ҚазаҚстан республикасыныҢ ӘнҰраны

Мемлекеттік Әнұран – тәуелсіздік пен егемендіктің музыкалық рәмізі. Мемлекеттік Әнұран әр елде бар, ол мемлекеттің рәмізі болып табылады. Әнұран – мемлекеттің бірлік белгісі ретінде қабылданған салтанатты ұран өлең. Әнұран қоғамдасуға үндейтін, бірлескен іс-қимылға шақыратын, сана-сезімге психологиялық әсер ету жолымен жігерлендіруге, рухтандыруға бағытталады. Елдің намысын оятып, елдікке, бірлікке, еркіндікке шақыратын үндеу, ортақ қимыл-әрекетке шақыратын дабыл.

Қазақстан Республикасының Әнұранының сөзін жазғандар: Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев.

Әнұранның музыкасын жазған: Шәмші Қалдаяқов.

 

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ӘНҰРАНЫ

Сөзін жазғандар: Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев

Әнін жазған: Шәмші Қалдаяқов

 

Алтын күн аспаны,

Алтын дән даласы.

Ерліктің дастаны,

Еліме қарашы.

Ежелден ер деген,

Даңқымыз шықты ғой.

Намысын бермеген,

Қазағым мықты ғой!

Қайырмасы:

Менің елім, менің елім,

Гүлің болып егілемін.

Жырың болып төгілемін, елім!

Туған жерім менің – Қазақстаным!

 

Ұрпаққа жол ашқан,

Кең байтақ жерім бар.

Бірлігі жарасқан,

Тәуелсіз елім бар.

Қарсы алған уақытты,

Мәңгілік досындай.

Біздің ел бақытты,

Біздің ел осындай!

Тапсырмалар:

1. Жаңа сөздерді дәптерге жазып, аудармасын есте сақтаңыз.

2. Мәтіндерді оқып, аударыңыз.

3.Тіршілік, шаңырақ, ұлттық, өрнек, рең, байлық, береке, қыран, тұлпар, тәуелсіздік,

егемендік сөздерімен сөз тіркестерін, сөйлем құрастырыңыз.

4. Қазақ елінің Елтаңбасы мен Туын суреттеңіз.

5. Мына сұрақтарға жауап беріңіз:

а) Басқа қандай елдердің Елтаңбасын білесіз?

ә) Біздің Елтаңбамыздағы белгілер басқа елдердің Елтаңбаларында кездесе ме?

6. Төмендегі сөйлемнің ішінен жіңішке, жуан дауыстыларды ажыратыңыз: Мемлекеттік Туымыздың түсі – ашық аспан түстес зеңгір көк.

7. Мына сөйлемдердегі көп нүктенің орнына тиісті сөзді жазыңыз:

· Біздің ... – шеңбер ішінде.

· Елтаңбадағы ең негізгі ... – шаңырақ.

· Қазақ халқында «...отбасынан...» деген ... бар.

· Шаңырақ – қазақ ... белгісі, ... .

· Шаңырағы бар... тарихта болған емес.

· Елтаңба композициясында – ай мүйізді, алтын қанатты... .

8. Мына сөйлемдерді сұраулы сөйлемдерге айналдырыңыз:

Қазақ елінің Туының түсі – ашық аспан түстес зеңгір көк. Зеңгір көк түс – табиғаттағы жеті түстің бірі. Көк түс – аспанның, ауа мен құрлықтың белгісі. Тудағы қыран бейнесі – еркіндік белгісі. Абылайдың туы ақ болған. Әмір Темірдің туының түсі – аспан көк.

9. Мәтіннен үндестік заңына мысалдар келтіріңіз.

10. Берілген сөздерді көшіріп жазып, біріккен сөздердің астын сызыңыз: пырақ, ту, көкбайрақ, мемлекет, елтаңба, әнұран, шаңырақ, күн сәулесі, қазақ, ою-өрнек, елбасы, жұлдыз, елорда, төлқұжат, ата заң.

11. Танысыңыз. Есіңізде сақтаңыз.

9-бап. Қазақстан Республикасының Мемлекетік Рәміздері – Туы, Елтаңбасы және Әнұраны бар. Олардың сипаттамасы және ресми пайдалану тәртібі конституциялық заңмен белгіленеді.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» 1996 жылғы қаңтардың 24-індегі Жарлығынан:

4-бап. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы мен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұранын қорлауға кінәлі адамдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.

МЕНІҢ ОТАНЫМ – ҚАЗАҚСТАН

Қазақстан - Еуропа мен Азияның орталығында орналасқан егеменді, ірі ел. Қазақстанның жер көлемі – 2,7 млн шақырым. Елордасы – Астана қаласы. Жерінің ауданы жағынан Қазақстан дүние жүзіндегі ең ірі мемлекеттердің қатарына жатады. Солтүстігінде Ресей Федерациясымен (6467 км), оңтүстігінде Түрікменстан (380 км), Өзбекстан (2300 км) және Қырғызстан (980 км) республикаларымен шектеседі. Қазақ елі 1991 жылы 16 желтоқсанда өзін тәуелсіз мемлекет деп жариялады.

Қазақ жері ұлан-байтақ. Осы ұлан-байтақ далада есепсіз байлық бар. Мұнай, көмір, темір, алтын, күміс және басқа да байлықтар жеткілікті. Мұнай қоры бойынша Қазақстан дүние жүзіндегі ірі мұнайлы державалармен иық теңестіріп тұр.

Қазақстан – біріккен Ұлттар ұйымына мүше ел. Оның тәуелсіздігін дүние жүзі таныды. Ол - бейбітшілікті сүйетін ел. Қазақстан қазір дүние жүзі мемлекеттерімен экономикалық, мәдени байланыстар жасап жатыр. Қазақстан – демократиялық, құқықтық мемлекет. Ол басқа мемлекеттермен өз ақшасы арқылы сауда жүргізеді. Мемлекет басшысы – Президент. Атқарушы билігі – республика үкіметі. Ақша бірлігі – теңге. Халқының саны – 15301,4 мың. (2006 ж. 1 шілде). Қазақстан жаңа мыңжылдыққа тек дербес қана емес, сонымен қатар қуатты мемлекет ретінде аяқ басты. Мемлекеттік тәуелсіздік - ұлттық қауіпсіздіктің және қазақстандықтардың рухани әл-ауқатының, өз күшіне, еркіне, қуатына сеніп, бар мақсаттарын жүзеге асыруының, Қазақстандағы ұлттық келісім мен тыныштықтың кепілі.

Тапсырмалар:

1. Мәтінді оқыңыз.

2. Мына сұрақтарға жауап беріңіз:

· Қазақстан қандай ел?

· Қазақстан қайда орналасқан?

· Қазақстан егемендігін қашан алды?

· Қандай табиғи байлықтары бар?

3. Мәтіннен сан есімдерді тауып, түрлерін ажыратыңыз.

4. Мәтіннен сын есімдерді тауып, түрлерін ажыратыңыз.

5. Мәтіннен тәуелдік жалғаулы сөздерді табыңыз.

6. Мына сөздердің жазылуына көңіл аударыңыз: қауіпсіздік, дүние жүзі, құқықтық.

7. Төмендегі сөздерді сөз құрамына талдаңыз: орталығында, мемлекеттерімен, нәтижесінде.

8. Төмендегі сөздер мен сөз тіркестерінен сөйлемдер құрастырыңыз: мәселе, мемлекет, дауыс беру, мұнай қоры.

9. Көп нүктенің орнына керекті сөздерді қойыңыз. Қазақстан жері ... . Оның тәуелсіздігін ... таныды.

10. Досыңызбен осы тақырыпқа сұхбат құрастырыңыз.

11. Мәтіннің мазмұнын айтып беріңіз.

Ұсынылатын әдебиеттер:

1. Күзекова З. С. Қазақ тілінің практикалық курсы (гуманит). Алматы: Ғылым, 2001.

2.Бектұров Ш.К., Бектұрова А.Ш. Қазақ тілі (Ана тілі деңгейінде үйрету құралы). Алматы, 1998.

3 Хасен М.Ә., Шабденова Қ.Ж., Байпелова Г.С., Нұргожина Г.М. Қазақ тілі.ЭОҚ. ҚарМТУ, 2006 ж

4. Аяпова Т. Қазақ тілі (Негізгі оқулық, үй кітабы, мұғалім кітабы). Алматы, 1998.

5. Нұрғожина Г.М., Әбілқасов Ғ.М., Жетпісбай Ш.А. Қазақ мәдениеті (Қазақ тіліне арналған мәтіндер жинағы). ҚарМТУ, 2003.

6. Нұрғожина Г.М., Кинбаева А.Б. Қазақ тілі (Кредиттік технология жүйесі бойынша оқыту). Оқу құралы. Қарағанды: ҚарМТУ, 2007.

7. Нұрғожина Г.М., Хасен М.Ә., Хамзина Қ.М. Суретті қазақ тілі. Оқу құралы. Қарағанды: ҚарМТУ, 2006.

 

СӨЖ арналған бақылау тапсырмалары (6-тақырып) [қосымша 12,13, 15, 16]

1. «Мемлекет және біз» тақырыбына әңгіме жазу.

2. «ҚР рәміздері» жатқа айту.

3. «Менің Отаным – Қазақстан» тақырыбына шығарма жазу.

7-тақырып Табиғат. Табиғаты ғажап Қазақстан. Диктант «Бурабай». Сын есім.

 

Практикалық (семинарлық) сабақтың жоспары

1.Сын есімнің жасалу жолдарын түсіндіру.

2. Лексикалық тақырыптар бойынша сұрақ-жауап, әңгіме жүргізу.

3. Жаңа сөздер жаздыру.

ТАБИҒАТ

Қазақстанның территориясы батысында Волганың төменгі ағысынан, шығысында Алтайға дейін 3000 км созылып жатыр. Ал солтүстікте Батыс Сібір жазығынан оңтүстікте Тянь-Шаньға дейін 2000 км-ге жуық қашықтыққа созылады. Қазақстанның оңтүстік-шығысында биіктігі 7000 м жететін Хан-Тәңірі тау массиві бар. Қазақстан Республикасы Евразия материгінің ортасында орналасқан.

Қазақстанның жер беті әр алуан. Онда басын мұз басқан биік таулар да, биіктігі орташа таулы қыраттар да, кең-байтақ жазықтар мен ойпаттар да бар.

Республиканың оңтүстік-батысында Маңқыстау түбегі орналасқан. Маңқыстаудың шығысында Үстірт шөлді қыраты (биіктігі 340 м-ге дейін) бар. Каспий маңы ойпатының солтүстік-шығысында Орал тауының оңтүстік сілемдері мен Мұғалжар (биіктігі 657 м) таулары бар. Ал Мұғалжардың солтүстік-шығысында Торғай қыраты (биіктігі 200-400 м) бар, бұл қырат оңтүстікте Тұран ойпатына Қызылқұм (биіктігі 53-332 м) кіреді.

Арал теңізінен солтүстікке қарай Үлкен және Кіші Борсыққұм массивтері және Арал маңы Қарақұмы жатыр.

Қазақстанның орталық бөлігін Сарыарқа алып жатыр. Сарыарқада Қарқаралы (1,366 м), Ұлытау (1,133 м) т.б. тау массивтері бар. Сарыарқаның оңтүстік бөлігі бірте-бірте сусыз шөл Бетбақдалаға ұласады. Оның оңтүстігінде Мойынқұм жатыр. Бетбақдаланың шығысында үлкен аймақ бар. Ол аймақ Балқаш көліне құятын 7 өзенге байланысты Жетісу аталады.

Республиканың шығысында, оңтүстік-шығысында Алтай тауларының сілемдері, Тарбағатай мен Жоңғар Алатауының (4,463 м) жоталары орналасқан.

 

Тапсырмалар:

1. Мәтінді оқыңыздар.

2. Жаңа сөздерді көшіріп жазып, аударыңыздар.

3. Мәтінді аударыңыздар.

4. Мәтіннен зат есімдердің септік жалғауларын анықтаңыздар.

5. Мәтіннен зат есімдердің түрлерін анықтаңыздар.

 

ТАБИҒАТЫ ҒАЖАП ҚАЗАҚСТАН

Қазақстанның жер қойнауында әлемдегі табиғи қазба байлықтарының барлық түрі кездеседі. Қазақстандағы Тянь-Шань тауының Хан Тәңірі шыңы. Оның биіктігі - 6996 метр. Республиканың ең көрікті жерлерінің бірі Қарқаралы. Қарқаралы Қарағанды облысына қарайды. Қарқаралы көрікті де әдемі жер. Орманды, тоғайлы жер. Қаланы орман, тоғай қоршап тұрады. Тоғай ішінің ауасы мен жемісі адамға шипа. Сондықтан да бірнеше демалыс орындары, санаторий салынған. Олардың іші таза, жарық, кең, биік. Бұл демалыс орындары мен санаториге жылына жүздеген адамдар келіп дем алады, емделеді. Қазақстан территориясының ауқымдығына қарай ауа райы да әр түрлі. Табиғаттың әсемдігін көріп, сүйе білетін адам, оны қорғаудың қажеттігін сезініп, түсінеді. Қоғамның материалдық және рухани байлықтарының қайнар көзі –табиғат. Табиғаты әсем сұлу қалалардың қатарында Алматы қаласын жатқызуға болады. Алматы - Алатаудың қасында орналасқан. Алатау - биік, әдемі тау. Алатауда Медеу спорт кешені бар. Халық әр жексенбіде Медеуге барып демалды. Оқушылар, студенттер Медеуге көп барады. Медеуге үлкен кісілер де, сырттан келген қонақтар да барды. Алатаудың басында қысы-жазы қар жатады. Қазақстандағы ең биік тау - Алатау тау.

 

Тапсырмалар:

1. Мәтінді оқып, аударыңыз.

2. Орталық Қазақстанның табиғаты қандай? Суреттеп беріңіз.

3. Мәтін бойынша сұрақтар құрастырыңыз.

4. Мына сөздермен сөйлем құрастырыңыз: қазба байлықтар, жер қойнауы, қорық, табиғат, шың, бейнеленген, ұйымдастырылған.

5. Мәтіннен үстеудің түрлерін табыңыз.

6. Мына сөздерді септеңіз: теңіз, құс, біз, үй, түн, күн, күз, қыс, орта.

7. Берілген сөздермен сөйлем құрастырып, үстеудің түрлерін ажыратыңыздар: қыста, қыстыгүні, жазда, сонда, қазір, ертең, қазақша, кеше.

8. Берілген өлеңді мәнерлеп оқыңыз. Өлеңнен табиғат құбылыстарына қатысты сөздерді тауып аударыңыз.

ТАЛ БЕСІГІМ – ТАБИҒАТ

Табиғат - алтын күнім, күміс айым,

Шашылған жұлдыз - меруерт түні сайын.

Сөйлеші жерде бұлақ, көкте бұлт боп,

Тіліңді түсінуге тырысайын.

 

Табиғат - көркем жырым, асқақ әнім,

Сен - ана, мен - қашанда жас баламын.

Үңілем таңнан тұрып терезеге,

Ашық па, жабық па деп қас-қабағың.

 

Табиғат - мөлдір жаңбыр, ұлпа қарым,

Сергимін салып төске қыр самалын.

Түлетіп ұшырса да ана құшақ,

Сен жайған алақанда тұр табаным.

 

Табиғат - айна көлім, орман бағым

Түйе өркеш айнала тау қорғандарым.

Құптаймын шыңдарыңнан бұлт қана емес,

Қанатын қыранның да қомданғанын.

Оразақын Асқар

ДИКТАНТ «БУРАБАЙ»

 

Бурабай көлдеріне Бурабай, Шортанды, Үлкен Шабақты, Кіші Шабақты, Қотыркөл жатады. Бұл Сарыарқаның, Көкшетау тауларының аралығында бір-біріне жақын орналасқан ұсақ көлдер тобы. Олар суының тазалығымен, тауларымен, қарағайлы-қайыңды ормандарымен ерекшеленеді. Алғашқы демалыс орны 1810 жылы Бурабай көлі жағасында ашылған. Бурабайда биші қайыңдар өседі. Көкшетауда табиғат күштерінің әсерінен әр түрлі пішінге ие болған тастар бар. Оларға қызықты аңыз-әңгімелері көп әйгілі Оқжетпес пен Жұмбақтас және биіктігі шамамен 1000 м жуық, алыстан көрінетін Көкшетау тасы жатады.

Тапсырмалар:

1.Таңдау бойынша бір сөйлемге фонетикалық, морфологиялық талдау жасаңдар.

2.Бурабай, Көкшетау сөздерін септеңіздер.

Ұсынылатын әдебиеттер:

1. Күзекова З. С. Қазақ тілінің практикалық курсы (гуманит). Алматы: Ғылым, 2001.

2.Бектұров Ш.К., Бектұрова А.Ш. Қазақ тілі (Ана тілі деңгейінде үйрету құралы). Алматы, 1998.

3. Хасен М.Ә., Шабденова Қ.Ж., Байпелова Г.С., Нұргожина Г.М. Қазақ тілі.ЭОҚ. ҚарМТУ, 2006 ж

4. Аяпова Т. Қазақ тілі (Негізгі оқулық, үй кітабы, мұғалім кітабы). Алматы, 1998.

 

СӨЖ арналған бақылау тапсырмалары (7-тақырып) [қосымша 12, 15, 16]

1. «Табиғат» тақырыбына слайд, презентация жасау.

2. «Табиғаты ғажап Қазақстан» реферат.