Публицистикалық стиль
Публицистикалық стильдің сипаты. Публицистикалық стиль жұртқа үндеу, үгіт айтуда пайдаланылады. Мұндай үндеуге, үгітке қоғам үшін және дәл сол кезеңде зор мәні бар мәселелер тақырып болады. Мысалы, саяси, экономикалық, экологиялық, мәдени, моральдық мәселелер. Үндеудің, үгіттің мақсаты – жұртшылықты қоғамдық мәні бар іске қатыстыру, жұртшылықтың санасына ықпал ету.
Осы міндетіне сай публицистикалық стильдің басты сипаты қалыптасқан:
1) публицистикалық сөз өте жинақы, тұжырымды болып құралады;
2) сөз экспрессивті, екпінді болады;
3) сөз тыңдаушыларын коммуникативтік байланысқа тартатындай болып құралады;
4) публицистикалық стильдің тақырыбы өмірдің әр саласына байланысты болғандықтан, ол тақырыбына сай ғылыми стильге, көркем әдебиет стиліне жуықтап келеді.
Публицистикалық стиль ауызша және жазбаша түрде қолданылады.
Публицистикалық сөз ауызекі айтылғанда, ауызекі сөйлеу стиліне тән сипаттарға да ие болады. Ол көбінесе газет, журнал, радио, теледидар арқылы беріледі.
Публицистикалық стильдің тіл ерекшеліктері
Публицистикалық стильдің сипатына сай мынадай тілдік тұлғалар қатынасады:
а) экспрессивтік сөздер, мақал-мәтелдер, тұрақты тіркестер, сөйлемдер;
ә ) тақырыпқа сай терминдер, неологизмдер;
б) толымсыз сөйлемдер, эллипсис сөйлемдер.
в) тыңдаушылардың көңілін бұратын қаратпа сөздер, сұраулы және лепті сөйлемдер.
Осы тұлғалар публицистикалық сөзге экспрессивтік екпін, ырғақ, жинақылық бейне береді.
Публицистикалық сөздің қоғамдағы мәні өте зор. Ол қоғам мүшелерін ұлы істерге жұмылдырады, ұлы идеяларды дәріптейді.
Сондықтан публицистикалық сөздердің ерекше тарихи оқиғаларға байланысты туғандары, ерекше мәнділері, көркемдері ел есінде мәңгі қалған. Оның авторлары, атақты шешендер ұмытылмайды. Антика заманындағы грек Демосфен бүгін де ауыздан түспейді. Төле би, Қазбек би, Әйтеке би
сөздерін әр қазақ біледі. Отан соғысы жылдары И.Эренбург, Б.Горбатов, Б.Бұлқышев сөздері жауынгерлерімізді шабуылға бастады.
Публицистикалық сөз зор талант, мол біліммен қатар, дайындықты да талап етеді.
«Афиндықтар, жасырмаймын, алдарыңа сөзімді дайындап келіп отырмын!» - дейді екен Демосфен.