Стенокардия ұстамасының алдын алу.
Стенокардия ұстамасының алдын алу үшін қолданылатын дәрілер төмендегідей топтарға бөлінеді (20-кесте):
1) нитраттар;
2) b-адреноблокаторлар;
3) кальций антагонистері.
ЖИА ауруын емдеуде нитраттар жетекші орынға ие. Нитроглицерин 1846 ж. синтезделген, медицинада 1879 ж. бері қолданылады, сол жылы W.Murrel оны стенокардияны емдеу үшін қолдануды ұсынды. Кейін нитроглицериннің басқа дәрілік түрлері пайда болды.
Нитраттардың негізгі антиангинальды әсері олардың веналарды кеңітуімен байланысты деп есептейді; веналардың кеңуі олардың сиымдылығын көбейтіп, жүрекке келетін веналық қан көлемін азайтады, ол арқылы сол жақ қарыншадағы соңғы диастолалық көлемді (СДК) және соңғы диастолалық қысымды (СДҚ) азайтады, яғни алғы жүктемені (түсетін күшті) азайтады. Мұның өзі, өз кезегінде, миокардтың оттегін қажет қылуын азайтады. Нитраттардың тәж артерияларына белгілі бір тура әсері де болуы мүмкін. Нитраттар салалы бұлшық ет клеткаларының ішіне еніп, ондағы нитраттық рецепторлармен әрекетке түсіп, азот оксидін (NO) түзеді, ал азот оксиді физиологиялық эндотелиальдық фактор болып табылады. Нитраттар әсерінен коллатеральдық артериялар кеңуі мүмкін.
Көрсетілген әсер ету механизмдерінен басқа, нитраттар өкпе тамырларын кеңітіп, ондағы қысымды азайтады (сондықтан оларды жедел сол қарыншалық жүрек әлсіздігін емдеу үшін қолданады), бронхтардың, өт жолдарының, зәраққыштың және жатырдың салалы бұлшық еттерін кеңітеді. Азот оксиді сонымен қатар тромбоциттердің адгезивті қасиетін азайтады.
Вазодилятацияға байланысты туындайтын нитраттардың жағымсыз әсерлері:
1) бас айналуы және ортостатикалық коллапс;
2) төменгі және жоғарғы қысым зоналарының қозуына байланысты симпатикалық тонустың рефлекторлы күшеюінен туындайтын тахикардия;
3) бас ауыруы және бас ішінің солқылдау сезімі.
Нитраттардың кемшілігіне оларға төзімділік (толеранттылық) дамитыны және дәрі беруді тоқтату синдромы болатыны жатады. Толеранттылықтың дамуы нитраттарды ұзақ қабылдағанда тамыр қабырғасындағы субгидрильді (SH) топтардың азаюымен байланысты; мұның өзі нитриттердің азайып, клеткаішілік цГМФ түзілуін азайтады. Нитраттардың бұл жағымсыз әсерінің алдын алу үшін оларды қабылдаудың арасында 12-18 сағат үзіліс жасап отыру керек.
Дәрі беруді тоқтату синдромы препаратты беруді кенет тоқтатумен байланысты болады, ол ангиноздық ұстаманың жиілеуі түрінде көрініс береді. Бұл синдромды болдырмау үшін препаратты беруді біртіндеп тоқтату керек.
Нитраттарды қолдануға қарсы көрсетпелер: глаукома, бас сүйегі іші қысымының көтерілуі, ми қан айналысының бұзылуы.
Нитраттарды 3 топқа бөледі: 1) тез әсер ететіндер; 2) ұзақ әсер ететіндер; 3) транс-дермальды және буккальды түрлері (олар да ұзақ әсер ететіндерге жатады).
Тез әсер ететін нитраттар. Оларға жататындар:
1) нитроглицерин, таблетка, 0,5 мг, тіл астына салады, 1-3 минуттен кейін әсер етеді, әсері 10-30 мин. созылады. 5 минуттен кейін қайталауға болады, тек 3 ретке дейін;
2) нитроглицериннің 1% ертіндісі, 1-2 тамшы қолданылады;
3) Вотчал тамшылары: 1% нитроглицерин ертіндісінің 1,0
3% ментолдың спиртті ертіндісінің 9,0 15-20 тамшыдан қолданылады.
4) нитроглицерин аэрозольдары: изокет-спрей, изомак-спрей, нитрозоль-спрей (клапанды 1 рет басқанда 1,25 мг препарат бөлінеді). Әдеттегі доза – 2,5 мг.
Ұзартылған әсерлі нитраттар:
1) микрокапсулаланған нитроглицерин: сустак-мите, 2,6 мг; сустак-форте – 6-4 мг; сустонит – 2,6 мг, 6,5 мг;
2) изосорбит-мононитрат: эфокс (табл. 20 мг), эфокслонг (капс. 50 мг); моно-мак (табл. 20 мг, 40 мг), моно-мак-депо (табл. 50 мг, 100 мг);
3) изосорбит – динитрат: нитросорбит (изокет, изомак) – 5 мг, 10 мг; изокет – ретард – 20 мг, 40 мг, 60 мг (табл.) және 120 мг (капсула).