2. Понтиак қызбасы (өкпе қабынуынсыз өтетін жедел респираторлы ауру)

3. «Форт-Брагг» қызбасы ( тері бөртпесімен өтетін жедел қызбалық ауру);

Легионеллездің аса ерекше көрінісі - өкпенің қабынуы. Науқастарда орташа бас ауыруы, сырқатты хал, 40°С дейінгі дене қызуының 24-48 сағат бойы сақталуы, қатты қалтырау (шамамен 50% науқастарда) байқалған. Бір мезгілде құрғақ жөтел, содан соң шырышты немесе шырышты-іріңді қақырықтың бөлінуі білінген. 20% науқастарда қан түкіру байқалған. Бұған қосымша демікпе, плевра шуылы мен бұлшықеттердің ауыруы, жүрек айну, лоқсу, құрсақ тұстарындағы ауыру белгілері болған.

Рентгенологиялық тексеру барысында өкпе ұлпаларының көп зақымданғанын тапқан. Аурудың ерте кезеңдерінде шамамен 65% науқастарда бір жақты инфильтраттар табылған. Ал лейкоцитоз 20% науқастарда байқалған, СОЭ жиі жоғарылаған. Бүйрек пен бауыр қызметтерінің бұзылуы мүмкін. Алғашқы 4-6 күн бойы науқастың жағдайы күрт төмендейді. Қызбаның орташа ұзақтығы - 13 күн. Жазылу кезеңі бірнеше аптаны құрап, әлсіздік пен шаршағыштық сақталады.

Легионеллездің негізгі клиникалық түрі екеу:

1. Өкпе қабынуынсыз жедел тыныс алу жолдарының ауруы - Понтиак қызбасы (Мичиган штатының Понтиак қаласында аурудың өршуі жедел басталумен сипатталған, сондай-ақ грипп тәрізді ағым, бас ауыруы, қызба, бұлшық еттер ауыруы өкпе қабынуының белгілерінсіз байқалған).

2. Легионеллез ауруы – легионеллезді өкпе қабынуы.

Өкпе зақымдануының сирек нүсқаларына интерстициальды өкпе қабынуы мен жедел альвеолит жатады. Соңғысы өкпе қабынуының физикальды белгілерінің көрінісімен өтеді. Тері бозарып, геморрагиялық бөртпенің пайда болуы мүмкін, мұрыннан қан кетеді. Балаларда мойын мен жақ астының лимфа түйіндері үлкейеді. Бірінші күні біршама брадикардия байқалып, содан соң тамырдың соғуы 1 минутта 120 дейін жиілейді. Қан қысымы төмендейді. Тілі құрғақ, ал нәжістің сұйық та сулы болуы, сондай-ақ олигурия, тіпті анурияның байқалуы мүмкін.

Аурудың ауыр ағымында науқастың жағдайы нашарлайды, тыныс алу және жүрек-қан тамыр жетіспеушілігі тез күшейеді, асқазан-ішек пен жатырдан қан кетулермен асқынып, өкпе инфаркты және т.б. белгілер өріс алады. Өлім қатері аурудың 1-ші аптасының соңында туады.

Диагностикасы. Легионеллездің клиникалық білінуі ерекше емес. Аурудың басты белгісі - өкпе қабынуының ауыр ағымы және өкпе қабынуының дәстүрлі терапиясының әлсіз әсері.

Легионерлер ауруын біріншіден өкпе қабынуларымен, сондай-ақ арнайы антибиотикотерапияны талап етушілермен салыстырып жүргізу керек. Оларға микоплазмозды өкпе қабынуы, орнитоз, Ку қызбасы жатады. Легионеллез кезінде аса сипатты рентгенологиялық көрініске, гемограмма өзгерістеріне назар аудару қажет.

Бұл ауруды клиникасына қарап тану аса қиындықтар тудырады, себебі патогномиялық симптомдары жоқ. Сонымен қатар, легионеллезді өкпе қабынуында кейбір клиникалық-эпидемиологиялық ерекшеліктері бар:

· жаз мезгілінің соңында-күздің басында пайда болады;

· егде жастағы ер адамдар жиі ауырады;

· ұқсас аурудың өршуі қонақ үй қызметкерлерінің, турист және медицина қызметкерлерінің, аурухана науқастарының арасында байқалғаны, сондай-ақ құрылыс және жер қазу жұмыстарында еңбек ететін адамдар;

· өкпе қабынуының ауыр ағымы плевраның патологиялық процесске қатысуымен өтеді;

· бүйрек, бауыр, орталық жүйке жүйелері қызметтерінің бұзылуы;

· пенициллин, тетрациклин, цефалоспоринді антибиотиктерді қабылдаудан әсердің болмауы.

Лабораториялық диагностикасында биологиялық әдіс, экспресс-әдістер (иммундыфлюоресценциялық әдіс, иммундыферменттік анализ, полимеразды тізбекті реакция) қолданылады. Науқастың қанында антиденелер ауруының 6-7-ші күні пайда болып, жоғарғы титрге аурудың 5-ші аптасында жетеді. Қоздырғыштар қайтыс болған науқастың өкпе тінінен, плевра сұйықтығынан және қақырықтан, су мен топырақтан бөлінеді.

Легионеллезді грипптен, жедел тыныс алу жолдары ауруларынан, бактериальды өкпе қабынуынан, орнитоздың жеңіл түрінен, Қу-қызбасынан, микоплазмоздан ажырата білу керек.

Асқынулары. Легионеллездің ең қауіпті асқынуы - тыныс алу жетіспеушілігі болып табылған. Ауруханаға жатқызылған науқастардың 30%-да гипервентиляция және гипоксемия белгілері байқалған.

Емдеуі. Клиникалық практиканың көрсетуінше, ең аз өлім қаупі, эритромицинді 0,5 -1,0 г әр 6 сағат сайын (тәулігіне 4 г) ересектер үшін, ал 15 мг/кг әр 6 сағат сайын балалар үшін қолдану барысында байқалған. Ауыр ағымдарында эритромицин мен рифампицинмен үйлесіп, беріледі. Қазіргі уақытта азитромицин (сумамед 0,5-3,0 г/тәулігіне 3 күн бойы), ципрофлоксацин (1,5 г/тәулігіне 10 күндей) препараттарын да тағайындайды. Легионеллезді өкпе қабынуын емдеудің патогенетикалық әдістері пневмококкпен қоздырылған өкпе қабынуын емдеуге ұқсайды (айырмашылығы аз).

Болжамы. Легионеллездің болжамы қолайсыз. Легионеллезді өкпе қабынуында өлім қаупі 15-20% құраған.

Алдын алу шаралары . Аурудың басты профилактикалық шаралары - инфекцияның көздерін табу және оларды дезинфекциялау. Химиопрофилактика мен ерекше профилактика жете зерттелмеген. Жедел өкпе қабынуының өршуі және жаз-күз мезгілдеріндегі тыныс алу жолдарының ауруларының көбеюі эпидемиологиялық талдауды талап етеді. Өнеркәсіп объектілеріне, электростанцияларға, емдеу мекемелеріне жылына 2 рет профилактикалық тазарту және су жүйелерін тазалау жұмыстарын жүргізу қажет.

БАЛАЛАРДЫҢ АУА – ТАМШЫЛЫ ИНФЕКЦИЯЛАРЫ