Құрғақ (фибринозды) перикардит

Құрғақ перикардиттің негізі – фибрин экссудациясы. Құрғақ перикардитте перикард қуысында сұйық экссудаттың болмауы сұйықтықтың сіңіп кету мүмкіншілігімен байланыс-ты. Қалыпты күйде перикард қуысына бөлінетін сұйықтық (сау адамның жүрекқап қуысында оның беттерінің қалыпты жылжуын қамтамасыз ететін 20-30 мл сұйықтық болады) пен оның сіңіп кетуінің арасында болатын тепе-теңдік құрғақ перикардитте де сақталады.

Экссудаттың сұйық бөлігі мен ең ұсақ дисперсілі белоктары құрғақ перикардитте сіңіп кетеді де, фибриноген қалады, ол фибринге айналады; фибрин перикард бетіне жиналады. Біртіндеп фибрин астындағы мезотелий талқандалып, фибринозды масса астындағы тінге жабысып, бітіседі. Жүрек жиырылғанда оның бетінің өзгеруі фибриннің қатпарланып жиналуын тудырады. Соның нәтижесінде перикардтың сыртқы және ішкі беттерінің арасында фибриннің борпыл талшықтары пайда болады, олар перикардты ашқанда үзіліп, жүрекке сабалақ түр береді, ол «түкті жүрек» (cov villosum) деп аталады. Фибринозды перикардит шектеулі және жайылмалы болады. Ол толық кері дамиды немесе экссудатты перикардитке айналады.

Перикардиттің бұл түрінде гемодинамиканың өзгерісі болмайды.

Клиникасы. Құрғақ перикардиттің басты белгілері – жүрек тұсының ауыруы, перикард үйкелісінің шуы және ЭКГ өзгерістері.

Құрғақ перикардитте болатын ауырғандық біртіндеп басталады, жүрек тұсында, төстің сол жағында орналасады, кейде эпигастрий аймағына, кеуде торының оң жағына немесе сол жақ жауырынға қарай тарайды. Ауырғандықтың сол жақ қолға (сол жақ қолбасына) тарауы жедел перикардитке тән емес. Сыздап, жаншып ауырады, сипаты біркелкі, бірнеше сағатқа созылады. Нитроглицерин ауырғандықты тоқтата алмайды, ауырғандық анальгетиктерден кейін уақытша әлсірейді. Жедел перикардитте болатын ауырғандықтың ерекшелігі оның тыныс алуымен, қимылмен, дене қалпын өзгертумен байланысты болатыны. Алға еңкейіп отырған күйде ауырғандық азаяды да, шалқаға жатқанда күшейеді.

Перикард үйкелісінің шуы абсолютті тынық дыбыс аймағының үстінде немесе оның бір шамалы бөлігінің үстінде естіледі. Ол ешқайда тарамайды, «өзі туған жерде өледі». Перикард үйкелісінің шуы жүрек қызметімен синхронды (сәйкес) болып келеді. Перикардитке патогномониялық симптом (ең тән симптом) – үш фазалы шу (Траубенің паровоз шуы). Шудың фазалары жүрекше, қарынша систолалары және қарыншалардың қанмен тез толу фазасында туындайды. Үш фазалы шу сирек кездеседі, көбіне екі фазалы шу естіледі (қарыншалардың систоласы мен диастоласы). Перикард үйкелісінің шуы өзгермелі болып келеді. Ол басты шалқайтқанда және тынысты терең ішке алғанда күшейе түседі. ФКГ-да шудың жоғары жиілікті компоненттері басым, ұзақтығы мен күші өзгермелі болады.

Шу тыныс алуға тәуелді болып келеді. Перикард үйкелісі шуының жүрек тондарымен байланысы болмайды.

Жедел перикардитте патологиялық процеске миокардтың субэпикардиальды қабаттары қатысады, ол ЭКГ-да ауруға тән өзгерістер болуымен сипатталады. Құрғақ перикардиттің ерте пайда болатын ЭКГ-лық белгісі – 2-3 және одан да көп тіркемелерде ST аралығының конкордантты жоғары көтеріліп, біртіндеп биік оң мәнді Т тісшесіне ауысуы. 1-2 күннен кейін ST аралығы изосызықтан төмен ығысып, жоғары қараған дөңес күйге көшеді, одан кейін бірнеше күн ішінде изосызыққа оралады. Тек содан кейін теріс мәнді Т тісшесі қалыптасады. Бұл өзгерістер 2 апта шамасында сақталады.

Диагнозын қою және екшеу-іріктеу диагнозы. Құрғақ перикардиттің диагнозы ауруға тән кеуденің ауыруына, перикард үйкелісі шуының естілуіне және құрғақ перикардитке тән ЭКГ-лық белгілерге қарап қойылады.

Жедел перикардитті миокард инфарктісінен, жедел миокардиттен айыра білу керек.