Студент - болашаҚ басшы, істі Ұйымдастырушы
«Қоғам» ұғымы біздің ойымызға алдымен «Қызыл Крест-Қызыл Жарты Ай қоғамы», «Кітап сүюшілер қоғамы» сияқты адамдардың топтасып, белгілі бір пайдалы іс тындыруға бағытталған ұйымдарын еске түсіреді.
Қоғам сөзі бұдан ауқымды және күрделі мағынада да қолданылады. Мысалы, Қазақстан қоғамы дегенде, біз өзіміз азаматы болып табылатын мемлекетті, оның халқын ойға аламыз. Әр жеке адам қоғаммен ондаған, жүздеген арналар арқылы байланыс жасайды. Бір мезгілде адам бірнеше – отбасы, еңбек, кәсіподақ, саяси партия, балабақша, мектеп, университет, футбол командасы, тұрғын үй-құрылыс кооперативі сияқты бірлесумен байланыста болуы мүмкін. Қоғамдық қатынастар материалдық және рухани қатынастарға жіктеледі.
Қоғам тіршілігіне қажеттінің бәрін табиғаттан алады. Өйткені ол қоршаған ортамен тығыз байланыста өмір сүреді. Материалдық игіліктерді өндіруі, адам қоғамының өмір сүруі мен дамуы үш бағыттан тұрады: адам мен адамдар арасындағы; қоғам мен қоғам арасындағы; қоғам мен табиғат арасындағы.
Азаматтардың маңызды құқықтарының бірі – көркемдік, ғылыми және техникалық шығармашылық еңбекпен айналысу. Мемлекет студенттердің және азаматтардың рухани шығармашылыққа ұмтылуын қолдап отырады.
Жоғары оқу орындарын бітіргендер болашақта Қазақстан Республикасының өркендеуі мен гүлденуі үшін алған білімдерін әр түрлі салаларда, кәсіпорындар мен ұйымдарда тәжірибе жүзінде жүзеге асырады.
Студент болашақта жеке кәсіпкер, мемлекет қайраткері, ғалым, тәжірибелі маман, ұжымда үлгілі, Отанына жанашыр, қоғамға сыйлы азамат болады. Өйткені білім алған азаматтар ғана мемлекеттің басқару ұйымдарында, мекемелерінде жұмыс істей алады.
Тапсырмалар:
1. Мәтінді бөлімдерге бөліп оқыңыз, аударыңыз.
2. Мәтінді оқып, мазмұнын түсіндіріңіз.
3. Мәтін бойынша 10 зат есімді тауып, мағыналық түрлерін ажыратыңыз.
4. Студент жастардың Қазақстанның гүлденуіне қосар үлесі қандай? Сіздің пікіріңіз.
5. Мәтіннен сын есімнің сапалық және қатыстық түрлерін табыңыз. Сын есімнің шырайларын айтыңыз.
6. Мына сын есімдерді күшейтпелі шырайда жазыңыз: үлгілі, тәжірибелі, жанашыр.
7. Мына сын есімдерді жекеше, көпше түрде жіктеңіз: үлгілі, тәжірибелі, жанашыр.