Аусыл (ящур, aphtae epizooticae )
Аусыл – пикорнавирустармен қоздырылатын, қызбамен, интоксикациямен, мұрын мен ауыздың шырышты қабығының, саусақ арасы және тырнақ ернеуіндегі терінің везикулезді-эрозиялы қабынуымен сипатталатын жедел зоонозды жұқпалы ауру.
Бұл ауру әлемнің барлық елдерінде кездеседі.
Тарихи мәліметтер. Хайуандардың аусылы туралы алғаш рет италиялық дәрігер Д.Фракасторо 1546 ж. жазған. Адамдардың аусылмен ауыратыны 1746 жылдан белгілі. Ф.Леффлер мен П.Фрош 1897 ж. аусылдың қоздырғышы бактериальды фильтр арқылы өтетінін анықтады. Аурудың вирусты этиологиясы дәлелденген.
Этиологиясы. Қоздырғышы Rhinovirus тұқымдастығына, Picornaviridae тегіне жатады. Бұл өте ұсақ вирус, вирионның көлемі – 8 - 20 нм, құрғату мен мұздатуда жақсы сақталады, спирт пен эфирге сезімталдығы әлсіз. Қыздырғанда тез жойылады. Антигендік қасиеті бойынша аусыл вирустары 7 типке бөлінген (А, О, С, САТ, САТ2, САТ3, Азия), олардың әрқайсысы көптеген варианттарға бөлшектенген, қазір олардың 60-тан көбірегі белгілі болып отыр. Вирус жоғары вирулентілігімен жәае дерматроптылығымен ерекшеленеді.
Эпидемиологиясы. Аурудың көзі - сырқаттанған жануарлар, әсіресе ірі қара мал, шошқа, қой, ешкі. Аусыл жануарлардың арасында кең таралған инфекция. Ауру эпизоотия тәрізді өтеді. Ауруға жас жануарлар сезімтал. Ауру өте ауыр түрде өтіп, жоғары өлім-жітімділігімен сипатталады. Вирус сырқат жануардың ағзасынан, яғни сілекей, сүт, нәжіс, зәр арқылы бөлінеді. Вирус сыртқы ортада ұзақ уақыт сақталады (2-3 ай). Сүтте вирус 25-30 сағат (тоңазытқышта-10 күнге дейін), майда, егер тоңазытқышта болса - 45 күнге дейін сақталады. Ал тұздалған ет пен шұжықта - 50 күн, киімде-100 күнге дейін сақталатыны белгілі.
Аурудың берілу жолы - алиментарлы. Адам шикі сүт өнімдерін, сирек ауру малдың етін қабылдағанда жұқтырады. Аусыл кәсіптік ауру ретінде контактілі жол арқылы мал шаруашылығында жұмыс істейтін адамдарға жұғады. Ауру жануарлармен контакта болған адамдар, балалар және мал шаруашылығында жұмыс істейтіндер жиі ауырады. Соның ішінде сауыншылар, бұзау бағушылар, малшылар, бақташылар, ет комбинатында жұмыс істейтіндер, мал дәрігерлері мен зоотехниктер аусылға көп шалдығады. Адам ағзасына вирус терінің аздаған жарақаты және де көз, мұрын, ауыздың шырыш қабықтары арқылы енеді. Ауру адамнан адамға берілмейді.
Патогенезі. Адам ағзасына түскен вирус шырышты қабаттардың эпителий жасушаларында немесе терінің эпидермальды клеткаларында көбейеді, сонымен көпіршік тәрізді ісіну реакциясы пайда болады. Одан әрі вирус қанға түседі. Вирустың диссеминациясы екіншілік көпіршіктердің құрылуымен (ерінде, мұрында, тілде) қабаттаса жүреді. Вирус терінің жіңішке қан тамырларында кідіріп, қол және аяқ саусақтарының арасындағы теріде афталардың пайда болуын тудырады.
Вирустың енген жерінде біріншілік афта, немесе біріншілік аффект дамиды, қанға өткен вирус гематогенді жолмен бүкіл организмге тарайды. Одан әрі екіншлік афталар және теріде везикулезді элементтер пайда болады. Вирусемия кезінде дене қызуы көтеріліп, ағзаның улануы байқалады.
Клиникалық көріністері. Жасырын кезең –2-12 күн (жиі 3-8 күн). Ауру жедел басталады. Бұл кезде қалтырау, бұлшықеттердің ауыруы, дене қызуы көтеріліп, аурудың 1-ші күнінің аяғында немесе 2-ші күні дене қызуы жоғарғы деңгейге жетеді. Қызба 38-40°С дейін көтеріліп, 5-6 күн бойы сақталады. Аурудың 1-ші клиникалық белгілері пайда болғаннан 1-2 күн өткен соң, ауыз қуысының шырышты қабықтарында ісіну өзгерісі байқалады: ауыздың уылуы, дуылдауы, еріннің, қызыл иектің, жұтқыншақтың, жақтың шырыш қабықтарын қан кернеу, тілдің ісінуі. Осыдан кейінгі 1-2 күннен соң тілдің шетінде, қызыл иекте, таңдайда, еріндерде тары дәнінен ірі бұршақ көлеміне жететін бөртпелер шығады. 2-3 күннен кейін везикулалар жоғалып, оның орнында эрозия немесе жаралар қалыптасады. Афталар тілде, қызыл иекте, таңдайда, кейде мұрынның шырышты қабықтарында, қынапта орналасады.
Балаларда аусыл жедел гастроэнтеритті тудыруы мүмкін. Кейбір науқастарда бөртпе теріге, әсіресе қолдың, табанның, тобық, ауыздың айналасына шығады. Бөртпе кезеңі 1 аптаға жуық созылады. Ауруды бірнеше айға дейін ұзартатын жаңа бөртпелердің шығуы да мүмкін. Науқастардың жұтқыншағы ауырып, өте мол сілекей бөлінеді (тәулігіне 4-5 л), тілдің көлемі едәуір үлкейеді. Кейбір науқастарда шырыштар мен теріде көпіршікті бөртпелердің қайталануы мүмкін. Аурудың ауыр өткен жағдайларында мойынға, кеуде мен арқаға геморрагиялық бөртпе және дақты-папулезді бөртпелердің шығатыны белгілі.
Аусылдың қабылданған жалпы клиникалық жіктелуі жоқ.
Әдетте келесідегідей клиникалық түрлері бөлінген:
1) терілік, саны аз афтталар тек теріде анықталады. Бұл түрі жиі кездеседі;
2) шырышты, оның негізгі көрінісі афтозды стоматит;
3) терілік-шырышты, тым жиі кездеседі, шырышты қабықтардың (ауыз қуысы, көз) және терінің (көбінесе саусақ тұстары) зақымдануымен сипатталады.
Диагностикасы. Аусылды анықтау қиындық тудырмайды. Есте сақталатыны - науқастардың тең жартысында ауру тек афтозды стоматит көрінсе, ал кейбір жағдайларда тек терінің зақымдануымен ғана байқалады.
Лабораториялық анықтау үшін КБР және ТГАР қолданылады. Теңіз шошқалары мен басқа да жануарларға биологиялық сынама қолданылады.
Дифференциальды диагнозды 1-ші кезекте афтозды стоматитпен жүргізу керек, ол көбіне кішкентай балаларда кездеседі. Аусылдан айырмашылығы: бұл кезде жоғарғы дене қызуы да, терінің зақымдануы да болмайды, ауыз қуысынан басқа шырыштар зақымданбайды, бірақ жаралар аусылға қарағанда тым терең болады, олар ешқашан өз ара қосылмайды, олардың түбі ақ қабықпен жабылған болады.
Көп ретте шешекпен дифференциальды диагнозды жүргізу керек, бірақ онда көпіршіктер көбінесе кеудеге, бастың шашты бөлігіне орналасады, алайда қолдың білезіктері мен табандарда болмайды.
Болжамы жағымды.
Емдеуі. Науқасты ауруханаға жатқызып, аурудың жедел білінуі басылғанға дейін оңаша жатқызу керек. Науқасқа ұқыпты күтім керек. Тамақ жартылай майлы, қоздырмайтын болуы қажет, тамақты ішер алдында науқасқа 0,1 г анестезинді беруге болады. Ауызды шаю үшін сутегі тотығының ерітіндісін (3%), калий перманганатын (0,01-0,1%) қолданады.
Этиотропты терапия жете зерттелінбеген. Ауыз қуысын күтіп, афттыларды вирустарға қарсы мазьдармен (оксолин, теброфен, интерферон және басқа) майлау керек.
Лейкоцитарлы интерферон, РНКаза ерітінділірін қолдануға болады. Эпителизация
процестерін күшейту үшін гелий-неонды лазер, УФО, аэрозольды препараттар (пантенол, левовинизоль, винизоль) тағайындалады.
Антибиотиктерді екіншілік бактериальды инфекция қосылған жағдайда қолдану керек.
Патогенетикалық емге интоксикациямен күресу, десенсибилизация жатады.
Алдын алу шаралары . Ауру жануарлармен жұмыс істеуші адамдардың арнайы жұмыс киімі болуы керек. Сүтті, етті міндетті түрде әбден термиялық өндеу қажет. Аусылмен ауырған үй жануарларымен күрес жүргізу (вакцинация, карантин шаралары, дезинфекция). Шикі сүт өнімдерін пайдалануға тиым салынады.
МАҢҚА ( С АП)
Анықтамасы. Маңқа - Pseudomonas maelli қоздыратын, жедел септикалық және созылмалы түрлерінде өтетін, әртүрлі мүшелермен тіндердің, терінің, шырышты қабаттардың арнайы зақымдалуымен сипатталатын зоонозды жұқпалы ауруы.
Тарихи мәліметтер. Манқа ескі заманнан белгілі ауру. ХVIII ғасырда адамның жылқадан манқаны жұқтырғаны туралы алғаш рет жазған. 1882 ж. V. Babes науқастан бөлінген іріңде манқаның таяқшасын анықтаған. Бір жылдан кейін қоздырғышты манқадан өлген жылқыдан бөліп алған. Н.П. Васильев 1883 ж. манқаның қоздырғышын науқастың қанынан бөліп алған. 1891 ж.Х.И.Гельман және О.И.Кальнинг манқаны маллеин сынамасы арқылы анықтау әдісін ұсынған.
Этиологиясы. Маңқаның қоздырғышы Pseudomonas mallei - грам теріс таяқшалар, көлемі 0,5 – 1,0 мкм, оларға полиморфизм тән, L-түріне ауысуы бейім. Қоздырғыш ыдырағанда эндотоксин (маллеин) бөлінеді. Глицерин қосылған қарапайым ортада өседі. Сыртқы ортада тұрақсыз, бірақ қолайлы жағдайларда: суда, ылғалды жерде 1 ай сақталады. Қыздыруға төзімсіз, дезинфектанттарға сезімтал.
Эпидемиологиясы. Аурудың көзі және резервуары маңқамен ауыратын жылқылар, түйелер, жыртқыштар (жолбарыс, арыстан және т.б.). Жануарларда ауру жедел және тері мен шырышты қабатарының зақымдануымен сипатталатын созылмалы түрлерінде өтеді. Адам ауру жылқылардын контактілі жол арқылы жұқтырады. Ауру жануарлар қоздырғышты мұрын, жаралардың бөлінділері арқылы қоршаған ортамен заттарды залаладайды. Аурудан өлген малдың терісімен еті қауіпті.
Сирек ауру алиментарлы жолмен залалданған су арқылы беріледі. Зерттханада аэрогенді жол арқылы берілу мүмкін. Өте сирек жағдайда аурудың көзі науқас адам болуы мүмкін.
Манқамен жиі кәсіптік топтар аурады: ветеринарлар, малшылар. Аурушылдық жылдың суық мерзімінде жиі кездеседі.
Патогенезі. Маңқаның қоздырғышы адам организміне зақымдалған тері және шырышты қабаттар: жиі мұрын, көз және тыныс жолдары арқылы енеді. Енген жерде гранулема қалыптасуымен қабыну процессін тудырады. Гематогенді және лимфогенді жолмен әртүрлі ағзаларға жайылып, гранулемалардың дамуына әкеледі. Аурудың жедел ағымы кезінде ішкі ағзаларда және бұлшық еттерде метастатикалық абсцесстер қалыптасады, іріңді остеомиелит және артриттер. Теріде және шырышты қабаттарда пустулезді бөртпелер дамиды. Маңқаның созылмалы ағымы кезінде түйіндерде пролиферативті көріністер байқалады. Ішкі ағзаларда абсцесс, полиартриттер, созылмалы сепсис дамиды. Өкпеде карнификация, пневмосклероз, бронхоэктаз, созылмалы абсцесс дамиды.
Клиникалық көрініс тер і. Клиникалық ағымы бойынша жедел және созылмалы түрін ажыратады. Маңқаның жедел түрінде жасырын кезеңі 1-5 күн. Бастапқы кезеңде қалтырау, дене қызуы 38,6-39,5°С көтеріледі. Аурудың жалпы белгілеріне бас ауыру, бұлшық ет, буындардағы ауыру сезім, әлсіздік жатады. Инфекцияның кірген жерінде дақ пайда болады, сосын ол қызыл-күрең түсті папулаға ауысады, сосын серозды-іріңді бөлінділерімен сипатталатын пустулаға аусады, нәтижесінде жара пайда болады. Қоршаған тері ісініп қызарады, тілмеге ұқсайды. Жаралардың түбі майлы сияқты болады, іріңді бөлінділермен, тегіс емес, жарадан көтерінкі шеттерімен ерекшеленеді. Аймақтың лимфангит және лимфаденит дамиды. Ауру жедел өршиді. Аурудың 5-7 күні дене қызуы аз уақыт төмендейді де, кейін қайтадан жоғарғы санға дейін жоғарылайды. Теріде, ауыздың шырышты қабатында және мұрында көбейген екіншілік папулалар пайда болады, олар пустулаға, жараға аусады. Мұрыннан шырышты іріңді жасыл түсті бөлінділер бөлінеді. Өкпеде қалыптасқан гранулемалар нәтижесінде кеудеде ауыру сезімі, жөтел шырышты-қанды қақырық бөлінеді.
Жедел маңқаның терминальды кезеңінде іріңді артрит (жиі тізе, шынтақ буындары зақымданады), бұлшық еттер абсцесінің өзіндік жарылуы болуы мүмкін.
Манқаға өкпенің зақымдануы тән: плевропневмония, өкпе абсцесстері. Науқастың іші тоқтаусыз өтуі мүмкін.
Жүрек шекаралары кеңейіп, тондары тұйықталады, пульс жиілейді. Бауыр мен көк бауыр ұлғаяды. Шеткі қанда нейтрофилді лейкоцитоз, ЭТЖ жоғарылайды.
Жедел түрі 1-2 аптаңың ішінде науқастың өліміміен аяқталады.
Маңқаның созылмалы түрінде барлық белгілер біртіндеп дамиды. Аурудың терілік, өкпелік, мұрындық түрлері бар. Ұзақтығы бірнеше айдан 3 жылға дейін созылады.
Терілік түрі жиі кездеседі. Жаралар баяу дамиды, майлы сарғыш іріңді бөлінділерімен сипатталып, қатты терең тыртыққа аусады. Бұлшықет арасында абсцесстер дамып, олар тесіледі, свищ пайда болады. Бөлінділерде манқаның қоздырғышы анықталады.
Өкпелік түрі плевропневмония мен бұлшық еттерінің абсцесстерімен сипатталады.
Мұрынның шырышты қабықшалары зақымданғанда сары, жасыл түсті іріңді бөлінділер, терең жаралар көмей, кеңірдекке дейін таралады.
Аурудың созылмалы түрінде айқын интоксикация, ұзақ жоғары қызба дамиды. Науқастарда әлсіздік, кахексия қалыптасады. Екіншілік инфекция қосылады.
Өлім-жітімділігі жедел түрінде -100%, созылмалы түрінде - 50 %.
Диагностикасы. Ауруға тән клиникалық көріністер анықталғанда эпидемиологиялық анамнез жинау керек. Лабораториялық диагностика - бактериологиялық, серологиялық, биологиялық әдістер қолдану арқылы жүргізіледі.
Бактериологиялық зерттеуге алынатын материалдар –жарадан бөлінділер, қақырық, қан.
Серологиялық әдістер: АР, КБР, ТЕГАР. Аллергиялық сынама жылқыларда қолданылады.
Емдеуі. Міндетті түрде ауруханаға жатқызу. Этиотропты препараттарға сульфаниламидтер (сульфатиозол 5-6 г\тәулігіне) және антибиотиктер (тетрациклин, хлорамфеникол, канамицин, рифампицин, ципрофлоксацин, офлоксаин) және олардың комбинациясы жатады. Оларды 25-30 күн тағайындау қажет.
Патогенетикалық терапия: кристаллоидты және коллоидты ерітінділер.
Симптоматикалық терапия. Жараның жазылуын жақсарту үшін және бұлшық ет, буындардан ауыру сезімін басу үшін ультра күлгін сәулесі қолданылады. Абсцесс кезінде хирургиялық емдеу.
Алдын алу шаралары. Санитарлық және эпидемияға қарсы санитарлық ұйымдар жүргізу. Науқас адамды жеке палатаға жатқызу. Қызметкерлер арнайы сақтанатын костюмдермен жұмыс жасау. Қатаң гигиеналық режим. Маңқаның арнайы алдын-алуы жоқ.
ТОКСОПЛАЗМОЗ
Анықтамасы. Токсоплазмоз – Toxoplazma gondii қоздыратын, бірнеше механизмдермен берілетін, клиникалық полиморфизммен сипатталатын, жиі патологиялық процесс орталық жүйке жүйесінің, көру мүшелерін, лимфа түйіндерін, жүрек және қолқа бұлшық еттерін, жыныс мүшелерін және басқа жүйелерді зақымдайтын, негізінде жасырын (латентті) және созылмалы түрде дамитын зоонозды табиғи-ошақты антропургиялық протозойлы инвазия.
Тақырыптың маңыздылығы. Токсоплазмоз - убиквитарлы ауру: барлық климаттық аймақтардан Қиыр Солтүстікке дейін кездеседі. Адамдардың токсоплазмозбен залалдануы 5-90%. Аурудың субклиникалық түрлері жиі кездеседі, ал клиникалық көріністері бойынша ауруға полиморфизм тән. Оның полиморфизіміне байланысты басқа ұқсас аурулармен салытыруға тура келеді. Маңызды мәселе болып туа пайда болған токсоплазмоз саналады.
Тарихи мәліметтері. Токсоплазманы алғашқы рет 1908 жылы Тунисте француз ғалымдары Ш.Николь мен А.Мансо африкалық Ctenodactylus gondіі дейтін кеміргіштің (сондықтан паразиттың аты - toxoplasma gondіі) және Ф.Сплендоре Бразилияда қояндардың организмінен тапқан. 1930 жылы Д.Н.Засухин мен Н.А.Гайский токсоплазмаларды сарышұнақтардың организмінен тапқан. Олар ең бірінші болып бұл инвазияның табиғи-ошақтылығы туралы болжам айтып, кейіннен оны дәлелдеді.
Этиологиясы. Қоздырғышы – Toxoplasma gondіі, қарапайымдылардың споралылар класына жататын облигатты жасушаішілік паразит, морфологиясы жарты ай немесе созыңқы апельсин үлесшесіне ұқсас болады (toxo – грекше арка деген сөз). Бір шеті үшкірленген, екіншісі – жұмырланған, ұзындығы – 4-7 мкм. Цитоплазмасы Романовский-Гимза әдісімен ашық көк түске, ядросы - қызыл-күлгін түске боялады. Токсоплазмалар барлық сүтқоректілердің эритроциттерінен басқа жасушалардың бәрінің ішінде өсіп-өніп көбейеді, тіндерде аурудың жіті кезінде табылады. Вегетативтік түрінің (трофозоиттардың) бір жасуша ішінде шоғырлануын жалған циста (псевдоциста) дейді. Тіндерде (мидың, көздің, бұлшық еттің т.б.) токсоплазмалар тығыз қабаттан қоршалған нағыз цисталар құрайды. Олар сыртқы ортада төзімді болады.
Морфологиялық ерекшеліктері және даму циклі. Ие жасушасының ішінде орналасқан токсоплазмалар – эндозоидтар деп аталады. Эндозоид жарты ай пішіндес (өлшемі 4-7 х 2-4 мкм). Оның бір ұшы үшкір, екінші ұшы дөңестелген. Орталығында ядросы бар. Үшкірленген ұшында микроскоппен қарағанда коноид көрінеді, ол сорғышқа ұқсас. Коноид паразиттің жасушасына бекітіліп енуі үшін қажет. Эндозоид жыныссыз көбейеді, ұзыннан бөліну немесе эндогония жолымен жүреді. Бірнеше бөлінулерден кейін ие жасушасының цитоплазмасында көптеген токсоплазмалар пайда болады да, мембрананы созады. Токсоплазмалардың жасуша мембранасының астында жиналуын псевдоциста деп атайды. Зақымданған жасуша өлгеннен кейін токсоплазмалар жаңа жасушаға енеді. Созылмалы токсоплазмозда псевдоцистамен қатар шынайы цисталар түзіледі. Бұл әдетте, токсоплазмалардың тірі жинақтары (100 мкм-ге дейін), қалың қабат астында бірнеше жүз токсоплазмалар жиналады. Жасушадағы цисталар тіршілігін бірнеше жылға дейін сақтауы мүмкін. Иесінің паразиттік тіршілігіне көнуі және түрдің жыныссыз көбеюі арқылы ұзақ уақыт тіршілік етуге бейімді. Алайда, түрді сақтап қалу үшін токсоплазма әр кезде жынысты жолмен де көбейеді. Ол мысықтектес жыртқыштар денесінде жүзеге асырылады (әсіресе, үй мысықтарында). Ол үшін жіңішке ішек эпителиінде алдымен бір эндозоидтардан макрогаметоциттер түзіледі, ал кейін макрогаметалар, ал басқа біреулерінен микрогаметоциттер, әрі қарай микрогаметалар; популяциядан кейін зигота түзіледі, оның қалың қабығы бар. Мұндай форма ооциста деп аталады.
Резистенттілігі. Токсоплазманың ооцисталары сыртқы ортада ұзақ уақыт шыдай алмайды, қысқа мерзімге тасымалдаушылардың өлігінде және экскременттерінде ғана сақталады. Цисталары әлде қайда төзімді келеді.
Токсоплазмамен ластанған заттар құрғатылған кезде қоздырғыш жылдам қырылады. Токсоплазмалар 40-500С температурада 15-20 мин, ал 60-800С-та 5-10 мин. кейін өледі. 5-80С температуралық жағдайда токсоплазмалар суда бір тәулік қана, сүтте – 2 тәулік тіршілігін сақтай алады. Олар тауық жұмыртқасының сары уызында 3-4 апта, ал нәруызында (белогында) 1-2 апта бойы ауру қоздыру қабілеттілігін сақтайды. Жануарлардың бұлшық етінде (t0 4-60С) 10-24 тәулік, мида – 30 күндей тіршілік қабілеттілігін жоғалтпайды. Малдардың өлігінде, қоршаған ортаның ылғалдылығына және температурасына қарай, токсоплазмалар 1 күннен 8 тәулікке дейін сақталады.
Күнделікті тәжірибеде қолданылып жүрген дезинфекциялық ерітінділер токсоплазмаларға да тиімді әсер етеді.
Токсоплазмалардың тіршілік циклі. Жыныстық және жыныссыз жолмен көбею сатыларынан тұрады. Жыныстық даму циклі алғашқы әрі негізгі иесі болып табылатын мысықтар мен мысық тұқымдастықтың басқа өкілдерінің ішек жол ішек жолындағы шырышты қабат жасушаларында өтеді.
Мысықтарға органдарында цисталар (ооцисталар немесе зигоцисталар) бар тышқандарды жегенде алғашқы рет жұғады. Сонан соң цисталардан спорозоиттер шығады, олар ішек жасушасына еніп трофозоиттарға айналады да жыныссыз жолмен (шизогония) көбейіп мерозоиттар құрайды. Олар эпителиальды жасушаларды бұзып, маңындағы ішек қабатының қабыршақтарына енеді де гаметоцисталарға айналады.
Әртүрлі жынысты гаметоцисталардың бір-біріне қосылуы нәтижесінде зиготалар (ооцисталар) пайда болады. Ооцисталар – диаметрі 9-14 мкм, дөңгелек пішінді түссіз екі қатарлы тығыз қабатпен қоршалған. Мысық организмінен олар нәжіспен сыртқа шығады. Олар топырақта және қоршаған ортаның басқа объектілерінде жақсы сақталады. Жабайы және үй жануарлары мен кеміргіштерге қоректену кезінде мысықтың нәжісімен бірге ооцисталарды жұтқанда жұғады. Ақырғы иесінің организмінде бүкіл даму циклы 1-3 аптада аяқталады.
Адамдар, көптеген жабайы және үй жануарлары мен кеміргіштер (соның ішінде синантроптылар) токсоплазманың аралық иесі болып табылады. Олардың организмінде токсоплазмалардың көбеюі мен дамуы өтеді. Әртүрлі органдардың жасушаларында токсоплазмалар шоғырланып жиналады (жалған цисталар). Жалған цисталар (псевдоцисталар) – токсоплазмалардың макрофагтармен фагоцитталған вегетативті түрлері. Бірақ фагоцитоз аяқталмаған сипатта болады, сондықтан паразиттер фагоциттардың ішінде тіршілік қабілетін сақтайды.
Toxoplasma gondіі –дың жыныстық циклінің дамуы: А –токсоплазма; 1 - мысықтың (ақырғы ие) ішегінде даму стадиясы: 2-4 токсоплазма ооцистісінің жетілу процесі; 5 – тышқан организмінде (аралық ие) вегетативті стадияның дамуы; 6 – тышқанның бас миындағы токсоплазма цистасы; 7 – жаңа туған тышқанға трансплацентарлық жолмен жұғуы; 8 – анасының жатырындағы балаға (аралық ие) трансплацентарлық жолмен жұғуы (С.Ә.Әміреев, А.Жаханов, Қ.Құдайбергенұлы «Медициналық паразитология, 2005 ж.»)
![]() |
Жасушалар бұзылған кезде босанған паразиттер лимфа тамырлары арқылы макрофагтармен тарап, басқа жасушаларға енеді де, бөліну циклы қайталанады. Паразитемия тек қана аурудың жедел кезеңінде дамиды.
Тoxoplasma gondіі тіршілік ету циклі: А – ақырғы ие; гомологиялық иенің (мысықтар) ішектік циклі: а) жыныссыз жолмен көбею (шизогония), а1 - шизонт, а2 - трофозоит, а3 - мерозоит, а4 - спорозоит; 1- микрогаметогония; 2 – макрогаметогония; Б – геторологиялық иенің (адам – аралық ие) ішектен тыс циклі: б1 - жалған циста; б2 - спорозоит; б3 – ішкі органдардағы нағыз циста (1 – плацента, 2 – бауыр, 3 – ми, 4 – қаңқа бұлшық еті, 5 - өкпе, 6 – көкбауыр); В – жануарлар организміндегі жасушадан тыс цикл – аралық иелерде: жалған циста; в2 – спорозоит; в 3 – ішкі органдардағы нағыз циста (мезентериалды лимфа түйіндеріндегі – жалған циста (в4 ); Г – жұғу жолының мүмкіншілігі: г1 – плацента арқылы; г2 – ооцистіні жұту арқылы; г3 – Toxoplasma gondіі дақылы арқылы: г4 – залалданған етпен жанасқанда; г5 – толық піспеген етті қолданғанда
(С.Ә.Әміреев, А.Жаханов, Қ.Құдайбергенұлы «Медициналық паразитология, 2005 ж.»)
Созылмалы процесс кезінде қоздырғыш бұлшық етте, бас миында және басқа органдарда тығыз қабаты бар нағыз циста (орташа мөлшері 100 мкм) түзеді. Әр цистада жүзден астам паразиттер болады, олардың бір-бірімен тығыз орналасқаны соншалықты препаратты микроскопта қарағанда тек қана ядролары көрінеді. Бұл, аралық иесі – жануарлар организміндегі паразиттің ақырғы даму фазасы. Ақырғы иесінің организмінде ооцисталар түзіліп және сыртқы ортаға шығарыла отырып, токсоплазмалардың даму циклы тоқтаусыз жүріп жатады. Сол жерлерде олар жетіледі және жақсы сақталады. Олар ауыз арқылы жұтылғанда аралық иелері – адамдарға, жануарларға, соның ішінде кеміргіштерге жұғады.
Эпидемиялық (эпизоотиялық) процестің сипаттамасы. Мысықтар және мысық тұқымдастықтардың басқа өкілдері токсоплазмоз инвазиясының ең негізгі инвазия көзі және резервуары болып табылады. Олардың организмінде паразиттің толық даму циклі өтеді, сондықтан оларды токсоплазмалардың ақырғы иесі деп есептеу керек. Сонымен бірге токсоплазмалар сүтқоректілер мен құстардың барлығынан да табылады, олар паразиттің аралық иесіне жатады. Әсіресе тышқан тектес кеміргіштер, қояндар өте жиі зақымданып, олардың арасында токсоплазмоз кең тараған індет (эпизоотия) түрінде өтеді. Адам организмі токсоплазмалар үшін биологиялық тұйық болып табылады. Дегенмен, құрсақ ішіндегі ұрпаққа плацента арқылы жұққанда анасы екіншілік аралық инвазия көзі бола алады.
Негізгі инвазия көзінің жұқпалылығы белгісіз мерзімге созылады, өйткені мысықтарда токсоплазмоз симптомсыз белгісіз тасымалдаушылық түрінде өтеді.
Токсоплазмоз зоонозды инвазияға жататындықтан, оған 200 дей жануарлар мен құстардың және кейбір омыртқасыздардың да қатысы бар болуы мүмкін. Олар әртүрлі дәрежеде эпизоотиялық процесіне қатысып, сол арқылы адамдар арасында эпидемиялық процестің дамуына себепкер болуы ықтимал. Сондықтан адамдар арасында бұл аурудың кең таралуын түсіну қиын емес. Бірақ қоздырғыш көзі ретінде әртүрлі жануарлардың рөлі бірдей емес. Табиғи резервуар және басқа жабайы және үй жануарларына жұқтыру көзі ретінде үй мысықтары мен Felіdae (мысық) тұқымдастығының кейбір түрлері басты рөл атқарады. Мысықтар адамдармен, ауыл шаруашылық және үй жануарларымен жиі және өте жақын араласады. Сонымен қатар олар паразиттың пролиферативті түрін сақтаушы синантропты кеміргіштер және құстармен де тығыз байланысты. Үй мысығы оларды жегенде токсоплазманың ооцисталары жұғады, ал ол бөліп шығарған нәжісіндегі зигоцисталар синантропты және жабайы жануарлар арасында токсоплазмоздың таралуына себепкер болады. Мысықтар бөліп шығарған зигоцисталар сыртқы ортада жеткілікті төзімділігі бар болуына қарай әртүрлі омыртқасыздар мен құстар арқылы жан-жаққа тарайды.
Алғашқы рет токсоплазма жұққан бір мысық 20 күнге дейін зигоцисттар бөліп шығара алады және 50-60 күннен кейін оған екінші рет жұғуы мүмкін. Сондықтан көпшілік жағдайда жануарларға (адамдарға да) жұғу көзі мысық болып табылады, яғни олар басқа жануарлар үшін, соның ішінде ауыл шаруашылық жануарларына да, донор болады. Соңғыларына келетін болсақ, олар көпшілік жағдайда ұзақ уақыт токсоплазма тасымалдаушысы болып қалады, себебі бұл инвазия оларда латентті түрде жиі өтеді, ал адамдарға жоғарғы температурамен жақсы өңделмеген малдардан дайындалған өнімдерді пайдаланғанда немесе адамға олардың (мысалы, шошқалардың) қиы арқылы түскенде жұғады. Дегенмен, мысықтарға қарағанда ауыл шаруашылық жануарларының (қой, сиыр, шошқа т.б.) эпидемиологиялық маңыздылығы онша емес. Соған қарамастан біздің жүргізген зерттеулеріміз ет комбинатының жұмысшылары, кәсіби малшылар мен малға қатысы бар басқа адамдар арасында токсоплазма жұғушылық едәуір жоғары екенін көрсетті (Қ.Қ.Құдайбергенұлы, 1967; С.Ә.Әміреев, 1970). Мысалы, мал жайылымының жұмыскерлері арасында токсоплазмаға қарсы спецификалық антиденелер табудың оң нәтижелері 17,2-ден (КБР бойынша) 28,4 пайызға (ЖИФАР бойынша) дейін болатындығы анықталды, ал Алматы ет комбинаты жұмысшыларында әлде қайда аз болып шықты (3,7-10,1%).
Әртүрлі авторлардың деректері бойынша ауыл шаруашылық жануарлардың арасындағы токсоплазмоздың таралуы да айтарлықтай. Мысалы, ірі қара мал мен қойлардағы жұғушылық АҚШ-та 11-ден 31 %, Ресейде – 14-32,9 %, Чехословакияда 13-тен 24 % дейін жетеді (L.Mіller, H.Feldman, 1953; Е.А.Шевкунова, 1961; Гавлик авторларымен, 1960; И.Г.Галузо, 1965). Кәсіпшілік аңдар да тиісті эпидемиологиялық рөл атқарады. Ондатралар, қояндар, саз құндызы (нутриялар), терісі қымбат аңдар (күміс-қара түлкілер) арасындағы токсоплазма жұғушылық 9,4-тен 15,7 % дейін екені анықталды (С.Ә.Әміреев, 1970).
Қоздырғыштың берілу механизмі. Қоздырғыш негізінде фекалді-оралді механизмімен таралады. Ол бірнеше жолмен атқарылуы мүмкін: 1) ауыз арқылы шикі немесе жартылай шикі етті, фаршты пайдаланғанда, ал жиірек жағдайда – мысықтардың нәжісіндегі ооцисталармен ластанған (мысықтардан) көкөніс, жемістер, тұрмыстық заттар, су, қол арқылы жұғу; 2) жанасу жолы – тұтас мал етін мүшелеу кезінде қасапшылардың және залалды заттармен жұмыс атқаратын лабораториялық қызметкерлердің жарақаттанған қол терісі мен шырышты қабаттары арқылы жұғу; 3) жүктіліктің бастапқы мерзімінде анасынан құрсақ ішіндегі нәрестеге плацента арқылы жұғу (вертикалдық-тікелей), осындай жұғу жолы 40% жағдайда болуы мүмкін.
Токсоплазмамен жұғушылық барлық елдерге кең таралған. Жасы ұлғайған сайын токсоплазмалар жұғуы ұлғая түседі. Мысалы, АҚШ-та тұрғындарды серологиялық әдіспен тексергенде 50 жастан асқандардың арасында 10-50 %, ал 10-19 жастағылардың 5-тен 30% дейінгілеріне токсоплазма жұғылғандығы анықталған. Әртүрлі авторлардың мәліметіне сүйенсек токсоплазмамен жұғушылық барлық елде бірдей емес, көрсеткіші 4-тен 70 % дейін байқалған. Көрсеткіштердің бір-бірінен мұндай алшақ болуы диагностикалық жұмыстың деңгейімен және гигиеналық ережелерді орындау жағдайларымен т.б. түсіндіріледі.
Адамдардың табиғи қабылдаушылығы жоғары емес, көпшілік жағдайда токсоплазма жұқаннан кейін симптомсыз тасымалдаушылық туғызады. Бірақ адамдарға АИВ (ВИЧ) жұққан кезде токсоплазмоз инвазиясының маңызы күрт артады, яғни токсоплазмоз оппортунистік инвазия ретінде қауіпті сипат алады. Мысалы, ЖИТС-пен (СПИД) науқастанғандардың арасында 2,8-ден 20%-ға дейінгі жағдайда токсоплазмоз бар екені анықталған. ЖИТС-пен ассоциацияланған ауру ретіндегі токсоплазмоздың үлесі Қазақстанда 2,5%, Еуропада – 8,7%, Ресейде – 15,1%, АҚШ-та – 20% құрайды (Ж.З.Трумова, 2001).
Токсоплазмалардың жүйке жүйесі, жатыр, көз тіндерінде өсіп-өнуге бейімділігін ескере отырып, сондай ағзалары зақымданып, дертке шалдыққан адамдарға тексеру жүргіздік (С.Ә.Әміреев, 1975). Бұрын акушерлік ауытқулары (түсік тастау, өлі бала туу) болған 114 жүкті әйелдерді тексергенде олардың 20%-де токсоплазмаларға қарсы антиденелер бар екені анықталды, ал дені сау әйелдерде токсоплазмамен жұғушылық 2,2% болды. Көкшетау (қазір Ақмола), Қарағанды облыстары мен Алматы қаласындағы 14 арнайы балалар мекемелерінде тәрбиеленіп жатқан 2328 балаларды тексергенде токсоплазмаға қарсы антиденелердің табылуы 20,1 мен 30,4% аралығында екені анықталды. Көрсеткіштердің әртүрлі болуы қолданылған әдіске (КБР немесе ЖИФР) және мүшелер мен жүйелер қызметінің бұзылу сипатына байланысты. Даун ауруымен зардаптанған 3 науқас баланың жұлын сұйығынан токсоплазмалар бөлініп алынды.
Көзі дертке шалдыққан адамдар арасында да токсоплазма жұғушылық жоғарғы деңгейде екені белгілі болды – 15-21%. Ғ. К. Жұмабаеваның (2000 ж) мәліметтеріне қарағанда токсоплазмалардың көзге зиян келтіруі одан да жоғары болуы мүмкін. Қарағанды облысында жүре пайда болған созылмалы токсоплазмоз ауруына күмәнді 396 науқасты ИФТ әдісімен тексергенде 29,5% көзі токсоплазмалармен зақымданғаны дәлелденген.
Токсоплазмоз жылдың барлық кезеңдерінде болады, дегенмен, күзгі-қысқы немесе қысқы-көктемгі маусымдарда жиірек байқалады. Бұл қысқа қарай температуралық фактордың және авитаминоздың әсерінен жануарлар организмі әлсіреп, ауруға қарсы тұру қабілеттілігі төмендеудің нәтижесінде олардың инфекцияға сезімталдығының күшеюімен байланысты болуы ықтимал. Мұндай жағдайда бұрынғы жасырын түрдегі инфекция айқын ағымдық келбет алып, токсоплазмалардың сыртқа шығуы молая түсуі мүмкін.
Қала тұрғындарына қарағанда ауылды жердегі адамдар арасында токсоплазмамен жұғушылық біршама жоғары, әсіресе ондай жағдай мал шаруашылығымен айналысатын және жабайы жануарлардың терісін өңдейтін кәсіби топтағы адамдарда жиі кездеседі.
Патогенезі. Адамдар мен жануарлар организміне енген токсоплазмалар лимфа сұйқтығының ағымымен аймақтық (мезентериалдық) лимфа түйіндеріне жетеді де инфекциялық гранулема құрайды. Сонан соң олар қанға түсіп барлық ағзалдарға тарайды да әртүрлі мүшелердің (бауыр, көк бауыр, лимфа түйіндері, бас миы, көз, миокард, қанқалық бұлшық еттер, жатыр, плацента) тіндеріне шоғырланып орналасады. Олар сол жерлерде алдымен жалған циста, сонан соң нағыз циста түзіп, ондаған жылдар, кейде өмір бақи сақталады. Олар шоғырланып орналасқан жерде қабыну ошақтары пайда болады, ал кейбір мүшелерде (мысалы, бас миында, бұлшық еттерде) кейіннен кальцификацияланатын некроздық өзгерістер байқалады.
Ауру патогенезінде жоғарғы сезімталдықтың баяу типі тектес өтетін аллергияның үлкен маңызы бар. Әртүрлі әдістермен анықталатын спецификалық антиденелер өндіріледі. Антиденелер жаңа жұғудан сақтайды. Бұл кезде иммунитеттің жасушалық факторларының маңызы аз емес. Токсоплазма жұққандардың көпшілігінде аурудың латентті (жасырын) және симптомсыз дамуы, организмнің спецификалық қорғанысымен байланысты. Бірақ, иммундық статус төмендегенде, мысалы, АИВ (ВИЧ)-инфекциясы немесе иммунды депрессант қолданумен және басқа себептермен (гельминттер жұққанда) байланысты иммундық тапшылық пайда болғанда, созылмалы және латентті процестер аурудың айқын (манифестік) түріне айналуына әкеледі. Мұндай жағдайда токсоплазмоз жедел қатерлі түрде өтеді, шектелген немесе кең жайылған (диффузды) менингоэнцефалит дамиды, бұл процеске көз және басқа мүшелер де қамтылады. ЖИТС (СПИД) ауруына қайта қозған генерализацияланған токсоплазмоз қосылса науқасты өлімге әкеп соғады.
Токсоплазмоздың жүре пайда болатын және туа пайда болатын екі түрі болады. Жүре пайда болатын токсоплазмоз жедел, біріншілік – латентті, біріншілік және екіншілік созылмалы түрінде болуы мүмкін. Қазіргі кезде «иммунды тапшылыққа душар болғандардың токсоплазмозың деп өз алдына жекелеп бөлген түрі есепке алынуы керек.
Патогенез негізінде бір – біріне ұқсас 3 фактор бар, олар инфекциялык процесстің тағдырын анықтайды:
1.Қоздырғыштың жағынан
-қоздырғыштың клетка ішілік паразиттілікке беиімділігі.
-әртүрлі мүшелерді зақымдауға беиімділігі.
-токсикалық, аллергиялық – метаболиттік, вируленттік қасиеті.
-даму цикілінің қасиеті.
2. Қожайын жағынан
- типтің және жастың сезімталдығы.
- иммунитеттің жағдайы.
- кіру қақпасындағы локализациясы.
3.Модифицирлік өзара – сыртқы орта жағдайына байланысты
- субклиникалық және инаппаратты.
- әртүрлі көріністермен көрінетін манифесті мүшелер.
Жедел токсоплазмоздың патогенезінде 4 фазаны ажыратады.
1. Қоздырғыштың енген жерінде ( тері, ас қорыту жүйесі) қабыну реакциясына жауап ретінде 1-лік ошақтың түзілуі.
2. Қандай болмасын инфекциялық процестен келесі фаза ретінде – регионарлы лимфадениттің дамуы.
3. Лимфогематогенді диссеминация – қоздырғыш лимфогенді, гематогенді жолдармен бауырға, талаққа, сүйек майына, өкпеге, миокардқа, бүйрекке таралады. Токсоплазмоздың клетка ішілік көбеюі басталады, псевдоцист түзіледі, токсикалық – аллергиялық, механикалық әсер клетканың бұзылуына әкеледі, гранулемалар түзіліп, олардың ортасында некроз дамиды. Жаңа сапалы өзгеріске көшкен кезде 4-ші фаза басталады, екіншілік ошақ түзіледі немесе токсикалық сепсис түзіліп, септикалық процестің компоненттері дамиды. Бұл процесте өмірге қажетті мүшелер зақымданғанда ақыры аяқталуы мүмкін. Жиі жедел фазасы созылмалы түріне ауысады.
4. Инфекцияның таралуы – арнайы антиденелердің қанға түсу нәтижесінде жаңа токсоплазмалар біріншілік ошақтан босайды, цисталар мида, торлы қабықта, миокардта, қалқа бұлшық еттерінде түзіледі. (4-фаза – аурудың созылмалы стадиясы).
5. Аурудың созылмалы стадиясы жиі клиникалық көрінісі жоқ созылмалы инфекциясы тасымалдаушыға ауысады, бірақ цист мүшелерде сақталады.
- Қожайын қоздырғыштан толық босайды немесе жазылады.
- Паразит- рецидив немесе процестің қайталап таралуы.
- Инфекциялық процестің ақыры иммунитеттің жағдайына байланысты.
- Токсоплазмоз иммунодепресивті әсер етеді, ол иммунотапшылыққа әкеледі. Американдардың айтуы бойынша, токсоплазмоз тек иммунотапшылық жағдайында ғана дамиды.
- Токсоплазмоз ЖИТС кезінде жайылған инфекция түрінде дамып, ақыры өлімге әкелуі мүмкін.
Патоморфологиясы:
- Микронекроздар, гранулемалар, кальцинаттар – тек бас миында.
1.Сильвиев суқұбырының қабырғасында склероз нәтижесінде некроз дамып тарылады.
2. Қарыншалардың қан тамырлар еріні зақымдалып, эпиндиматоз, склероз, кальциноз жаңа қабырғасының зақымдалуы дамиды.
3. 4 қарыншадан ликвордан үлкен арқаға, подпаутинді кеңістікке ағуы бұзылады.
- Көз жағынан – ретиниттер, хориоретинит, көз алмасының атрофиясына дейін иридоциклит дамиды.
- Бөртпе, миозит, миокардит, гепатит, орхит, панкреатит, пневмония, нефрит және т. б. дамиды.
Клиникалық көріністері. Инкубациялық кезең лабораторлы жұқтырғанда 2 апта шамасында. Табиғи жағдайда токсоплазмоздың инкубациялық кезеңін анықтау мүмкін емес, себебі ауру жиі біріншілік-латенттік немесе біріншілік-созылмалы түрде өтеді.
Берілу механизмге байланысты туа пайда болған және жүре пайда болған токсоплазмозды анықтау керек.
Жүре пайда болған токсоплазмоз жедел, созылмалы, латенттік турлерінде өтеді. Латенттік токсоплазмоз біріншілік-латенттік және екіншілік-латенттік түрлеріне бөлінеді.
Біріншілк–латенттік токсоплазмоз клиникалық көрініссіз өтеді, екіншілік-латенттік токсоплазмоз кезінде резидуальды белгілер (кальцификация, хориоретиниттен кейінгі тыртық, көздің көруінің нашарлауы және т.б.) жиі байқалған.
Жедел токсоплазмоз – аурудың сирек кездесетін түрі, көбінесе әлсіз көріністерімен сипатталып (әлсіздік, миалгиялар, неврастения) айығумен аяқталады. Диагнозды анықтау қиындыққа соғады.
Сирек жағдайда жедел токсоплазмоз ауыр жайылмалы түрінде өтіп жедел басталумен, қызбамен, жалпы улану көрінісімен, бауыр мен көк бауырдың ұлғаюымен, миокардитпен сипатталады. Тағы да полиморфті экзантема және орталық жүйке жүйесінің айқын зақымдануы (энцефалит, менингоэнцефалит) байқалуы мүмкін. Жедел түрлері энцефалиттің нышандарынсыз (сүзек тәрізді немесе экзантемді түрлері) өтуі мүмкін немесе энцефалиттің белгілерімен сипатталады (энцефалиттік, менингоэнцефалиттік, немесе церебральды түрлері). Энцефалит жайылмалы токсоплазмоздың басқа белгілерінің фонында білінеді, ауруды анықтауға көмек береді. Ауру ауыр өтіп және мұнда өлім қаупін тудыратын нәтиже жиі болатыны айқын. Аурудың патологиялық процессінің басылуы барысында, ол резидуальды құбылысымен екіншілік-созылмалы түрге өтеді (эпилепсия нышандары, ақыл-естің төмендеуі және т.б.).
Созылмалы токсоплазмоз – ұзаққа созылатын, баяу дамитын ауру, ол субфебрильды қызбамен, созылмалы улану нышандарымен сипатталған, оның фонында көптеген мүшелердің зақымдануы білінеді: жүйке жүйесі, көз, миокард, бұлшықеттер және т.б. Ауыру жайлап басталады. Науқас жалпы әлсіздікке, тәбетінің нашарлауына, ұйқының бұзылуына, қозғыштыққа, бас ауыруына, естің төмендеуіне, жүрек соғысына және жүрек ауыруына, бұлшықет пен буындардың ауыруына, кейде көздің көруінің нашарлағанына шағымданады.
Тексеру барысында, барлық науқастарда субфебрильды қызба анықталады, ол айлар бойына созылуы мүмкін немесе түрлі ұзақтықтың толқындары түрінде білініп, апирексия кезеңімен алмасатыны мәлім. Жиі дамитын нышан - жайылмалы лимфоаденопатия. Перифериялық (мойын, желке, қолтық асты, шап) және мезентеральды лимфа түйіндер ұлғаяды. Кейде мезаденит шұғыл көріністі болып, ол туберкулез мезаденитінің, соқыр ішектің, аднекситтің және т.б. қате диагнозына себепші болмақ. Лимфа түйіндер бастапқыда жұмсақ, пальпация кезінде ауырып, содан соң өлшемі кішірейіп, қатты болады, ол аз ауырып немесе аурусыз қалыпқа жетеді. Науқастардың жартысында бауыр ұлғаяды, пальпация кезінде орташа ауыруы мүмкін. Бауыр қызметінің едәуір бұзылғаны байқалмайды. Ал көк бауырдың ұлғаюы жиі білінетіні анық.
Токсоплазмоздың жиі көрінісі арнайы миозит болып табылады. Бұлшықеттің ауру сезімі, қалың жерінде тығыздалған ошақтар анықталады, ал рентгенография арқылы науқастардың жартысынан бұлшықеттегі кальцификаттарды табудың сәті түскен. Буындар ауырады, бірақ қабыну процестің белгілері болмайды.
Жүрек-тамыр жүйелері жиі зақымданып, күре тамыр гипотензиясы білініп, кейде жүректің тез соғуы және ырғақтың бұзылуы пайда болады. Жүрек шекарасының солға жылжуы, жүректің тондарының бәсеңдеуі, жүректін жетіспеушілігі, миокардит көрінісі байқалған. Электрокардиографикалық тексеру барысында барлық науқастарда ошақтық немесе диффуздық миокардиттің өзгерісі айқындалған. Перикард пен эндокард зақымдалмаған.
Тыныс алу мүшелері созылмалы токсоплазмоз кезінде сирек зақымдалады, оның нышандары пневмоцистоздың көрінісін еске түсіреді.
Науқастар тәбеттің нашарлауына, ауыздың құрғап кетуіне, жүрек айнуға, төс шеміршек пен кіндік аралығының сыздап ауыратынына, іштің кебуіне, дәреттің тоқтауына шағымданады. Науқастың арықтауы жиі байқалатыны белгілі. Асқазан сөлін тексеру барысында, секрецияның төмендеуі мен қышқылдың азайғаны айқындалған. Рентгенологиялық зерттеу арқылы тоқ ішектің моторлы қызметінің бұзылатынын анықтаған.
Көптеген науқастарда жүйке жүйесінің өзгерістері байқалған. Олар әртүрлі болуы мүмкін. Перифериялық жүйкелер біршама сирек зақымданып, патологиялық процесске орталық жүйке жүйесі жиі қатысады. Кейде бұл невротикалық нышандардың (тез әсерленгіш тұрақтылығы, жұмысқа қабілетінің төмендеуі, қозғыштық, секемшілдік, канцерофобия және т.б.) орташа көрінісі түрінде білінген. Кейбір науқастарда истерия тәрізді ауыр невроз, диэнцефальды бұзылыстар, эпилепсия нышандары пайда болуы мүмкін. Вегетативтік-тамырдың бұзылуы болады. Көздің зақымдануы жиі байқалады: хориоретинит, увеит, алыстан көре алмаушылық үдемек. Эндокриндік мүшелерінің қызметі бұзылады (етек кір циклінің бұзылуы, бедеулік, бүйрекүстіндегі бездердің екіншілік жетіспеушілігі), қалқан безінің қызметі сирек төмендейді.
Перифериялық қанды тексеру барысында, лейкопения, нейтропения, салыстырмалы лимфоцитоз, эозинофильды лейкоциттер мөлшерінің өсу тенденциясы айқындалған. ЭТЖ қалыпты болып қалады.
Латенттік токсоплазмоз сипатында, науқасты ұқыпты клиникалық тексеруде, онда токсоплазмоз нышандарын табудың сәті түспеген (біріншілік –латенттік токсоплазмоз) немесе хориоретиниттің ескі ошақтары, кальцификаттар, склерозды лимфатикалық түйіндер түріндегі тек қана резидуальды құбылыс байқалған (екіншілік-латенттік токсоплазмоз). Латенттік түрдің диагнозы оң серологиялық реакциялардың табылуына немесе тері ішінде токсоплазмоздарды байқап білуге негізденген.
Т уа пайда болған токсоплазмоз келесі түрлерге бөлінеді: жедел, созылмалы, латенттік, резидуальды токсоплазмоз (гидроцефалия, олигофрения, эпилепсия және т.б.). Бұл түрі біршама сирек кездеседі. Ол әйелдердің жүктілік уақытында жұқтыруында, қоздырғыштардың трансплацентарлы берілуі нәтижесінде пайда болады. Туа пайда болған токсоплазмоздың патогенезі жүре пайда болған токсоплазмозға ұқсас, біріншілік инфекция ошағы гематогенді диссеминация стадиясында ұрықтан тыс басталады, көбінесе токсоплазмозбен зақымдалу жүктіліктің мерзіміне байланысты. Егер зақымдалу 2-триместрде болса нәрестеде жедел немесе созылмалы инфекция дамиды, 3- триместрде болса нәрестеде жедел немесе созылмалы инфекция сирек субклиникалық түрі дамиды, егер 3- триместрдің соңы босануға дейін болса жедел немесе жеделдеу инфекция дамиды.
Туа пайда болған токсоплазмоздың жедел түрі ауыр жайылмалы инфекция ретінде өтіп айқын интоксикациямен, қызбамен, бауырдың (жиірек сарғыштану дамиды) және көк бауырдың ұлғаюымен, макулопапулезді экзантемамен білінетіні анықталған. Балалардың көбінде бұл фонда ауыр энцефалит пен көздің зақымдануы (көбінесе хориоретинит түрінде) артады.
Туа пайда болған токсоплазмоздың созылмалы түрге өтуінде энцефалиттің қалдықтары (гидроцефалия, олигофрения, сиптоматикалық самайлық немесе Джексон эпилепсиясы дамығаны байқалып, сонымен қатар көру мүшелерінің әртүрлі зақымдануы (микро- және анофтальм). Басында бұл көріністер субфебрилитетпен, улану нышандарымен, миозиттермен, лимфаденопатиямен сипатталады. Содан соң процесстің белсенділігі біртіндеп баяулайды және тек энцефалиттің қалдықтары ғана сақталады. Бұл резидуальды туа пайда болған токсоплазмоздың көріністері болып саналады.
Н.А.Балакиннің ( 1961 ) мәлімет бойынша туа пайда болған токсоплазмоз келесілерді тудыруы мүмкін:
1. балада микроцефалия
2. -”- гидроцефалия
3. -”- кемістік
4. Даун ауруы
5. -”- ақыл – ойдың кемістігі
6. -”- ішкі мүшелердің патологиясының дамуы
7. -”- көзде ақаулардың дамуы
8. -”- тірек – қимыл аппаратындағы аномалиялар
Барлық симптоматикалық бөлінеді ( 1961ж.):
Жалпы көріністер: төмен температура, цианоз, асфикция, сарғаю, ісік, бөртпе.
Вицеральды:пневмония, миокардит, гепатоспленомегалия, нервит, энтерит.
Милық: менингоэнцефалит, құрысу, спастикалық жағдай, дебілділік, гидроцефалия, кальцификаттар.
Көздік: хореоретинит, көру нервінің атрофиясы, нистагм, стробизм, микроофтальм. Кейбір клиникалық белгілер бірнеше жылдан кейін дамиды – мектепке дейінгі және мектептің ерте кезеңдерінде.
Клиникада жүктіліктің мезгілін және мезгілге байланысты қою мүшелер дамығандығын анықтайды.
Есте сақтау керек: Ұрықтың заымдалуы тек жүкті әйел адам жедел токсоплазмозбен ауырған кезде болады (жайылмалы түрі). Созылмалы токсоплазмозбен ауырғанда ұрыққа қауіпті емес, ондай әйелдерге босануға болады.
№17 кесте.
Тератологиялық кесте.
Жүктілік мезгілі (апта) | Қандай мүшелер дамиды | Ұрықтың зақымдалуы қандай жерлерде болады |
2 – 11 3 – 7 3 – 7 3 – 8 5 – 6 6 – 10 7 – 12 9 – 10 10– 12 | Жұлын және бас миы Көз Жүрек Аяқ – қол Ерін Тіс Құлақ Ас қорыту мүшелері Қарын | Анэнцефалия, микроцефалия, менингоцефалия Анофтальмия, микроофтальмия Жүрек перделеріндегі ақау Аяқ – қолдың дамуындағы ақау Қоян еріні Дисплазия Саңырау Атрезия Қасқыр сүйек |
Токсоплазмоз басқа инфекциялармен (мысалы, хламидиоз, цитомегаловирусты инфекция, ЖИТС) ассоциацияланған жағдайда кесел үдемелі және өте ауыр түрде өтеді. ЖИТС-пен ауырғандарды жиі өлімге апаратын бірден-бір себепкер токсоплазмоз болып табылады. Ж.З.Трумованың (2001 ж.) деректері бойынша Қазақстанда ЖИТС-ассоциацияланған токсоплазмоз 2,5% жағдайда кездеседі, ал басқа елдерде әлде қайда жиірек байқалады (8,7-20%). Осындай ауруларда дамыған барлық энцефалиттың 25-тен 80% пайызға дейінгісінің токсоплазмоздық этиологиясы бар (В.В.Васильев, 2000). Осындай жағдайда аурудың қанында токсоплазмаларға қарсы спецификалық антиденелер табылмайды, ал сирек жағдайда токсоплазманы ликвордан табуға болады. Ликворды центрифугалап, препарат жасап микроскоппен қарағанда токсоплазмалардың трофозоиттарын көруге болады, компьютерлік томографиямен ми тіндерінің зақымданған аймағы мен диффузды энцефалит бейнесін байқауға болады. Ми биоптаттарында токсоплазмалардың цисталарын және трофозоиттарын табуға болады. Полимеразалық тізбектеу реакциясымен (ПТР) биоптаттарда және ликворда токсоплазмалық антигендердің бар-жоғы анықталады.
Болжамы. Жүре пайда болған токсоплазмозда-жағымды, ал туа пайда болған токсоплазмозда қолайсыз болып табылады.
Диагностикасы. Токсоплазмозды анықтау науқастың ұқыпты клиникалық тексерілуіне негізденіп, мүшелердің (ЭКГ, көздің түбін тексеру, бас сүйектің рентгенографиясы, бұлшықеттің зақымдануы) арнайы зерттеу мәліметтері де қосылатынын айтқан жөн. Диагноз қою лабораториялық зерттеулер нәтижесінің негізіне сүйене отырып атқарылады, өйткені токсоплазмоздың клиникалық әйгіленістері әртүрлі (полиморфты) болады. Кеселдің кезеңдеріне (жасырын түрінен айқын түріне дейін) байланысты лабораториялық диагноз қоюдың әртүрлі әдістері қолданылады.
Микроскопиялық әдіс. Ең үлкен диагностикалық маңыздылығы бар әдісі - паразитологиялық зерттеу. Ол микроскопия арқылы қанның боялған жұғындысында, жұлын сұйықтығының центрифугатында, лимфатикалық түйіндердің пунктатында немесе көмекей бездердің биоптаттарында, сонымен қатар өліктің мүшелеріндегі гистологиялық кесілген ұлпалардың биоптаттарында қоздырғыштардың табылуына негізденеді. Жағынды дайындап, Романовский-Гимза әдісімен бояп, микроскопта қарайды. Ми тіндеріндегі токсоплазмаларын табу электронды микроскопта қараумен немесе төте иммундыфлюоресцентті әдіспен атқарылады.
Биологиялық сынама. Зерттелетін заттардың (қан, органдардан алынған патологиялық бөлшектер) сығындыларын (экстрактысын) ақ тышқандардың құрсақ ішіне жұқтырады. Экссудаттардан немесе ақ тышқандардың органынан дайындалған препараттарда токсоплазмалардың табылуы токсоплазмоздың жедел түрі екенін көрсетеді.
Серологиялық әдістерге КБР, ПГАР, ЖИФР, ИФТ, Сэбин-Фельдман реакциясы (СФР) жатады. Соңғы әдіс сирек қолданылады, себебі реакция қою үшін тірі токсоплазмаларды қажет етуіне байланысты лабораториялық қызметкерлерге жұғу қауіпі бар. Олар ауруды жұқтырғаннан 1-2 аптадан кейін «оң» болады. Біз, З.Р. Сырғабаева және В.В. Воробьевамен (1966) бірлесе отырып, КБР қою үшін спирт-эфирлік экстракциялау әдісімен токсоплазмалық антиген дайындау тәсілін жасадық. Б.В. Каральник әріптестерімен бірлесе отырып ПГАР қою үшін иммунды реагент алу жолын енгізді, қазір ол Қазақстанда кең қолданылады. ИФТ, ЖИФР, ПТР ең сезімтал және спецификалық әдістер болып есептелінеді.
Токсоплазминмен қойылатын тері-аллергиялық сынама. Бұл әдіс тұрғындар арасында жаппай скринингті тексеру жүргізуге қолайлы. Оң нәтижелі сынама токсоплазманың тек қана бұрын жұққандығын және басқа әдістерді пайдаланып жете тексерудің қажет екенін көрсетеді.
Оң серологиялық және аллергиялық реакциялар сау адамдарда (30% дейін) жиі кездеседі және басқа аурулармен ауыратын науқастарда, оларды бағалауда абайлау керек.
Серологиялық реакцияның теріс нәтижелері және, әсіресе, токсоплазминмен терілік сынаманың теріс нәтижесі, созылмалы токсоплазмоз диагнозын жоюға мүмкіндік береді. Реакциялардың оң нәтижелері тек адамның токсоплазмалармен инвазияланғанын ғана көрсететіні анық. Диагностикалық маңызын олар тек науқастарда токсоплазмоз нышандары үшін сипаттық білінуді ғана табады: ұзақ субфебрилитет, созылмалы улану нышандары, лимфоаденопатия, жүрек бұлшықеттеріндегі өзгерістер, бауырдың ұлғаюы, мидағы және бұлшықеттердегі кальцификаттар, хориоретинит ошақтары. Жүкті әйелдерде сероконверсия маңызды диагностикалық мәнге ие болуы мүмкін.
Емдеуі. Токсоплазмозбен ауырған науқастардың емі комплексті болу керек. Жедел токсоплазмоз және созылмалы токсоплазмоздың өршуінде этиотропты препараттар маңызды, олар трофозоиттарда белсенді әсер көрсетеді. Мұнда пириметамин (хлорохин, дараприм) пайдаланады, ол 0,025 г 2-3 рет тәулігіне, 5-7 күн аралығында белгіленіп, сульфадимезинмен (2-4 г тәулігіне, 7-10 күн ішінде) бірге тағайындалады. 7-10 күн аралығымен, 3 курс жүргізу ұсынылған. Сонымен қатар хлоридиннің сульфадимезинмен (4 г тәулігіне) комбинациясын 3-4 апталық курсы ең тиімді болуы мүмкін. Хлоридин ересектерге 1-ші күні 75-100 мг мөлшерінде, 2-күннен курстың аяғына дейін-25 мг тәулігіне қабылдау белгіленген. Емдеу перифериялық қанды тексеру барысында және 6-10 мг фолий қышқылымен бір мезгілде белгіленуі арқылы жүргізіледі.
Жүкті әйелдерді спирамицинмен (ровамицин) емдеуге болады: 3 млн.х 3 рет 7-10 күн.
Туа пайда болға н токсоплазмозбен ауырған балалар хлоридинді 1 мг/кг тәулігіне алады. Сульфадимезиннің тәуліктік мөлшері балаларда 100 мг/кг құрайтыны белгілі. Сондай-ақ басқа да этиотроптық әсері бар препараттар қолданылады. Соның ішінде аминохинол, хингамин (делагил), сульфаниламидтер (бисептол, сульфапиридазин, сульфадиметоксин және т.б.), антибиотиктер тетрациклинді қатардағы, метронидазол.
Токсоплазмоздың созылмалы түрінде, науқастың организмінде қоздырғыш циста түрінде болады, мұнда жоғары көрсетілген препараттар әсер етпейтіні анықталған. Бұндай жағдайларда жақсы әсерін комплексті терапия беретіні анық, химиотерапияның (хингамин, делагил, тетрациклин) 5-7 күндік курсын трофозоит сатыларындағы токсоплазмаларға қарсы тағайындау қажет. Витаминдер, десенсенсибилизациялау үшін қолданылатын препараттар (димедрол, пипальфен, супрастин, кортикостероидтар аздаған мөлшерде) бірге тағайындалады.
Міндетті түрде токсоплазминмен иммунотерапия жүргізіледі. Әрбір науқас үшін жеке жұмыстық ертінді титрация сынамасы арқылы анықталады (гиперемия диаметрі және тері инфильтрациясында енгізу орны 10 мл артық болмау керек). Тексеріліп таңдап алынған токсоплазмин дозасын тері ішіне 1-ші күні 0,1 мл 3 жерге, 2-ші күні 4 инъекция 0,1 мл-ден енгізеді, ал содан кейін күн сайын 1 инъекциядан қосып отырып, 8-ші күні инъекция саны 10-ға дейін жеткізеді. Токсоплазмозды емдеу уақытында күн сайын ультракүлгін сәулелерін, ¼ тен 1 биодозаларға дейін көбеюші мөлшерде жүргізу керек.
Жүкті әйелдерде КБР-ның және терілік сынаманың «оң» нәтижесі білінсе, бірақ токсоплазмоздың клиникалық көріністері болмаса, онда оларды емдеу қажет емес. Токсоплазмоздың созылмалы түрімен ауыратын жүкті әйелдерге иммунотерапияның профилактикалық курсын жүргізуді қажет. Жүкті әйелдер үшін ең үлкен қауіп-қатер токсоплазмозбен жаңа залалдану болып табылатыны мәлім. Мұндай жағдайларда химиотерапия (1-2 курс) жүргізіледі. Химиотерапиялық препараттарды жүктіліктің 1-3 айында тағайындауға болмайды, себебі олардың көбі, әсіресе хлоридин, сульфадимезин және тетрациклин тератогенді әсерге ие болып, іштегі нәрестеге зақым келтіруі мүмкін.
Токсоплазмозбен күресу шаралары мен оның алдын алу ең алдымен негізгі резервуар әрі инвазия көзі болып табылатын мысықтардан адамға, әсіресе балаларға жұғудың алдын алуға бағытталған. Ол үшін мысық күтімінің ережелерін орындаудың маңызы күшті. Қолда бар әдістердің барлығын пайдалана отырып табиғатта токсоплазмалар сақтаушыларды - үй тышқандарын және синантропты кеміргіштерді жою қажет. Ауыл шаруашылық жануарлары мен иттер токсоплазмалардың аралық иесі болатындықтан олардың арасындағы жұғушылықты бақылауға бағытталған кешенді зооветеринарлық шаралар жүргізу керек.
Ветеринариялық қызметкерлер, қасапхана, ет комбинаттары, мал фермалары, құс фабрикаларының жұмыскерлері, сауыншылар, аңшылар, жануарларға тәжірибе жүргізетін ғылыми зертханалар, клиникалар мен перзентханалардың қызметкерлері арасында кәсіби жұғушылықтың алдын алуға аса зор көңіл аудару қажет. Жоғарыда аталған кәсіби топтарға жататын адамдарды оқтын-оқтын тексеру және олардың арасында кеселге шалдыққандары табылса емдеу жүргізу керек.
Малдан дайындалған өнімдерді ысытып өңдеу, ас тағамдарын дайындау технологиясын сақтау, және де малдарға күтім жасаған кезде, ет комбинаттары мен үй жағдайында мал сойғанда қол терісі мен шырышты қабаттарды қорғау токсоплазмоздан сақтанудың міндетті шарттары болып табылады.
Туа пайда болатын токсоплазмоздың алдын алу үшін барлық жүкті әйелдерді, әсіресе бұрын акушерлік асқынулары болғандарына тексеру жасап, диспансерлік бақылауды тұрақты жүргізген жөн.
Қан құйғанда жұғудан сақтану үшін донорлардың қаны мұқият тексеріліп отырады.
Эпидемиологиялық қадағалау және эпидемиялық ошақта тиісті шаралар жүргізу регламенттелмеген. Эпизоотологиялық қадағалау зоонозды инфекциялар кезіндегідей шарттарға сәйкес атқарылады. Олардың ең бастысына жануарлар арасында эпизоотия пайда болғанда және адамдар арасында токсоплазмозға күмәнді ауру байқалғанда малдарды, иттерді және мысықтарды серологиялық тексеруден өткізу, және де бағалы терісі бар аңдарға күтім жасағанда, олардан өнім дайындағанда тиісті ережелерді сақтау жатады.
V ТАРАУ. ТРАНСМИССИВТІ ЖӘНЕ ГЕМОКОНТАКТЫ ИНФЕКЦИЯЛАР