Қабырғалардың сынығы мен ісіктерін пальпация тәсілімен анықтауға, рентгенологиялық әдіспен дәлдеуге болады.

Орама теміреткі – бір-екі симпатиялық ганглийлер және олармен байланысты шеткі нервтердің вирустық зақымдануы. Омыртқа жотасынан алдағы дененің аралық сызығына дейінгі қабырға аралығы нерв бойының ұзақ, күшті, күйдіріп ауыруы болады. Ауырғандық денені ауру жаққа игенде, қабырға аралығын әсіресе паравертебральды, аксилярлы аймақтар мен төс жанын сипап тексергенде күшейе түседі. Қабырға аралығының үстінде көпіршіктер пайда болғанда ғана диагноз дәлденеді.

«Жылжымалы қабырға шеміршектері» синдромы (Цириакс синдромы) омыртқа жотасы мен кеуде торының жарақатынан кейін пайда болады. Ауырғандық қабырғааралық нервтерді VIII-X патологиялық жылжымалы қабырға шеміршектері тітіркендіргеннен немесе қысып тастағаннан пайда болады. Цириакс синдромында болатын кардиалгияға ұзақ сыздап ауыру тән, бірақ денені тез бұрғанда, еңкейгенде, жөтел кезінде, ауырлық көтергенде ауырғандық өте күшейіп, шаншып ауыру белгісін береді. Басты диагностикалық белгі - VIII-X қабырғалардың жылжымалығын табу және осы қабырғаларды басқанда қабырғалардың ығысып, ауырғандықты күшейтетіні.

Функциональды эзофагоспазм тамақ қабылдаған кезде төс артының ауыруы және оған қоса дисфагия пайда болуымен сипатталады. Тамақ жұтудағы қиналыс сұйықтықты қабылдаған кезде байқалады, құрғақ тамақ оңай өтеді. Ауырғандық пен дисфагия салқын тағамдар мен ішімдіктер қабылдағанда күшейе түседі. ЭКГ тыныш күйде өзгермеген, күш түсіру және фармакологиялық сынамалар теріс мәнді болады.

Рентгенологиялық, эндоскопиялық тексергенде өңештің органикалық аурулары табылмайды, бірақ рентгенологиялық тексергенде атропин немесе нитроглицерин әсерінен жойылып кететін өңештің спазмы анықталады.

Рефлюкс-эзофагит өңештің түйілуін тудырып, тамақ қабылдаған кезде немесе одан шамалы кейін өңештің ауыруының себебі болады. Ауырғандықтан басқа науқас адамның горизонтальды қалпында, көбіне ұйқы кезінде, денені алға еңкейтіп жұмыс жасаған кезде пайда болатын қыжыл байқалады. Ауырғандықты сода немесе басқа антацидтерді қабылдап тоқтатуға болады. Диагнозды рентгенологиялық (науқас адамды горизонтальды қалыпта тексергенде кардияның жеткіліксіз белгілері анықталады) және эндоскопиялық тексеріп қояды.

Өңеш ахалазиясы (кардиоспазм) жұтынған кезде өңештің рефлекторлы кеңуі болмауымен сипатталады. Ауру көбіне психикалық күйзелістен кейін бой көрсетеді. Клиникасында белгілер триадасы болады: дисфагия, тамақ регургитациясы және төс артының криз түрінде ауыруы. Ауырғандық өте күшті, арқаға, өңеш бойымен жоғары, мойынға, жаққа тарайды, бірнеше минуттан бірнеше сағатқа созылады. Рентгенологиялық тексергенде өңештің кардиальдық бөлігі тарылып, жоғары жағы өте кеңіген, контуры тегіс болып келеді. Нитроглицерин (1-2 таблетка) немесе атропин қолданып орындалған сынама спазмды жойып, тамақтың өтуіне жағдай туғызады. Эндоскопиялық тексерулер де қолданылады.

Жара ауруы да рефлекторлы жүрек тұсын ауыртады. Диагноз қоюға ауырғандық ерекшеліктері (ырғақтығы, маусымдығы, тамақ қабылдаумен байланысы т.б.), қоса болатын басқа диспепсиялық белгілер, анамнез мәліметтері көмектеседі. Жара ауруының диагнозын рентгенологиялық және эндоскопиялық тексерулердің мәліметтеріне қарап қояды.

Диафрагманың өңеш тесігінің жарығы өңештің немесе асқазанның проксимальды бөлігінің диафрагманың жарық тесігі тұсында қысылып қалуымен сипатталады. Төс тұсының ауырып, сол иыққа тарауына қоса өңеш бойының қыжылдауы, лоқсу, саливация (сілекей бөлу) байқалады. Ауырғандық тамақ ішкеннен кейін, горизонтальды қалыпта жатқанда күшейеді. Тұрған кезде ауырғандық әлсірейді, не жойылып кетеді. Науқас адамның тұрған немесе горизонтальды қалпында контраст затпен асқазан-ішек жолын рентгенологиялық тексерген кезде асқазанның кеуде қуысына шығып тұрғаны көрінеді.

Клиникалық диагнозды тұжырымдауда стенокардияның түрін (тыныш күй стенокардиясы, күш түсу стенокардиясы), күш түсу стенокардиясында оның классын ескеру керек:

Диагнозды тұжырымдау мысалдары:

1. ЖИА. Тұрақты күш түсу стенокардиясы. І ФК, Ж0.

2. ЖИА. Тұрақты күш түсу стенокардиясы. ІІІ ФК, инфарктан кейінгі кардиосклероз (инфаркт болған мерзім) Ж1.