Диагнозын қою және екшеу-іріктеу диагнозы

СБ диагнозының критерийлеріне жатады:

1. Жөтел анамнезі (2 жыл бойы қатар әр жылда 3 ай жөтеліп, қақырық бөлу).

2. «Жөтел анамнезін» тудыратын бронх-өкпе аппаратының басқа ауруларының (созыл-малы пневмония, тыныс тұншықпасы, бронхоэктазия ауруы, өкпе рагі, туберкулез және басқалары) болмауы.

3. Қақырықты тексерудің, бронхоскопияның және бронхографияның мәліметтеріне сүйенгенде бронхитта қабыну өзгерістерінің болуы.

Созылмалы обструкциясыз бронхитті жөтел және кілегейлі-іріңді қақырық бөлу белгілері болатын өкпе ауруынан (бронхоэктазия ауруы, өкпенің ошақты зақымдану аурулары) ажырата білу керек.

Бронхоэктазия ауруында кілегейлі-іріңді қақырықты жөтел бала кезден болады, ауру қайталаған мезгілде қызба, тершеңдік, әлсіздік, іріңді қақырық бөлу байқалады. Өкпенің рентгенограммасында ақшыл сегменттер көлемінің кішірейгені, процеске қатыспайтын сегменттер ақшылдығының күшеюі, киста тәрізді ағарған жерлердің пайда болуы анықталады. Бронхография көмегімен бронхоэктаздардың орнын, таралу аймағын, түрлерін (қапшық тәрізді, цилиндр тәрізді) анықтайды.

Өкпенің ошақты зақымдануларында (бронхиттан өзгешеліктері) ошақты симптоматика, оның ішінде рентгенологиялық ошақты белгілер анықталады.

Аурудың клиникасында ентігу басым болса, тыныс тұншықпасын және өкпенің жайылмалы ауруларын (Хамман-Рич ауруы, саркоидоз, пневмокониоз, өкпенің милиарлы туберкулезі және карциноматоз) жоққа шығару керек.

Тыныс тұншықпасының ерекше белгісі – ұстамалы экспираторлы ентігу, бронхоспазм ұстамасының айқын басы және соңы болады. Бронходилататорлар жақсы әсер етеді. Обструкциялы бронхитта ентігу тұрақты, денеге күш түскенде күшейеді. Бронх өткізгіштігі бронходилататорлар әсерінен жақсарады, бірақ қалыпты күйге оралмайды.

Хамман-Рич ауруында (идиопатиялық фиброздаушы альвеолит) өкпе фиброзы мен тыныс жетіспеушілігінің белгілері болады. Көбіне орта жастағы әйелдер ауырады. Тәуліктің мерзіміне, ауа-райына тәуелді емес, ұстамалы сипаты жоқ ентікпе пайда болады. Тынысты сыртқа шығару да, ішке алу да қысқарған, тахипноэ, тездетіп дем алғанда күшейе түсетін құрғақ жөтел болады. Тыңдағанда тыныс әлсіреген, сытырлы сырылдар (целлофан сытыры) естіледі. Рентгенологиялық тексергенде аурудың алғашқы сатыларында өкпе суретінің күшейгені, кейінгі сатыларында «ұялы өкпе» белгілері көрінеді. Сыртқы тыныс функциясы рестриктивті типті бұзылады. ЭКГ-да синустік тахикардия.

Саркоидозда шеткі лимфа түйіндерінің өскені (көбіне бұғана үсті және мойын түйіндері), беттің және аяқ-қол терісінің жегі тәрізді, түйінді эритема, ұсақ және ірі түйінді түзілістер түрінде зақымдануы, сирек жағдайда көздің кілегей қабығының (иридоциклит), құлақ маңы бездің, сүйектің дистальды бөлігінің зақымданғаны анықталады. Миокардтың зақымдануы, гепатоспленомегалия, артралгия, полимиозит болуы мүмкін. Қанда лейкоцитоз, эозино-филия, гамма-глобулинемия, гиперкальциемия, рентгенограммада - өкпе түбірі маңы лимфа түйіндерінің өскені, оң мәнді Квейм реакиясы анықталады.

Пневмокониозға тән кәсіби анамнез болады, қабыну белгілері және аускультациялық белгілер аз болады, патологиялық процеске плевра қосылады. Рентгенологиялық белгілері: көптеген ұсақ ошақты қарайғандықтар, өкпе түбірінің деформациясы.

Туберкулезде оған тән эпиданамнез, интоксикация белгілері, ұзаққа созылған қызба, қан қақыру, өкпенің жоғарғы бөліктерінің басым зақымдануы, рентгенограммада – ошақты түйіндер, туберкулин сынамасының оң мәнді нәтижесі және қақырықта БК анықталуы болады.

Басты белгілер ентігу мен цианоз (көкшілдік) болса, бірінші ретті өкпенің артериялық гипертензиясын және пневмосклерозда болатын өкпе артериясының гипертензиясын жоққа шығару керек.

Бірінші ретті өкпелік артериялық гипертензияда көбіне жас әйелдер ауырады. Күш түскенде күшейе түсетін ентігу, ентігу ұстамасының тыныш күйде болуы және талма белгілері анықталады. ЭКГ-да: RІІІSІ, Rv1, P-pulmonale белгілері болады. Рентгенограммада - өкпе артериясы доғасының шығыңқы болуы, оның сыртқы тармағының кеңуі, өкпенің шет жағында тамыр суретінің азайғаны көрінеді.

Пневмосклерозда – ауру анамнезінде өкпе диссеминациясының болуы, рентгенограммада – пневмофиброздың болуы, сыртқы тыныс қызметінің рестриктивті типті бұзылуы анықталады.

Клиникалық диагнозды тұжырымдауда ескеру керек:

1. СБ-ң клиникалық варианты: обструкциясыз, обструкциялы СБ.