Өкпе туберкулезінің диагнозы рентгенологиялық, бактериологиялық, серологиялық зерттеулердің нәтижелеріне қарап қойылады.

Бронх рагінде обтурациялық ателектаз клиникасы болады, бронхоскопияда – ісік белгілері, бронхограммада – бронх тұқылы анықталады; аурудың диагнозын биопсия нәтижесіне қарап дәлелдейді.

Өкпе іріңдігінде қақырықтың сасық иісі болады, қақырықта эластикалық талшықтар табылады, рентгенологиялық тексергенде қуыс синдромын табады.

Митральдық стеноздың диагнозы жалпы клиникалық, рентгенологиялық, электрокардио-графиялық және эхокардиографиялық зерттеулердің нәтижесіне қарап қойылады.

Асқынулары. БЭ-ң ең жиі асқынуларына жататындар: созылмалы бронхит, қан қақыру және өкпеден қан кету, өкпе іріңдігі, тыныс тұншықпасы, плеврит. Анағұрлым сирек бүйрек амилоидозымен асқынады.

Клиникалық диагнозды тұжырымдауда ескеру керек:

1) аурудың түрін;

2) бронхоэктазардың түрін;

3) бронхоэктазардың орнын;

4) аурудың фазасын;

5) аурудың асқынуларын.

Диагнозды тұжырымдаудың мысалдары:

1. Бронхоэктазия ауруы, айқын түрі, сол жақ өкпенің төменгі бөлігінің (8-9-шы сегменттер) қапшық тәрізді бронхоэктаздары, ремиссия фазасы.

2. Бронхоэктазия ауруы, екі жақты қапшық тәрізді бронхоэктаздар: сол жақ өкпенің төменгі бөлігінің және тілшік сегменттерінің (8-10-шы, 4-5-ші сегменттері) және оң жақ өкпенің төменгі бөлігінің (8-9-шы сегменттер) бронхэктаздары; қайталау фазасы. Бүйрек амилоидозы. СБЖ ІІ сатысы, гипохромды анемия.

3. Бронхоэктазия ауруы, айқын түрі, қайталау фазасы, екі өкпенің төменгі бөліктерінің цилиндр тәрізді бронхэктаздары. Тыныс жетіспеушілігі, ІІ сатысы.

4. Бронхэктазия ауруы, жеңіл түрі, оң жақ өкпенің қапшық тәрізді бронхэктаздары, тыныс жетіспеушілігі 0.

Емі. Қолданылатын емдер консервативті және оперативті болып бөлінеді.

Консервативті емнің түрлері:

1. Бронх бұтасын активті (эндобронхиальдық санация, тері арқылы микротрахеостома, лаваж көмегімен препараттарды бронх ішіне жіберу) және пассивті (позициялық дренаж, қақырық жүргізетін дәрілер) тазарту тәсілдері.

2. Бронх – өкпе инфекция ауруларын емдеудің жалпы ережелеріне сәйкес іске асырылатын антибактериялық ем. Басқа ауруларға қарағанда ем ұзағырақ болады және әсер спектрі кең антибиотиктер қолданылады.

Грам оң флорада линкомицин (30% ерітіндісінің 1 мл венаға 3-4 рет немесе 0,5 ішке 2-3 рет қабылдау) тиімді болып келеді. Грам теріс микрофлорада аминогликозидтер (гентамицин немесе тобрамицин 40-80 мг етке, тәулігіне 3 рет), левомицетин (ливомицетин сукцинат 1-2 г етке, 2 р/тәул.) жақсы нәтиже береді.

Көкшіл – ірің таяқшасында және протейде карбенециллинді (4-8 г/тәул. венаға 2-3 рет егу), пиперациллинді немесе цефтазидимді (етке немесе венаға 1-2 г 8-12 сағат сайын) аминогликозидтермен (гентамицин, тобрамицин, сизомицин 3-5 мг/(кг.тәул.) 2-3 рет егіледі) қосып тағайындалған тиімді болады.

Альтернативті препараттарға ципрофлоксацин (0,5-0,75 г 2 рет/тәул. ішке қабылдау немесе венаға инфузия түрінде 0,2-0,4 г 2 р/тәул. натрий хлоридінің 0,9% ерітіндісінің 100 мл қоса) және азтреонам (1-2 г б/е немесе венаға 3-4 р/тәул.) жатады.

3. Инфузиялық ем:

а) энергия және электролиттер алмасуын қалыптастыру мақсатында глюкоза ерітіндісінің 1-3 л/тәул., калий және магний препараттары қолданылады;

б) белок алмасуын түзеу үшін белок гидролизаттары (аминокровин, гидролизин), амин қышқыл-дарының ерітінділері (полиамин, панамин), адам альбумині (100 мл аптасына 2 рет), бір топқа жататын адам плазмасы құйылады.

в) дезинтоксикацикалық ем – декстрандар (гемодез, реополиглюкин, глюкоза ерітін-ділері), экстракорпоральдық детоксикация (гемосорбция, плазмаферез, қанды ултракүлгін сәулелендіру).

4. Иммунитетті түзеу емі :

а) бір топқа жататын жаңадан мұздатылған адам плазмасы (300-500 мл күнаратпа, 3-5 рет);

б) иммуноглобулиндер: қалыпты адам иммуноглобулині 25-50 мл күнде немесе күнара (5-7 рет егу), стафилококтік γ-глобулин 3-5 мл етке, күнде немесе күнаратпа (барлығы 5-7 рет егу). Бұл препараттар пассивті иммунотерапия дәрілеріне жатады және аурудың қайталауы кезіндегі ауыр интоксикацияда қолданылады;

в) Т-активин 100 мкг 1 рет күнге, 5-7 күн қолданылады; тималин 10 мг 1 р/күнге, 5-7 күн қолданылады. Бұл препараттар иммунитеттің Т-буынын сергітеді және қайталаудың басылып келе жатқан кезінде қолданылады.

Оперативті ем бронхэктаздардың барлық түрінде, өкпеде созылмалы қабыну процесінің клиникасы бар 40 жасқа дейінгі адамдарға жасалады. 40 жастан үлкен адамдарға операция бронхоэктазия ауруының асқынулары (өкпеден қан кету, өкпе іріңдігі, өкпенің тұрақты ателектазы, аспергилома) болса жасалады.

Болжамы. Бронх бұтасының зақымданған аумағы шектелген болса және операция жасау мүмкіншілігі болса, ауру болжамы негізінен жағымды болып келеді; жайылмалы процесте және ауру асқынулары бар жағдайда ауру болжамы жағымсыз болады.

Санаторийлы-курорттық ем. Аурудың жеңіл түрінде ремиссия кезінде Қырымның оңтүстік жағасының курорттары мен жергілікті санаторийларда жылдың жылы мерзімінде жасалады.

Уақытша еңбекке қабілетсіздік және диспансерлеу сұрақтары тыныс жетіспеушілігі бар созылмалы іріңді бронхиттегідей шешіледі.

Алдын алу. Балаларда бронхитті, бронхиолитті, ошақты пневмонияны дұрыс емдеу бронхоэктазия ауруының дамуынан сақтандырады. Екінші ретті профилактика аурудың қайталауының алдын алу, науқас адам организмінің реактивтілігін сүйемелдеп отыру (витаминизация, иммуномодуляторлар тағайындау) түрінде іске асырылады.

Пневмония

 

Пневмония – патологиялық процеске өкпенің респираторлық бөлігі басым қатысатын және альвеола ішінде міндетті түрде қабыну экссудаты болатын, этиологиясына, патогенезіне және морфологиялық сипаттамасына қарағанда өкпенің әр түрлі жедел ошақты инфекциялы қабыну ауруларының тобы.

Пневмония ең жиі кездесетін аурулардың бірі (әр 1000 тұрғын ішінде 3-15 адам ауырады). Ауруханадан тыс пневмонияда өлім 5% жағдайда, нозокомиальды пневмонияда 20% жағдайда кездеседі. Пневмонияның диагнозын қоюда жіберілетін қатенің жиілігі 20%. Алғашқы үш күн ішінде дұрыс диагноз 35% жағдайда қойылады.

Аурулардың Халықаралық классификациясының «Пневмония» деген тарауынан физикалық, химиялық және аллергиялық факторлар текті және тамыр зақымдануына байланысты пайда болатын (инфаркт – пневмония) аурулар алынып тасталған. Пневмонияға инфекциялық ауруларда (оба, іш сүзегі, туляремия, қызылша, грипп т.б) болатын өкпенің зақымдануы да кірмейді.

Бұрын қолданылып келген «жедел пневмония» деген сөз тіркестігі қазір қолданылмайды, себебі: пневмонияның басынан бастап-ақ жедел ауру екені белгілі. Сондықтан «жедел» деген анықтама артық деп есептелінеді.

Этиологиясы және патогенезі. Пневмонияны қазіргі кезде кездесетін барлық инфекциялық агенттер тудыра алады, бірақ практикада микроорганизмдердің шектелген саны ғана пневмонияның басым қоздырғышы болып табылады.

Әр кез сайын нақтылы түрде аурудың қоздырғышын анықтау қиын болғандықтан, пневмонияны тудыратын агентке бір бағытта баға беру үшін барлық пневмония ауруханадан тыс пневмония (амбулаториялық пневмония, үй пневмониясы), аурухана ішілік пневмония (госпитальдық, нозокомиальдық пневмония), аспирациялық пневмония және иммунитет жетіспеушілік пневмония (ЖИЖС, жүйелі ауруларда және иммуносупрессор дәрілермен емделетіндерде болатын пневмония) болып бөлінеді.

Ауруханадан тыс пневмониялардың ең жиі себептеріне пневмококтер (20-60% жағдайда), микоплазма (5-50% жағдайда), гемофильдік таяқша (3-10% жағдайда), клебсиела (3-10% жағдайда), стафилококк (3-10% жағдайда) жатады. Көрсетілген себептердің ішіндегі ең жиісі – пневмококтер де, ең сирегі – клебсиела мен хламидиялар.

Аурухана ішілік пневмонияның ең жиі қоздырғыштары грам теріс микрофлораның өкілдері (көкшіл – іріңді таяқша, клебсиела, энтеробактер, ішек таяқшасы, протей) болып табылады. Бұл пневмониялардың себебі грам оң микроорганизмдер де (алтынсары стафилококк, гемолитикалық стрептококк және пневмококк) болуы мүмкін.

Аспирациялық пневмонияның әдеттегі себептері – анаэробтар, грам теріс микрофлора.

Иммунитет жетіспеушілік пневмониялардың себептеріне мегаловирустар, саңырауқұлақ-тар, паразиттер және пневмоцисталар жатады.

Себеп ерекшелігіне қарап, жоғары келтірілген пневмониялардан басқа атипиялық пневмонияларды ажыратады, олардың ең жиі қоздырғыштары болып есептелетін микроорганизмдер: микоплазмалар, хламидийлар, легионелла, кокциелла.

Пневмонияның дамуына жағдай жасайтын қатерлі факторларға науқас адамның жасын (балалар мен егде жастағы адамдар), шылым шегуді, өкпенің, жүректің, бүйректердің, асқазан-ішек жолының ауруларын, иммунитет жетіспеушілік күйлерді, салқын тиюді жатқызады.

Инфекция өкпенің респираторлық бөліктеріне бронхогендік (аспирациялық, ингаляция-лық), гематогендік (өкпеден тыс орналасқан инфекция ошағынан), лимфогендік (кеуде торы жарақаттанғанда) жолдар арқылы және зақымданған көрші тіндерден (бауыр абсцесі, диафрагмаастылық абсцесс т.б.) тікелей жұғу арқылы тарайды.

Өкпенің респираторлық бөліктеріне инфекция көбіне бронхогендік жолмен енеді. Инфекцияның бронхогендік жол арқылы тарауына тыныс жолдарының кілегей қабығының қорғаныс механизмдерінің әлсіреуі (кірпікшелі эпителий қызметінің бұзылуы, мукоцилиарлық клиренстің төмендеуі, микроб элиминациясының азаюы, вирустардың, химиялық заттардың бронх бұтасы эпителиін жарақаттауы, бронхтың дренаждық қызметінің бұзылуы, жөтел рефлексінің азаюы, альвеола макрофагтары мен нейтрофильдердің фагоцитоздық белсенділігінің төмендеуі) жағдай туғызады.

Кірпікшелі эпителий қызметінің бұзылуының, бронх секретінің көбеюінің және оның тұтқырлығының артуының нәтижесінде микроорганизмдер эпителийлі бронх жолдарының бетіне келіп жабысады, кейін олар эпителий клеткаларында өсіп-өніп, аспирация жолымен өкпенің респираторлық бөліктеріне тарайды.

Өкпедегі қабыну процесінің ерекшеліктері қоздырғыштың сипатына байланысты болады. Эндотоксин түзетін микроорганизмдер (пневмококктер, гемофильді таяқшалар) альвеола – капилляр мембранасын улы зақымдайды, тамыр қабырғасының өткізгіштігін күшейтеді және ісіну сұйықтығының шамадан тыс өндірілуін тудырады. Пневмококктік пневмонияда пневмококктер ісінудің шет жағында орналасады, жанасу жолымен көрші бөліктерге тарайды, осының нәтижесінде қабыну процесі аумақты аудандарды (түгел өкпе бөлігін немесе бірнеше бөлікті) қамтиды. Тіндерге өте көп мөлшерде плазма белоктары, фибриноген, эритроциттер шығады, зақымдалған бөліктің сыртын фибрин жабады.

Экзотоксин түзетін микроорганизмдер (стафилококктер, стрептококктер, көкшіл-ірің таяқшасы) ошақты қабынуды және ошақтың ортасындағы өкпе тінінің міндетті түрде некрозын (іріңді еруін) тудырады.

Клебсиела себебі болатын фридлендер пневмониясында ұсақ тамырлардың тромбозы және өкпе тінінің инфаркт тәрізді ауқымды некрозы бой көрсетеді. Күшті экссудацияға байланысты микробтық ісіну альвеолалар аралық перделердегі саңылаулар арқылы өкпенің сау бөліктеріне тарап, пневмонияға құйылмалы тарау сипатын береді.

Микоплазмалық, орнитоздық және басқа кейбір вирустық пневмониялар өкпенің интерстициальдық тінінің зақымдануынан басталады. Гриптік жедел пневмония вирустың тікелей капиллярлар мен альвеолаға әсер етуіне байланысты геморрагиялық трахеобронхиттен басталады, кейін бактериялық флора, көбіне стафилококктік флора қосылады.

Аурудың қоздырғышын жойғаннан кейін пневмония басылып, тарай бастайды. Нейтрофильдердің және альвеола макрофагтарының протеолиз ферменттерінің және өкпе тінінің клеткалары бөлетін фибринолизиннің әсерінен экссудат сұйылады. Сұйылған экссудат респираторлық аймақтың капиллярлары және лимфа тамырларының торы арқылы сіңе бастайды, жартылай мукоцилиарлық клиренс жүйесі арқылы сіңеді. Өкпе тіні деструкцияға ұшырамайтын пневмониядан кейін (пневмококктік, сирек - гемофильдік) өкпе тіні толық қалпына келеді. Паренхима деструкцияға ұшырайтын пневмониядан кейін, оның орнында ошақты пневмосклероз аумағы қалыптасатын процесс карнификация деп аталады.

Патоморфологиясы. Перибронхиальды тығыздалу анықталады. Оның қызыл түсті (альвеола ішілік эксудация және эритроциттер диапедезінің нәтижесі) кейін сұрғылт түсті (альвеола ішілік экссудаттың фиброзға айналуының нәтижесі) бауырға ұқсас тығыздалу сатылары болады. Пневмонияның морфологиялық критериі - өкпенің респираторлық бөлігінің қабынуы. Бронхтың қабынуы тұрақты емес, бірақ ауруға тән белгі болып есептеледі. Қабынудың экссудаттық сипаты болады, әдетте ол өкпенің анатомиялық бірліктері (лобарлық пневмония, ошақты пневмония) көлемімен шектеледі.

Классификациясы. Халықаралық консенсусқа сәйкес пневмонияның төмендегідей түрлерін ажыратады:

1. Ауруханадан тыс (бірінші ретті, үй пневмониясы) жүре пайда болған пневмония.