Тәуелсіздік тұсындағы Ш.Мұртаза шығармашылығының негізгі тақырыбы
Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті
КУРСТЫҚ ЖҰМЫС
Тәуелсіздік тұсындағы Ш.Мұртаза шығармашылығының негізгі тақырыбы
Қабылдаған: Пәленше Төленшиев
Орындаған: Бейсенбаева Жәудір
Шымкент 2016 жыл
МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ
1 Намыстың наркескені, шындықтың шырақшысы – Шераға.
1.1 Шерхан Мұртазаның редакторлық, басшылық қызметі
2 ТӘУЕЛСІЗДІК ТҰСЫНДАҒЫ ШЕРХАН МҰРТАЗА ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ
2.1 Ай мен Айша романының негізгі тақырыбы
2.2 Еліне айтып Елбасына тыңдатқан қайраткер.
2.3 Шерхан Мұртаза очерктері
ҚОРЫТЫНДЫ
ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
Кіріспе
1. Намыстың наркескені, шындықтың шырақшысы – Шераға.
Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, кесек тұлғалы, қайсар мінезді наркескені, шындықтың шырақшысы атанған, Шерхан Мұртаза жайлы қанша айтсақ та көптік етпейді.
Қазақ журналистикасы тарихында соны із салып, талай өрімдей жастың бағын ашқан, туған әдебиетімізде де өзінің қайталанбас талантымен ерекшеленетін, сөз зергері Шерағаның еңбегі бізге өнеге.
Шерхан Мұртаза 1932 жылдың 28 қыркүйегінде Жамбыл облысы, Жуалы ауданы Мыңбұлақ ауылында туған. Қазақстанның халық жазушысы, қоғам қайраткері. 1955 жылы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 1955 — 56 жылдары Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасында, 1956 — 60 жылы “Лениншіл жас” (қазіргі “Жас алаш”), 1960 — 63 жылы “Социалистік Қазақстан” (қазіргі “Егемен Қазақстан”) газеттерінде тілші, әдеби қызметкер, редактор, 1970 — 72 жылы “Жазушы” баспасы жанындағы Балалар мен жастар әдебиеті бас редакциясының және “Жалын” альманахының бас редакторы, 1972 — 75 жылы “Жұлдыз” журналының бас редакторы, 1975 — 80 жылы Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының 2-хатшысы, 1980 — 89 жылы “Қазақ әдебиеті” газетінің бас редакторы, 1989 — 92 жылы “Егемен Қазақстан” газетінің бас редакторы, 1992 — 94 жылы “Қазақстан” мемлекет телерадио компаниясының төрағасы қызметтерін атқарды. 1984 жылы ҚР-ның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, 1992 жылы Қазақстанның халық жазушысы атағын алған. 12, 13-шақырылған ҚР Жоғары Кеңесінің, 2-шақырылған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болды. Сондай-ақ ол ҚР Президенті жанындағы Ұлттық кеңестің мүшесі. Шерхан Мұртаза шығармашылық жолын студент кезінде Л. Лагиннің “Хоттабыч қарт”, Э.Эрскиннің «Марыкчан балалары» романын,Мұстай Кәрімнің “Біздің үйдің қуанышы” шығармаларын қазақ тіліне аударумен бастады. Ол Г.Х. Андерсеннің әңгімелерін, венгр халық ертегілерін, Ш.Айтматовтың “Ботагөз”, “Қош бол, Гүлсары”, “Теңіз жағалап жүгірген тарғыл төбет” повестерін, “Боранды бекет”, “Жанпида” романдарын қазақ тіліне аударды. «Әзиза» пьесасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің грантын жеңіп алды.
Ал тұңғыш кітабы — “Құрылысшы Дәку” очерктер жинағы 1958 жылы жарық көрді. Қазіргі замандас бейнесі, соғыс жылдарындағы тылдағы адамдардың қажырлы еңбегін баяндаған “Табылған теңіз” (1963), “Бұлтсыз күнгі найзағай” (1965), “Белгісіз солдаттың баласы” (1967), “Мылтықсыз майдан” (1969), “41-жылғы келіншек” (1972), “Ахметжанның анты” (1973), тағы басқа повестер мен “Интернат наны” (1974) атты әңгімелер жинақтары жарияланды. Әлтай нанға тоймаушы еді... деп басталатын әңгімесін мектеп қабырғасында оқыдық. Өндірістің дамуы жөнінде, адам мен қоршаған ортаға қамқорлық туралы маңызды мәселелер көтерген, ғылыми-техникалық төңкеріс жайын сипаттаған “Қара маржан” (1976; ҚР Мемлекет сыйлығы, 1978) романы, мемлекет қайраткері Т.Рысқұловтың өміріне арналған (“Қызыл жебе”, 1, 2-кітабы. 1980; “Жұлдыз көпір”, 3 кітабы , 1984) роман-трилогиясы басылды. Драматургия саласында жазушының “Қызыл жебе” (1987, Қ.Ысқақовпен бірге), “Сталинге хат” (1988), сондай-ақ “Бесеудің хаты” (1989) атты пьесалары қойылды. Шерхан Мұртазаның «Бесеудің хаты» атты драмасына арқау болған – ел басына түскен азапты күндер, қолдан жасалған аштықтан қырылған екі миллион халықтың тағдыры. Драматург сол кездегі өкімет басшыларымен, оның қасындағы жандайшаптардың бейнесін жан бере суреттейді.
Әр кейіпкер өзінің сөзі арқылы танылып жатады. Қасіретті қолдан жасап отырған Сталиннің теріс саясатын, асыра сілтеп отырған Голощекиннің көрсоқызарлығын жазушы Ғабит Мұсірепов ашына жеткізеді.
Шерхан Мұртазаның драматург ретіндегі шеберлігінің өзі сонда, ол сахналық қойылым барысында кейінкерлердің мінез-құлқын ғана ашып қоймайды, оның жан дүниесін көрсетеді.
Жазушының әр жылдары бес кітаптан тұратын «Қызыл жебе», «Ай мен Айша» (1999) романдары, шығармаларының төрт томдығы (1990-2000), шығармаларының 6 томдығы, таңдамалы шығармаларының 7 томдығы, «Елім, саған айтам, Елбасы, сен де тыңда» (К. Смайыловпен бірге) (1998), «Бір кем дүние» (2008) кітаптары жарық көрген.
Оның шығармалары КСРО халықтары мен шетел тілдеріне аударылған.
Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қазақстанның Халық жазушысы. «Құрмет белгісі», «Отан (1999) ордендерімен, медальдармен марапатталған. ПЕН-клуб сыйлығының иегері (2003).
Шерхан Мұртаза - Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Республикаға еңбегі сіңген қайраткер. Тәуелсіздік алған тұста Қазақстан Республикасы Парламенттің депутаты да болған. «Қызыл Жебе» атты бес кітаптан тұратын роман-эпопеясының авторы. Публицистика ,эсселері баспасөзде үздіксіз жарияланған.
1.1 Шерхан Мұртазаның редакторлық, басшылық қызметі
Шерхан Мұртаза 1956-1963 жылдары «Лениншіл жас», «Социалистік Қазақстан» газеттерінде тілші, бөлім меңгерушісі – кәдімгі журналист ретінде өз қабілеті мен қарымын танытқан ол 1963-1970 жылдары «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде, 1971-1972 жылдар «Жалын» альманағында (қазіргі журнал), 1973-1975 жылдары «Жұлдыз» журналында, 1975-1980 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының екінші хатшысы, 1980-1989 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінде, 1989-1992 жылдары «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде бас редактор, 1992-1994 жылдары «Қазақстан» телерадио компаниясының төрағасы қызметін атқарды.
Шерхан Мұртаза 1963 (4 маусым) – 1970 (6 қазан) жылдары «Лениншіл жастың» (қазіргі «Жас Алаш» газеті) 28-ші бас редакторы болды. Ол бас редакторлық еткен біраз жылдар ішінде «Лениншіл жас» газеті жарияланымдарының пәрменділігі, айдарлары мен тақырыптарының тапқырлығы ерекше деңгейде көрініс тапқандығын байқар едік.
«Жалын» альманағының алғашқы бас редакторы жазушы Өтебай Қанахиннен кейін 1971 жылғы № 1 -ші нөмірінен бастап Ш. Мұртаза бас редактор ретінде қол қоя бастады. «Жалын» альманағының әрі «Жазушы» баспасының жастар мен балалар әдебиеті жөніндегі Бас редакциясының бас редакторы ретінде Шерхан Мұртаза ең алдымен, әдебиет сынына кең өріс ашты. Баспасөз бар жерде әдеби сын да бар. «Жалын» альманағы кемшіліктерді батыл айтып, әдебиет тағдырына байланысты туған сын мақалаларды батыл жариялады. Редактор Ш. Мұртаза әдеби-көркем сынның өсіп-өркендеуіне өзгеше қуатты ықпал жасайтын күштің бірі – мерзімді баспасөз екендігін аңғарып, альманахтағы «Тураби трибунасы», «Әдеби сын» атты тұрақты айдарлардағы жарияланымдарға баса көңіл бөлді.
Қаламгердің әдебиет сүйер қауымға ықыласты назар аударып, ауқымын да, деңгейін де мейлінше көркейте білген тұсы – әдеби басылым «Жұлдыз» журналының (№ 1 1973 – № 5 1975) бас редакторлығы кезеңі еді. Шерхан Мұртаза бас редакторлық еткен жылдары «Жұлдыз» журналында «Публицистика және очерк» айдарында көркем публицистикаға, очерк жанрына кеңінен орын беріліп, онда республика өміріндегі елеулі өзгерістер мен табыстарының тынысын, еңбеккерлердің қажырлы күресін, еңбек үлесін, шаруашылықтар мен еңбек ұжымдарының экономикалық және әлеуметтік сыр-сипатын ашып көрсетуді басты мақсат етті.
2. ТӘУЕЛСІЗДІК ТҰСЫНДАҒЫ ШЕРХАН МҰРТАЗА ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ
«Дүниеге тәуелсіздік көзімен қарайтын әдебиет керек» - деген еді Елбасымыз
Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Республикасы дербес ел атанып, тәуелсіз мемлекет ретінде өмір сүре бастаған сәттен халқымыздың ұлттық сана-сезімі, отаншылдық рухы дүр сілкінді. Халқымыздың өзін-өзі тануы жаңаша көзқарастармен толығып, байи түсті. Қазіргі қазақ прозасында халық тарихының аса бір елеулі кезеңдері, дара тұлғалары уақыт шындығының мол деректерін негізге алып жазылды.. Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әңгімелерінің көркемдік деңгейін көтеруге Ш. Мұртаза зор үлес қосты. Ш. Мұртазаның шағын жанрды ұмыт қалдырмай, оған өзіндік үлес қосып жүргендігін «Алапар мен Динго», «Бұршақ», «Тәуекел той» сықылды әңгімелері растайды. «Тәуекел той» әңгімесінің атының өзі айтып тұрғанындай, шығармаға қазіргі замандағы бәсеке тойы арқау болған. Бақталастық пен күндестіктің шегінен асқынғандығы сонша той десе жанын салатын қазақ бүгінде дәстүрлі тойларды жоғалтып, тойдың өзін бәсекеге айналдыра бастады. Даңқ пен дақпыртқа мастанған жандардың өзгеден асып түсу мақсатында тойдан кейін қарызға белшесінен батып жатуы бүгінгі күннің шындығы.
Ғасырлар бойы басқыншылық-шапқыншылық соғыстарға, отарлық езгіге, қолдан ұйымдастырылған ашаршылықтарға, босқыншылықтарға, саяси қуғын-сүргіндерге, тағы басқа озбырлықтарға ұшыраса да осы күнге дейін ұлттық бірегей қасиеттерін сақтап, тілін, ділін бұзбағаны халқымыздың тарихи, әдеби шығармаларында көркем шындықпен бейнеленуі аса зәру мәселе екендігі айқын сезіліп келді.
Осы мәселеге қатысты ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың: «Мен өз халқымның көнбеске көніп, шыдамасқа шыдай білетін төзімділігіне қайран қаламын. Мәңгіліктің қатыгез басқыны біржолата шайып әкететіндей талай қилы кезең тұсында қиналса да аман қалыпты. Қазақтар талай жерде тұтасымен қырылып кетуге шақ қалды. Бірақ өмірге құштарлық, азаттыққа құштарлық қайтадан жығылған еңсені көтеріп, тәуекелге бел буғызды». [ 1]
Қазақ халқының басынан өткен тарихи шындығы XX ғасырдың аяғы мен XXI ғасырдың басындағы қазақ романдарында жазыла бастады. Тарихи оқиғалар, ондағы жекелеген тұлғаларды, тұтастай алғанда, халық тағдырын қарама-қайшылықты сипатымен қамту жүзеге асырылды. Аталмыш тақырыптар әдебиеттану ғылымында өзектілігімен ерекшеленеді. Роман жанрындағы күрделі шығармалардың халық тағдырын, тарихи кезеңдер шындығын бейнелеуінен уақыт тынысы, жеке адамдардың, отбасылардың, әлеуметтік ортаның даралықтары мен өзара байланыстары да айқындалады. Қазіргі қазақ романдары-қазақ сөз өнері мұраларының бұрынғы және кейінгі көркемдік дәстүрінің жалғасы. Романдарда ұлттық тарихтың ақтаңдақ беттері қамтылуы, күрделі тағдырлы тарихи тұлғалар мен оқиғаларды әдеби үдерісті талдаудың жаңашыл әдіснамалық әдіс-тәсілдермен қарастыру-үнемі дамудағы ұлттық сөз өнері мұраларын терең тануға, бағалауға жетелейді.
XX ғасырдың 90 жылдарынан бастап тәуелсіз Қазақстанның жаңа әдебиеті қалыптаса бастады. Өзіне дейінгі көркемдік, шеберлік үрдісті озық дамыта отырып, жалғастырды. Қазақ ақын-жазушылары халықтың тарихындағы бұрынғы-соңғы қамтылмаған ақтаңдақ беттерді толтыруға кірісті. Қазіргі қазақ әдебиетіндегі әдеби тек (эпос, лирика, драма) жанрлары әлем әдебиетінің классикалық деңгейіндегі туындылар болып саналады.
Елбасы Н.Ә. Назарбаев: «Елімізге бойын ата-бабамызды ң ел мен жерге деген с ү йіспеншілік қ асиеті дары ғ ан, егеменді елімізге аянбай қ ызмет ететін, ой- ө рісі ке ң , ал ғ ыр да ж ү ректі, сауатты да салауатты азаматтар қ ажет», – деп атап көрсеткені белгілі.
Тәуелсіздік – ғасырлар бойы аңсап келген ата-бабамыздың мұң-шері болып қазақ әдебиетінде таңбаланып қалса, ендігі кезекте сол арман болған уақытты ақын-жазушылар мақтанышпен жырлап жатса, ол мазмұн жас ұрпақтың рухани дүниесінде дер кезінде өз орнын алуы керек.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың: «Сонымен біз тәуелсіз мемлекет құрдық. Өз тарихымызда тұңғыш рет осындай қалыпта, осындай аумақта құрдық. Біздің уақытымыздың бұлжымас фактісі, міне, осы!» [1], – деген сөздері ғалам кеңістігінде уақыт бейнесінде таңбаланып қалған тарихи сөздер
Өз Отанын, туған жерін, елін, барлық қуанышы мен қасіретін таңбалаған Шерхан Мұртазаның ерен еңбектері назар аударуға лайықты .
«Шерхан Мұртаза шығармашылық жұмыстармен қатар Қазақстан Республикасы тәуелсіздігі мен мемлекеттігін нығайту ісіне де белсене араласты. Қазіргі заманның, қоғамдық өмірдің маңызды мәселелерін, ел, жер, тіл мәселелерін көтеретін көптеген мақала-эсселер жазды. Шерхан Мұртаза “Құрмет белгісі”, “Отан” (1999) ордендерімен және бірнеше медальдармен марапатталған. Жамбыл облысының, Тараз және Астана қалаларының Құрметті азаматы» [ 2]
2.1 Ай мен Айша романының негізгі тақырыбы.
«Ай мен Айша» романының бірінші кітабы «Жалын» баспасынан 1997 жылы жарық көрген. Толықтырылып жинақталған екінші томы 2008 жылы басылып шықты. Аталмыш кітап автордың балалық шағы туралы сыр шертеді. Айша – анасының аты. Балалық шағы ІІ-дүниежүзілік соғыспен тұспа-тұс келген Шераға өзінің балалық шағынан сыр шертеді.
Ересектерде сол «балалықтың елінен» келмеген ешкім жоқ. Анадан ешкім сақал- мұртымен тумайды.
Мен де солардың бірімін.
Анамның аты Айша еді.
Аз ба, көп пе- алпыстан астым.
Аз ба, көп пе – ірілі – уақты кітап жаздым.
«Халық жазушысы атандым. Жазғанымның бәрі алтын дей алмаймын. Бірақ солардың көбі және дәмділері тек балалық шақтың нәрінен, балауса балғын шақтың әсерінен туған. Өсе келе көпті көрдім, дүниенің шартарабын араладым. Бірақ соның бәрі де мені балалық шағымдай байыта алмады. Түсімде ылғи туған үйімді көремін. Түсіме ылғи Айша кіреді. [3]
Шерхан Мұртаза «Ай мен Айша» романының «Жолашарында» «бала күнінде көргенін, естігенін» ортаға салғысы келгенін айтады. Ал, шығарманы бастан аяқ оқып шыққаныңда, «Ай мен Айшаның» идеялық-эстетикалық мән-мағынасы әлде қайда кең де терең екеніне көз жеткізесің. Роман қазақ ауылының өткен ХХ ғасырдың отызыншы, қырқыншы, елуінші жылдардағы тұрмысы, ауыр ахуалы, әлсіз үміт жетегінде жүріп, тоталитарзим мен шовинизм қазған ордың жар қабағында тұрса да, құлап кетпей, әупірімдеп күн көріп, не машақаттың барлығымен жансебілдікпен алысқанын суреттейді. Әлі ат жалын тартып үлгермеген жас бала қыл көпір үстінде жүргендей күй кешеді, бірақ тегі мықты, қабылан характерлі ол, әлі келсін, келмесін жамандықтың жағасына жармасады, алысады, жұлысады, қалайда беріспеуге тырысады.
Роман новелла секілді шағын-шағын әңгімелер жүйесінен тұрады. Әрқайсысына оқыс та өткір сюжет, сындарлы композияция тән. Бас-аяғы жинақы әңгімесінде бас кейіпкер Барсхан бастан кешкенін баяндаудан гөрі, көрген-білгенін суреттеуге бейім.
Шерхан Мұртаза «Ай мен Айшаны» жазуға «Қара маржан» романының, «Қызыл жебе» атты бес кітаптан тұратын роман-эпопеяның, көп-көп айшықты әңгімелердің авторы, белгілі драматург, аудармашы, Қазақстанның республикалық жетекші газет, журналдарының, радио, теледидарының абыройлы басшысы болып, Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты аталған соң кірісті. Енді өзі ел тұлғасы боп қалыптасқан кезде туғызды. Сол бай тәжірибенің нәтижесі «Ай мен Айшадан» айқын көрінеді. Шебер қалам жүздеген новелланы шашыратып алмай, үйлесімін тауып, басын біріктіреді.. Бас кейіпкер өмірі барша новелланың алтын арқауы іспетті. Барсхан, қайсар шешесі Айша бұрынғы мекені тағдыр тауқыметімен Мыңбұлақтан Әулие-Атаға барып қоныстанып, бірсыпыра жылдан соң құтты мекеніне қайта оралады.
Барсхан – Шерханның өзі. Яғни прототипі.
Ойына не келсе соны істейтін, жанып тұрған шамның бүйірі томпақ шишасына түкіріп қалып шырт еткізіп сындыратын, сол тентектігі үшін шешесі Айшадан таяқ жейтін бес жасар ойын баласы кенет есейеді.
«Түн ортасы болар, мен Айшаның айқайынан ояндым. Елегізген шынысыз шамның сәулесімен сорайып-сорайып бөтен біреулер көрінеді. Олар Мұртазаны итеріп-итеріп алдарына салып алып кетті. Айша айқайлап арттарынан шықты. Дірдек қағып мен де шықтым. Серейіп-серейіп үш-төрт адам сай жаққа қарай кетіп бара жатыр. Сайдағы көпір сықырлады. Айша сайдың қабағына дейін қалмай барып еді. Мұртазаның даусын анық естідім:
– Қайт! Балалар қорқып қалады! – деді.[ 3]
Түнгі аяз бұл дауысты қайталап шыққандай болды. Сықыр-сықыр дыбыс алыстап, Айшаның аяғының асты ғана қаршылдайды.
Айша есіктің алдында ербиіп тұрған мені көтеріп алып, бауырына қысып, аспандағы топ-толық Айға қарап:
– О, жаратқан, басқа-басқа, мына үрпек балапандай үш нәрестенің не жазығы бар еді? – деді.
Толықсып тұрған Ай бір аунап түскендей болды.
Мен ілезде есейіп шыға келдім.»
Өстіп көркем құрал қуатымен Кеңес кезінің қоғамдық бет-бейнесі жеке адамның тағдыры арқылы ашыла бастайды. Қоғам өмірі кең өрісті суреттелмесе де, бар назар Барсхан мен оның төңірегіне түссе де, баланың ендігі өмірі, қимыл-әрекеті, жан әлемі оны туғызған қоғамдық ортаның тұрпатын, ішкі мазмұнын әшкерелейді. Жеке адамның тағдыры адам өмірі сол қауымның бар тірлігімен қабысып жатқандықтан, замананың эпостық кең құлашты шындығына кенелеміз.
Жазушы бес жасар геройының бұл жолғы есеюінің жөн-жобасын бала түсінігіне шақтап берген. Жүрек шымырлататын, көзге жас алдыратын зардабының бір қырын ғана көрсеткен.
«Мен ілезде есейіп шыға келдім.
Енді мені қорғайтын Әке жоқ екенін сұңғылалықпен сезіп қойған сияқты едім.
Жаңа ғана жарқырап тұрған Ай бұлттың ішіне сүңгіп кетті де, жетімдіктің алғашқы түні жан-жақтан қаптап келе жатты.
Айша мені жетім қалған үйге жетектеп кіргізді.
1937-жылы жалмауыз жыл еді.
Қанатына қырау қатқан жас балапан мен едім.
Енді асықтан ұтыла беретін болдым. Бұрынғыдай ешкім болыспайды».Аталмыш романды оқып отырып осы тұста шерханның әкесі Мұртазаны 1937 жылы «халық жауы» болып Итжеккенге айдалып кеткенін аңғарамыз. Бес жасар ойын баласын өмірдің өзі ерте есейтеді.Бала әкесінен айрылды. Бұған дейін «Қарны тоқ, қайғысы жоқ, киімі бүтін бес жасар ойын баласы» еді. Ауыл ағайын енді қырын қарай бастағанын бірден сезеді.
Талай отбасын әкесіздік зұлматына ұшыратқан жалмауыз 37 ғой, Құдайға шүкір, келмеске кетті. Бірақ, әкесіздік ағызатын көз жас тиылды ма? Тәуелсіз елдің некеге отырған жастарының жарымына жуығы айырылысып жатады. Тіпті балалы-шағалы болып қырқылжың қырықты жинаушы кей жігіттер балаларын, кішкентай періштелерді мөлитіп әкесіз қалдыруда... Әкесіздікті романының өзегі еткен жазушы қайдағы жоқты айтып отырған жоқ. Өткен қу жетімдік балалық шағын суреттеу арқылы бүгінгі қарадан қарап жүріп әкесіздік атты жұт шақырған ахуалға қатты ашынатынын білдіріп отыр. Ел мүддесін бәрінен жоғары қоятын тұлғаның ісін істеген.
Айша – батыр да, тұлға да емес сияқты. Былай қарағанда, қатардағы еңбекші. Тапқан еңбек күніне тым құрса тіске басатын қорек тимейді. Колхоздың күңі. Үй-мүлкін сатады, аннан-мұннан тасынады. Балапандарын қыт-қыттап жаны қалмай дән тауып асырап жүрген тауық тәрізді. Үй іші қамында жүрген адам. Бірақ қазан-ошақ қасынан шықпайтын ақжаулыққа да жатпайды. Түптеп келгенде, Айша – ірі типтік образ. Күні кеше ер адамдар майданға аттанды. Сонда бір жағы бала-шағаны, екінші жағы майдандағы жауынгерді кім киіндіріп-ішіндірді? Даусыз ақиқат: негізінен әйелдер. Сондай әйелдердің жуан ортасынан роман кейіпкері Айшаны да көреміз. Бұл жарқын бейнеден ержүректіліктің де, қамқоршыл тұлғаның да сыпаттары ұшқындап тұрады.
Романда Айша образы әр қырынан мүсінделген. Балаларын ғибратты аңыз, ертегі айтып ұйықтатады. Бұл жағынан ол – сұңғыла тәрбиеші. Қаршадай ұлдарының қиялына қанат байлайды, жүрегіне адамгершілік сезім ұялатады. Ана байғұстың бала-шағасына жасаған қай қамқорлығын айтып тауыса аласың. Барсханның өжеттігі, не озбырлыққа көнбейтін, ешкімге есесін жібермеуге тырысатын қайыспас мінезі шешесіне тартқан. Автор анасының биік қасиеттерін белгілі бір оқиғадан туғызып бейнелейді, құр мадаққа бармай, үлкен такт, көргенділік әдеп сақтай отырып кескіндейді. Барсханның сүндетке отырғызылатын, бір жағынан күлкі шақыратын жайымен байланыстыратын оқиға айтылғанға айқын мысал.
Барсхан Айшаның алмастай кеспе-берен мінезінен ғана қаймығады. Шүмәтайының ұшын кертетін «хирургтің» қолына түсіп қалғанының көп себептеріне тоқтала келе, шешесінің мінезін бөліп айтады. «Айшаның айтқанын істемей көр. О, оны сіздер білмейсіздер. Ол бурыл тайдың үстінде жарбиып отырған мен тұрмақ, зіңгіттей Тасбет маңқаның өзін аттың үстінен түсірген. Тасбеттің өзінен де бар. Дереу тілдейді. Атаңа нәлет дейді. Құлақтың қатыны дейді. Халық жауының қатыны дейді. Айша бір шыдайды, екі шыдайды, тіптен болмаған соң, қызыл қырманның басында, шаршы топтың көзінше Тасбетті аттың үстінен тулақтай жұлып түсірген ғой...»
Сталиндік репрессия, тоталитаризмнің басқа да қызыл танау науқандарын жүзеге асырғанда әрдайым асыра сілтейтін, күн бір жауса, терек боп екі жауатын белсендизм болса, Тасбет бригадир сол ел, ұлт мүддесіне әрдайым қайшы іс істейтін кертартпалардан. Есімі де классицизм ағымын еске түсіретін үлгімен тауып қойылған. Жұртқа жаны ашымас қаражүрек.
Романның әр новелласы сайын айналып соғып отыратын және бір тұрақты кейіпкері бар. Тұманбай ақынның «Екі жұлдыз, екі бақыт көктегі, төбемізде тұрып алды кетпеді» дейтін өлеңіндегідей, аспан әлемінен. Жансыз болса да, жандыға есе бермейтін, шығарманың құлашын жазып, жаһанмен жалғастыратын образ – көктегі Ай. Шерхан романының аталымына кездейсоқ кірмеген. Ай мен Айша – екеуі де Барсханның балалық шағының жұлдыздары. Тұлғалыққа баулитын мектебі. Айдың Айшадан айырмашылығы, өзегі талып аштықтан кірпігі айқаспай жатқан Барсханды аяғанымен, жылуы жоқ. «Құр аяныш ауқат емес». Бір жақсысы, Ай мінезі аумалы-төкпелі. Айша мен Барсханның көңіл күй-жайына байланысты құбылады. Араға төрт жыл салып, туған жері Мың-Бұлаққа қайта көшіп келгенінде Ай мейірлене бастағандай көрінеді.
Мың-Бұлақ – тағы бір рәмізді образ. «Мың-Бұлаққа жетіп өлсем арманым жоқ». Бұл – Мұртазаның сөзі екенін Айшаның құлағына жеткізген Сібірден аман-есен оралған Жайлау деген кісі. Айша мен Барсхан Мың-Бұлаққа қайта оралғандарына мәз. Бұдан былай «кірме» аталмайтындықтарына қуанышты. Барсхан туған жерінде бір түнеп, оқуына оралады. «Алдымда – Әулие-Ата». Осы үмітті екі сөзбен роман аяқталады.
Қазіргі замандағы әдебиетте әжелер мен аналар жайында қалам тартқан жазушылар ішінде Шерханның алатын орны ерекше.
«Оның шығармаларындағы басты ерекшелік: адам баласының жан күйзелісін, ыза мен кектен тығырыққа тірелер шарасыз күйін аса шебер сүйреттеуі; қазақы мінез-құлық пен табиғат көріністерінің адам жанымен астасып қаз-қалпында сөзбен бейнеленуі. Жазушы шығармаларында философиялық тұжырымдар жасамайды немесе ұнамсыз құлықтарды шымшылап әзіл-оспақтың астына алмайды, кейіпкерлерін көркемсурет галереясындағы көріністей көз алдыңнан тізбектейді».[4.81 б.]
Егеменді ел болып, еңсе тіктеген жылдары Шерхан ағамыз шығармашылықтың шыңына шықты десек те болады. Бірқатар шығармалары шыға бастады. Солардың бірі – жазушының өз анасы жайында «Ай мен Айша» шығармасы.
«Ш.Мұртазаның «Ай мен Айша» романы әуелі «Жалын» журналында (1995,№5-12) жарық көріп, әдебиет сүйер қауымнан жақсы бағасын алды. Бұл өмірбаяндық шығарма. Ол: «Сен қайдан келдің ?- дегенде бір данышпан: - Мен Балалықтың елінен келдім,- деген екен», - деп басталады. Ендеше, біздің автор да сол балалыққа саяхат жасап, кіндік қаны тамған, балалық шағы өткен сол туған еліне сапар шегеді.
«Түсімде ылғи балалық шағымды көремін.
Түсімде күн сайын Мыңбұлақ кіреді. Түсімде Ақсу-Жабағылыны көремін.
Түсімде ылғи туған үйімді көремін.
Түсіме ылғи Айша кіреді. Мұртаза сирек кіреді, өйткені ол кеткенде, мен бес-ақ жаста едім. Елесі еміс-еміс қана» - деген лирикалық кейіпкер дүниенің төрт бұрышын араласа да, қандай сұлу табиғат, бай елде болса да, ол үшін Ақсу-Жабағылының орны бөлек».[4.656-657б.]
Бұл романын ата-бабасының, Айшаның аруағына сиына отырып бастайды. Жарын халық жауы деп айдап алып кеткен соң, үш баласын жетілдіру мен заман тауқыметі өз басына қалған ана өмірі көркем суреттелген. Өмірінде талай қиыншылық пен азапты көргенмен ана жүрегі болашақтан тек жақсылықтан үміт күтеді. Бала Шерханды балалары үшін отқа түскен анасы алдындағы қарыздан қалай құтылам деген ой ертеден-ақ мазалаған еді:
«Ал мен болсам жатып аламын да ойланамын: анасы үшін о дүниедегі балалар отқа түсе жаздағанда, бұ дүниедегі біз сияқты пәндалар не бітіріп жүрміз ? Не жақсылық жасадық анамызға ?!
Мен паркке бара жатқанда, Қазыбек би көшесі мен Қонаев көшесінің қиылысында бір мәшке итті машина басып кетті. Жаңадан күшіктеген екен. Күшіктері арыққа төселген құбырдың ішінде қалған. Машина соларды таптап кетеді-ау деп, ана сорлы моторлы тажалға қарсы ұмтылған.
- Ана сүтін ақ ішкен адал ұлға, Дүниенің төрт бұрышы болар тұлға!- дер еді Айша...
Ана қарызынан қалай құтыламыз?!»[5. 99 б.]
Айша балаларына әрі ана, әрі әке, әрі әже болған нар адам болған.
«Сонда үш жетімін ұйықтату үшін, Айша неше алуан ертегі, қиссаларды айтады. Біз үшін бұл бір қадір түндері – Алланың ақ нұры жауған түндер. Анда –санда Айша осылай өзгереді. Ұзақ түнде бізге әр түрлі әңгіме айту арқылы өзі де азаптан арылып, уайымы жеңілдеп қалатын сияқты».[5.32 б.]
«Ізбайша, Әзиза, Айшалар – құдай қосқан қосағынан ерте айырылып, өмірдің бар тақсіретін тартқан тауқыметі көп, балалары үшін жанын отқа да, суға да салған итжанды аналар.
Романға нәр берген бір жетістік – ұлттық характерге мән беру. Қазақ халқына ғана тән ұлттық ерекшеліктер жазушы кейіпкерлерінің бойынан көптеп кездеседі. Қазақ әйелдерінің ата-ене, өзінен жасы үлкен қайынаға, абысынымен бірге қайын сіңлі, қайын інілердің атын атамай, оларға ат қоюы, не болмаса бас әріпін өзгертіп айтуы –ұлттық әдет-ғұрыпымыздың бір нышаны. Айшаның ата-бабадан қалған керегені отқа жақпай сақтауы, елден кетерде бүкіл аруақтан кешірім сұрап, шаңырақпен қимай қоштасуы, «Мына иесіз қалып бара жатқан шаңыраққа бас-көз болып жүрерсің» деп, иесіз үйді көршісі Баянға тапсыруы – кие тұтқан шаңырақты қандай жұт келсе де, көздің қарашығындай сақтау біздің ұлтымызға тән қасиет екендігін көрсетеді. Үйдің оты сөнуін шаңырақтың шайқалуына балайтын қазақтың от анасын қадірлеуі – бес жасар Барысханның ойнап келіп, жетілік шамға түкіріп, отты өшіре жаздағаны үшін оңбай жазалануы арқылы бейнеленген.
Көркем шығармаға аңыз-әңгімелерді, ертегілерді енгізу – қазақ прозасының табысы. Ал «Қоңыраулы еліктер», «Жалаңаш қасқыр» аңыздарына жан бітіріп тірілту арқылы ізгілікке тәрбиелеуге көңіл бөлу – жазушы жетістігі. Ұзақ түнді қысқартып, аш құрсақ балаларды алдандыру үшін айтқан Айшаның аңыздары, ертегілері – атадан балаға жалғасып келе жатқан рухани мұрамыз. Оның ата-бабалары, туған жер, тарих туралы әңгімелері болашақ жазушыға таусылмас қазына болғаны рас. Бұл романда көп кітап оқып, көп білгендіктен «молда» атанған Мұртаза мен әңгімешіл, ақынжанды Айшадан туған Барысханның Махамбеттің «Қызғыш құсына» еліктеп шығарған тырнақ алдысы да сол тұстағы зұлматтың тепкісін әшкерелегендей.
Шығарманың шешімі – Айшаны елден безуі. Оны елден, туған жерден, ата-баба қонысынан бездірген Тасбет пен Жуанқұл. Олар- кешегі Рысқұлды елден бездірген Дауылбай мен Саймасайдың жалғасы».[4. 658-659 б.]
Бал балалықтың дәмін татып үлгермеген бұл шығармалардың авторлары үшін аналары мен әжесінің аяулы алақаны жанға дауа, тәнге шипа болғаны шығармаларынан-ақ көрініп тұр. Адам өміріндегі ең тәтті кез осы балалық шақ болса, оны еске ала шығарма жазбаған жазушы кем-кем шығар. Ұрпағына осы кезеңде қазақи тәрбиені үлестірген ана мен әжеден айналарсың. Мүмкін бұл әрекетті уақытысында жасағандықтан, қазақтың маңдайына біткен әдебиеттің майданында өз орны бар азаматтары бүгінгі дәрежеге жеткен шығар
2.2 Еліне айтып Елбасына тыңдатқан қайраткер.
Қазақ баспасөзінің қара шаңырағы «Егемен Қазақстанда» аракідік жарқ ете қалатын жарияланымдар оқырманды елең еткізді. Соның нақты бір мысалы, жазушы Шерхан Мұртаза мен публицист Камал Смайыловтың республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің беттерінде 1996-1997 жылдары жарияланған хаттар циклы. Бұл хаттарды қазақ эпистолярлық публицистикасының классикалық үлгісі деп сеніммен айтуға болады. Ол хаттар кейіннен «Елім, саған айтам, Елбасы, сен де тыңда» деген атпен жеке жинақ болып та шығып, одан кейін екі қаламгердің де таңдамалы шығармаларының көптомдық жинақтарына енді. Бір айта кетерлік жайт, хат жазысқан екі адамның ойлау дәрежелері мен ақыл-білімінің қарайлас болғаны оқырманды да желпіндіріп отырады. Біреуінің ойы екіншісінікінен әлдеқайда асып кетсе, бесті мен құлынды жарыстырғандай әсер қалар еді. Ал, мына, жағдайда екі қаламгер ауыздықпен алысқан қос сәйгүліктей бір-бірімен тең дәрежеде пікір бөліскен. Шерхан Мұртаза белгілі жазушы болғанымен білімі мұхиттай терең Камал Смайыловтың эрудициясын мойындап әрі шын пейілімен атап көрсетіп,ризалығын білдіріп отырады. 1996 жылғы 12 шілдеде жарияланған «Алтын сандықтың кілті кімде?» атты хатында Шерағаң бүй дейді:» Камал дос! «Егемен Қазақстанда» жарық көрген «Қазақстан. ХХІ ғасыр» атты көлемді мақалаңды оқып, (25 маусым, 1996 ж.) көңілім әр саққа жүгірді.Бір себептен сүйсіндім. Бір себептен…күмәндімін.
Сүйсінгенде, алғырлығыңа, журналистік тапқырлығыңа сүйсінемін. Біз болсақ «Қазақстан ұлан-байтақ, Қазақстан бай» деген жалпы ұғыммен сөйлейміз. Сен болсаң, сол байлықты нақты цифрлармен сөйлетесің. Цифрлар сенің құлдыраңдап жүгіріп жүрген жиендерің сияқты. Тіпті, жердің жеті қат астында жатқан байлықтың бәрін грамдап өлшеп, есеп-шотты сарт-сұрт еткізіп, тиынына дейін шығарып қоясың. Сөйтесің де «Қазақстан қазба байлықтары – 10 триллион доллар!» деп бір-ақ тоқ еткізесің» [7.257-258].
Келесі хатында Камал Смайылов өзіне тән зеректікпен, энциклопедиялық білім тереңдігімен оқырман қауымға өте қызықты ақпараттарды жайып салған. «Дос Шерхан! Сенің «Егемен Қазақстанда» «Қазақстан. ХХІ ғасыр» атты мақалама байланысты хатыңды мұқият оқып шықтым. Осындай бір күдік-сұрақтың сенің тарапыңнан болатынын сезіп жүр едім. Сен бұдан бұрынырақта бір жерде «Қазақстан жері миллиард адамды асырай алады» деп айтқанымда, «О не дегенің, оны білсе, андыздап отырған көршілер лап беріп, бас салатын болады!» деп қорқыныш айтқансың. Шынында, бұл – Біріккен Ұлттар Ұйымы мамандарының ғалымдар берген деректер негізінде жасаған қорытындысы. Осыған орай тағы бір дерек бар. Біздің қазіргі Жер-Анамыз (сен өте аянышты жазғансың оның жәйін) кемінде 20-30 миллиард адамды асырай алады және де тамағын тоқ, көйлегін көк етіп, жарасымды тіршілік жасауға мүмкіндік береді екен. Адамдардың ақылы жетсе, саясаткерлердің рахымы болса, жердің жомарттығында шек жоқ. Бұл аңқылдаған ақкөңіл оптимизм емес, кәдімгі нақты есеп, дерек. Иә, бұл – мүмкіндік, ал оны жүзеге асыру басқа мәселе», – деп көшелі ой-толғамдарға жетелейді әріптесін [7.260-261] дейді.
Шерағаң «Алтын сандықтың кілті кімде?» атты хатында жер мәселесін жүрегі қан жылап отырып жазады. Мына жолдарға назар аударалық: «Мысалы, Ресейге жалға кеткен Байқоңырдан қазір оқтын-оқтын, еміс-еміс бір ызалы, өкінішті үндер естілгендей болады. Ата-бабасынан бері қарай мәңгі-бақи сол жерде өмір сүріп келе жатқан қазақтарға Ресейдің азаматтығын алмаса, жұмыс бермейтін көрінеді. Өз елінде, өз жерінде отырып Ресейдің азаматтығын ал, әйтпесе, қайқайып тұр. Екінің бірі. Мүмкін, сенде басқа деректер бар шығар. Лайым, менің естігенім қате болғай» [6.258], – дейді тебіреніп.
Елдік мәселелерді еркін талдаған екі журналист-жазушының үнқатысуларын оқып отырғанда бір-бірлерінің ой-пікірлерін толықтырып, шыңдап отыратынын аңғару қиын емес. Эпистолярлық публицистиканың басты ерекшеліктерінің қатарынан саналатын бұл түйінді жайт Ш.Мұртаза-К.Смайылов «дуэтінің» ерекше бір артықшылығы деуге толық негіз бар.
«Елім, саған айтам, Елбасы сен тыңда» тақырыбында жазылған Камал Смайылов екеуінің хаттары журналистика әлеміне тың жанрды енгізді. Қос журналист азаттыққа оңай жетпегенімізді, ендігі мақсат тәуелсіз елдің тұғырындағы көк туды құлатпауды ертеден ойлады. Халыққа елдегі болып жатқан өзгерістерді іштей бұқпай, керісінше жазып, айтты. Сол мәселелердің шешімін табуға тырысты. Бұл еңбекте «Журналистің мақсаты- қоғамдық маңызы бар мәселелерді қозғау, көтеру, ел назарын соған аудару, ал содан нақтылы қандай істер, нәтижелер шығатыны сол іс басында отырған адамдардың ой –өрісіне, қабілет қимылына байланысты » - деп Камал Смайылов журналистің нақты қалай жұмыс істеу керектігін жазды. Сондықтан екі нар тұлғалы азаматтар бұл еңбекте елдің дамуы үшін қандай іс – әрекеттер жасалу керектігін айқын дәлелдеп берді.
«Тәуелсіздік – жаңа шығып келе жатқан күн. Елдің емес, жас мемлекеттің емес, өз қарақан басының қамын ойлаған жемқорлар, парақорлар,Қазақстан байлығын талан таражға салған сатқындар! Жаңа шығып келе жатқан Күнді көлегейлеп, бұлтпен бүркемелеп, тұмшаламандар - деп Шерхан Мұртаза елдегі болып жатқан әділетсіздіктерге бейжай қарап отыра алмайтындыға көрініп – ақ тұр. Камал Смайылов екеуі бастаған бұл игі мәселеге елім деп жүрегі соққан әр азамат «Егемен Қазақстан» газетіне жауаптарын жаза бастады.
«Тек адамдар имансыз болмаса екен. Әркім атақ-дәреже, мансап дегенді өз бойына, өз ойына, талант – талайына шақтап өлшесе, нысап деген қасиетті ұғымды ұпытпаса деймін ғой. Әйтпесе, қазір көшеде келе жатып, абайламай, біреумен қақтығысып қалсаң, академик болып шығады. Анау да академик, мынау да академик. Үлкен де академик, кіші де академик. Мейлі ғой, қызғанбайық. Бірақ, бұл ғылымдағы инфляция ғой. Осыны неге түсінбейді «академикті» оңды солды үлестірушілер? «Академик» деген атаққа шыннан лайықтымын ба?деп бір сәт неге ойланбайды атақ- дәреже алушылар? Неге көз алдарына Мұхтар Әуезовті, Қаныш Сәтбаевты елестетпейді бір сәтке? Өз шама-шарқын солардың ұлылығымен, даналығымен неге ойша салыстырмайды? Біле білсе, оңай академиктер қорлады ғой ғылымды да, ұлыларды да - деген сөзі ғылыммен тек қабілеті бар жандар айналысу қажет екендігін өз сөзімен дәлелдеп отыр. Ғалымдар, академиктар қоғамда көп болғанымен өкініштісі ашқан жаңалықтары аз. Бүгінде Ш. Мұртазаның көтерген мәселесі қазіргі күнге дейін шешімін таппай келе жатқаны көңілге қаяу салады.
«Қазақстан – бәріміздің ортақ үйіміз.
Кім үйін лас ұстағысы келеді дейсің?!
Ортақ үйдегі әр азамат таңертең ұйқыдан тұрғанда: Үйімнің таза болуы үшін мен бүгін не істеуім керек? – деп түрегелсе, ұйқыға жатарда: Үйімнің таза болуы үшін мен бүгін не істедім?- деп жатса»
Ал жеке басынан бұрын халықтың, елдің жағдайын ойлау қажет екендігін Шерағаңның осы бір сөзінен аңғарамыз. Бір сөзінде «Заңның азы, орындалуының көбі лазым. Әйтпесе не, Конституцияда да, заңда да жазылған. Адам еңбегін қанауға болмайды. Адам еңбек етті ме – ақысын алсын! Бұл қағида қасиетті Құран –Кәрімде де айтылған» - деген сөзінен әділетті адам екені аңғарылады.
«Елге оралған ағайынға жылу беру – ата – бабамыздың адамгершілік дәстүрі. Жылу беру- қайыр –садақа емес,ағайынның жанын жылыту,ұясын жылыту деген ұғым. Сонда ертең сен жаурасаң, ол сені жылытады. Ұлттың бірлігі, бауырмалдығы осындайдан құралады.» – осы сөз қоғамды бауырмал болуға үйретеді. Абай Құнанбайұлының «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» - деген өлең шумақтарындай жазушы Шерхан Мұртаза адамзатты бірлікке шақырады.
«Бала проблемасы – мемлекеттік тұрғыдан алғанда, әсіресе, біз үшін өте өзекті мәселе. Соңғы жылдары қала тұрмақ, ауылда да бала өсімі азайып кетті. Әрине, заманды тұрмыс билемей қоймайды. Ал, тұрмыстың нашарлағаны жасырын емес. Сан жағынан өскеніміз жақсы. Ал, сапа жағынан ше? Нашар тұрмыстан дүниеге нашар бала келеді. Ол аурушаң, әлжуас. Оның үстінде адам өзі қолдан жасаған экологиялық апаттардың бала тууына ғаламат залалын қосыңыз»
Шерхан Мұртаза очерктері.
Ш.Мұртаза қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар, жазушылық пен журналистік тізгінді қатар алып келе жатқан дара тұлға. Шерхан Мұртазаның шығармашылық пен қайраткерлік жолы қазақ журналистикасы арқылы қалыптасып, сол арқылы оқырманға танылған. Қырық жылдан астам уақыт қаламын қолынан түсірмеген майталман жазушы ел өмірі, ұлт тағдыры, тұрмыс-тіршілігі, жақсысы мен жасығы туралы кестелі ойларын ортаға салып, қазақ әдебиетіндегі публицистика жанрының қанат жаюына сүбелі үлес қосқан бірегейлердің бірі. Автордың публицистикалық жанрда жазған еңбектері алдымен баспасөз бетінде жарияланып, кейіннен әртүрлі жинақ болып жарық көріп келген. “Алғашқы қадамы” 1958 жылы “Құрылысшы Дәку” атты очерктер жинағынан бастау алса, 1990 жылдары “Жазушы” баспасынан “Не жетпейді?” атты таза публицистикалық туындыларын жинақтайды. 1998 жылы “Қазақстан” баспасынан “Елім саған айтам, Елбасы, сен тыңда!” атты эпистолярлық жанрда жазылған кітабын оқырман қауым жылы қабылдады. Жазушының бұл кітаптарындағы очерктерінің өзегі – өмірлік қым-қиғаш оқиғаларды жедел таразылап, саралап, сыни көзбен ақиқат безбеніне салып игеруге күш-қуат жұмсағаны айғақ. Шерхан Мұртазаның шын мәніндегі көркем очерк талаптарының биігінен танылған туындылары баршылық. Соның ішінде Шыңғыс Айтматовтың 60 жылдығына арнап жазылған “Шыңғыс және шындық” атты көркем очеркінде жазушы оқырманын кейіпкерімен былай таныстырады: “Адамның бойы таудан аса алмас. Ал сол асқарлардан асып көрініп, бүкіл әлем таныған, талантына таңырқаған адам бар. Ол – Шыңғыс Айтматов” [8,90],- деп жазушы өзі берген баға, ой-пікірге жауапкершілікті өз мойнына алады. Ш.Айтматовтың “Ақ кеме”, “Әселім”, “Ботакөз”, “Боранды бекет”, “Жан пида” шығармаларындағы Қазақстанға байланысты тұстанына очеркші ерекше мән бере отырып, заңғар жазушының бауырмалдығын, ұлы парасаттылығын көсемсөз құдіретімен жеткізеді. Очеркші Ш.Айтматовтың көтерген өзекті проблемаларының бірлі-жарымына ғана тоқталады да, әлем, адамзат алдына қойылған сансыз сұрақтар тұрғанын нақты мысалдармен ашады. Адамзаттың өз тарихын, ата-баба дәстүрін, тілін, салт-санасын ұмытуы мәңгүрттік екенін, Айтматовтың пайымдауынша бұл ұлттық трагедияға ұрындыратын үлкен қауіп өз арамызда екендігін оқырманына қарапайым және түсінікті тілмен жеткізе білгендігін жеріне жеткізе суреттеген очеркист біраз көркемдік құралдарды пайдаланған. Соның ішінде ұлы жазушының әдеби портретін нанымды жасап, жазушы қауымның қиын да қызықты еңбегін өрнектейді. Бұл очерктің жазылу әдісі де өзгеше. Автор Шыңғыстың Қазақстанмен байланысы, туыстығы, қазақ өмірі мен қырғыз тіршілігі арасындағы ұқсастықтарды салыстыра сыр шертеді. “Fабит Мүсірепов - тәлімгер” деп аталатын очеркінде Ш.Мұртаза: “ ... ол қаламгерлікпен қатар азаматтық, қоғамдық, тіпті мемлекеттік міндеттерді қатар алып жүрді. 1924 жылы, яғни 22 жасында Fабең Темірбай деген сыншыны мақтамен байыздайды. Темірбай сыншы “Ақжол” газетінде Сәкенге жала жауып, қодаршылап кеткен екен. Fабит Мүсірепов “Қисық сынға әділ төре” атты мақаласында сол кездегі қазақ қауымына, тіпті қазіргілерге де баспасөз Батыраштың балтасы болмауы керек екендігін, сын деген бет тырнасу емес екендігін үйретеді. Әділ сынның үлгісін көрсетеді” [8,109],- деп Fабиттің жиырма екі жасында-ақ әділеттің ақ боз атын мінгендігін, қазіргі жазушы, сыншыларға дәл осындай жағымды белсенділік жетесе бермейтінін ӛкіне айтады. Ш.Мұртаза осы очеркінде F. Мүсіреповтің жастар тәрбиесіне үлкен мән беріп, болашақтың тағдырын сергек қарайтындығын, жастар шығармашылығымен танысып, таланттың аяқ алысын жіті байқап, бірсыпыра қаламгерлердің қанат жаюына мұрындық болып жүргені жайында да тебірене баяндайды. Автор Fабит Мүсірепов бейнесін сомдауда тіл туралы тұжырымдарына, хас талантты тани білетін көрегендігіне, бүкіл шығармаларының өмірі әдемілікке, сұлулыққа қызмет етіп келе жатқанын рет-ретімен шебер суреттеу арқылы өнегелік, тағылымдық танытқан. Очеркистің Fабит Мүсірепов бейнесін сомдаудағы үлкен табысы – әдебиет алыбының өзі қандай таудай болса, жүрегінің де сондай нәзік, сұлулыққа ғашық жан екендігін тап басуы дер едік. Публицистің “ Тұрар Рысқұлов” атты өмірбаяндық очеркінде алаш азаматының өнегелі өмірі, сыр-сипаты, характер ерекшелігі, рухани көркі әдемі ашылады. Тұрар Рысқұлов кім ? Оның есімі халыққа, қазіргі ұрпаққа несімен қымбат ? деген сауалдарға жауап беретін бұл очеркте өмір фактілеріне көркем-публицистикалық талдау жасала отырып, фактінің табиғатын, идеялық мағынасын, әлеуметтік маңызын ашып көрсетуге қол жеткізген. Очеркист Тұрар Рысқұловтың табиғатынан ерекше туған жан екенін, миллиондаған халықты апаттан аман алып қалу үшін жеке басын қатерге тігіп, ұлы қайрат көрсеткен кезеңдерін: 1918-1919 жылдардағы Орта Азия мен Қазақстанда үлкен аштық болып, аштықпен күрес комиссиясын басқарып, халықты жаппай қырылудан алып қалғанына, адал, іскер, көреген басшы бола білгендігіне нақты дәлелдер келтіре отырып, көркем- публицистикалық байыпты талдау жасайды. Тарихтан белгілі екінші аштық 1932-1933 жылдары жаппай коллективтендіру кезіндегі аштықта да Тұрар халық жағында болып Сталинге хат жазуы, ол хатта қазақ халқының басына тӛніп отырған қауіпті бұлтартпайтын факті, құжаттар батылдықпен ашына жазылғаны да ашық әрі нанымды баяндалады. Бұл өмірбаяндық очеркте Ш.Мұртаза фактілер мен құбылыстарды тірнектеп жинап, алаш ардагерінің өмір жолы мен халық тағдырын бір арнада қиыстырады. Жазушының тағы бір очеркі - “Нұқ пайғамбардың кемесі” деп аталады. Мұнда негізінен кейпкер де, характер де жоқ, сюжетсіз очерк түріне жатады. Шығарманың көтерген негізгі тақырыбы – Адам баласының бүгінгі өмірі. Жердің жағасын жыртып, көйлегін айырып, әбден абыройсыз халге жетіп, азып-тозып бара жатқанын очеркші қынжыла отырып айтады. “... Павлодар облысында тұтас бір аудан Ермак атымен аталып, сол аттас қалада Ермакқа орасан ескерткіш орнатылар ма еді? Және оның тұғырына: “Ермакқа дән риза ұрпақтарынан!” деп тасқа қашап жазылар ма еді? Ал “ұрпақтары” – кешегі тың игерушілер ғой. Бірақ олардың ұраны : “Тыңды игерейік !” емес, “Тыңды бағындырайық !” болды. Тың – дегеніміз – жер. Жер дегеніміз – Ана. Ал анасын бағындыратын адам бола ма екен? [8,247],- деп тың игеру кезінде жіберілген асыра сілтеушілікке сын айтып, олқылықтың жіберілу себептерін аша отырып, “Тың эпопеясы ” деген даурықпа кезеңде бетегелі белдер, көделі жерлер, мың-миллион шүйгін жайылымнан қазақ халқы айырылып қалғанына өкініш сезімін өзек еткен. Бұл очеркте тек қазақтың жер мәселесі ғана емес, сол “Тың эпопеясы” тұсында жүздеген қазақ мектептері жабылғаны, жергілікті қазақ халқының әдет-ғұрып, салт-санасы, ұлттық қасиеті де топырақтың құнары кеткен сияқты қақырап бара жатқанын жазушы нақты мысалдармен жеткізеді. Семей маңында 40 жыл бойы атом бомбасы жарылып келгені, Аралдың құрып бара жатқаны, адамдардың астамдығының, тасыраңдығының нәтижесі екенін қаламы қарымды публицист кесек пайымдаулармен баяндап, сүбелі тақырыптарды көркем түйіндеп, өмір ақиқатын жинақтап, қорытудың үлгісін жоғарыдағы очеркінде көрсетеді. Жазушы журналистің әрдайым жол үстінде болуы заңды құбылыс. Шерхан Мұртаза қырық жылдан астам журналистік қызметінде талай жердің топырағын басып, талай елдің дәмін татқан қаламгер. Солардың санаулысы ғана жолсапар очерктеріне өзек болған себебі де ізденімпаздығынан болса керек. Соның бірі «Абай сәулесі» деп аталатын жолсапар очеркінде автордың әр сөзді орынды пайдаланып, көркемдік қолданысты дәл тауып, айтайын деген ойын жылы сезіммен, аңғарымпаздықпен жеткізген деуге болады. « ... Егер әркім Абай арқылы ақылына ақыл қосса; көз нұрына нұр қосылса; сезімін байыта түссе; жан дүниесін, рухани әлемін рахымдандыра берсе – шіркін, онда арамызда арамдық, арызқойлық, қызғаныш, такәппар- тақастық, өтірік-өсек, жала-қорлық, тағы не бар - барлық жағымсыз қылық арамыздан әлдеқашан аласталар еді...»[8,146],- деген очеркистің ой ұшқырлығымен, ой-түйіндерінің бірегейлігіне тәнті боласың. Қоғамдық ойшыл, халық мүддесінің жоқтаушысы Абайдың 150 жылдық тойы әлемдік деңгейде өтетініне осы очеркінде болжам жасаған Ш.Мұртазаның шексіз оптимизмі мен көрегендігіне де куә боламыз. «Абай сәулесі» шығармасында жолсапар очерктеріне тән көзге түскеннің бәрін тізе бермейді, керісінше Жидебайдағы қазіргі Абай музейінің жайы, Қарауылдағы салтанатты жиналыс, терістіктегі Ақшоқы тауының әсемдігі, Еңлік-Кебек ескерткіші басындағы очеркистің әсері өзек болады. «Естен кетпес Эстония сапары» жолсапар очеркінде жасыл аралдар мен қалың ормандар, егістік алқаптар, Эстон халқы мекендейтін жанатты жер жайлы мол мәлімет, деректер арқылы көрініс тапқан. Қазақ халқы мен эстон халқының тағдыр ұқсастығы салыстырыла тартымды баяндалады. «Арасын бес-алты мың шақырым алыстық бӛліп жатқан екі республиканың ауа райы екі басқа. Эстонияда ылғал көп. Мұның залалды жағы да жоқ емес. Ертеде мұнда өкпе ауруына шалдыққандар көп болған. Туберкулезді дәрігерлер жаза алмайтын кезде бұл ауру нағыз тажал еді. Енді ол қауіп жоқ. Медицина туберкулезді жеңіп шықты»[8,202]. Бұл жолжазба ерекше ықыласпен оқылатын және Эстон жері мен халқының дәстүрлері туралы толық сипаттама бере алған, деректері көп, тартымды очерк деуге болады. Шерхан Мұртазаның «Париждегі қазақтар» атты туындысы жолсапар жазбаларының ішіндегі үздігі. Аса бір тебіреніс, шабытпен жазылған бұл очеркінде жазушы әлемдік өркениеттің бесігі – Париждің өмірімен қоса ондағы қазақ отбасыларының тіршілігінен хабар бере отырып, олармен жүздесу және қоштасу сәттерін жазғанда әр қадамын ежіктеп, көрген- түйгендерін рет-ретімен оқушыға шебер тілмен жеткізіп отырған. «Хабар тиісімен Париждың қазақтары біз тұрған мейманханаға лезде-ақ келіп жетті. Кезек-кезек қонаққа шақырып-ақ жатыр. Бәрінің үйіне қыдырып жүруге уақыт көтермейді. Сонымен, ақылдаса келіп біреуінің үйіне баратын болдық. Ол Ханимет деген жігіттің мекені екен. Төрт бөлмелі кең-мол пәтерде Ханимет, әйелі Фазилә, екі баласымен тұрады. Өзі осы Парижде былғары фабрикасында жұмыс істейді. Төрт бөлмелі пәтер оған 400 000 франкке түскен. Біздің ақшаға шаққанда 40 000 сом. Кең залда кілем, көрпе төсеулі. Столдарын, орындықтарын шығарып тастапты. Меймандарды баяғы ата-баба замандағы қазақтарша күтіп алмақшы»[8,229],- деп Париждік қазақтардың бұл елге келу тарихына, онда жүзге тарта қазақ отбасы тұратыны жайлы айта келе, қасиетті қазақ жерін көргісі келетін қандастарымыздың күпті көңілін айта кетуді автор борыш деп санайды. « - Жалғыз тілек: біз туралы бөтен ойламаңыздар. Елден жырақ кетсек - ол біздің кінәміз емес. Тағдыр солай, - дейді Париждік қазақтар. – Әйтеуір сөге жамандамаңыздар. Шет елде жүрген қазақтар туралы алматылық бір ақын: «Саудагерсің бе, сатқынсың ба...!» деп жазыпты. Соны оқып, өте қиналдық. Бәрімізге өйтіп топырақ шашу – татулықтың, бауырмалдықтың, адал жүрек, ақ ниеттің дәнекері бола алмайды»[8,231],-қазақ ақыны айтқан сөз үшін қызырып, кешірім сұрағанын, сағыныш пен әлдебір арманға толы жандармен қимай қоштасқанын әсерлі баяндайды. Қорыта айтқанда Шерхан Мұртаза жазушылық пен журналистік тізгінді қатар меңгерген қазақы намысшыл суреткер десек қателеспейміз.
– Журналист – қастерлі де қасиетті мамандық. Екінің бірі, егіздің сыңары журналист бола алмайды. Бұл – Аллаһ тағаланың пендесіне берген сыйы. Журналистер туралы ілгерілі-кейінді данышпандар өте көп айтқан. Солардың ішінде менің көкейімнен кетпейтін, кеудемнен өшпейтін үш тұлғаның кестелі сөздері бар. Біріншісін Бернард Шоу айтыпты. «Журналист – бәрін білетін, бірақ бәрін шала-шарпы білетін мамандық», – дейді. Бір қарағанда, шындық екеніне көз жеткізесің. Бірақ неге шала-шарпы біледі?! Меніңше, журналист бәрін де білуі керек деген астармен айтылған сөз бе деп те ойлаймын. Екіншісін Шерхан Мұртаза айтқан. «Журналистер де атан түйе секілді. Арқалағаны алтын болғанымен, жегені жантақ» [ 9 ]
деп дұрыс баға берген. Бүгінгі замандағы қаламгерлердің бет-бейнесін айқындайтын, айшықты сөз.
Ал Әзілхан Нұршайықов: «Авторсыз газет – аққусыз көлмен тең», – дейді. Қандай ғажап теңеу?! Яғни журналист өзінің жазған ой-пікірін ғана емес, қарапайым халықтың көкейіндегісін жалпақ жұртқа жариялап жатса ғана беделді газет бола алады. Қазіргі баспасөзді айдынға теңесек, аққулары аз, авторлар сиреп кетті. Сондықтан да бүгінгі журналистер бұқарамен тығыз байланыста тіршілік жасауы керек. Сонда ғана ол аққулы айдындай өзінің сәнімен жарасып тұрады.
Тәуелсіздік алған жылдары Камал Смайылов пен Шерхан Мұртаза екеуі «Егемен Қазақстан» газетінде хат жазысады. Ол әңгімелері кейін «Елім, саған айтамын, Елбасы, сен де тыңда» деген кітап болып басылды. Соған байланысты Көпен Әмірбек пародия жазады. Сол пародияны Камал Смайылов оқып, ренжіпті.
Бастауы былай екен:
– Елім, саған айтам,
Елбасы, сен де тыңда.
Камал дос,
сен де құлақ түр,
Себебі, сен – соқа,
Ал мен – трактор, – деп Шерхан Мұртазаның атынан жазған ғой Көпен Әмірбек. Соған Камал ағамыз: «Мені соқаға, Шерханды тракторға теңепсің. Мен оған келісе алмаймын!» – деп кейіпті Көпенге. Біразға дейін өкпелеп жүріпті. Кәмекесінің көңілін жаза алмаған Шерағаң бір жолыққанында: Смайыловқа: «Кәмеке, жердің бәрін жыртатын соқа. Жердің шырайын кіргізіп, егін де егетін, құнарлы топырақтың құнын келтіріп, баптайтын да, сақтайтын да – соқа. Сізді соқаға дұрыс теңеп тұр. Соқасы болмаса, трактор айдалада бір өзі не бітіреді?!» – деп тауып кетіпті.
«Жазушы, аудармашы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза Қамалға арнаған бір хатында «жетпіс деген сөз Жет! Піс! деген екі сөзден құралады, яғни жетілген шағың, піскен кезің деген рас-ау», деген ой білдіріпті.[10]
ҚОРЫТЫНДЫ
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінің келтірсек Шерхан Мұртаза шер тарқатып оқырманға зерделі ой тастайтын жазушы. Әдеби шығармаларында, публицистикалық еңбектерінде адамгершілік деген ұғымды ұмыт қалдырмай, жастарды иманды болуға шақырады. Ол өмірлік өшпейтін сөздер қалдырған нар тұлғалы азамат.
Шерхан Мұртаза қазақ журналистикасына тың дүниелерді енгізген тұлға. Оның публилицистикалық еңбектері арқылы оқырман әдеп, адамгершілік және парасатты тереңнен ұғынуды үйренді. Жақсы журналист болу үшін – әдебиетті жақсы білу керек екенін өзінің өмірлік тәжірибесі арқылы көрсете білді. Ол қаламды өмірлік қару етті. Әділ сөзді, шындықты дұрыс көрді. Әдебиетте, журналистикада халықтың тынысын айта білген өжет адам. Оқырманды ойландыратын және ой тастай білетін жазушы. Оның табандылығы мен рух жігерлігіне, бүгінгі жастар үлгі тұтулары қажет. 1932 жылы ашаршылық кезінде дүние есігін ашқан Шерхан Мұртаза өмірден, жастық шағынан бастап жеңілмеуді үйренді. Шығармашылықтың адамы қиындыққа тап болған сайын шындала түсетіні айқын. Себебі рухы мықты адамдарды қиындық құлатпайды. Өмірі күреспен өткен Шерағаңның оқырмандарына да беретін ойлары көп. Өйткені өмірде азды емес, көпті көрген тұлға. Сондықтанда ол өзгелерден ерекшеленіп тұрады. Шерхан Мұртаза ұлттық намыс, тіл мәселесі және адами құндылықтарды көп жазды. Ұлттық мәселелерді халыққа шынайы сөздерімен айтты.
Шерхан Мұртазаның ел, қоғам, мемлекет, әдебиет үшін істеген еңбектері өте көп. Оның бәрін бір курстық жұмыс ішінде қамтып шығу мүмкін де емес. Алдымен өзі әдебиетке келген аударма ісінен бастасақ. Шерағаң әлемге әйгілі қырғыз елінің жазушысы Шыңғыс Айтматовтың негізгі шығармаларын қазақ тіліне аударыпты. Иә, Шыңғыстың сан-қилы пәлсапалық тұжырымдарға толы шығармаларын аудару кез келген қалам ұстаған адамға оңай шағыла салатын жаңғақ емес. Осының өзінен жазушының көп ізденгендігі, әрі жазушының ойын терең түсіне білгені анық көрініс береді. Шерағаң Шыңғыс Айтматовтың «Қош, Гүлсары», «Ботагөз», «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет», «Боранды бекет», «Жан пида» атты повесть, романдарын орысшадан аударды. Осы шығарманың кез-келгенін екі тілде алып оқып отырсаңыз, шығарманың шұрайлы тілмен өте көркем аударылғанын байқайсыз. Мен бұл жерде Шерағаңның тек жазушы, қоғам қайраткері ғана емес, үлкен аудармашы екенін де айтқым келеді.
Шерхан Мұртаза өзінің шығармаларында адам бейнесін табиғаттың сұлулығымен астастыра өте көркем бейнелейді әрі әр кейіпкердің ойын терең түсіне отырып, адам мен табиғаттың тынысы бір екенін көрсете біледі.
Шерағаңның «41-жылғы келіншек» атты әңгімесінде Хадишаның өмір бойы күткен Мақсұт есімді жары майданға кеткеннен оралмады. Хадиша күні-түні Мақсұтты күтумен болды;
«Сорлысың, сорлы, — деп Ақшай ернін шығарды, ерніңе күйдіргі шыққыр.
— Тағы отыз жыл күт, келеді Мақсұт,- деп кекетті.
— Күтемін, — дедім. — Жүз жыл күтемін, -дедім.
Сөйттім де, ызаға шыдай алмай, айқай салып далаға атып шықтым.
— Қайдасың, Мақсұт! – деп айқайладым.
Үйге енді кіріп отырғаным да осы еді, сен келіп қалдың, Мақсұт. Ақшай енді не бетін айтар екен, бәлем.
Ол үндемеді. Бәрін үнсіз тыңдап босағада әлі тұр.
— Неге үндемейсің, Мақсұт?! — деп, Хадиша сонда шыңғырып жіберді.
— Хадиша өз даусынан өзі шошынып оянды. (Шерхан Мұртаза. Алты томдық шығармалар жинағы, Алматы, Қазығұрт, 2002. 41 жылғы келіншек. 301-бет)
Бұндай эпизод Шыңғыс Айтматовтың шығармаларындағы әйелдер бейнесімен де үндесіп, сабақтасып жатады. Жазушының адам, әйел бейнесін жасаудағы шеберлігі, таным, түсінігі Шыңғыс Айтматовтың шығармаларын қазақшаға аудару үстінде де үнемі сезіліп отырады. Бұдан қорытынды: таланттар ұқсастығы, әдебиеттер байланысы, қазақ-қырғыз әйелдерінің әдеби толыққанды бейнесі ұқсас екені анық байқалып отырады.
Жазушының кең құлашты, өзекті шығармасы — бес кітаптық «Қызыл жебе» эпопеясы. Қазақ халқының бір туар ұлы Тұрар Рысқұлов туралы бұл көлемді туынды Тұрар тағдыры арқылы қазақ халқының басынан кешкен қилы-қилы кезеңдерін қамтиды. «Қызыл жебе» халықтың ыстық ықыласына бөленген шығарма. Тағы бір айта кететін жай, «Қызыл жебе» романындағы Тұрар Рысқұловтың туған, жүрген жерін, әсем табиғатын аса бір шеберлікпен, керемет көркем оймен шынайы суреттеуі.
Әрбір адам дөңгеленген тарихта әртүрлі оқиғаларға куә болып қана қоймай, сол күрделі оқиғаларға тікелей қатысты және жасаушы болып тарихта қалатынын оқырманның алдына тартады. Тұрар Рысқұлов сияқты күрделі тұлғаны әдебиетке әкелу жазушының үлкен ізденімпаздығы, тарихи оқиғаларды таразылауы үлкен ерлікке пара-пар деп айтсақ, асырып айтқандық емес. Шын мәнінде Шерхан Мұртаза Тұрар Рысқұлов сияқты ел тұтқасы бола білген азаматты әдебиеттендіру арқылы қазақ әдебиетіне үлкен бір сом туынды қоса отырып танытып берді. М. Әуезов «Абай жолы» романы арқылы қазақ халқының ғасырлық тарихын дүниеге паш етсе, Шерхан Тұрар бейнесі арқылы қарама-қайшылыққа тұнып тұрған қазақ халқының тарихындағы ең күрделі, ең ауыр кезеңін шынайы суреттей білді.
Жазушының еңбектерінде үлкен саналы да сындарлы ой жатыр, ізденіс жатыр, еңбек жатыр, талант жатыр.
Жазушы үлкен қаламгер, прозашы, публицист, аудармашы, ірі қоғам қайраткері, халықтың жанашыры, жоқтаушысы бола білді.
«Ісіңізге, еңбегіңізге, оқуыңызға нағыз адамгершілікпен кіріссеңіздер, сөз жоқ, жеңіске жетесіздер», - деген екен Қаныш Сәтпаев.
Жазушы да осындай жеңіске жетті.
Шерағаңның ел, халық үшін атқарған еңбегін, мақтанышпен айтсақ, жас ұрпақ тәлім-тәрбие алар өнегелі іс болары анық.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
1. Н.Ә. Назарбаев. «Ғасырлар тоғысы» 1996 ж. 1, 268-269 бб).
2. 2. Қазақ энциклопедиясы, 9 том
3. Ш.Мұртаза. «Ай мен Айша», Роман. Алматы. «Қазақстан» 2008.
4. Оңғарсынова Ф. Шераға 60 жаста. Жұлдыз тағдырлы жазушы. Алматы. Атамұра. 1993.
5. Қазақ әдебиеті тарихы. ІХ том. ред. басқ. С. Қирабаев. Алматы. 2005.
6. Шерхан Мұртаза. Алты томдық шығармалар жинағы. Алматы: Қазығұрт. 2002.
7. Смайылов К. Үш томдық шығармалар жинағы, -Алматы: «Қазығұрт» баспасы, 2003. Том1.-448бет
8. Мұртазаев Ш. Не жетпейді? Алматы., Жазушы, 1990.
9. Бақытжан ӘЛІҚОЖА, «Жас қазақ» газеті, №25, (26.06.2009)
10. bilimkozy.idhost.kz сайты
11. Шерхан Мұртаза. Алты томдық шығармалар жинағы, Алматы, Қазығұрт, 2002. 41 жылғы келіншек.