Көркем әдебиет стилі

Көркем әдебиет – сөзбен салынған сурет; оқиғаға кейіпкерлердің іс-әрекеті, сөзі, мінезі, келбеті қатысып баяндалады; оқиға болған күннің реті, жер жағдайы аталады. Мұны оқиғаны образды түрде бейнелеу дейді.

Көркем әдебиет оқиғаны оқырманға жеткізуде автордың әсерін, сезім күйін қоса суреттейдң. Осы жайлар көркем әдебиеттің ерекше баяндалу мәнерін – стилін қалыптастырады.

Қазақ көркем әдебиет стилінің қалыптасуына, дамуына халық ауыз әдебиеті, атақты ақын, жазушылар: Абай, Жамбыл, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсрепов т.б. зор үлес қосты.

Көркем әдебиет стиліне тән ерекшеліктер мынадай:

1. Эмоционалдық, бейнелі, экспрессивті сөздер мол қатысады.

2. Сөйлемдердің ырғақ, интонациясы мәтінге әсерлілік беру үшін айрықша құрылады.

3. Шығарма тартымды болу үшін синоним сөздер, тұрақты тіркестер барынша көп жұмсалады.

4. Осылардың бәрі грамматикалық амал-тәсілдерді ерекше қиюластырып қолдану арқылы беріледі.

Көркем әдебиет стилінің бұл ерекшелігін ұлы Абай былай айтқан:

Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы,

Қиыннан қиыстырар ер данасы.

Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,

Теп-тегіс, жұмыр келсін айналасы.

Осы ерекшеліктері арқылы көркем әдебиет адамның көңіл- күйін, сезімін оятады, көркемдік тәрбие береді, сөз мәдениетін ұштайды.

 

Арақ ішкен азар

Арақ-шарапты үнемi ішу - адамды маскүнем етеді, ал маскүнемдік өте ауыр сырқат –алкоголизмнің арасы бір –ақ қадам.

Спиртті ішімдіктер әсіресе екіқабат және бала емізіп жүрген әйелдер үшін нағыз зиян. Өйткені алкоголь әйелдің қаны арқылы жатырдағы балаға еркін өтеді, ал емшек сүтіне араласқан алкоголь нәрестеге әрқашан зардап шеккізеді.

Спиртті ішімдіктің яғни алкогольдің ұрпақ үшін зиян екені ерте кездерде-ақ белгілі болған.

Қазіргі кезде бізге жеткен құжаттар ертедегі Русьте де жаңа үйленген жастардың спиртті ішімдіктер ішуіне әдейі тыйым салғанын дәлелдеп отыр. Бұрынғы уақытта маскүнем ата-анадан жарымжан болып туған балаларды Францияда «жексенбі күні көңіл көтеріп арақ ішуден пайда болған балалар», «көңілді кеш-жиынның балалары» деп атаған.

Балаларға ересек адамдардың жорта арақ-шарап ішкізуге құштар келетіндері де жасырын емес. Көп жағдайда ересектер мұны «жақсы ниетпен», «емдік мақсатпен» көріне істейді. Өкінішке орай, қазіргі кезде де спиртті ішімдік бірқатар жағдайларда балаларға пайда келтіреді деген қате пікір ел арасына кең таралған.

Медицина ғылымы қандай ниетпен, қандай мақсатпен болса да балаларға арақ ішкізуге үнемі қарсы, өйткені алкоголь бала денсаулығы үшін өте қауіпті.

Сөздік

Спиртті ішімдіктер - Алкогольные напитки

Екіқабат әйелдерге- беременным женщинам

Нәресте – младенец

Зиян –вредно

Жарымжан- инвалид

1- жаттығу

Өздеріңіз оқыған көркем шығармалардан ұнаған үзіндіні белгілеп, ондағы көркемдік беріп тұрған тілдік амалдарды тауып, көрсетіңіздер.

 

2- жаттығу

Өлеңді оқыңыздар.Ақын қысты қай образда бейнелейді? Алған әсерлеріңді айтып беріңіздер. Табиғат көріністері, оның өздеріңе әсері туралы әңгіме жазыңыздар.

Қыс

Ақ киімді, денелі, ақ сақалды,

Соқыр, мылқау, танымас тірі жанды.

Үсті – басы – ақ қырау, түсі суық,

Басқан жері сықырлап, келіп қалды.

Дем алысы – үскірік, аяз бен қар,

Кәрі құдаң қыс келіп, әлек салды.

Ұшпадай бөркін киген оқшырайтып,

Аязбенен қызарып, ажарланды.

Бұлттай қасы жауып екі көзін,

Басын сіліксе, қар жауып, мазаңды алды.

( Абай )

 

3- жаттығу

Мәтіннен үзіндіні орыс тіліне аударыңыздар.

Балаларға ересек адамдардың жорта арақ-шарап ішкізуге құштар келетіндері де жасырын емес. Көп жағдайда ересектер мұны «жақсы ниетпен», «емдік мақсатпен» көріне істейді. Өкінішке орай, қазіргі кезде де спиртті ішімдік бірқатар жағдайларда балаларға пайда келтіреді деген қате пікір ел арасына кең таралған.

Медицина ғылымы қандай ниетпен, қандай мақсатпен болса да балаларға арақ ішкізуге үнемі қарсы, өйткені алкоголь бала денсаулығы үшін өте қауіпті.

4- жаттығу

Мәтіннің мазмұнын айтып беріңіздер.

5- жаттығу

Өлеңді оқыңыздар, жаттап алыңыздар.

Наурыз айы туғанда,

Той болушы еді бұл маңда.

Сақталушы еді сыбаға,

Сапарға кеткен ұлдарға,

Наурыз айы туғанда.

Наурыз, наурыз, күн игі!

Күні игі жердің – түрі игі.

Бауыры жылы науат –қар.

Бабымен ғана жылиды.

 

6- жаттығу

Өлеңдегі көлдің әдемілігін өз сөзіңмен әңгімелеп айт.Ұнаған шумағын жаттап ал.

Көл

Жатыр әсем көл тұнып,

Көзіндей жас ботаның.

Құшақтаймын толқынын,

Қуанышқа батамын.

 

Жағадағы тал - құрақ,

Өзін содан көреді.

Қозылардай жамырап,

Құстар ұшып келеді.

 

Күлімсіреп күн күндіз,

Көк аспанды шолады.

Кешке қарай көп жұлдыз,

Кеудесіне қонады.

 

Әлдилейді майда жел,

Таң нұрланып атады.

Тербетіліп айна көл,

Жерде аунап жатады. Т. Молдағалиев

 

7-жаттығу

Жаңылтпашты жаттап алыңдар.

Қауын алғыз,

Қарбыз алғыз.

Дәуін жарғыз,

Дәмін алғыз.