Қарыншалық пароксизмальдық тахикардия
Қарыншалық пароксизмальдық тахикардия – жүректің жүйелі ырғағы сақталған күйде кенеттен қарыншалар жиырылуының 1 минутта 150-180 дейін жиілеп, кейін кенеттен бастапқы күйге оралуы.
Этиологиясы мен патогенезі. Практикалық тұрғыдан барлық жағдайда қарыншалық пароксизмальды тахикардия жүрек ауруларында (85% жағдайда ЖИА-да кездеседі) кездеседі. 2% жағдайда идиопатиялық қарыншалық ПТ тіркеледі. Еркектерде әйелдерге қарағанда екі есе жиі кездеседі.
Пайда болуының басты механизмдері:
1. Қозу толқынының қайта ену механизмі (re-entry); қозу толқыны миокардтың өткізгіш жүйесінде немесе миокардтың өзінде орналасады;
2. Активтігі күшейген автоматизмнің эктопиялық ошағы болу;
3. Триггерлік активтіліктің эктопиялық ошағы болу.
Клиникасы. Науқас адамдардың шағымдары – жүрек соғу, кейде жүректің ауыруы, ентігу, әлсіздік, бас айналуы, жүректің тұрып қалу сезімі және «шалыс» соғу сезімі. Кейде Морганьи-Адамс-Стокс синдромының клиникасы болады.
Ұстама кезінде тері қуқыл тартқан, ерін көгерген, акроцианоз, мойын артерияларының, кейде веналардың пульсациясы көрінеді. Аускультацияда – жүрек тондары әлсіреген, жиілеген, ырғақ қалыпты күйде. Пульсация саны жүрек ырғағына сәйкес келеді, кейде пульс тапшылығы (дефициті) анықталады. АҚҚ көбіне төмендейді, кейде коллапстық және кардиогендік шоктың (аритмиялық шок) клиникасы байқалады. Кейбір жағдайда өкпе шеменінің белгілері болады. Аритмияның бұл түріне «спастикалық несеп бөлу» симптомы тән емес.
Қарыншалық ПТ-ң ЭКГ-лық белгілері:
1. Жүректің жиырылу жиілігінің кенеттен 1 минутта 140-150 дейін көтеріліп (сирек – 200-ден жоғары, немесе минутына 100-120) кенет бастапқы қалпына келуі;
2. QRS комплексінің деформациясы мен 0,12 с жоғары ұзаруы және ST аралығы мен Т тісшесінің дискордантты орналасуы;
3. АВ – диссоциациясының болуы – жиі қарыншалық ырғақ (QRS комплексі) пен жүрекшелік қалыпты синус ритмінің (Р тісшелері) арасындағы байланыстың үзілуі; сирек синус түйінінен шыққан өзгермеген бірен-саран QRST комплексі тіркеледі (қарыншалардың «ұсталып қалған» жиырылулары).
Қарыншалық тахикардияның эктопиялық ошағын ЭКГ-ның кеуделік тіркемелері бойынша, қарыншалық экстрасистолиядағыдай анықтайды.
Қарыншалық ПТ-ң ерекше түріне екі бағыттағы ұршық тәрізді тахикардия («пируэт») жатады, ол ұзарған Q-T аралығы синдромына тән.
Хаосты қарыншалық тахикардия (бірнеше эктопиялық қарыншалық ошақ болған жағдайда) барлық жағдайда дерлік қарыншалар фибрилляциясына көшеді.
Екшеу-іріктеу диагнозы. Қарыншалық пароксизмальдық тахикардияны суправен-трикулярлық тахикардиядан айыра білу керек. Басты айырықша белгілер 33-кестеде келтіріл-ген.
33-кесте