Ауруханаішілік пневмония
Ең жиі өкілдері – фридлендер пневмониясы, анаэробты инфекция, ішек таяқшасы және көкшіл-ірің таяқшасы туғызатын пневмониялар.
Фридлендер пневмониясының қоздырғышы – клебсиела (Фридлендер таяқшасы), иммунитет жетіспеушілігі күйде (қарт адамдарда, маскүнемдерде, қант диабетінде, ұзақ уақыт иммунодепресанттармен емделетін адамдарда) бой көрсетеді. Аурудың некрозды сипаты болатындықтан тез қуыстар пайда болады. Науқас адам аурудың бірінші күнінен бастап тұтқыр, жабысқақ (таңдайға жабысатын) қан аралас сұрғылт-жасыл түсті, от шалған ет иісті қақырық тастайды. Қақырықта капсуласы бар грам теріс таяқша болады. Клиникасы жағынан крупозды пневмонияны еске түсіреді. Рентгенологиялық тексергенде өкпенің жоғарғы бөлігінде құйылма пневмония көрінеді, кейін өте тез іріңдік (абсцес) қалыптасады. Даму барысы ауыр.
Анаэробты инфекция тудыратын пневмониялар (аспирациялық пневмониялар) әлсіреген адамдарда жұтыну бұзылғанда немесе ауыз-жұтқыншақ ішіндегі тамақ бөлшектері аспирация болғанда дамиды. Аспирацияланған бактериялар жоғары бөліктің артқы сегменттеріне және төменгі бөліктердің жоғарғы сегменттеріне енеді. Сондықтан ауру осы жерлердің пневмониясы немесе абсцесі болып көрініс береді. Қақырықта анаэробтардың (пептострептококтер, фузобактериялар, бактероидтар, анаэробты стрептококтер, актиномицеттер, бифидобактериялар) көп мөлшері табылады.
Ішек таяқшасы тудыратын пневмониялар асқазан-ішек жолының және несеп-жыныс жүйесінің ауруларымен ауыратын және несеп пен нәжісті ұстай алмайтын науқастарда кездеседі. Өкпенің төменгі бөліктері зақымданады. Жиі плевра эмпиемасы бой көрсетеді. Қақырықта ішек таяқшасы анықталады.
Көкшіл-ірің таяқшасы тудыратын пневмония ауыр, жүдеп титықтаған науқастарда (лейкоз, АИЖВ-инфекциясында т.б.) кездеседі. Аурудың даму барысы жедел және ауыр, инфильтрацияның тез тарауы, плеврит пен іріңдеудің қосылуы тән.