Қосымша патология бар стенокардияны емдеу.
Қан айналысының жетіспеушілігінде дигидропиридиндік кальций антагонистерін тағайындайды немесе сақтық жасап b-адреноблокаторлар қолданады. Жүрек әлсіздігінің орташа дәрежесінде диуретиктер береді, оның ауыр түрінде – жүрек гликозидтері мен диуретиктер тағайындалады. Декубитальды стенокардияда (горизонтальды қалыпта пайда болатын стенокардия) фуросемид береді.
Артериялық гипертонияда b-адреноблокаторлар мен диуретиктер тағайындаудың маңызы зор. Жақсы нәтижені кальций антагонистері – нифедипин мен верапамилден күтуге болады.
Жүрек ырғағы мен өткізгіштігінің бұзылуында ем аритмия түріне байланысты жүр-гізіледі.
Стенокардия ұстамасы синустік тахикардиямен, жүрекшелік экстрасистолиямен, жыбыр тахиаритмиясымен қоса кездескенде жақсы нәтижені b-адреноблокаторлар мен верапамил береді. Егер стенокардия ұстамасы жиі қарыншалық экстрасистолиямен немесе қарыншалық тахикардия ұстамасымен қоса кездессе амиодарон, новокаинамид, аймалин, этмозин тағайындалады.
Синоаурикулярлық және атриовентрикулярлық блокадада нитраттар мен нифедипин белгіленеді. Гис будасының тарамдарының блокадасында верапамил беруге болмайды, b-блокаторлар беруге болады.
Шеткі артериялар зақымданғанда b-адреноблокаторлар тағайындауға болмайды, себебі олар a-адреноблокаторларды сергітіп, шеткі артериялардың тарылуын тудыруы мүмкін. Рейно синдромында нифедипин берген жөн, себебі адреноблокаторлар аурудың қайталауын тудырулары мүмкін.
Стенокардия бронхоспазммен қоса кездескенде кальций антагонистері қолданылады.
Еңбекке қабілеттіліктің қалпына келу критерийлеріне үдемелі, спонтанды стенокардияның І-ІІ ФК деңгейінде тұрақтауы жатады.
Уақытша еңбекке жарамсыздық мерзімдері: бірінші пайда болған стенокардияда 10-12 күн, тұрақты стенокардияның І ФК – 10-15 күн, ІІ ФК – 20-30 күн, ІІІ ФК – 40-60 күн, IV ФК – 90-110 күн, үдемелі, вариантты, тұрақсыз стенокардияда – 25-30 күн құрайды.
МӘСК жолдама беру. Күш түсу стенокардиясының І ФК науқас адам еңбекке жарамды болып келеді.
Күш түсу стенокардиясының ІІ ФК-да энергия жоғалту деңгейі 4,2 ккал/мин. жоғары күш түсетін жұмысты, психоэмоциональдық күш түсу болатын жұмысты, тұрақты түрегеліп тұру қалпымен немесе жүрумен байланысты жұмысты, елді мекеннен алыс далалық жағдайдағы жұмысты, қолайсыз метеорологиялық және микроклиматтық жағдайдағы жұмысты орындауға болмайды. Науқас адамды ол орындай алатын жұмысқа орналастыра алмағанда, оған ІІІ топ мүгедектігі анықталады. Стенокардияның ІІІ ФК-мен ауыратындардың жұмысы орташа дәрежелі күш түсумен (энергия жоғалту деңгейі 3,5 ккал/мин. төмен) байланысты болса, немесе орташа ауыртпалықты ой қызметімен байланысты болса, олар еңбекке шектеулі қабілетті болып табылады. Егер бұл науқастарды жұмысқа орналастыру мүмкін болмаса, оларға ІІ топ мүгедектігі анықталады.
Күш түсу стенокардиясының IV ФК-мен ауыратындар, әдетте еңбекке қабілетсіз болып келеді (ІІ топ мүгедектері).
Спонтанды стенокардиямен ауыратындар үшін стенокардия ұстамасы кезінде кенет тоқтатуды қажет қылатын жұмыстар (жүргізушілердің, машинистердің, ұшқыштардың, диспетчерлердің жұмысы) абсолютті қарсы көрсетпелер болып табылады.
Диспансерлеу. Стенокардиямен ауыратындар диспансерлік есепте тұрулары керек. Дәрігердің қарау жиілігі – жылына 4-6 рет.
Санаторийлы-курорттық ем. ЖИА, тұрақты стенокрадияның І-ІІ ФК-да науқас адамдарды бальнеологиялық, климаттық курорттарға жіберуге болады. Жергілікті санаторийлар мен профилакторийларға ауыр жүрек әлсіздігі және өмірге қауіпті аритмиялар жоқ стенокардияның ІІІ ФК жататын науқастар жіберіледі.
Прогноз. Тұрақсыз стенокардияда, жоғарғы кластағы тұрақты стенокардияда, сол жақ коронарлық артерия бағанасының стенозында, қосымша аурулар (жүрек әлсіздігі, аритмия, артериялық гипертензия, қант диабеті) болғанда болжам көңіл қоюды талап етеді.
Профилактикасы. Бірінші ретті профилактика атеросклероздың профилактикасы болып табылады. Екінші ретті профилактика шараларының құрамына атеросклероздық және ЖИА қауіпті факторларына белсенді әсер ету (шылым шегу мен ішімдіктен бас тарту, артериялық гипертония мен қант диабетін емдеу, дене қызметін көбейту), миокардтың оттегімен қамтамасыздығын жақсартуға, жүрекке түсетін күшті азайтуға және миокардтың гипоксияға толеранттығын арттыруға бағытталған комплексті ем кіреді.