ҚадырҒали жалайыридыҢ «жамиҒ ат-тауарих» шежіресініҢ тілі

XVI ғасырдың соңы мен XVII ғасырдың ең алғашқы жылдарында жазылған түркі ескерткіштерінің бірі – Жалайыри Қадырғали Қосымұлының қолынан шыққан тарихи туынды «Жамиғат ат-тауарих» («Шежірелер жинағы»). 1602 жылы жазылып аяқталған бұл шығарма ғалымдар назарына ілігуі – XIX ғасырда өмір сүрген татардың ағартушы ғалымы Ибрагим Халфиннің есімімен тығыз байланысты. Ол еңбектің бір көшірмесін 1819 жылы Қазан университетінің кітапханасына тапсырады. Қадырғали би еңбегі – ортаазиялық тарихи шығармалар дәстүрінде жазылған еңбек. Сонымен қатар автор сол тарихи кезеңдегі мәдени дамудың деңгейі мен сипатына сай жазба тарихпен қатар, жатқа айтылған тарихты да жақсы меңгерген. Өйткені, ол өмір сүрген тарихи кезеңде көшпелі түркі қоғамдарында ауызша тарих айту дәстүрі кең тараған еді. Шежірелер жинағында берілген шежірелік материалдар, түркі халықтары арасында кең тараған Едіге жайлы эпостан үзінді, пайдаланылған қанатты сөздер мен мақал-мәтелдер соның айғағы. Алайда, Қадырғали би еңбегінің құндылығы – қазақ халқы өз өкілінің қаламынан туған жазба тарих болуында. Бұл шығармада қазақ тарихына қатысты деректер аса көп емес, дегенмен сол азын-аулақ мәліметтің өзі ғылыми маңызы зор, оны басқа сол тұстағы ескерткіштерден кездестіре алмаймыз. Өйткені, Қадырғали мәліметтері қазақ қоғамына тән процестерді сырт көз арқылы емес, іштен қарауға көмектеседі. Орта ғасырлардағы түркі жазба ескерткіштерінің барлығында да, оның ішінде Қадырғали шежіресінде де өзге тілдік қабатты араб пен парсы сөздері құрайды. Сонымен қатар мұнда монғол сөздері және некен-саяқ қытай тілінің элементтері кездеседі. Шығармада қолданылған араб сөздерінің дені – дерексіз (абстракт) ұғым атаулары. Олардың да басым көпшілігі түркі тілдеріне еніп, күні бүгінге дейін қолданылып келе жатқан дәулет, асыл, илтифат, ихлас, ишарат, файда, рәсім, адат тәрізді сөздер. Қадырғали бидің «Жамиғат-ат тауарих» атты шығармасы – XVI ғасыр соңғы ширегіндегі қазақтың ескі жазба әдеби тілінің прозадағы, оның ішінде тарихи-шежіре жанрындағы тұңғыш үлгісі.

Қадырғали би Қосымұлы – маман тарихшы емес, ол – қазақтың хан әулетінен тарайтын Ондан сұлтанның баласы Оразмұхаметтің (бұл есімді де әр түрлі жазып жүрміз: Оразмұхаммед, Ораз-Мұхамед, Оразмағамбет т.б.) ақылшы-кеңесшісі, сол кездің терминімен айтсақ, қарашысы. XVI ғасырдың 80-жылдарында Тобылда орыс воеводасына тұтқынға түсіп, Мәскеуге, патша үйіне жіберілген Оразмұхамет сұлтанның қарашы биі. Ол – қазақтың хандарына ата-бабасынан бері қызмет етіп келе жатқан беделді әулеттің мүшесі. Мұсылманша едәуір сауатты болған. Оразмұхаметпен бірге Мәскеуде отырып, сұлтанды «ығына алған», оған Қасым хандығын сұйырғал етіп сыйға тартқан иықты орыс патшалығының әміршісі – Борис Годуновқа «еруліге қарулы» ретінде, «сыйғы – сый, сыраға – бал» етіп жазба дүние тартуды ойлайды. Өз сөзімен берсек, «Патша Борис Федоровичтің мәңгі әділдігін, ақтығын және тағы жоғары мәртебелі Оразмұхамет ханды жоғары мәртебелі патшаның құрметпен хандыққа отырғызғанын айту үшін» шежіре жазады. Шежіресінің негізі етіп атақты парсы тарихшысы Рашид ад-диннің «Жами’ат-тауарих» атты кітабынан Шыңғыс ханның арғы-бергі тарихына қатысты материалдарды алады. Оның да себебі бар: Оразмұхаметті жарылқасаң, жарылқа, ол – сенімен терезесі тең атаның баласы, әлемді тітіреткен Шыңғыс ханның ұрпағы, ал Шыңғыс хан империясының тарихы мынадай болған дегенді айта келіп, ол тарихтың кейінгі (Рашид ад-диннен кейінгі, XV-ХVI ғасырлардағы) жалғасын көп кітаптар оқып әрі өз естіп-білгені бойынша теріп жазғанын білдіреді.

Осыған қарап Қадырғали шежіресінің құрылымын үш бөліктен тұрады деуге болады: 1 – шартты түрде «Мадақ сөз» немесе «Арнау сөз» деп атауға болатын бөлік. Бұл – осы шығарманың «айналасы алты хан, төңірегі төрт хан, дүниенің төрт бұрышын билеген, дүйім христиан падишасы аты жақсы – Барис ханға», Борис Годуновқа тарту екенін айтып, оны мадақтау. Мадақ сөз – Қадырғалидың өз төлтумасы. 2-бөлігі Шыңғыс ханның арғы-бергі шежіресі, ол Рашид ад-дин материалдарының түркі (ескі қазақ) тілінде баяндалуы немесе еркін аудармасы. 3-бөлігі «Алла тағала жәрдем беріп», естіген-білгенінен, оқып-тоқығанынан өзі теріп жазғандары. Олар шежіренің соң жағындағы «Урус хан дастаны», «Тохтамыш хан дастаны», «Темүр Құтлу хан дастаны», «Хажы Керей хан дастаны», «Едіге би дастаны», «Оразмұхамет хан дастаны» сияқты материалдар.

Сөйтіп, қазақ авторының қаламынан шыққан бізге жеткен тұңғыш тарихи шығарма – Қадырғали бидің жылнамалар жинағы, яғни «Жами ’ат-тауарихы» (шығарманың бұл аты – автордың өзі қойған емес, кейінгі зерттеушілер қойған шартты атау, бұл ат Қадырғали шежіресінің көп тұсы Рашид ад-диннен еркін аударма болғандықтан, XIV ғасырдың парсы тіліндегі осы атақты ескерткіштің атымен бірдей етіп атау ниетімен ұсынылған, өйткені Қадырғалидың бізге жеткен екі көшірме қолжазбасының екеуінің де алғашқы беттері сақталмағандықтан, жазушы өз туындысын қалайша атап ұсынғаны белгісіз, ғалым М.Қойгелдиев Қадырғали би өз шығармасын шығыс тарихшыларына тән дәстүр бойынша «Тарих-и Оразмұхаммед» деп атауы толық мүмкін-ау деген қисынды болжам айтады). Енді ескерткіш тілін лексика және грамматика салалары бойынша талдап көрелік.