Реконвелесценция кезеңінде біртіндеп клиникалық - биохимиялық көрсеткіштер қалпына келеді. Науқас 4 - 6 апта мерзімінде айығады.

Науқастардың 5-10%-да аурудың ұзақ ағымды түрі кездеседі, ауру бірнеше айға созылып, науқас айығады.

Кейбір науқастарда реконвелесценция кезінде 1-3 айдан соң рецидивтер (аурудың қайта өршуі) байқалады, клиникалық белгілері мен лабораторлық көрсеткіштері өзгереді.

А гепатитіның сарғыштықсыз түріне жоғарыда аталған белгілер (сарғыштықтан басқа) және биохимиялық көрсеткіштер (гипербилирубинемиядан басқа) тән, бірақ олардың айқындығы төмендеу.

Субклиникалық (инаппарантты) вариантында сарғыштықсыз түріне қарағанда науқастың жалпы жағдайы нашарламайды, бауыры ұлғаймайды. Аурудың бұл түрі эпидемиялық ошақтарда АЛТ және АСТ көрсеткіштерінің жоғарылауымен, HAV–нің спецификалық маркерлерінің қан сарысуында табылып, анықталады.

Аурудың созылмалы түрі кездеспейді. Аурудың ақыры ешқандай қалдықсыз (90% науқастарда) айығумен, қалдық жағдай - гепатиттен соң дамитын синдром, созылмалы реконвалесценция, өт жолдарының зақымдануымен (дискинезия, холецистит 10%) болады.

Жедел А гепатитімен ауырған науқастарда сарғыштық түріне байланыссыз өмір бойы, тұрақты иммунитет дамиды.

А гепатитімен бірге басқа бауыр аурулары бар науқастарда өлім-жітім саны 0,1-0,4% кездеседі.

Диагностикасы. А гепатиті диагнозы эпидемиологиялық (А гепатитімен науқаспен жанасқаннан кейін 7-50 күнде ауыруы), клиникалық белгілері (аурудың циклділігі симптомдардың алмасу заңдылығымен өтетін продромалды және сарғыштық кезеңі), лабораторлық зерттеу нәтижелеріне негізделеді.

Лабораторлық зерттеу келесі нәтижелерге негізделеді:

1. перифериялық қан анализінің өзгеруі

2. пигмент тесттерінің өзгеруі

3. бауыр сынамаларының өзгеруі

4. серологиялық анализ

5. аспаптық

Қанның жалпы анализінде лейкопения, салыстырмалы лимфоцитоз, және моноцитоз байқалады.

Қалыпты жағдайда жалпы билирубин 20,5мкмоль/л құрайды. Гепатит кезінде гипербилирубинемия тікелей фракция көбеюімен байқалады.

Пигментті алмасудың бұзылысы сарғыштық алды кезеңде басталып, несепте уробилин пайда болады. Бауыр сынамаларының тобына аланин трансаминаза (АЛТ), аспарагин трансаминаза (АСТ) кіреді. Гепатит кезінде АЛТ-нің салдарынан (қалыпта жағдайда 0,68%) гиперферментемия 2-5 есе көбейеді.

Гепатит кезінде қан ұюы факторының ферменттер (фибриноген, протромбин, проакцелерин, проконвертин) тобының синтезі төмендейді. Әсіресе бауырдың массивті немесе субмассивті некрозы кезінде протромбин индексі (қалыпты жағдайда 80-100%) едәуір төмендейді.

Бауыр сынамаларының тобына мезенхималы сынамалар (сулемалық және тимолдық) кіреді және олар ретикуло-эндотелиалды жүйесінің зақымдануын көрсетеді.

Тимол сынамасы (қалыпты жағдайда 4-5 Ед) 10-20 есе көбейіп, сулемалық сынама (қалыпты жағдайда 1,8-2,0 Бірлік) 1,7-1,6 есе төмендейді.

Нақтамалық мақсатпен холестатикалық сынамалар жасалады, олар өт іркілуін көрсетеді. Гепатиттің холестатикалық түрінде сілтілі фосфатаза (қалыпты жағдайда 64 Ед/л) едәуір жоғарылайды. Гепатит кезінде холестерин қалыпты жағдайда 3,1-6,2 ммоль/л немесе 120-240 мг% дейін жоғарылайды.

А гепатиттің диагностикасы вирустың антигенінің (HAV Аg) нәжісте және вирусқа қарсы антиденелерінің қан сарысуында анықталуына негізделеді. Клиникалық практикада вирусқа қарсы IgM класына жататын антиденелерді (анти-HAV IgM) анықтау маңызды болып табылады. Бұл антиденелер науқастардың қанында жасырын кезеңде пайда болады, сонан соң олардың титрі күрт өседі, кейін біртіндеп соңғы 6-8 ай ішінде төмендейді.

IgG тобына жататын антиденелер (анти-HAV IgG) аурудың 2-3 аптасында пайда болады, ал максималды шегіне реконвалесценцияның 5-6 айында жетеді, сонан соң төмендеп өмір бойы сақталады. Осы антиденелердің қанда болуы HAV – пен бұрын соңды жанасуда болғанын көрсетеді.

Салыстырмалы диагностикасы. А гепатитінің продромалды кезеңін салыстырады:

● тымаудан және басқа жедел респираторлы аурудан;

● энтеровирусты инфекциядан;

● сүзек топтас аурулардан;

● жедел ішек инфекцияларынан.

Сарғыштық кезеңінде А гепатитін төменде аталған аурулардың

сарғыштық түрімен салыстырады:

● жұқпалы мононуклеоз;

● лептоспироз;

● псевдотуберкулез;

● гемалитикалық сарғыштық;

● токсикалық сарғыштық;

● механикалық сарғыштық.

Емі. А гепатитінің еміне төсек режимі, “жартылай” төсек режимі, тиімді тамақтану және витамин емі сияқты емдеу шаралары жатады. Аурудың жеңіл және орташа ауырлығында науқастар «жартылай» төсекте жату керек, ал ауыр ағымында - төсек режимі. Ауруханадан шыққан соң 6 айға дейін ауыр жұмыс істеуге болмайды.

№5-емдәм үстелі (Певзнер бойынша), ауыр қорытылатын майлы тамақтарды (сиыр, қой, шошқа еті), қуырылған, ащы тағамдарды жеуге болмайды. Ауруханадан шыққан соң 6 айға дейін емдәм сақтау керек.

Дезинтоксикация мақсатымен науқасқа тәулігіне 1,5-2,0 л сұйықтық беріледі. Анорексия белгісімен, қайта-қайта құсатын науқастарға парентералды жолмен глюкоза, Рингер сұйықтығы құйылады.

А гепатиті қатерсіз ағымды, циклді, сауығумен өтетін болғандықтан науқастарға вирусқа қарсы препараттар тағайындалмайды.

Аурудың жеңіл ағымында дәрумендер, энтеросорбенттер (микрокристалды целлюлоза 2,0-3,0 г; гидролизді целлюлоза-полифепан, билигнин 0,5-1,0 г/кг- түнге соңғы тамақтанудан кейін 2-3 сағаттан соң беріледі) тағайындалады.

Аурудың орташа ауырлық ағымында жоғарыда аталған емге қосымша асқазан мен ұйқы безінің қорыту жұмысын жақсарту үшін фермент препараттарын (панкреатин, креон, мезим форте, фестал) береді.

Инфузиондық-дезинтоксикацаялық ем ретінде қан тамырға тамшылап 5% глюкоза ерітіндісін, гемодез (400 мл күнара), рибоксин (20-30 мл), 5% аскорбин қышқылын құямыз.

Ауыр ағымда дезинтоксикациялық шаралар күрделенеді: 5% альбумин, қан сары суы немесе протеин (250-500 мл) және гемодезі күнде 400 мл/тәу 4 күн қатарынан құйылады.

Анорексия кезінде қоюланған полиион ерітінділерін, аминоқышқыл қоспаларын (аминостерил, гепастерил, гепатамин). 10 күн ішінде гипербарийлік оксигенация тәулігіне 1-2 рет жүргізіледі.

Тағайындалған ем нәтижесіз болса глюкокортикостероидті (преднизолон 60 мг/тәу - 120 мг/тәу), экстракорпоралды детоксикация (гемосорбция, плазмоферез, плазмосорбция) ем беріледі.

Аурудың ұзақ мерзімді ағымында гепатопротекторлар 1-3 ай (карсил, силимар, гепатофальк, гепабене, эссенциале, рибоксин) беріледі.

Гепатиттен кейін пайда болған ұзақ гипербилирубинемия кезінде өт қышқылының туындыларын (урсофальк, урсосан), адеметионин (гептрал) қолданылады. Тікелей емес фракциясы басым гипербилирубинемия болғанда фенобарбитал тағайындалады.

Болжам. Қолайлы. Науқастардың 90%-да толық айығып, қалғандарында аурудың “қалдық” белгілері болады. А гепатитіның өлім-жітім саны 0,04%-дан артпайды.

Алдын алу шаралары. Санитарлық - гигиеналық шараларға фекалды - оралды механизмін үзу жатады.

Эпидемиялық ошақта А гепатитімен ауырған науқас анықталғанда, күнделікті және қорытынды дезинфекция жасалады, науқасты оқшаулап (үй жағдайында қалдыруға болады), ауруханаға жатқызады.

Науқасты оқшаулағаннан соң, жанасқандарды 35 күн бақылап, биохимиялық тексеруден өткізеді.

А гепатитіның алдын алу мақсатымен донорлық иммуноглобулинді (1,5-4,5мл бұлшық етке) енгізеді, қайта енгізу 4 реттен көп болмауы керек. Енжар (пассивті) иммунитет 4 ай сақталады. А гепатитінің вакциналық алдын алуы “Хаврикс-А” (Havrix-A), “Аваксим” (Avaxim) вакциналарымен жасалады. Бұл вакциналарды адамдарға А гепатиті-бойынша қолайсыз аймақтарға барар бұрын (туристер, сапар шегушілер, әскери қызметкерлер және т.б.) бұлшық етке 2 мәрте (аралығы 6-12 ай) енгізеді. Вакцинациядан кейінгі иммунитет 10 жыл сақталады.