Программалау тілдері

Алгоритмдерді ЭЕМ-ге түсінікті мәтін ретінде жазуға арналған қарапайым жасанды тіл программалау тілдері деп аталады. Әрбір ЭЕМ-нің өзінің машиналық программалау тілі болады, оны командалар тілі немесе кодтар (арнайы таңбалау) тілі дейді. ЭЕМ тек өз ана тілінде, яғни маши­налық тілде жазылған программа­ларды ғана орындай алады. Алайда, машина тілінде программа жазу өте күрделі жұмыс, өйткені ол тек екілік (он алты­лық) жүйедегі кодтардан тұрады және әр машинада әр түрлі машиналық тіл қолданылады.

Программа жазуды жеңілдету үшін математикалық формулаларды кеңінен қолданатын, ағылшын тілінің негізінде жасалған алгоритмдік тілдер Бейсик, Паскаль, Фортран, Си, т.б. кеңінен қолданылады. Алго­ритмдік немесе программалау тілі – жазу ережелері қарапайым жасанды тіл. Оның машина тілдерінен айырмашылығы – табиғи ағылшын тілі негізге алынып, кең тараған математикалық таңбалармен толықтырылып жасалған. Сондықтан алгоритмдік тілдерде программа жасау адамдарға әрі жеңіл, әрі ыңғайлы болып келеді. Алгоритмдік тілдер автоматты түрде ЭЕМ-нің көмегімен аудармашы программалар арқылы машиналық тілге көшіріледі. Алгоритмдік тілді машина тіліне тікелей аударатын үлкен программаларды транслятор деп атайды. Алгоритмдік тілдерді пайдалану программалауды жеңілдете отырып, ЭЕМ-де есеп шығару процесін оңайлатады, алайда онда есеп шығару уақыты аздап көбейеді.

Алгоритмдік тілдер машинаға және проблемаға бағытталған болып екіге бөлінеді. Машинаға бағытталған тілдердің машина тілінен айыр­машылығы, олар ЭЕМ-нің ерекшеліктерін есепке ала отырып әріптерді де пайдаланады. Қазіргі кезде машинаға бағытталған тілдерде маман программалаушылар жұмыс істейді. Оларға – автокод, макроассемблер, ассемблер тәрізді тілдер жатады.

Проблемаға бағытталған тілдер шығарылатын есептердің ерекше­лік­терін еске ала отырып, есептің математикада жазылу тіліне жақын­дас­тырылады. Бұларға – Бейсик, Фортран, Паскаль, Си, т.с.с. тілдер жатады.

Негізінде ЭЕМ-де кез келген программалау тілінде жазылған есеп машина тіліне аударылып барып орындалады. Есептің орындалу кезең­дері суретте көрсетілген схема түрінде көрсетуге болады.

 

 

 

Қазіргі кезде бес жүзге жуық алгоритмдік тілдер тараған. Олардың әрқайсысы белгілі бір мақсаттарда қолданылады. Мысалы, Фортран – ғылыми-техникалық (инженерлік) есептерді шығару үшін, Паскаль – оқып үйренуде, ал Си тілі үйрену үшін де, өндірістік есептерде де, операциялық жүйелер жазу үшін де қолданыла беретін кең қолданыстағы тіл болып табылады.

Бақылау сұрақтары

1. Алгоритм және программа дегеніміз не, олардың қандай ұқсастық­та­ры мен айырмашылықтары бар?

2. ЭЕМ-де орындалатын алгоритмдердің қандай қасиеттері болады?

3. Алгоритмдерді өрнектеу жолдары.

4. ЭЕМ-де есеп шығару кезеңдері.

5. Алгоритм схемаларының әр түрлі блоктары, олардың бейнеленуі, бай­ла­ныстары.

6. Сызықтық, тармақталу және циклдік алгоритмдер.

7. Қадамдық циклдер және олардың ерекшеліктері.

Ұсынылатын әдебиеттер: 1 нег [63-77], 2 нег [23-133], 6 қос [84-106 ], 7 қос [4-7 ]