Етістік. Дара және күрделі етістіктер.
Етістік-заттың қимылын,іс-әрекетін білдіретін сөз табы.Етістік не істеді? не қылды?қайтті? деген сұрақтарға жауап береді.Мысалы:кел,бар,жүр,шегеле, т.б.
Етістіктер құрамына қарай дара етістік және күрделі етістік болып екіге бөлінеді.
Бір ғана сөзден тұратын негізгі етістік дара етістік деп аталады. Мысалы: салғызды,сезген, т.б.
Екі я одан да көп сөзден құралып,бір ғана мағынаны білдіріп,бір сұраққа жауап беріп,сөйлемнің бір ғана мүшесі қызметін атқаратын етістіктер күрделі етістіктер деп аталады.Мысалы:жамап отыр екен,күліп тұрған, т.б.
Қазақстан астаналары
Қазақ елі қай кезде болмасын өзінің ежелгі де, қазіргі де ордаларымен танымал болған. Ондай орталықтар елдігіміздің символдары болған. Оған қазіргі елордамыз Астана қаласының Қазақстанның бойтұмарына айналып келе жатқаны дәлел бола алады. Астана арқылы шетелдіктер Қазақстанды тануда.
Біздің жақын тарихымыздағы Қазақ елінің астаналары:
Түркістан – Қазақ хандықтарының ордасы болған қала әлі күнге дейін рухани астанамыз болып келеді.
Семей – 1918-1920 жылдары Алаш қаласы деген атпен Ұлт көсемдерінің бастауымен Алашорда үкіметінің астанасы болды.
Орынбор - 1920–1925 жылдары Қазақ АКСР-інің астанасы болды.
Қызылорда – 1925-1929 жылдары Қазақстанның астанасы.
Алматы – Қазақ елі Тәуелсіздігінің Алтын бесігі болған Алматы 1929-1997 жылдары астана болды.
Астана – 1997 жылдан бері Елорда мәртебесіне ие.
Қазақстан астаналарының тарихы өте бай. Үш мемлекеттің: Батыс Түрік, Түргеш және Қарлұқ қағандықтарының астанасы Суяб қаласының іргесі 5 ғасырда қаланды. Орталық Азиядағы аса ірі қалалардың бірі Баласағұн (Ақтөбе) – Батыс Түрік қағандығының, Қарахан және Қарақидан мемлекетінің бас қаласы болды. Ең көне астаналардың бірі – Тараздың атағы 6 – 7 ғасырлардың өзінде Қытайдан Византияға дейін тарады. Тараз грек ғұламасы Птолемейдің картасына түсірілген. 10 ғасырдан бастап Тараз Қарахан әулеті өкілдерінің астанасы, көп уақыт бойы экономикалық орталық, Ұлы жібек жолындағы жетекші сауда орны болды. Жазба деректерде «Бірінші қала» атанған даңқты Испиджаб (Сайрам) 7 ғасырдан белгілі. Күлтегін, Білге қаған тас ескерткішінде Тарбанд деген атпен жазылған Отырарды (Фараб) араб ғалымы әл-Мақдиси (10 ғасыр) өте көне астана деп атайды. 9 – 11 ғасырларда Сыр өңіріндегі Жанкент (Янгикент) Оғыздар мемлекетінің, ал Ертіс бойындағы Имақия қаласы Қимақ мемлекетінің өркендеген астанасы болды. Дешті Қыпшақтың астаналары Орда Базар мен Женд, Ақ Орданың бас қалалары Сауран мен Сығанақ (Сунақата) әлденеше қиратылып, қайта жанданды. Рузбехан жазбаларында (16 ғасыр) Сығанақ саудасы өркендеген, бау-бақшасы жайқалған, қазақтың бай қаласы ретінде аталған. Қазақ хандары Тұрсынның, Жолбарыстың, Рүстемнің, Абдолланың, Әбілғазының астаналары Ташкент қаласы болды.
Қазақ хандығының астанасы Түркістан қаласының тарихи орны ерекше. Түркістан Тәуке, Қайып, Әбілқайыр, Семеке (Тәукеұлы), Әбілмәмбет, Сейіт, Есім, Болат, Абылай, Тоғай хан тұсында қазақтардың айбынды астанасы болды. Шаһар жалпы түркілік мәнге ие болды. Қожа Ахмет Иасауидің есімі мен кесенесі оны Орталық Азияның діни астанасы – екінші Мекке мәртебесіне жеткізді.
10 ғасырда әл-Фараби астананы «қайырымды қала» деп атады. Ол «Асқан игілік пен ең биік кемелділік дәрежесіне ең алдымен жоғары дәрежелі дамыған қоғамның қайырымды қаласы – астанасы жетеді» деп санады. Әл-Фараби қайырымды қаланы мін-ақауы аз, тұрғындары заңға ден қойған, адамдарының пендешіліктерінен гөрі рухани сипаты басым, әділеттілік пен парасаттылық жайлаған бейбіт қала етіп суреттейді. Көрші елдерден Шыңғысхан империясының астанасы Қарақорымның, Шағатай әулетінің астанасы Алмалықтың (14 ғасырда Алмалық Моғолстанның астанасы болды), Темір мемлекеті мен Шайбани әулетінің астанасы Самарқанның (1924 – 30 ж. Өзбекстанның астанасы болды), Самани әулеті мен Бұхара хандығының астанасы Бұхараның (1920 – 24 ж. Бұхар Халықтық Кеңес Республикасының астанасы болды), Алтын Орда астаналары Батый салған Сарай, Берке хан салдырған Сарай-Беркенің Қазақстан тарихындағы орны ерекше. Сондай-ақ Сарайшық (Ноғай Ордасының астанасы, 14 – 17 ғасырлар), Қазан (Қазан хандығы, 15 – 16 ғасырлар), Бақшасарай (Қырым хандығы, 15 – 18 ғасырлар), Хиуа мен Үргеніш (Хорезм хандығы, 16 – 20 ғасырлар), Қоқан (Қоқан хандығы, 18 – 19 ғасырлар) қалалары қазақ шежіресінде терең із қалдырды.
Қазақ хандығы жойылғаннан кейін бар билік Ресейдің Санкт-Петербург пен Мәскеу қалаларына ауды. 20 ғасырдың басындағы қазақ зиялылары астананы «кіндік қала» деп атады. 1917 – 19 ж. Алашорда автономиясының астанасы Алаш (Семейдің іргесіндегі) қаласы болды. Кеңес дәуіріндегі Қазақстан астаналары Орынбор (1920 – 25), Қызылорда (1925 – 29), Алматы (1929 – 97) болды. 1994 ж. соңғы екі ғасыр тарихында қазақ халқы тұңғыш рет өз мемлекетінің астанасы туралы дербес шешім қабылдады. 1997 ж. 20 қазанда ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақмола қаласының (1998 жылдың 6 мамырынан – Астана қаласы) Қазақстан Республикасының жаңа тұрпатты бас қаласы болғанын жариялады.
Елорда-столица
Кесене-мавзолей
Әділеттілік-справедливость
Бейбіт қала-мирный город
Жоғары дәрежелі-высшая степень
Терең із-глубокий след
1-жаттығу
Сөйлемдегі дара және күрделі етістіктерді табыңыз:
Мен жақында ғана ауылдан келген едім. Ауладан балалардың дауысы естіледі. Түсте небір әңгімелер айтылды. Екеуміз де үнсіз, ақырын жүріп келеміз. Үшеуін де айтатын бол.
2-жаттығу
Көп нүктенің орнына төмендегі сөздердің тиістісін қойып, сөйлемді толықтырыңыз.
Біз бірінші курста ........ Бос уақытымызда түрлі үйірмелерге ......... Бірінші семестірді тобымыз жақсы....... Бір жылдың ішінде бір-бірімізді жақсы......, тіпті достасып та ......
Керекті етістіктер: танып, қатысамыз, аяқтады, үлгердік, оқимыз
3-жаттығу