Көбірек жомарттық таныту
Рамазан айы жомарттық пен мейірімділік мезгілі ретінде келеді. Бұл айда мүминдер осы сипаттарды танытуда өзара жарысады. Ибн `Аббас былай баяндайтын: «Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ең жомарт адам еді. Ал рамазанда ол ерекше жомарт болатын. Әрі ол еркін есетін желден де артық игі нәрселерге жомарт еді» (әл-Бухари 6, Муслим 2308).
Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өз үмметін ораза тұтушылырға қамқорлық көрсетуге ынталандырып: «Ораза ұстаушыға ауызашар берген адам оның алатын сауабындай сауапқа ие болады, бірақ сонымен қоса (ораза ұстаушының) сауабы еш кемімейді», — деп айтқан (Ахмад 5/192, әт-Тирмизи 807. Имам Әбу Иса әт-Тирмизи, хафиз әл-Мунзири мен шейх әл-Әлбани хадистің сенімділігін растаған).
Шейхул-Ислам Ибн Таймийя өзінің «әл-Ихтиярат» кітабында хадисте тамақтың тоюға болатын мөлшері туралы сөз болып тұрғанын айтқан.
Имам Ибн Шиһаб әз-Зуһри рамазан айы келгенде былай деп айтатын: «Бұл Құран оқу мен адамдарды тамақтандыру айы» (Ибн `Абдул-Барр «әт-Тәмхид» 6/110).
Ізгі алдынғы буын өкілдеріміздің (салиқалы сәләфтарымыздың) көбісі: олардың ішінде Ибн `Умар да, Мәлик ибн Динар да, имам Ахмад та болған — өз тамақтарын кедейлердің пайдасына қиып, оларға ауызашар берген. Ал Ибн `Умарға қатысты айтар болсақ, ол тек жетім немесе кедей адаммен бірге ауыз ашатыны туралы хабарланады (қараңыз: “Сәб’унә мәсалә фи-с-сыям” 19).
Бауырлар! Біз де ораза ұстаушыны ауызашармен, ал өзімізді оған тиісті сауаптай сауаппен қуанту үшін, оны тамақтандыруға асығайық!
Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Сендердің ең жақсыларың — тамақ беретіндерің!», — дейтін (Ибн Мәжаһ, Әбу Я`лә, әт-Табарани. Хафиз Ибн Хәжар, имам әл-Бусайри және шейх әл-Әлбани хадисті хасан дәрежесіне жатқызған. Қараңыз: “әс-Силсилә әс-сахиха” 44).
Егер адамдарды тамақтандыру Исламның ең жақсы көріністерінің бірі болса, онда осы ұлы амалды рамазан айында жасау туралы не айтса болады!
Аллаһ Тағала Жәннатты тақуалар үшін және кешірім етуге, дүние жұмсауға, игілік істеуге асығатындар үшін жаратты әрі оларға Өзінің жарылқауын уәде етіп, былай деді: «Раббыларыңның жарылқауына және тақуалар үшін әзірленген, кеңдігі жер мен көктей Жәннатқа асығыңдар. Олар кеңшілікте де, таршылықта да Аллаһ жолында мал сарып қылғандар. Сондай-ақ олар ашуларын жеңушілер, адамдарды кешірім етушілер. Аллаһжақсылық істеушілерді сүйеді!» («Әли `Имран» сүресі, 133-134-аят).