Ресми іс қағаздары стилі
Ресми іс қағаздарды дегеніміз – жеке адамның, ұжымның, фирмалардың, мекемелердің атқаратын қызметіне байланысты пайда болатын жазбаша (ауызша) қарым-өатынас құралы.
Іс қағаздарының мынадай түрлері бар:
1. Әр түрлі мазмұндағы арыздар.
2. Өмірбаян.
3. Анықтама, түсінікхат, ақпар, есеп, хабарлау т.б.
4. Іс жөнінде мәлімет (хат) алысу, келісім жасау, шешім шығару, хабарлау
т.б.
5. Мекемеде өткен мәжілістердің жүрісін, шешімін баяндайтын құжат – хаттама.
6. Бұйрық. Қызметкер жөніндегі мінездеме, ұсыныс т.б.
Іс қағаздарының адам өміріндегі орыны ерекше. Өндірістегі істің, адам өміріндегі іс-әрекеттердің дұрыс, дер кезінде іске асуы құжаттар мазмұнының анық, дәл баяндалуына байланысты. Құжаттардың самасыз дайындалуынын қабылданған шешім орындаушыларға өз мәнінде жетпей, 35%-ға дейін шала атқарылады екен.
Іс қағаздары мазмұны екі ұшты болмай, дәл, анық жазылады. Оның құрылысы (композициясы) белгілі бір тәртіп, рет бойынша ұйымдастырылады, мәтін қысқа құралады. Мәтіннің қарым-қатынас иелеріне ортақ қалыптасқан үлгісі болады. Мәтін баяндау стилінде жазылады.
Құжаттарды жазуда мемлекет дайындаған арнаулы нұсқау басшылыққа алынады.
Құжаттарға қойылатын осы талаптарды орындау үстінде іс қағаздарының стилі қалыптасты.
Іс қағаздары стилінің ерекшеліктері
1. Мәтін өте жинақы құрылады.
2. Сөйлемдер негізінен номинативті, екі негізді болып келеді.
3. Сөйлемдегі сөздер базистік (негізгі) тәртіпке сай орналасады, инверсия өте сирек ұшырасады.
4. Экспрессивті сөздер қатыспайды.
5. Мәтін баяндау ретінде келеді.
Іс қағаздарының басында, соңында қағаздың жіберілу мерзімі міндетті түрде цифрмен (араб цифрларымен) көрсетіледі.
Іс қағазының мазмұнына байланысты мазмұнының ішінде келетін сандар цифрмен де, әріпті жазумен де көрсетіледі. Бірден онға дейінгі сандарды әріпті жазумен таңбалаған дұрыс.