Астана – ҚазаҚстан республикасыныҢ бас Қаласы

 

Қазақстан Республикасының астанасы – Астана. Ол – бұрынғы Ақмола қаласы. Қала 1824 жылы салынған. 1961 жылға дейін қала – Ақмола, 1961 жылдың 24 сәуірінен бастап Целиноград деп аталады. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 1997 жылдың 16 желтоқсанынан бастап Ақмола қаласы Қазақстан Республикасының жаңа астанасы болып жарияланды. Ал Президенттің 1998 жылдың 6 мамырдағы Жарлығымен Ақмола қаласының аты Астана болып өзгертілді.

Қала Сарыарқада, Есіл өзенінің екі жағасында орналасқан. Ертеден Еуропа мен Азияны байланыстырып тұрған ірі тасымал торабы.

«Астананың өркендеуі - Қазақстанның өркендеуі» деп аталатын бағдарлама бойынша бой түзеген көрікті үйлер, «Океанариум», «Дарын орталығы», «Салтанат сарайы», «Бәйтерек», Астана әуежайы, Елбасының резиденциясы - Ақорда осының бәрі ғажайып ертегілерді еске салады.

Қазір Астанада С.Сейфуллин атындағы аграрлық университеті, Е.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Астана мемлекеттік медицина академиясы, педагогикалық, медициналық колледждер, бірнеше кәсіптік білім беретін оқу орындары бар.

Астана ХХ ғасырдың ең жас астанасы ретінде тарихқа енді.

Тапсырмалар:

1. Мәтін бойынша сөздік құрастырыңыз.

2. Мәтінді аударыңыз.

3. Етістіктің түрлеріне мысалдар келтіріңіз.

4. «Астана» тақырыбына сұқбат құраңыз.

 

ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ ҒАРЫШ

 

ХХ ғасыр... Тарлан тарихқа төңкерістер дәуірі, адамдар психологиясындағы арпалыс, қырғи-қабақ соғыс жылдары, атом дәуірі деген аттармен енген бұл кезеңнің біздің халқымызға берген екі үлкен сыйы бар. Оның біріншісі – қазақ елінің ұйытқи соққан заман желінің қатал да қатігез екпініне қайыспай шыдас беруі арқылы «мың өліп, мың тіріліп» жүріп, өз тәуелсіздігін жеңіп алуы болса, екіншісі – «ай нұрын ұстап мінсе де қызыққа тоймас адамзат» деген бабалар арманының орындалып, ғарышқа қос қазақ ұлының барып қайтуы.

ХХ ғасырдың соңғы он жылдығындағы осы екі ірі оқиға арқылы кешегі Ұлы даланың перзенттері бүкіл әлемге жаңа қырынан танылды. Тарихқа осылай олжа салуының нәтижесінде еліміз өзінің жігерлі де қуатты, мықты, қабілеті мол екенін көрсетті.

Ол елдің аты – Қазақстан!

Ғарыш атты шексіз кеңістікке самғаған оның ұлдарының есімдері – Тоқтар Әубәкіров пен Талғат Мұсабаев!

Сондықтан біз бүгінгі таңда ғарышқа алғаш қазақ жерінен түрен салынғанын, айлақтың аты «Байқоңыр» екенін қалай мақтан етсек, тұңғыш ғарышкер қазақ атанған Тоқтар Әубәкіров пен тұңғыш қазақ корабль командирі Талғат Мұсабаевты солай мақтан тұтамыз.

 

Ұсынылатын әдебиеттер:

1. Күзекова З. С. Қазақ тілінің практикалық курсы (гуманит). Алматы: Ғылым, 2001.

2.Бектұров Ш.К., Бектұрова А.Ш. Қазақ тілі (Ана тілі деңгейінде үйрету құралы). Алматы, 1998.

3. Хасен М.Ә., Шабденова Қ.Ж., Байпелова Г.С., Нұргожина Г.М. Қазақ тілі.ЭОҚ. ҚарМТУ,2006

 

СӨЖ арналған бақылау тапсырмалары (10-тақырып) [қосымша 12, 13,16]

1. «Ғалам және ғасыр» тақырыбына реферат.

2. «ХХІ ғасырдың жетістіктері» тақырыбына шығарма.

3. «Қазақстан және ғарыш» тақырыбына әңгіме.

 

11-тақырып Азаматтық қалай анықталады? Қазақстан Республикасының Конституциясы. Мен Қазақстанның азаматымын. Етістіктің шақтары: осы шақ, келер шақ, өткен шақ.

Практикалық (семинарлық) сабақтың жоспары

1. Етістіктің шақтарына мысалдар келтіру.

2. Лексикалық тақырыптар бойынша сұрақ-жауап, әңгімелесу.

3. Жаңа сөздермен жұмыс жүргізу.