2. Экономикалық байланыстар.

3. Әлеуметтік – мәдени байланыстары.

1. ТМД – Еуразия кеңістігіндегі өзара көмек және ынтымақтастық одағы. Өткен ғасырдың 90 – шы жылдарындағы басты оқиғалардың бірі – социалистік жүйенің және оның негізінде құрылған халықаралық экономикалық қатынастардың ыдрауы. Социалистік жүйенің темірқазығы болып саналатын Кеңестер Одағының бірнеше тәуелсіз мемелекеттерге бөлінуі жаңа мемелекеттік құрылымдардың қалыптасуына, өндірістің қысқаруына, елдер арасындағы шаруашылық-экономикалық және әлеуметтік-мәдени байланыстардың әлсіреуіне, тіпті үзілуіне әкеліп соқты. Кезінде Кеңестер Одағының құрамында болған тәуелсіз мемелекеттер өздерінің экономикалық мақсаттары мен басым бағыттарын жүзеге асыра отырып, бұрынғы одақтас республикалар арасында тарихи қалыптасқан еңбек бөлінісі мен өзара ынтымақтастықтың қажеттілігіне көз жеткізді. Сөйтіп, ынтымақтастықты дамыту және одан әрі жетілдіру мақсатында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы құрылды.

ТМД елдері мен Қазақстан арасындағы байланыстар. Қазақстан мен ТМД елдері арасындағы қарым-қатынастың ең айқын көрінісі – сыртқы сауда айналымы. 2000 жылғы Қазақстанның ТМД елдерімен сыртқы сауда айналымы 5147,7 млн АҚШ долларын құрады (өсім 68,4%), оның 2390,4 млн-ы (өсім 63,6%) импорттың, ал 2757,3 млн-ы (өсім73%) экспорттың үлесіне тиесілі. 2000 жылы ТМД елдерінің Қазақстан сыртқы саудасындағы жалпы көлемі 36,3%-ға өсті. Қазақстаннан ТМД елдеріне кететін экспорт құрамы мыналар: астық, бидай және қара бидай ұны, темір кені, тас көмір, мұнай және газ конденсаты, алюминий, қара метал прокаты, әр түрлі құралал-жабдықтар, тыңайтқыштар. Олардың ішінен энергетикалық ресурстар жалпы өнімнің 54%-ын құрайды, тамақ өнімдері 22%, ал химия өнімдері 12%-ын құрайды. ТМД елдерінен Қазақстанға келетін импорт құрамы өсімдік майынан, кокс және мұнай өнімдерінен, табиғи газ, электр энергиясы, жарылғыш заттар, дөңгелектер, темір жол тетіктері, құбырлар, машина және оның жабдықтары, жеңіл және ауыр автокөліктер, карбонат өнімдерінен тұрады. Оның ішінде машина жабдықтары мен приборлар 29 %, электр энергиясы 29%, металлургия өнімдері 12%, химия өнімдері 16% құрайды.

Сонымен қатар ТМД елдері мен Қазақстан арасында жалғастырып жатқан ортақ теміржол желілері мен автомагистральдар елдер арасындағы тату көршілік пен тұрақты экономикалық, саяси - әлеуметтік байланыстарды одан әрі нығайту мен дамытуды қажет етеді.

2.Экономикалық байланыстар. ТМД елдерінің құрылуы жаңа мемлекеттік құрылымдардың қалыптасуымен, өндіріс өнімдерінің кенет төмендеуімен, елдер арасындағы экономикалық, ғылыми – техникалық, мәдени - әлеуметтік байланыстардың қысқаруымен қатар жүрді. ТМД елдеріндегі өндіріс өнімдерінің жалпы төмендеуінің 100 пайыз деп алсақ, оның 60 пайызы осы шаруашылық байланыстардың үзілуімен төмендеді.

Тәуелсіздік алып, қайта құрылған мемлекеттердің үкіметтері өз мемлекеттерінің мүдделері мен экономикалық басымдылықтарын қалыптастыра отырып, бұрынғы одақтас республикалыр арасындағы тарихи қалыптасқан еңбек бөлінісін сақтау қажеттігін түсінді. ТМД елдері арасындағы өзара экономикалық ынтымақсастық 1992 жылдың күзінен басталды. 1993 жылдың қыркүйегінде Мәскеуде мемлекетпен үкімет басшыларының қол қоюымен ТМД елдерінің экономикалық одағын құру туралы келісім шарт жасалды. Экономикалық одаққа алғашында 8 мемлекет, яғни Армения, Беларусь, Қазақстан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Молдава кірді. Ал Украина қауымдастықтың мүшелігіне кейіннен енді. Қазіргі кезде ТМД құрамы 12 елден тұрады, оған Әзербайжан мен Грузия қосылды.

Елдер арасындағы қарым – қатынастар барлық елдер үшін тең мүмкіндіктер мен кепілдіктерді қамтамасыз етуге негізделіп, нарық экономикасы принциптеріне сәйкес құрылды. ТМД аумағында өзара тиімді, ауқымды экономикалық жобаларды жүзеге асыру; экологиялық мәселелер мен қиындықтарды шешу; жұмыс күшімен алмасу; қаржы – несиелік, сыртқы сауда, кедендік және валюталық саясатты келісу және тағы сол сияқты мәселелерді бірлесіп шешуге мүмкіндік береді.

1994 жылдың 15 сәуірінде қабылданған еркін сауда аймағы (ЕСА) құру туралы келісімге ТМД құрамына енетін барлық 12 мемлекеттің басшылары қол қойды. Еркін сауда аймағы кедендік одақ құрудың өтпелі кезеңі болып табылады.

1995 жылы Қазақстан, Беларусь, Қырғызстан және Ресей кедендік одақ құрды, оған 1998 жылы Тәжікстан қабылданды. Соның нәтижесінде бұл елдер арасында өзара қолайлы еркін сауда тәртібі қалыптасты. Мәселен, 1995 жылы кедендік одақ елдерімен тауар айналымы Беларусьте – 68 пайыз, Қазақстанда – 40 пайыз, Ресейде – 12 пайызға өсті. Ал ТМД елдері ішіндегі жалпы тауар айналымы 2 – пайызға көтерілді. Бұл көрсеткіш 1996 жылы Беларусьте – 27 пайызға, Қазақстанда – 31 пайызға, Ресейде – 17 пайыз болып, ал ТМД елдеріндегі тауар айналымының жалпы өсімі 7 – пайызға жетті.

2000 жылы 6 қазанда Астана қаласында өткен одақ мүшелері – Қазақстан, Беларусь, Ресей, Қырғызстан және Тәжікстан үкімет басшыларының кеңесінде жаңа халықаралық ұйым – Еуразиялық экономикалық қоғамдастықты (ЕЭҚ) құру туралы шешім қабылданды. Жаңа ұйым 2000 жылғы 23 мамырдағы Халықаралық мемлекеттік кеңестің шешіміне сәйкес құрылды. Бұл ұйымның басты мақсаты – осы қоғамдастыққа енетін «бестіктің» шеңберінде біртұтас экономикалық кеңістік қалыптастыру. Бұл ұйым дербес халықаралық құқығы бар ұйым болып саналады. Қоғамдастықтың жоғарғы әкімшілік тұлғасы 3 жылға сайланатын бас хатшы болып табылады. Жаңа қауымдастықтың құрылуы – ТМД-ның құрамындағы елдердің экономикалық саясатты, оның ішінде микроэкономикалық, валюталық, қаржылық және әлеуметтік салаларды үйлестіруді көздейтін ынтымақтастықты үйлестірудің қандай жолы тиімді деген талас тоқтамай келеді. 1992 – 1994 жылдары ұзақ мерзімге бағытталған бұрынғыдай біртұтас бір мемлекетті қайта құру туралы да шешімдер қабылданды. Бірақ тәжірибие көрсеткендей «бәрін бірден» деген принциппен интеграциялық құрылысқа көшу өзін - өзі ақтамады.

ТМД елдері басшыларының 1995 – 1997 жылдары қабылданған шешімдері Ынтымақтастық елдерінің құқықтық мүмкіндіктеріне көбірек сәйкес келді. ТМД елдері шеңберіндегі халықаралық экономикалық өзара қатынастар тәжірибесі интеграцияның жеке аймақтардан әр түрлі қарқынмен басталып, біртіндеп басқа аймақтарға көшуімен тиімді екендігін көрсетті. Мәселен, ең алдымен, «екілік» (Ресей мен Беларусь), одан кейін «үштік» (Орталық Азия мемлекеттер одағы), 1998 жылы ол Тәжікістанның кіруіне байланысты «төрттік» одақ болып қайта құрылды. Кедендік одақ, ГУАМА (Грузия, Украина, Әзірбайжан, Молдова) аймақтық бірлестіктері пайда болды. Соның нәтижесінде ТМД-ның барлық елдері (Түрікменстанды қоспағанда) бірнеше аймақтық экономикалық бірлестіктер тобына бөлінді. Бірақ бұл топтар анклав болып саналмайды. Орталық Азия одағына кіретін елдер (Өзбекстаннан басқасы) кедендік одаққа мүше, сол сияқты «екілік» одақ «төрттік» одақтың белсенді мүшелері болып табылады. ТМД елдері шеңберіндегі интеграциялық үрдістің дамуы әлі де бастапқы сатыда. Әлемдегі 30-50 жылдан астам қызмет еткен аймақтық интеграциялық топтардың тәжірибесіне сөз салмақ, ТМД елдері толыққанда экономикалық одақ құру үшін қандай қиындықтарға ұшырасатындығын болжау қиын емес. Оған күнделікті өмір шындығында көзіміз жетіп отыр. Бірақ қалай болғанда да біртұтас экономикалық кеңістікті қалпына келтіру ТМД елдеріне әжептәуір экономикалық нәтижелерге жетуге мүмкіндік береді. Мәселен, қосымша инвестиция салмай-ақ негізгі өнім өндіруші 1,5 есе арттыруға болады. Нақты айтсақ электр энергиясын өндіруге кететін жиынтық шығынды 20%-ға, металлургия өнеркәсібінде 15%-ға, машина жасауда 25%-ға төмендетуге мүмкіндік туады. ТМД елдерінің сыртқы экономикалық қызметтерін үйлестіруді жақсарту арқылы жиынтық сыртқы сауда балансына 15-20 млрд АҚШ долларына арттыруға болады. Ең бастысы, ТМД елдеріндегі нағыз экономикалық интеграция олардың экономикалық жағдайының көтерілуіне қажетті тұрақты жағдай жасайды.

3. Әлеуметтік – мәдени байланыстары. ТМД құрамына енетін елдер арасындағы әлеуметтік-мәдени байланыстардың ұзақ тарихы бар. Ежелден тарихи көрші болып келген елдер арасындағы байланыстар 70 жылдан астам тарихы бар кеңестік дәуірде одан әрі тереңдеген болатын. Кеңестер Одағы ыдыраған соң, бұл байланыстардың барлығы да туындап отырған әлеуметтік-экономикалық жағдайлар тұрғ,ысынан қайта қаралды. ТМД елдері құрылып, елдер дербес мемлекет дәрежесінде қатар дамып жатқалы он жылдан астам уақыт өтті. Осы аралықта үзіліп қалған әлеуметтік-мәдени байланыстар қайта қалпына келтірілуде. Осы мақсатта Еуразиялық экономикалық қоғамдастық шеңберінде ғылым мен технологияның басты бағыттарын зерттеу және игеру, ұлттық білім беру жүйелерін қалыптастыру, ғылым мен мәдениетті дамыту, әлеуметтік дамудың ең төменгі көрсеткіштерін деңгейлестіру мақсаттарын көздейтін көптеген шаралар жүзеге асырылуда. Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың ұсынысы бойынша Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа (ЕЭҚ) мүше елдер «Қарапайым халыққа қарай он қадам» деп аталатын, құрамы 10 түрлі келісімдерден тұратын шешім қабылдады. Бұл келісім халықтың білім мен дәрігерлік жәрдем алуын, ғылым мен мәдениет жетістіктеріне қол жеткізуін қамтамасыз ету мақсаттарын көздеді. Қазақстан алғашқылардың бірі болып, осы шешім шеңберіндегі барлық мәселені қамтитын заңды құжаттарды толық тапсырды.

Әдебиеттер 1,2,3,4,5,6,8,9,11,15

Дәріс №7-№8. Қазіргі әлемдегі ғаламдық мәселелер және оны шешу жолдары 2 сағат

Ғаламдық проблемалардың пайда болуы. ХХ ғасырдың соңғы онжылдығы дүние жүзі халықтары алдына көптеген шиеленіскен және күрделі проблемаларды қойды. Олар ғаламдық проблемалар деген атқа ие болды. Ғаламдық проблемалар — бүкіл дүние жүзін, бүкіл адамзатты қамтитын, оның қазіргісі мен болашағына қауіп төндіретін және өзінің шешілуіне бірігіп күш жұмсауды, барлық мемлекеттер мен халықтардың біріккен әрекетін талап ететін проблемелер. Ғаламдық проблемалар өзінің бір-бірімен әрекеттесуінде өзінше мынадай үшбұрыш құрайды: - әлеуметтік және экономикалық даму – айналадағы орта. Бұл проблемалар ең алдымен капитализмдегі жалпы дағдарыспен байланысты. Алайда ғаламдық проблемалардың социалистік елдерге де қатысы бар.

Бейбітшілік пен қарусаздану, жаңа дүниежүзілік соғысқа жол бермеу проблемасы. Соғыс барлық тарихи дәуірлерде қоғамның дамуына әсерін тигізіп отырды. Бірақ бұрын ешқашан да тұтас елдер мен континенттерді жойып жіберудің нақты мүмкіндігі болған емес. Ол мүмкіндік ракета техникасына қоса, ядролық қарудың жасалуына байланысты ХХ ғасырдың екінші жартысында туды.

80-ші жылдардың екінші жартысында әскери мақсаттарда жылына 1 трлн. долл. (немесе күніне 2 млрд долл. аса) жұмсалып отырды.Дүние жүзі елдерінің қарулы күштері 26 млн. адамды, ал әскери қамдаумен шұғылданатындар 60 млн. адамды құрайды. Бейбітшілік пен қарусаздану, жаңа дүниежүзілік соғысты болдырмау, адамзаттың құрып кетпеуі және өзін-өзі сақтауы қазіргі заманның шын мәнісінде №1 проблемасына айналуы, міне, сондықтан.

Қоршаған ортаны қорғау проблемасы. ХХ ғасырдың екінші жартысынан қоғам мен табиғаттың арасындағы «зат алмасу» әлденеше есе өсіп, ғаламдық көлемге жетті. Урбанизация, индустрализация, интенсификация процестерінің, ауыл шаруашылығының даму барысында қоғамның табиғатқа деген «қысымы» арта түсті.Айналадағы орта жағдайы едәір нашарлады.Кейбір елдер мен аудандарда ортаны антропогендік ластау экологиялық дағдарысқа әкеліп жатыр.

Қоршаған ортаны қорғау проблемасы негізгі үш деңгейде шешіледі: елдік, аймақтық және ғаламдық. Ғаламдық деңгей сипаты бойынша жалпы адамзаттық құндылық болып табылатын (атмосфера, Дүние жүзілік мұхит) табиғат байлықтарын қорғауда аса маңызды.

Қазіргі уақытта барған сайын көптеген елдер оны шешу үшін өздерінің күш-жігерін біріктіре бастады. Экологиялық проблеманы шешудің басты жолы – адамдардың өндірістік және өндірістік емес іс-әрекетін қалыпты экологиялық дамуды – айналадағы ортаны бүкіл адамзаттың әрбір адамның мүддесіне сай өзгертуді қамтамасыз ететіндей етіп ұйымдастыру.

Демографиялық проблема. Бұл проблеманың бір-біріне қарама-қарсы екі бағыты бар. Біріншіден, Азия, Африка және Латын Америкасы елдерінің көпшілігінде халық санының тез өсуі бұл - еңбек ресурстарының өсуі болса, екінші жағынан, адамдардың тамақ және жұмыспен қамтамасыз етуді, сауатсыздықты жойып, аурулардың алдын алуды қиындатады. Осы үш аймақта дүние жүзі халқының басым саны шоғырланғандықтан, демографиялық проблема ғаламдық сипатта.

БҰҰ демографиялық проблеманы шешу мақсатымен «Халық саны саласындағы бүкіл дүниежүзілік іс-әрекет жоспарын» қабылдады. Оны жүзеге асыруға географтар мен демографтар қатысады. Мұнда прогресшіл күштер отбасын жоспарлау бағдарламалары халықтың ұдайы өсуін жақсарта алды деп есептейді. Бірақ тек демографиялық саясат жеткіліксіз. Ол адамдар өмірінің экономикалық және әлеуметтік жағдайларын жақсартуға ұласуы тиіс.

Энергетикалық және шикізат проблемалары. Бұл бәрінен бұрын адамзатты отынмен және шикізатты сенімді түрде қамтамасыз ету проблемалары.Бұрын да қорлармен қамтамасыз етудің белгілі бір шиеленіскен кездері болған. Бірақ әдетте бұл табиғат қорлары құрамы «жасақталмаған» аудандар мен елдерге қатысты болатын. Ғаламдық көлемде ол бірінші рет 70-жылдары туды деуге болады. Оның бірнеше себептері бар.

Оларға мұнайдың, табиғи газ бен отын және шикізаттың кейбір басқа түрлерінің барланған қорының айтарлықтай шектеулілігі, өндірудің кен-геологиялық жағдайларының нашарлауы, өндіру және тұтыну аудандары арасындағы территориялық алшақтықтың артуы, өндіруді табиғат жағдайлары өте қатаң жаңадан игерілген аудандарға қарай жылжыту және т.с.с. жатады. Демек, қазіргі дәуірде, минералдық қорларды бұрын-соңды болып көрмеген дәрежеді тиімді пайдаланып ұдайы өндіру қажет.

Бұл үшін ҒТР зор мүмкіндіктер береді. Пайдалы қазбаларды Жер қойнауынан неғұрлым толық алу, өндірістің энергия және материалды қажет етуін азайту, жаңа кен орындарын ашу және бұрын шама жетпеген кен орындарын игеру, сарқылмайтын энергетика қорларын айналымға қосу, атом және сутегі энергетикасы, отын элементтері және ең ақырында басқарылатын термоядролық синтез саласындағы прогресс сияқты мәселелердің шешілуі де ҒТР-ға байланысты.

Азық-түлік проблемасы. Ғалымдар тұтынылатын тағамның калориялық нормасы тәулігіне 2300-2600 ккал және 70-100 г ақуыздан кем болмауға тиіс деп санайды. Алайда қазіргі кезде БҰҰ-ның деректері бойынша адамзат қоғамының 1/3 бөлігі ғана жеткілікті калориялы азық-түлікпен қамтамасыз етілген. Сондықтан азық-түлік проблемасын ғаламдық проблема деп есептеу керек. Оны шешу үшін адамзат өсімдік шаруашылығының, мал шаруашылығының және балық аулаудың мүмкіндіктерін толығырақ пайдалануы тиіс. Мұнда ол екі жолмен жүре алады.

Экстенсивті жол – ең алдымен егістік, жайылымдық жерлер мен балық кәсіпшілігі аумақтарын одан әрі ұлғайту. Біздің планетамыздағы ауыл шаруашылығына жарамды өңделген жер көлемі 3,2-3,4 млрд.га болып отыр да, әзірге оның тек жартысынан азы пайдаланылуда. Мұндай жерлердің негізгі қорлары Африкада Сахарадан оңтүстікке қарай, Латын Америкасында және Австралияда жатыр. Бірақ бүкіл құнарлы және қолайлы орналасқан жерлер іс жүзінде осыған дейін игеріліп қойғандықтан, бұл жол өте көп шығын жұмсауды қажет етеді.

Интенсивті жол – ең алдымен жарамды жердің биологиялық өнімділігін арттыру.Ол үшін биотехнологияның, түсімі жоғары жаңа сорттар мен топырақты өңдеудің жаңа әдістерін пайдаланудың, механикаландырудың, химияландыру мен мелиорациялаудың маңызы зор.

Дүние жүзілік мұхитты пайдалану проблемасы. Дүние жүзілік мұхит елдер мен хплықтар арсындағы қарым-қатынаста әрдайым маңызды роль атқарған. Оның балық ресурстары да кеңінен қолданылды. Дегенмен ХХ ғасырдың ортасына дейін мұхиттағы адамзат қызметінің барлық түрі дүниежүзілік кірістің 1-2%-ын ғана беріп отырды. Бірақ ҒТР-дың дамуына қарай Дүниежүзілік мұхитты жан-жақты зерттеу және игеру мүлдем басқаша ауқым алды.

Ғаламдық энергетикалық және шикізат проблемаларының шиеленісуі кен өндіру және химия өнеркәсіптерінің, теңіз энергетикасының пайда болуына әсер етті. ҒТР-дың жетістіктері мұнай мен газ, темір-марганец конкрецияларын өндіруді ұлғайту, теңіз суынан сутегі изотобы – дейтерийді айырып айырып алу, орасан зор толысу электр станцияларын салу, теңіз суын тұщыландыру істерінде жаңа болашақ ашуда.

Ғаламдық азық-түлік проблемасының шиеленісуі Мұхиттың биологиялық қорларына деген қажеттілікті күшейтті: олар әзірге адамзаттың азық-түлік «ризығының» 2%-ын ғана қамтамасыз етеді. Әр түрлі елдердің ғалымдары дүниежүзілік мұхиттың биологиялық байлығы жылына 100 млн. тоннадан 150 млн. тоннаға дейінгі мөлшерде деп бағалауда. Теңіз марикультурасын дамыту үлкен қосымша резерв болып табылады. Олар әсіресе Жапонияда дамыған.

Халықаралық еңбек бөлінісінің тереңдеуі, дүниежүзілік сауданың тез өсуі теңіз тасымалының ұлғаюымен қатар жүріп жатады. Бұл өз кезегінде өндіріс пен халықтың теңізге қарай бетбұрыс жасауына және теңіз жағалауындағы көптеген аудандардың қарыштап дамуына себепші болады. Мәселен, көптеген ірі теңіз порттары өнеркәсіпті порт кешендеріне айналды, мұндай кешендерге кеме жасау, мұнай өңдеу, мұнай-химия, металлургия секілді салалар тән, ал соңғы уақытта кейбір ең жаңа салалар дами бастады. Теңіз маңайындағы урбандалу кең көлемде дамуда.

Дүниежүзілік мұхит және мұхит – құрлық аймағы шеңберіндегі бүкіл өндірістік және ғылыми қызметтің нәтижесінде дүниежүзілік шаруашылықтың айрықша бір құрамдас бөлігі – теңіз шаруашылығы пайда болды. Оның құрамына өндіретін және өңдейтін өнеркәсіп, энергетика, балық аулау, көлік, сауда, тынығу және туризм енеді. Тұтас алғанда, теңіз шаруашылығында кемінде 100 млн. адам жұмыс істейді. Сонымен бірге мұндай әрекет Дүниежүзілік мұхиттың ғаламдық проблемасын туғызды. Оның мәні мынада: мұхит қорларының игерілуі өте әркелкі, теңіз ластанып барады, ол әскери әрекет майданы ретінде пайдаланылуда. Дүниежүзілік мұхитты пайдалану проблемасын шешудің негізгі жолы – мұхит табиғатын тиімді пайдалану, оның байлықтарына бүкіл дүниежүзілік қоғамдастықтың күш-жігерін біріктіру негізінде теңестірілген, жинақы көзқарас тұрғысынан келу.

Дамушы елдердің артта қалушығын жою – аса ірі жалпы дүниежүзілік проблема. Қарулану экономикасынан қарусыздану экономикасына көше бастаған қазіргі кезде ғаламдық проблемалардың көпшілігінің ауырлық күші барған сайын дамушы елдерге қарай орын ауыстыруда. Олардың артта қалуы өте күшейіп барады. Мұндай артта қалушылықтың басты көрінісі мен себебі – кедейлік, қайыршылық. Азия, Африка және Латын Америкасы елдерінде халықтың 40%-ы нағыз қайыршылық жағдайларында өмір сүруде.

Дамушы елдердің артта қалушылығын шешудің басты жолы - өмір сүру ортасын түпкілікті өзгерту.

Ғаламдық проблемалардың байланыстары. Адамзаттың барлық ғаламдық проблемалары бір-бірімен тығыз байланысты. Дамушы елдерде азық-түлік проблемасы қайғылы, тіпті апатты сипат алып барады деуге болады.

Азық-түлік проблемасымен дамушы елдердің демографиялық проблемасы тығыз байланысты. Бұларға демографиялық жарылыс қарама-қайшы әсер етеді. Бір жағынан, ол үнемі жаңа күштердің қосылуын, еңбек қорларының өсуін қамтамасыз етсе, екінші жағынан экономикалық артта қалушылықты жою жолындағы күресте қосымша қиындықтар туғызады, көптеген әлеуметтік мәселелердің шешілуін күрделендіреді, олардың жетістіктерінің едәуір бөлігін «жеп қояды», территорияға түсетін «күшті» арттырады. Дамушы елдердің артта қалушылығын жою бұрынғысынша төтенше өзекті мәселе болып қалуда. Оны шешудің басты жолдары: бұл елдердің өмірі мен қызметінің барлық салаларында түбегейлі әлеуметтік-экономикалық өзгерістер жүргізу, ғылыми-техникалық прогресті, халықаралық ынтымақтастықты дамыту, қарусыздандыру.

Ғаламдық болжамдар. Ғалымдар таяудағы кезең мен болашаққа арнап адамзат дамуының бірқатар ғаламдық болжамдарын жасады. Олардың ішінен пессимистік және оптимистік көзқарас деп атауға болатын бір-бірінен мүлде өзгеше екі көзқарас айқын байқалады.

Пессимистік көзқарас 70-жылдары Рим клубының қатысушылары жасаған ғаламдық сценарийден ерекше айқын көрінеді. Бұл көзқарас бойынша, ХХІ ғасырдың ортасында Жердің көптеген табиғи қорлары азаяды, ал айналадағы ортаның ластануы апатты деңгейге жетеді. Осының нәтижесінде ғаламдық қорлар, экология, азық-түлік дағдарысы туады, бір сөзбен айтқанда, «ақырзаман» орнайды, сөйтіп планетамыздың халқы біртіндеп қырыла бастайды. Мұндай ғалымдарды алармистер – дабыл қағушылар деп атайды. Бұл ғалымдар халық пен өндірістің өсуін шектеу, ең жақсысы – тоқтату жөнінде ұсыныстар жасауда.

80 жылдары дүниежүзілік футурологиялық болашақты неғұрлым оптимистік тұрғыдан бағалауға қарай бетбұрыс жасалды. Мұндай бағытты қолдайтын ғалымдар адамзаттың ғаламдық проблемалардың өте күрделі екенін теріске шығармайды. Айналадағы орта проблемалары жөніндегі халықаралық комиссия 1987 жылы өзінің «Біздің ортақ болашағымыз» деген баяндамасында экологиялық дағдарыс пен даму дағдарысының тууы мүмкіндігі жөнінде айтарлықтай ескерту жасады.

Бірақ олар осыған қарамастан, Жер қойнауы мен Дүниежүзілік мұхитта әлі де ашылмаған және пайдаланылмаған көптеген байлықтардың бар екенін, дәстүрлі қорлардың орнына жаңа қорлардың келетінін, ҒТР қоғам мен табиғат арасындағы экологиялық тепе-теңдікті жақсартуға көмектесетінін, ал қазіргі демографиялық жарылыстың мәңгілік құбылыс еместігін басшылыққа алады. Олар ғаламдық проблемаларды шешудің басты жолы халықтың саны мен өндірісті қысқартуда емес, адамзаттың ғылыми-техникалық прогреске ұштасқан әлеуметтік прогресінде, дүниежүзілік саяси ахуалдың жұмсаруында және даму жолындағы қарусыздануда деп біледі.

Әдебиеттер 1,2,3,4,5,6,8,9,11,15

9. Семинарлық сабақтардың жоспары

Тақырыбы №1 Дүние жүзінің саяси картасы.

3 сағат

Сабақтың мақсаты:

Дүние жүзі саяси картасының негізгі түсінітері мен терминдерін (ғылыми) меңгеру; дүние жүзі саяси картасындағы өзгерістерді оқу, халықаралық одақтардың, ұйымдардың мәнін түсіну; қазіргі кездегі елдердің топтасуын білу; статистикалық мәліметтерді талдауға үйрену, статистикалық топтастырудың принциптерін игеру, елдердің жіктелуін текстік кесте түрінде көрсету.

талқылауға арналған сұрақтар:

1. Саяси сөздіктерді және басқада әдебиеттерді қолдана отырып, келесі терминдерге түсінік беріңіз: «мемлекет», «мемлекеттің территориясы», «мемлекеттік шекара», «отар», «кондоминиум», «доминиондар», «протекторат», «нейтралитет», «нейтрализм», «неоколониализм», «уния», «федерация», «республика», «монархия», «метрополия», «саяси карта», «территориалық сулар», «ішкі сулар», «тәуелсіздік», «саяси статус», «басқару формасы», «ұжымдық қауіпсіздік»

2. Дүние жүзі саяси картасының қалыптасу және даму кезеңдері. Қазіргі дүние жүзі саяси картасының ерекшеліктері.

3. Қазіргі елдердің мемлекеттік құрылымдары мен олардың мысалдары.