Бруцеллездің жіктелуі (Н.Д.Беклемишев, 1957)
1. Латенттік бруцеллез: біріншілік-латенттік және екіншілік-латенттік
2. Жедел бруцеллез: жеңіл, орташа ауыр, ауыр ағымы
3. Баяу немесе жеделдеу бруцеллез: жеңіл, орташа ауыр, ауыр ағымы
4. Созылмалы бруцеллез: біріншілік–созылмалы және екіншілік
созылмалы (декомпенсация, субкомпенсация және компенсация сатысы).
5. Бруцеллездің қалдықтары.
Е.С.Белозеров (1985), К.Б.Құрманова, А.Қ.Дүйсенова (2002) ұсынысы бойынша бұл жіктелуге тағы да бір түрін енгізу қажет, себебі эндемиялық аймақтарда бруцеллезге қарсы иммунитеттің әлсіздігіне байланысы ауруды қайтадан жұқтыру жағдайлары жиі кездеседі.
6. Қайталанған бруцеллез (суперинфекция және реинфекция).
Латенттік бруцеллез кезінде сау адамда бруцеллаларға қарсы серологиялық және/немесе аллергиялық реакциялар «оң» болып табылады.
Біріншілік-латенттік бруцеллез кезінде «оң» реакциялар бұрын бруцеллезбен ауырмаған адамдарда табылады.
Екіншілік-латенттік бруцеллез кезінде «оң» реакциялар бұрын бруцеллезбен ауырған адамдарда табылады.
Жедел бруцеллез кезінде ауруды жұқтырған кезден 3 айға дейін науқаста қызба, қалтырау, терлеу, полиартронейромиалгиялар пайда болады.
Баяу немесе жеделдеу бруцеллез кезінде аурудың көріністері 3 аймен 6 ай арасында сақталып, науқаста жергілікті қабыну процестер қалыптасады.
Созылмалы бруцеллез кезінде аурудың көріністері 6 айдан артық сақталады.
Екіншілік-созылмалы бруцеллез кезінде бұрын жедел бруцеллезбен ауырған науқаста 6 ай өткеннен кейін аурудың клиникалық нышандары анықталады.
Біріншілік-созылмалы бруцеллез кезінде бұрын жедел бруцеллезбен ауырмаған науқаста созылмалы бруцеллездің клиникалық көріністері анықталады.
Бруцеллездің қалдықтары кезінде организмде қоздырғыш жоқ, активті инфекцияның клиникалық көріністері жоқ, серологиялық реакциялар теріс, бірақ бұрын бруцеллалармен зақымданған ағзаларда анатомиялық дегенеративті деструктивті өзгерістер қалған – анкилоз, спондилез, деформация, атрофиялар, бедеулік және т.б.
Суперинфекция созылмалы бруцеллезбен ауырып жүріп науқас бруцеллезды қайтадан жұқтырады.
Реинфекция бруцеллезден жазылғаннан кейін ауруды қайта жұқтырады.
Диагноздың мысалдары:
1. Латентті бруцеллез (Райт реакциясы 1:50, Хеддльсон реакциясы –айқын оң).
2. Жедел бруцеллез. Орташа ауыр ағымы. (Райт реакциясы 1:200, Хаддлсон реакциясы –айқын оң).
3. Жедел бруцеллез. Ауыр ағымы. Миокардит. Оң жақтық сакроилеит. (Райт реакциясы 1:800, Хеддльсон реакциясы –айқын оң).
4. Жеделдеу бруцеллез. Орташа ауыр ағымы. Сол жақ тобықтың артриті. (Райт реакциясы 1:400, Хеддльсон реакциясы –айқын оң).
5. Екіншілік-созылмалы бруцеллез. Декомпенсация сатысы. Увеонейрохориоретинит. Оң жақ шынтағының бурситі. (Райт реакциясы 1:100, Хеддльсон реакциясы –айқын оң).
6. Біріншілік-созылмалы бруцеллез. Декомпенсация сатысы. Жайылмалы остеохондроз. Вертебро-базилярлы жетіспеушілік. Гипертензионды синдром. Дисциркуляторлы энцефалопатия. Ми қантамырларының васкулиті. (бруцеллездік спецификалық антиген байланыстырушы лимфоциттердің оң нәтижесі, ИФА IgG).
7. Бруцеллездің қалдықты өзгерістері. Спондилез. Тізе буындарының артрозы.
8. Жедел бруцеллез. Ауыр ағымы. Біріншілік созылмалы бруцеллез үстіне суперинфекция. Менингоэнцефалит. Сол жақ жанбас буының артрозы. Сегіз –көз-бел аймағының остеохондрозы. (Райт реакциясы 1: 200, Хеддльсон реакциясы –айқын оң).
9. Жеделдеу бруцеллез. Ауыр ағымы. Реинфекция. Екі-жақтық орхоэпидидимит. Солжақтық ахиллит. (Райт реакциясы 1:800, Хеддльсон реакциясы –айқын оң).