5-тақырып Білім - байлығымыз. Білім атасы – Ы. Алтынсарин. Кітап - білім бұлағы. Зат есім.
Практикалық (семинарлық) сабақтың жоспары
1. Зат есімнің жасалу жолдарын түсіндіру.
2. Лексикалық тақырыптар бойынша сұрақ-жауап, әңгіме жүргізу.
3. Жаңа сөздер жаздыру.
БІЛІМ – БАЙЛЫҒЫМЫЗ
«Әр халықтың дамуы үшін, ең алдымен, азаттық пен білім керек»,-деген екен Ш.Уәлиханов. Ел азаматтығын алысымен тарихи-әлеуметтік болмысына сай жаңа білім жүйесін құрудың аса қажеттілігі туды. Бұл міндетті атқару бұрынғы білім проблемалары институты үшін салмағы ауыр жүк болатын.
Мемлекетіміздегі үздіксіз білімді дамыту мақсатында құрылған Академия құрамындағы үш ғылыми-зерттеу институттарының (Жоғары білім институты, Кәсіптік білім институты, Орта білім институты) құрылуы да Республиканың білім беру болашағынан үлкен үміт күтетіні сөзсіз.
Ғылым мен практика, бейнелеп айтқанда, құстың қос қанатындай немесе ашық мұхиттағы қайықтың ескексіз жүзе алмайтындай бір-бірімен тығыз байланысты. Ертеңгі ұрпақтың мектеп қабырғасынан сапалы білім, саналы тәрбие алып шығуына осы байланыстың әсері мол.
Қазақстандық экономиканың жетістігі, көбінесе, бәсекелесуге қабілетті жоғары технологиялық экономика үшін мамандардың жаңа буынын дайындауды қамтамасыз етуге арналған жоғары білім беру жүйесін қайта құру. Біздің Республикамызда қоғамдағы және еліміздің білім беру саясатындағы қазіргі әлеуметтік-экономикалық өзгерістерден туындайтын жалпы стратегиялық міндеттерді бейнелейтін жоғары білім берудің мемлекеттік стандартының тұжырымдамасы дайындалды.
Тапсырмалар:
1. Мәтін бойынша жаңа сөздерді теріп жазыңыз.
2. Мәтінді аударыңыз.
3. Білім, байлық, міндет, қабілет сөздерін септеңіз.
4. Білім, байлық, міндет, қабілет сөздерін пайдалана отырып, сөйлем құраңыз.