1. IV – VIII ғ. – түркі дәуіріндегі әдебиет.

М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті

 

Реферат

Қадырғали би Қосымұлы Жалайыридің «Жамиғ ат-тауарих» ескерткішінің тілі – ескі қазақ тілі

Орындаған: ҚТӘ (1 ж.) магистранты Абдубали А.О.

Тексерген: ф.ғ.д., профессор Сабыр М.Б.

Орал, 2018 жыл

Мазмұны:

І. КІРІСПЕ ...................................................................................................3-11

ІІ. ҚАДЫРҒАЛИ ЖАЛАЙЫРИДЫҢ «ЖАМИҒ АТ-ТАУАРИХ» ШЕЖІРЕСІНІҢ ТІЛІ..................................................................................12-14

2.1 Ескерткіш тілінің лексикалық қазынасы................................14-17

2.2 Шежіре тілінің қазіргі қазақ тілімен ұқсастығының грамматикалық қырлары..................................................................18-20

ІІІ. ҚОРЫТЫНДЫ ........................................................................................21

ІҮ. ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ...........................................22

Кіріспе

Дүниеде көптеген ұлттар тіл, жазу мәселесіне көп көңіл бөліп отыр. Мәселен Қытайда латын әрпіне көшу, көшпеу мәселесін талқылағанда ұлттық болмысты жоғалтпаудың басты кепілі тіл деп танып – қытайдың таңбалы жазуын сақтап қалуды шешкен. Еврей халқы әлдеқашан құрып кеткен көне еврей тілін тірілтуге жан салуда. Сол сияқты бізге де өз ұлтының бірегей құндылықтарын қайта жандандыру қажеттігі күн санап дәлелденіп келеді.

Қазақ әдеби тілінің даму көшін дәуірлерге бөлместен бұрын, оның басын қай кезден бастап алатындығы жайлы пікірлермен танысу қажет. Мұнда да біркелкілік жоқ. Қазақ әдеби тілінің басталар тұсы жайындағы көзқарастарды беске бөліп топтастыруға болады:

1) Қазақ әдеби тілінің тарихын ертеден, көне түркі дәуірінен, ғұндар мемлекеті кезінен бастайды (Ғ.Мұсабаев II ғасырдан, Ә.Марғұлан, Б.Кенжебаев V ғасырдан т.б.).

2) Қазақ әдеби тілінің тарихы XVIII ғасырдан басталады (Қ. Жұмалиев, М.Балақаев т.б.).

3) XIX ғасырдың II жартысынан басталады (Қ.Жұбанов, Н.Сауранбаев, С.Аманжолов, І.Кеңесбаев). Бұл тұжырымды ұстаушылар XIX ғасырдьң II жартысына дейін де қазақта әдеби тілді танытатын үлгілер болды дегенді қоса айтады. Сірә, бұл жердегі пікір қазақтың ұлттық әдеби тілін көздей айтылған болу керек.

4) Қазақ әдеби тілі Қазан революциясынан кейін басталады (I. Қордабаев).

5) Қазақтың төл әдеби тілі ауызша дамыған авторлы поэзия түріндс оның халық болып құралған кезеңінен, XV-ХVI ғасырлардан басталады, ал ескі жазба әдеби тілі XVI-ХVII гасырлардан, жаңа ұлттық, жазба әдеби тілі XIX ғасырдың II жартысынан басталады (Р.Сыздықова, Қ.Өмірәлиев, Б.Әбілқасымов, А.Ысқақов, Ә.Құрышжанов т.б.).

Осындай бастау кездеріне сәйкес, қазақ әдеби тілінің әрі қарайғы даму кезендері де әр түрлі болып ұсынылады.

Әдеби тілдің тарих көшін анықтауда және оның өмір сүру барысын кезеңдерге бөлуде көркем әдебиеттің даму кезеңдері жайындағы пікірлер көңіл аудартады. Сондықтан әдебиеттанушылары тарапынан қазақ әдебиетінің кезендерін тану (зерттеу) туралы мынадай пікірлер мен тұжырымдарды көреміз.

Филология факультеттерінің студенттеріне арналған “Ертедегі қазақ әдебиеті хрестоматиясын” құрастырушылар (Ь.Кенжебаев, Х.Сүйіншәлиев, М.Жолдасбеков, М.Мағауин, 1967) қазақ, әдебиетінің тарихын бес дәуірге бөледі:

1. Көне дөуір (V-ХIV ғ.) – қазақ қауымының рулық- ұлыстық дәуірі. Бұл кездегі әдеби шығармалар көптеген түркі халықтарына ортақ мұра.

2. Хандық дәуірдегі әдебиет (XV-ХVIII ғ.) – қазақтың төл әдебиетінің басталу шағы, алғашқы дәуірі.

3. XIX ғасырдағы әдебиет.

ХХ ғасырдың басындағы (1900-1920) бұқарашыл әдебиет.

Социалистік дәуір әдебиеті.

“Қазақ Совет энциклопедиясында” берілген “Қазақ әдебиетінің ертедегі нұсқалары” деген мақалада түркі тілдес халықтар мен қазақ ру-тайпаларының әдеби туындыларын мынадай тарихи дәуірлерге бөліп қарайды:

1. IV – VIII ғ. – түркі дәуіріндегі әдебиет.

2. IX-ХII ғ. – мұсылман дәуіріндегі әдебиет.

3. XIII-ХIV ғ. – Алтын Орда дәуіріндегі әдебиет.

4. XV-ХVIII ғ. – Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет31.

Қазақ көркем әдебиеті тарихын кезеңдерге бөлудің бұлардан басқа да үлгілері бар. Әдебиет зерттеушілерінің көпшілгі XV ғасырдан кейінгі әдебиетті “қазақтың өзінің қолтума әдебиеті” деп таниды.

Қазақ әдебиеттанушыларының енді бір тобы қазақтың төл әдебиетін XVIII ғасырдан, Бұхар жыраудан бастап келді (Қ.Жұмалиев, Ы.Дүйсембаев т.б.). Осыған орайластырып, қазақ әдеби тілінің басын XVIII ғасырдан алып, бері қарай дәуірлеу тіл мамандарына да тән болды.

Н.Сауранбаев қазақ әдеби тілінің тарихы әлі толық зерттелмеген, сондықтан оны дәуірлеу қиын дей келіп, “пікір тудыру үшін өз ойымызды айтуды дұрыс көрдік” деп, бұл тарихты үш дәуірге бөледі: 1) XIX ғасырдың II жартысына дейінгі, 2) ХІХ ғасырдың II жартысынан XX ғасырдың 20-жылдарына дейінгі, 3) советтік дәуір32. М.Балақаев, Е.Жанпейісов, М.Томанов ұсынған дәуірлеу кестесі Н.Сауранбаев кестесіне жуық, айырмашылық XX ғасырдың басындағы әдеби тіл деген үшінші кезең бөлек танытылады.

Қазақ әдеби тілі жайында энциклопедияға жазған мақаласында М.Балақаев пен Ә.Құрышжанов оның тарихын мынадай кезеңдерге бөліп қарайды: 1-кезең-ХVIII ғасырдың II жартысы, бұл – қазақ әдеби тілінің алғашқы дәуірі; 2-кезең-ХIX ғ., бұл ғасырдың II жартысында жаңа сапалы жазба әдеби тіл пайда болды; 3-кезең – Октябрь революциясынан кейінгі34. Дегенмен авторлар осы мақалада V – VIII, IX-ХII және XIII-ХIV ғасырлардағы ескі түркі ескерткіштерінің тілін қазақ әдеби тілінің ескі арналары есебінде атап өтеді, XV-ХVII ғасырлар әдебиетінің тілі ортаазиялық жазба әдеби тілмен байланыстырылады. Бұл классификацияда XV-ХVII ғасырлардағы, тіпті XVIII ғасырдың I жартысындағы ауызша тараған қазақ әдеби тілі, яғни осы кезеңдегі ақын-жыраулар, шешендер, жылнамашылар тілі ауызға алынбайды.

1968 жылы жарық көрген “Қазақ әдеби тілінің тарихы” (авторлар – М.Балақаев, Р.Сыздық, Е.Жанпейісов) атты оқу құралында да әдеби тіл тарихын өзгеше баяндайтын зерттеуші М.Балақаевтың концепциясы негізге алынғандықтан, қазақ әдеби тілінің даму барысы мынадай кезеңдермен байланысты:

1-кезең. XVIII-ХIX ғ. әдеби тіл.

2-кезең. XIX ғ. I жартысындағы әдеби тіл.

3-кезең. XIX ғ, II жартысындағы әдеби тіл.

4-кезең. XX ғ. басындағы әдеби тіл.

5-кезең. 1920-1930 жылдардағы әдеби тіл.

б-кезең. 1940 жылдан кейінгі әдеби тіл.

Бұл дәуірлеу қазақ әдеби тілінің тарихын ғылыми-теориялық түрғыдан гөрі, қазақ халқының әлеуметтік өмірінің хронологиялық мерзімдеріне қарай жасалған шартты кесте екенін мойындау керек.

Қазақ әдеби тілінің даму кезеңдерін белгілеуде ұсынылып келген бұл кестелердің көпшілігінен мына бір жайт байқалады: әдебиеттанушылар, тіпті кейбір тіл мамандары да жалпы бір-бірінен бөлек екі категорияны: жалпы қазақ тілі және қазақтың әдеби тілі дегендерді араластырып, оларды айырмай қарағандықтары. Бұл екеуі дәуірлеуге келгенде екі түрлі болуға тиісті. Жалпы қазақ тілінің тарихы әріден басталады және ол осы тілде сөйлейтін халықты құраған ру-тайпалардың тарихымен, этникалық тұтастық ретінде халық болып топтасу процесімен, оның әрі қарайғы ұлт ретінде ұйымдасуымен (консолидайиялануымен) байланысады. Осы тұрғыдан келгенде, жалпы қазақ тілінің дәуірлерін: бәлкім, біздің жыл санауымыздан бірнеше ғасыр бұрынғы кезеңнен бастап біздің жыл санауымыздың XIV-ХV ғасырларына дейінгі дәуірі, бұл дәуірде болашақ қазақ халқын құрайтын ру-тайпалардың тілі; екінші кезең-ХV ғасырдан XIX ғасырдың II жартысына дейінгі мерзім, бұл мерзімде ру-тайпалар этникалық тұтастық – халық ретінде қалылтасты; үшінші кезең-ХIX ғ. II жартысынан қазіргі кезге дейін, бұл уақытта қазақ халқы ұлт болып шоғырланды деп тануға болады.

Әдеби тіл – халықтық не ұлттық мәдениеттің белгілі бір көрінісі, ол әрбір халықтың өзі жасап отырған дәуіріндегі қоғамдық- экономикалық, саяси-шаруашылық өмірімен тікелей байланысты. Сонымен бірге ол өзінің ішкі даму заңы бойынша да өрістейді. Тіл өзі қызмет етіп отырған ортаның мәдени-әлеуметтік ерекшеліктерімен, яғни ғылымның, өнердің, әдебиетгің, қоғамдық ойдың т.б. даму дәрежесімен қоян-қолтық араласып, астасып жатады. Сол сияқты әдеби тіл өзін тұтынып жүрген халықтың этно-географиялық ортасына да тәуелді, әсіресе тәлім-тәрбие беріп, білім тарататын орталықтармен тікелей қарым-қатынаста болады.

Әдеби тіл әрдайым өзгеріп отырады. Ол өзінің қызмет ету барысында көптеген күрделі жолдардан өтеді. Міне, сондықтан әдеби тілдің даму кезеңдерін тарихи тұрғыдан алып қарау керек болады. Ұзақ жылдар бойына ол жайлап өзгереді, біртіндеп қалыптасады, сыртқы сандық өзгерістерден ішкі, сапалық өзгерістерге ұшырайды. Осындай ішкі (тілдік, структуралық) өзгерістерге байланысты да әдеби тілдің өзгеру, жетілу (әдеттегі терминмен айтқанда, даму) дәуірлерін бірнеше кезендерге бөліп қарауға болады.

Біз қазақ әдеби тілінің даму тарихын ең алдымен басты-басты екі дәуірге бөлеміз:

Қазақ халқының ұлттық кезеңге дейінгі әдеби тілі.

ІІ Қазақ халқының ұлт болып қалыптасқан кезеңіндегі әдеби тілі.

Алғашқы дәуірдің өзін шартты түрде (әсіресе оқу бағдарламасын жеңілдетіп құру үшін) екі кезеңге бөліп қарастыруға болады (осы оқулықта біз осылайша бөліп алдық):

1-кезеңі Қазақ хандықтарының құрылуы мен қалыптасу тұсы, бұл XV-ХVIII ғасырдың бірінші жартысын қамтиды, мұны қазақ хандықтарының кезіндегі әдеби тіл деп те атап жүр.

2-кезеңі де күні бүгінге дейін бел алып келген дағды бойынша XVIII ғасырдың II жартысынан XIX ғасырдың II жартысына дейінгі тұсқа шамалауға болады. Бұл тұста қазақ даласында хандық жойылды.

1-дәуір қазақтардың дербес халық болып құралып, өз алдына хандық құрған тұсы-ХV ғасырдан басталып, XIX ғасырдың II жартысына дейінгі мерзімді қамтиды. Бұл қазақтың ауызша да, жазба да әдеби тілдерінің қалыптасуы мен әрі қарай даму процесінің алғашқы тұсы. Бұл кезеңдегі әдеби, әсіресе ауызша дамыған әдеби дәстүр қазақ халқы мен қазақ хандығының құралу процесіне үлес қосқан үлкен әлеуметтік күш болды. М.Әуезов былай деп жазған еді: “Тақырыбы мен жанрлары жағынан сан алуан қазақ халқының ауыз әдебиеті XV-ХVII ғасырларда кеңінен дамыды. Өлең-жырлар, тапқыр шешендік сөздер халықтың қоғамдық және рухани өмірінде көрнекті орын алды. Сол кездегі мақалдар мен мәтелдер ... сөз өнерін халықтың аса қадірлегенін көрсетеді”35.

Бұл дәуірде тараған әдебиеттерді үш топқа бөлуге болады:

1) Ауыз әдебиеті (фольклор) үлгілері. Аты-жөні ұмыт болған авторлардың шығармалары да осы топқа жатады.

2) Ауызша тараған авторлы әдебиет (поэзия және шешендік сөздер).

3) Жазба әдебиет үлгілері. Олардың тілі ортаазиялық түркі жазба дәстүріне негізделді. Бұл үлгілерді хан сарайының біліктілері мен ру-тайпа басындағы зиялылар оқитын болған.

Қазақтың төл жазба әдеби тілінің алғашқы нышандары XVI ғасырларда˗ақ көріне бастады (мысалы, жалайыр Қадырғали би жазған шежіресі, хандар кеңсесінің әр алуан жазбалары т.б.). ХVІІІ-ХIX ғасырлар қазақ қауымы үшін едәуір үлкен әлеуметтік, экономикалық, саяси өзгерістер мен бетбұрыстардың кезеңі болды. Осыған орай өз заманының жемісі ретінде қазақ әдебиетінің жаңа сипатты туындылары пайда болды. Жыраулық мектеппен қатар ақындық дәстүр күшейе түсті. Ендігі жерде жыраулар мен ақындардың бірқатары мұсылманша сауатты болып, түркілік жазба әдебиеттен де сусындай алатын болды. Бұл құбылыс әдеби тілдің одан әрі орныға, дами түсуіне зор ықпалын тигізді.

Екінші дәуір XIX ғасырдың II жартысынан басталады. Бұл – қазақтың ұлттық жаңа жазба әдеби тілінің қалыптасу тұсы болды. Бұл кезеңнің өзін кейде (көбінесе) XIX ғасырдың II жартысынан XX ғасырдың басына дейінгі, XX ғасырдың алғашқы екі онжылдығындағы және кеңес дәуірі деп келте кезеңдерге бөліп қарастыру да байқалады. Бұлайша дәуірлеу әдеби тілдің өзінің даму сатыларына қарап айқындау емес, қоғам өмірінің әлеуметтік хал-ахуалына қарап бөлшектеу болып табылады. Ал шындығында өткен ғасырдың II жартысында қалыптасып, өмірге келген қазақтың ұлттық жаңа жазба әдеби тілі сапалық үлкен өзгеріссіз бүгінгі қазақ әдеби тіліне келіп ұласып отыр. Әрине, әдеби тілдің бір кезеңінің өз ішінде даму барысы (қарқыны, сипаты, өзге тілдермен қарым-қатысы т.т.) бір қалыпты болмайтыны даусыз. Бірақ әдеби тіл эволюпиясының кезендерін айқындау үшін ең алдымен тілдің өзіне хас (тән) сапалық өзгерістерді, ол өзгерістердің алдыңғы кезеңдермен салыстырғанда байқалатын белгілерін есепке алу керек. Содан соң барып сол тілді иемденуші халықтың әлеуметтік тарихының тілге еткен ықпалына (экстралингвистикалық факторларға) назар аударылуға тиіс.

Әдетте қоғамның азаматтық тарихының тіл дамуына әсері едәуір кідіріспен, кешеуілдеп жүреді. Әлеуметтік-саяси, идеологиялық өзгерістер болған күннің ертеңіне тіл өзгеріп шыға келмейді. XIX ғасырдьң II жартысынан бермен қарай қазақ халқының әлеуметтік-саяси өмірінде небір өзгерістер, жаңалықтар болып өтті, бірақ тіл өзінің негізгі сипатын түбегейлі өзгерткен жоқ, рас, сөздік қазына молықты, грамматикалық нормалар тұрақтала түсті, функционалдық стильдердің жеке белгілері айқындала түсті, орфоэпиялық (сөзді дұрыс дыбыстау) нормаларын сақтау қолға алынды т.т. Бірақ бұлардың ешқайсысы тілде сапалық өзгеріс туғызған жоқ.

Міне, қазақ әдеби тілі дамуын дәуірлеудегі ұсынылып келген пікірлерді көрсете келіп, бұл мәселенің әлі де шешілмеген даулы жайттары барын ескертеміз.

Дау туғызатын мәселенің бірі – қазақтың төл ауызша әдеби тілінің тарихын не себептен XV ғасырлардан бастаймыз деген сауал. Оған біздің жауабымыз мынадай. Бұл кезең – қазақ хандығын құраған ру-тайпалардың өз алдына дербес халық болып топтана бастаған, яғни “қазақ” деген этнонимнің тарих сахнасынан орын ала бастаған тұсы. “Дербес қазақ хандығы құрылған XV-XVI ғасырларда нағыз тума қазақ әдебиеті ауызша поэзия түрінде қалыптасады. Соған орай оның төл әдеби тілі де поэзия тілі түрінде жасалды”36. Сөз жоқ, бұған дейін де қазақ тілінде (яғни кейін қазақ тілі болып қалыптасқан тіл типінде) сөйлеген ру-тайпалар сан ғасыр бойы өмір сүріп келген және олардың жақсы дамыған ауызша көркем әдебиет дәстүрі болған. XV ғасырдан аты белгілі жыраулар мен шешендер тақыр жерден өнер бастамағандықтары белгілі. Олар өздеріне дейінгі дәуірлердің поэзия дәстүрін (VIII-XIII ғасырлардағы түркі халықтарына ортақ ауызша поэзияны былай қойғанда), XIII-XIV ғасырлардағы АлТын Орда мен Ақ орданы мекен еткен болашақ қазақ, қарақалпақ, ноғай, башқұрт, Еділ, Қырым татарларын қүраған тайпа одақтарының сөз өнерін әрі қарай жалғастырушылар, дамытушылар болды. Бұл пікірді Қ.Өмірәлиев “XV-XIX ғасырлардағы қазақ поэзиясының тілі” деген кітабында нақты материалдармен дәлелдеп, жақсы көрсетіп берді.

Екінші даулы мәселе – қазақ қауымы халық болып қалыптасқан бойда көркем әдебиеті мен әдеби тілі бірден пайда бола қоюы шындыққа сая ма деген сауал. Әрине, белгілі бір ру-тайпалардьщ халық болып бірігуі мен оның рухани-мәдени дүниесінің, оның ішінде әдебиеті мен тілінің қалыптасуы (пайда болуы) әрдайым тұспа-тұс келе бермеуі мүмкін. Бірақ халық болып құралғанға дейінгі көркем сөз мұрасы мен дәстүрі сол халықтың әдебиетінің едәуір шамада көрініп, дербестік алуына жағдай жасайтыны және ықтимал. Сірә, қазақ халқын құраған ноғайлы-қазақ ру-тайпа одақтарының XV ғасырларға дейінгі көркем сөз өнері күшті дамып келгендігі қазақ халқының ауызша поэзиясының бірден қазақ поэзиясы ретінде көрінуіне себеп болған тәрізді.

Демек, осы көрсетілгендер сияқты өзге де жеке мәселелер қазақ әдеби тілінің тарихын бастауда және оны әрі қарай

дәуірлерге (кезеңдерге) бөлуде әлде де алдымызда тұрғанын ескертеміз.

Кіріспе тарауда, қазақ топырағында қызмет еткен әдеби дәстүр жайында сөз болған тұста, XVI-ХVII ғасырлардан бастап қазақ қоғамында да жазба дәстүр болғандығын, оның шағатай тіліне иек артқанын айтқанбыз.

Қазақ ру-тайпалары дербес хандық құрып, өмір сүре бастаған XV-ХVI ғасырларда жазба дүниелерді қажет ету фактісі болған. Ол қажеттік ең алдымен қазақтың хан-сұлтандарының өзгелермен қарым-қатынас жасау саласында бой көрсетті11. XVI ғасырдың II жартысынан бастап қазақтың Кіші жүзі мен Орта жүзіндегі хандар мен Ресей империясының сыртқы істер коллегиясы арасында әр алуан дипломатиялық, саясаттық және шаруашылық жайларына қатысты жазба қарым-қатынас күшті жүре бастады22. Содан соң жеке адамдардың (әулеттердің) кейінгі ұрпақтарына ата-бабаларын тарататын шежірелер жазу дәстүрі болған, сондай-ақ жақсы атаның кейінгілерге ақыл-өсиет сөздерін жазба түрде қалдыру сияқты дәстүр болғаны да айтылады.

«Ел арасында орта ғасыр шамасынан бергі жерде шежірелер жазылып, ол шежірелер көбінесе би, сұлтан, рубасы үйлерінде сақталған»33. Тарихшы М.Қойгелдиев қазақ хандары мен сұлтандары сарайларында шежірелер жазылып, оқылып отыратындығының занды құбылыс екендігін дәлелдей келіп, «сонымен бірге (қазақтың) хан-сұлтандарының, дала ақсүйектерінің белгілі дәрежеде сауаттылықты бағалауы, өз балаларына уақыт талабына сай білім беруі... шағын кітапханалар ұстауы – дамыған феодалдық қоғамға тән құбылыс»44 деп жазады.

Демек, бұл фактілер XVI-ХVII ғасырларда қазақ қауымында жазба дәстүрдің болғандығын, оны қазақтардың өздерінің пайдаланғандығын жақсы көрсетеді. Сондай-ақ жазу салты жеке адамдардың бір-бірімен хат-хабар алысуында да орын алған. Оған бірден-бір мысал ретінде қазақ сұлтаны Оразмұхаметтің XVI ғасырдың соңғы ширегінде қазақ даласын билеп тұрған немере ағасы Тәуекел ханмен жазысқан хаттарын келтіруге болады. 1595 жылы Мәскеуде, орыс патшасы сарайында отырған Оразмұхамет ағасына хат жазып, қазақтың халық жырлары мен шежірелерін жіберуді сұрайды. Тәуекел хан да сұлтан інісіне жауап хаттар жазып, сұраған қолжазбаларын жібереді. Бұл хаттар кезінде Оразмұхаметтің қолында болған «Күміс сандықта» сақталып келгенін, бірақ орны толмас өкінішке орай, патша архивіндегі 38 нөмірмен сақталып келген осы сандық 1736 жылы Ресей Ғылым академиясына сыйға тартылып, Академияның Азия музейіне тапсырылады. Бірақ ол жоғалып кетеді.

Бұл жайында кеңінен акад. Ә.Марғұлан жазып, көпшілік назарына ұсынды.55

Ал ол «Күміс сандықтың» ішінде «ақылды, білімді, текті» Оразмұхаметтің кітапханасы сақталғанын ол сандықты көрген атақты шығыстанушы, Қазан университетінің профессоры, Азия музейінің директоры акад. X. Д. Френ (1782–1851) мен сандықтан хабары болған В.В. Вельяминов-Зерновтар жазып кеткен болатын. Осы кісілердің жазғандарына қарағанда, бұл кітапханада (сандықта) «Насапнаме», «Дастан Едіге би», «Дастан Айса ұлы Әмет», «Дастан Ақсақ Темір», «Сиыршы», «Дастан Қозы Көрпеш–Баян сұлу», «Тарих-и Рашиди» (Дулатидікі) деген кітаптар мен қолжазбалар және бірқатар қазақ шежірелері, атап айтқанда, «Қиян Домбауыл мерген шежіресі», «Алаш мыңы», «Үйсін Майқы би шежіресі», «Едіге би шежіресі» т.б. болған.

Оразмұхамет пен Тәуекел хан, сөз жоқ, бір-біріне хатты орыс, не өзбек, не татар тілдерінде жазыспағандары кәміл. Заманының мұсылманша сауатты адамдары – хан мен сұлтан сол кезеңнің тәртібін сақтап, жалпыға ортақ түркі жазба тілінің нормаларын ұстап, өздерінше ана тілдерінде – қазақ тілінде жазысты. Ол жазба дәстүр, әрине, шағатай тіліне негізделді.

Бұл хаттардың түпнұсқалары да жоғалып кеткен. Оразмұхаметтің 1595 жылы март айында Тәуекелге жазған хатының сол кезде жасалған орысша аудармасы сақталған (ЦГАДА. 122 қор. 41-42-пп.)66.

Сол сияқты XVI ғасырдың II жартысынан бастап қазақ хандары (мысалы, Тәуекел) мен Ресейдің Сыртқы істер коллегиясы арасында жүрген ресми қағаздардың да түпнұсқасы сақталмаған, ал ондай қатынастың болғаны және даусыз. Осы себептерден, әрине, XVI ғасырдың соң кезіндегі қазақтың хан-сұлтандары (немесе қазақ хандары кеңсесі) қолданған жазба тілді нақты талдап көрсете алмаймыз, бірақ мұндай тілдің тәжірибеде болғанын толық айта аламыз.

Сөз болып отырған кезеңде ресми қағаздар мен эпистолярлық хат-хабарлардан басқа жазба дүниенің аса маңызды түрі – шежірелер болған. Ол шежірелер құрылысы, баяндау стилі, көлемі жағынан әр түрлі болып келген. Ата-бабалардың аттарын хронологиялық тәртіппен түзген схема іспеттес қысқа түрлера де, тарихи шығарма түрінде келетін күрделі туындылар да болса керек. Алдыңғы топтағылардан өз кезінде жазылған түпнұсқалардың сақталғандары тағы да жоқ. Ал тарихи жылнама түрінде жазылғандардан, бақытымызға қарай, бізге жеткені – қазақтың тарақ таңбалы жалайыр руынан шыққан Қадырғали бидің шежіресі. Бірқатар ғалымдар (Б.Сүлейменов, Н.Өсеров т.б.) қазақ шежірелерінің қатарына Әбілғазының “Шежіре-и түркі” (XVII ғ.) атты тарихи шығармасын да қосады77. Ал қазақ тіл мамандары қазақ жазба әдеби тілі тарихын зерттеуде Әбілғазы шежіресінің орны бар екенін айтады. Б. Әбілқасымов ескерткіш тіліндегі тұрақты сөз тіркестерін зерттей келе, олардың басым көпшілігінің қазіргі қазақ тілінде аса көп өзгеріссіз сақталғанын көрсетеді және олардың көркемдік құрал (теңеу, бейнелеу т. б.) ретінде қолданылғанда, қазақтың ұлттық таным-түсінігіне сай келетіндігін айтады88.

Әбілғазы хан (қазақ кітаптарында бұл есімді Абылғазы деп те жазу қалпы бар) өзі билікке келгенге дейін Түркістандағы қазақ ханы Есім ханның үйінде қонақта болған, мұнда ол қазақ хандарының шежіресімен танысқан деген мәліметтер бар. Мүмкін, оның тіліндеігі «қазақтық» белгілерге бұл фактілер де себебін тигізген болу керек. Зерттеуші Н.Келімбетов Әбілғазы Баһадур ханның «Шежіре-и түркі» атты кітабының қазақ халқының тарихына, әдебиеті мен мәдениетіне тікелей қатысты жазба ескерткіштердің бірі екендігін айта келіп, оның қазақ әдебиеті тарихынан алатын өзіндік орны бар дейді, демек, оның тілін де қазақ әдеби тіліне жанастыра зерттеу қажеттігіне меңзейді99.

Бұлардың ішінде жалайыр Қадырғали бидің «Жами’ат-тауарих» атты шығармасы – қазақтың ескі жазба әдеби тілін танытатын бірден-бір құнды ескерткіш. Оның тіліне қарап XVI ғасырдың соң кезіндегі қазақ жазба дәстүрін бірқыдыру сипаттауға болады.