Құдай біздің тілекті береді екен.

Қарға қырған тұйғының мен екенмін,

Келген қалмақ бәрі де өледі екен.

Мұны айтып Сансызбай жұртын жиды,

Ғазатқа Құдай үшін жанын қиды.

Сансызбай жұртын жиып алған шақта

Көп әскер келді деген хабар тиді.

Сансызбай сол қалмақтың бәрін қырып,

Өлігін жота-жота қылып үйді.

Мұсылманнан бар екен жиырма адам

Оларға инғам ихсан қылды сыйды.

Қаршыға екен басшысы мұсылманның,

Панасы Патша Құдай қысылғанның.

Қыдыр дарып, бақ қонды Сансызбайға

Ешбірін жібермеді ұсынғанның.

Әскерден Қаршыға озып жүрген екен,

Қореннің сонда өлгенін көрген екен.

– Өзімізді өлтіріп кете ме?– деп,

Көрсетпей қалмақтарды бұрған екен.

«Ханымыз қуып кетіп барады» деп

Қаршыға қалмақты алдап ұрған екен.

Еліне Базарбайдың алып барып,

Ақылмен осылай қып қырған екен.

Әлқисса, Сансызбай Қаршығаны бірнеше күн сыйлап, және Сансызбай екі мың әскер алып, Қаршығаны алдына салып, еліндегі қамап жатқан көп қалмақты хабарсыз жатқанда, түнде барып тиіп, көбін атына мінгізбей, таң атқанша қырып, таң атқан соң ұрыстың амалын қылатұғын ханы жоқ, қалған қалмақ еліне қашып, жүріп береді.

Сансызбай артынан қуып берді,

Қолға тиген қалмақты қырып берді.

Қалмақтың бес мың қолын бәрін қырып,

Қызыл қанға бояды қара жерді.

Мұсылманды дұшпаннан айырып алған

Жігіттер, тамаша қыл мұндай ерді.

Бақ берді жас балаға Патша Құдай,

Мұсылманның болып тұр көңілі жай.

Қалмақты әбден қырып бітірген соң

Қайнына келді қайтып ер Сансызбай.

Басшысы Сырлыбай хан өзі болып,

Алдынан шықты елі бәрі шулай.

Оңаша бір отауды салып беріп,

Қызмет қып сыйлап тұрды екі айдай.

Еліне екі ай жатып жүрді дейді,

Қызметін қайын жұрттың көрді дейді.

Сексен нарды толтырып жасау артып,

Бес жеті алтын отау берді дейді.

Тоғыз жорға ат жабдықтап Жібек үшін

Қайын енесі қасына ерді дейді.

Жібекті жаңа ұзатып бергендей боп,

Еліне үш ай жүріп келді дейді.

Еліне аман-есен келгеннен соң,

Қайтадан қырық күн той қылды дейді.

Мұныменен Қыз Жібек тамам болды.

Көп қисса тәсниф қылдым мұнан бұрын,

Пенденің Алла білер іште сырын.

Сауап, күнә екенін біле алмаймын

Кешіргіл күнә болса, Жаппар Кәрім.

Көп қисса тәсниф болып шықты бізден,

Назым қылып шығардым насыр сөзден.

Молдалар оқысаңыз әр кітабым,

Әрқашан мақрұм қылма дұғаңыздан.