім ішінде, ұзақтығы 5-10 секундтан 2 минутқа дейін созылатын қарыншалар асистолиясының кезеңдері болады. Асистолия қарыншалар дірілі мен жыбырының нәтижесінде пайда болуы мүмкін.
Асистолия 10-20 с ұзаққа созылса, науқас адам есінен танады, құрысу синдромы бой көрсетеді (ми гипоксиясы). Мұндай ұстамалар Морганьи – Адамс – Стокс синдромы деп аталады. Бұл синдромның болжамы қауіпті болып келеді, ұстама кезінде науқас адам өліп кетуі мүмкін.
Емі. Толық АВ-блокадасының негізгі емі – ЭКС қою (имплантация жасау). Миокард инфарктісі мен толық АВ – блокада қоса кездескенде, уақытша эндокардиальды ЭКС орнатады.
Морганьи-Адамс-Стокс синдромында немесе оның эквиваленттерінде (шок, өкпе шемені), артериялық гипотензияда, ангинозды ауырғандықта, ЖЖС үдемелі азайғанында қарқынды ем қолданылады: атропиннің 1 мг венаға егіледі, 3-5 минут сайын қайталап, жалпы дозаны 0,04 мг/кг жеткізеді, әсер болмаған жағдайда – аминофилиннің 240-480 мг венаға ағынды баяу егеді; нәтиже болмағанда – допаминнің 100 мг немесе эпинефриннің 1 мг 5% глюкоза ертіндісінің 250 мл ерітіп, венаға егеді, дозасын біртіндеп көбейтеді, ЖЖС ең қажет санына жеткенде дозаны көбейтуді тоқтатады. Одан кейін ЭКС жасалады.