Аяулы анашыма Халықаралық әйелдер мерекесімен!

Асқар таудай әкеме! Туылған күніңізбен. 53жас

Тағдыр жолы таңғажайып, тамсанам,

Кейде мұңды, кейде шаттық аңсаған.

Қақтырмай қанаттыға бізді өсірген,

Әкешіме өлең арнар бар шамам.

 

Қымбат екен өмірде əке деген,

Құлпырады айнала əкелермен.

Тыңдамай өзіңізді еркелікпен,

Жүргенім болса, кешір, қате менен.

 

Әкетайым, мендік үшін дарасыз,

Перзент үшін бар қиынға барасыз.

Сол еңбекті ақтауға мен тырысам,

Ғұмырымда ерек орын аласыз.

 

Сіздің берген тәрбиеге теңеу жоқ,

Бұл әлемде Сіздей маған демеу жоқ.

Баға жетпес байлық, қорған өзіңіз,

Енді болам қамқоршыңыз, сүйеу көп!

 

М - Мейіріммен шуақ шаша бүгінде,

Ұ - Ұлықтаймын осы туған күніңде.

Р - Расымен де, салиқалы, оратор,

А - Абыроймен жеңген өмір жүгін де.

 

Т - Талмастан еш еңбек жолын жалғады,

Б - Балалар да қатарынан қалмады.

Е - еңбексүйгіш, үлгілі ұстаз, адал жан,

К - Кең пейілді өзіне жыр арнадым.

 

Бес перзентті жеткіздіңіз өсіріп,

Ағаттықты түсіне отырып, кешіріп.

Ханшайымдай анашыммен тең қартай,

Отбасымда шат-шадыман көсіліп.

 

Жан-жақты әке орны бізге ерек қой,

Өзіңізге өлеңімді демепті ой.

Туған күнді атап өткен шағында,

Айтулы алғыс, ыстық лебіз керек қой!

 

Өткен күннің елестерін өшірдім,

Сіз бердіңіз тәрбиенің көшін мың.

Разылығы бір Алланың үшін де,

Бәрін-бәрін, әкетайым, кешірдім.

 

Қабыл алып, әкетай, алғысымды,

Қамқорлықты сіз берген жан түсінді.

Сыйлап өтем ақырғы дем қалғанша,

Ұлағат, сара жол мен нар күшіңді.

Аяулы анашыма Халықаралық әйелдер мерекесімен!

Адамзаттың күн шуағы аталған,

Сөз арнамай анашыма жата алман.

Үлгі-өнеге, тәрбиеге, тағылымға,

Алғыс айтып, ғұмырыма бата алғам.

 

Ұрпағына анашым жанын берген,

Бойындағы қуатын, нәрін берген.

Түн ұйқысын төрт бөліп ақ сүтімен,

Мейірімін, қамқорлық - бәрін берген.

 

Тар құрсағын біз деп анам кеңіткен,

Бесік жырын айта отырып еліткен.

Ақ сүтіңді ақтау - менің парызым,

Алақаны жүрек мұзын еріткен.

 

Аузын ашса жүрегі көрінетін,

Жанарынан мейірім төгілетін.

Бауырмал да, төзімді, қанағатшыл,

Анам сөзі- даналық өрілетін.

 

Х - Хал-жағдайды жасауменен жүрдіңіз,

А - Асыл ұрпақ тәрбиелей білдіңіз.

Н - Нағыз шебер, ақыл көзі, қамқор жан,

Ш - Шапағатты болмысында тұрды із.

 

А - Асыл анам, мәнді өмір сүріңіз,

Й - иә, үнемі шаттаныңыз, күліңіз!

Ы - Ырысыңыз таси берсін біздермен,

М - Махаббатпен басталып әр күніңіз!

 

Ұямыздан баршамызды түлеттің,

Жалғасыңды айбыны асқан ұл еттің.

Төрт қызыңа үлгі болып өсірдің,

Шуақ шашқан асқан сұлу, гүл еттің.

 

Аяулы анам - ақылшым, жанашырым,

Мейірімнің бастауы - бар асылым.

Дәл осындай қолдаумен келем ылғи,

Озықтықпен алынып тау асуым.

 

Осы өлеңді Біздерден қабыл ал,

Перзенттер де жаныңыздан табылар.

Баршамызда ең сұлу да, жан-жақты

Қамқор ана болғандығы - бағым бар.

 

Асыл енеме

Ең алдымен, шүкір етіп бастаймын,

Ата салттан аттап, әрі аспаймын.

Ғұмырымда құрмет тұтар жандарға,

Ақ тілектен өлең арнап тастаймын.

 

Бастапқыда айтар менің алғысым,

Өскен өлке, түп төркінім-алғы шың.

Ғұмыр сыйлап, өркендеткен-ата-анам,

Еңбектерің адам айтса нанғысыз.

 

Ұзатылып шаңыраққа келгенде,

Босағаға келіндікпен енгенде.

Ақ енем ғой оң қабағын танытып,

Сүйеуім де өзі болып сенгенде.

 

Жүрек жарды өлеңімді арнаймын,

Құрмет етіп, иілуден қалмаймын.

Келіп түскен шаңыраққа мына мен,

Келін емес, туған қыздай жандаймын.

 

Тірліктің ұмтылып тек ағына сан,

Мінезімен әулеттің бағын ашқан.

Кең пейілді, ақ жарқын, нұр енемнің,

Үлгі ете сыйластық тағын басам.

 

Өз ұямнан ұшып, тауып теңімді,

Бала бағу қағидаңыз сенімді.

Үйреттіңіз шаңырақтың заңдарын,

Құрметтеуді арқа сүйер ерімді.

 

Бар жақсыны игертіп, аялаған,

Екінші анам қолдауы сая маған.

Аллам нәсіп етсін тек жақсылығын,

Шат күніміз құшағын жаяды алдан.

 

Ынта-ықылас баршаңызға ерек қой,

Ұстаздығын, шыншылдығын елеп қой.

Естен кетпес осы тойда атаймын,

Өр енеме ЗОР ҚОШЕМЕТ!!! Демеп қой.

 

 

Қызғалдағым қызыма

Ақ түйенің жарылды қарны бүгін,

Басын қосып жиғызды барлығының.

Өмірімнің жалғасы, гүл перзентім,

Тәй-тәй басып, өз жолын салды бүгін.

 

Өмірдің бір есігін қыз ашқан күн,

Ата-анаңа шуағыңды шашқан күн.

Тәтті болған келбетіңе сүйсініп,

Бақыттарын тек өзіңнен тапқан күн!

 

Құтты болсын басқан сенің қадамың,

Биіктерден көрінсін тек бағамың.

Ең алғашқы туған күнде бүгінгі,

Арнап тілек, жырдан соқпақ саламын.

 

Не жетер той-думанда көріскенге,

Əулетіме қыз келіп, өрістеуде.

Алтындайын бағалы қызымыздың,

Қуанышын бізбенен бөліскенге.

 

Жақсылықтар таба берсін жалғасын,

Осы айтылған ақ тілектер самғасын.

Аман-есен келер тойда қауышар,

Қанатымыз ешқашан да талмасын!