Қаршекем араз ба еді, бұрын маған

Мен сөйлейін, жарандар,

Тыңдап құлақ салыңыз.

Аз әңгіме қозғайын

Келгенінше халіміз.

Зекетсіз болса пайда жоқ

Қасықтап жиған малыңыз.

Қыз Жібекті тыңдаңыз,

Замандас еркек, ұрғашы,

Ақсақалды шалыңыз.

Жүсіпбек қожа жырласа

Қыз Жібектің сөзіне

Енді әбден қаныңыз.

Басында менен жайылды,

Қисса болып бұл Жібек.

Басы-соңына қарасам,

Бәрі шала сөзінің,

Еңіреп жылап жүр жүдеп.

Басында менен шыққанда

Тыңдаған адам жылаған,

Сүйейін мұны бір демеп.

Қиссасын қайта түзейін,

Әруақтарың жар болса,

Сіздер де мені жүр жебеп.

Осыны бұрын баспаға,

Кім жазғанын білмеймін.

Қисынсыз болған сөздері

Жыламақ түгіл күлмеймін.

Мыңнан озған жорғамын,

Ұлы дауға салғанда.

Қамшыласаң желмеймін.

Қисайғанда түзеткен,

Басында Тәңірім жаратты,

Әр нәрсеге бір себеп,

Қисса қылып жазып ем

Әуел бұрын басында.

Ғасылықтан жазып ем,

Үйсінге алғаш келгенде,

Жиырма үш жасымда.

Сол кездердің уақытында

Бар еді қайғы басымда.

Бір күндерде қарасам,

Баспа бопты бұл Жібек

Қисынсыз кетіп сөздері.

Баспаға жазған адамның

Әр сөзіне қарасам,

Ноғайлы екен өздері.

Қазақшаға төселмей,

Далаға көбін жіберген,

Әйтеуір бар іздері.

Әгар қазақ жазғанда

Жоқ па екен деп айтар ем,

Басындағы көздері.

Ал тыңдаңыз, жарандар,

Өзге сөзді қоялық.

Қыз Жібектен сөз қозғап,

Қызығына тоялық.

Сыры түскен жерлерін

Жаңғыртып қайта боялық.

Сөз дүкенін құрған соң,

Тамақ керек әркімге,

Бір тоқтыны соялық.

Кешегі өткен заманда,

Дін мұсылман аманда,

Кіші жүздің ішінде,

Жағалбайлы елі бар.

Жағалбайлының мекені

Ақ теңіз деген көлі бар.

Жаз жайлауын сұрасаң

Қара теңіз жағасы

Ұлан, Шәмбіл белі бар.

Жағалбайлы елінде

Базарбай атты байы бар.

Байлығын оның сұрасаң

Өлшеу қылып айтуға

Хисап жетпес жайы бар.

Байлығында өлшеу жоқ,

Жеті жүз түйе жүгі екен

Тілләсі менен жамбысы

Мың түйе жүк тағы да

Қант пенен шайы бар.

Аяқты малда хисап жоқ

Айдалып бағып жайылар.

Сол байда үш қатын бар, тоғыз ұл-ды,

Хисапсыз Тәңірі берген сонша пұлды.

Еліне оба келген бір кеселден

Бірі қалмай тоғыз ұл бәрі де өлді.

Тоғыз ұл ажал жетіп бәрі де өлді,

Ашумен алты қатын тағы да алды.

Базарбай сексен жасқа келген шақта

Тауыпты кіші қатын бір ұлды.

Оны тапқан қатыны қырық төрт жаста,

Бала жоқ өзгесінде мұнан басқа.

Періште сипат бір ұл берді Құдай

Жүргенде көзі толып қанды жасқа.

Төлеген деп қойыпты ұлының атын,

Құдай артық жаратқан оның затын.

Баланы сипат қылып айтып болмас

Көрген жан ақылынан бір талатын.

Базарбай баласына көңілі тойды,

Қайғыны ішіндегі бәрін жойды.

Тоғыз жылда артынан бір ұл туып,

Жұрт жиып Сансызбай деп атын қойды.

Жүріпті екеуіне қалың бермей,

Дұшпанның әрне деген тіліне ермей.

«Тірі жүрсе өздері алар бір қыз,

Өліп қалса, күйігін тағы көрмей.

Алса да патша қызын малым жетер,

Менікін жаратпаса сәнім кетер.

Күйікті қатты тартып жүрген басым

Жазым болса күйермін онан бетер».

Төлеген сонда он екі жасқа келді,

Қыз іздеп аралады тамам елді.

Он алты жасқа шейін қыз жаратпай,

Ат жетер жерді арылтып тамам қылды.

Еліне бір саудагер келді дейді,

Бұлардың әбден жайын білді дейді.

«Дүниеқор Базарбайды көрмедім» деп,

Саудагер мазақ қылып күлді дейді.

– Бұл малды бекер жиып керегі не,

Бермепті ұлының қалың біреуіне.

Көзінің ағы менен қарасындай

Артында жанға мирас, малға ие тіреуі не?

Сонда біреу айтады оның жайын:

– Бақ, дәулет берген артық бар Құдайым,

Ел-жұрттан қыз жаратпай жүр Төлеген,

Малын аяп жүрген жоқ Базарбайдың.

Мұны естіп сөйлейді қарт саудагер,

Ал сонда Төлегенді шақырып алар.

Төлегенге айтады: – Сүйінші бер,

Мен таптым жақсы қызды саған жарар.

Қыз жақпай өз еліңнен жүрсе саған,

Төлеген, сүйінші бер енді маған.

Елі бар Ақжайықта алты шекті

Аласың жақсы қызды барсаң соған.

Жайықта қызы сұлу артық ел бар,

Ерінбей қыз іздесең сен соған

Ерінбей қыз іздесең сен соған бар.

Шетінен-ақ аласыз бір сұлуды

Болмағын мұнда тұрып қаперің тар.

Әлқисса, сонда Төлеген мұны іздеуге көңілі кетті,

– Жолы бар неше күндік оның?– депті.

Саудагер айтты: – Жолы жүз күндік,– деп,

Төлеген іздемекке талап етті.

Төлеген он жетіге келген шағы,

Аз емес бір Тәңірінің берген бағы.

– Шөлі бар,– дейді саудагер,– қырық күншілік,

Төте жол жетпіс күндік болса-дағы.

Онымен жүре алмайсың барғанменен,

Өлесің жолда шөлдеп арманменен.

Жүр,– деді, – алыссынбай су жағалап,

Әрқашан бардың ісі пәрменменен.

Төлеген Ақжайыққа жүрмек болды,

Тәңірінің жазған ісін көрмек болды.

Басшы болып сол елді тапқан жанға

Жүз жамбы сүйіншіге бермек болды.

Жаратты бір қара көк тұлпар атты,

Өзі жорға жануар құс қанатты.

Тұрманының һәммасын алтындатып

Күміспенен төрт аяғын тағалатты.

Шамшырақ тас орнатты жүген, ерге,

Басшы, қосшы жүз жігіт алды бірге.

Тоғыз нарға алтын мен күміс артып,

Бес жігіт тағы да алды қызметкерге.

Ерлерге жәрдем берсін бір Құдай-а,

Қырық түйе болды азық қант пен шайы.

Азық-түлік һәммасын даярлап ап

Жөнелді туғаннан соң наурыз айы.

Әлқисса, ендігісін үшбу хикаяны жырлап сөйлейін.

Хикая Төлеген.

Базарбайдың Төлеген,

Ерте туған көбеген.

Сексен жігіт қосшы алып,

Он бес жігіт басшы алып,

Ақжайыққа жөнеген.

Айдың өткен нешесі,

Ай қараңғы кешесі.

Падишадан кем емес

Ер Төлеген мүшесі.

Әулиеге ат айтып,

Қорасанға қой айтып,

Шыбын жанға жан айтып,

Артынан қуып келіпті,

Өлгенде көрген шешесі.

Шешесі келіп сөйлейді,

Сөйлегенде бүй дейді:

– Мінген де атың аласың,

Менен туған баласың.

Халал бала тастай ма,

Атасы менен анасын.

Қал дегенде қаласың,

Айтқан тілді аласың.

Қал дегенде қалмасаң

Айтқан тілді алмасаң,

Құрттың анаң шарасын.

Өлгенде көрген қарағым,

Ата-анаңды зарлатып,

Қай жаққа кетіп барасың?

Анаң келді зарланып,

Әкең отыр сандалып,

Көре алмаған көп дұшпан

Сыртыңнан келер қамданып.

Сен кеткен соң, қарағым,

Өледі кемпір-шалыңыз,

Сансызбай болса жас еді

Жүреміз кімге алданып?

Төлеген сонда сөйлейді:

– Қой, шешеке, жылама,

Жылағаның бола ма?

Бекер босқа, шешеке-ау,

Көзіңнің жасын бұлама.

Жиырмаға келгенше,

Маған қалың бермеген,

Тең құрбымдай көрмеген,

Құм құйылсын көзіңе,

Осы екен сізге сыбаға.

Шешесі сонда сөйлейді,

Сөйлегенде бүй дейді:

– Келгін, балам, қайт-сәна,

Әкеңе сырың айт-сәна.

Патша қызын алсаң да

Өз еліңде жат-сәна.

Біреудің тілі тимей ме,

Қартайған әкең Базарбай

Сенің үшін күймей ме?

Ел ішінде тентек көп,

Жаһан кезіп жүргенде,

Тентіреген демей ме?

Ата-анасын зарлатып,

Бір қыз үшін кетті деп,

Дос-дұшпаның күлмей ме?

Төлеген сонда сөйлейді:

– Айналайын, шешеке-ау,

Тай, құнан, қой қаңғырып

Бұралқы болар қораға.

Бір сұлу алмай, шешеке-ау,

Сірә да, көңілім тына ма?

Талап қылған ісінен

Ат басын ерлер бұра ма?

Жаман-жақсы болса да

Алланың болар әмірі,

Өз айтқаның бола ма?

Тілімді алмай кеттің деп

Ғамкүн болып жылама.

Мен Жайықтан келгенше,

Жүзіңді аман көргенше,

Тапсырдым ата-анамды,

Жаратқан Қыдыр Құдаға.

Анасы сонда сөйлейді:

– «Өлкенің көркі тал болар,

Өзеннің көркі жар болар,

Жігіттің көркі мал болар».

Малың болса, қарағым,

Қара басың хан болар.

Алуа асап, іштің бал,

Жая шайнап, жедің жал,

Кетер болсаң, қарағым,

Жылқыдан таңдап қырық жорға ал.

Сансызбай болса жас еді,

Сен кеткен соң, қарағым,

Сүйеніп кімге күнелтер,

Артыңда қалған кемпір-шал?

Төлеген сонда сөйлейді,

Сөйлегенде бүй дейді:

– Мінген атым аламын,

Сенен туған баламын.

Көңіліме түсіп бір қиял

Сапар шегіп барамын.

Алла нәсіп әйласа,

Бір сұлуды аламын.

Алла нәсіп қылмаса,

Ендігі сөздің қысқасы

Меккеге таман барамын.

Әлқисса, онда анасы ойлады «менің балам бұ сапардан қайтпайын деп талап қылған екен. Бұған ризалық батамды беріп жіберейін» деп, Аллаға Тағала, екінші әнбие-әулиелерге тапсырып мінәжат қылғаны.

Анасы ғаріп жылайды,

Жылайды да толғайды.

Қой десе де баласы

Оған, сірә, болмайды.

Бір сұлу қыз алмай Төлеген

Дүниеге көңілі толмайды.

Шешесі сонда сөйлейді:

– Аһ дедім, Құдай-а,

Дәргаһыңа бас ұрдым.

Сөзді сөзге ап келіп

Күйгенімнен жапсырдым.

Кетер болсаң, қарағым,

Әуелі Құдай мен сені,

Кәміл пірге тапсырдым.

Көл егесі Қамбар-ау,

Шөл егесі, Қамбар-ау,

Қарағыма көз сал-ау.

Рақым қылсаң, Құдай-а,

Сенен өзге кім бар-ау?

Ғашықтардың пірі едің

Ләйлі-Мәжнүн сіз бар-ау,

Ғашықтардың сәруары,

Зылиха-Жүсіп пайғамбар,

Әйелдің пірі Бибі Бәтима,

Баламды сізге тапсырдым.

Адасса жолға салып жүр,

Сүрінсе қолдап алып жүр,

Пәлекет кетсе қағып жүр,

Қосақтап қойдай бағып жүр.

Бір ғашықтың дертінен

Қарағым, менің нағып жүр.

Хазірет ер сұлтан

Рақым қылып сіз тұрсаң,

Баба түкті шашты Әзіз,

Баламды сізге тапсырдым.

Әлқисса, бұ сөзді айтып анасы қайтып кетті. Онда Төлеген қасындағы жігіттерге айтты:

– Анамның маған не айтқанын білдіңіздер ме?– деді. Жігіттер айтты:

– Ешнәрсе білмедік – деп. Төлеген айтты:

– Мен кірекеш емеспін, болмаса көп жігіттер ертіп баратұғын. Жортуылшы болмасам, мұным жарамайды екен. «Жылқыдан жорға ал» деді ғой, – деп, ол жерге тоқтап, қайтып келіп жылқыдан екі жүз елу жорға алып, бірнеше күн жол жүріп, шекті деген елге келіп, шатырды тігіп, жорғаларын жайып салып, жұртқа жар салды.

– Әркім жақсы қызы болса әкеліп көрсетсін. Өзі ап келіп көрсеткен адамға қызын алсам да беремін бір жорға, алмасам да беремін бір жорға, – деп. Жұрт есітіп қыздарын жиып келіп көрсетті. Бір жорғадан келген қыздар алып қайта берді. Ешбірін жаратпады. Бірнеше күнде екі жүз он қыз көрді, екі жүз он жорға берді. Сонда қасындағы сексен жігіттер ойлап кеңесті:

– Бұ Төлеген малды бекер ысырап қылды. Ендігі келген қыздарды өзіміз көрелік. Жаһаннан асқан сұлу қыз болса Төлегенге көрсетелік, болмаса «Төлегенді білмейміз» деп, жасырып көрсетпелік. Болмаса Төлеген қалған қырық жорға біткен соң біздердің астымыздағы атымызды да берер. Онан соң жаяу қалып, елден жүген алып, ат іздегеніміз жарамас, – деп келген қыздарды даладан қайтарды.

Онда Төлеген: – Бұ елдің қыздары сұлу деген саудагер шал бекер айтқан екен, – деді.

Сол уақытта алты шекті елінің ханы Сырлыбай деген бар еді. Ол ханның алты ұлы бар еді. Және ханның ең кенжесі Жібек сұлу деген жалғыз қызы бар еді. Және ханның Қаршыға жыршы деген ақын уәзірі бар еді. Ол Қаршыға сенімді болған соң ханның тоғыз мың жылқысы бар еді, жылқыны отарға шығарып, Қаршығаны жылқышылардың басы қылып қойған еді. Ол Қаршыға Төлегенді естіп бармақ болды. Қаршыға ойлады «мен Төлегенді көрейін. Төлеген маған жақса, Қыз Жібек те жақтырар» дейді. Мұны ойлап, бір бедеу атты алдырып мініп, Төлегенді іздеп келеді.

Отарда жатқан Қаршыға

Бір бедеуге мінеді,

Алладан пәрмен тіледі.

Ойпаң жерден орғытып,

Жарлау жерден ырғытып,

Тегіс жерден сырғытып,

Аяңдамай желеді.

Сексен жігіт елшіге

Салып жетіп келеді,

Келіп сөйлей береді:

– Асу да асу бел, – дейді,

Аса бір соққан жел, – дейді.

Сексен жігіт ішінде,

Базарбайдың баласы

Төлеген мырза кім? – дейді.

Басыр, басыр, басыр-ды,

Аққа құлпы жасыл-ды.

Сексен жігіт ал сонда

Төлегенді жасырды.

– Мінгенде атың дөнен-ді,

Көкке тойған көбен-ді.

Біз білмейміз, Қаршеке-ау,

Төлеген мырза дегенді.

Сонда Қаршыға бұлардан жол болсын сұрап айтқаны:

– Ассалаумағалейкүм, көп жігіттер,

Сайланған бәрің бірдей бек жігіттер.

Сайланып шыға қапсыз табыңыздан

Сөйлей тұр сөзің болса, ей, жігіттер.

– Келеміз елімізден біз жолаушы,

Бет алып шыққан жерім Көкбояушы.

Үйірін қысырақтың жауға алдырып,

Келеміз сұрау салып біз сұраушы.

– Күн көріп жүруші едім өнерменен,

Төтелеп келдім сізге кемерменен.

Көрдім де қараларың жанай шаптым,

Баласы Базарбайдың дегенменен.

– Келіпсіз біздің көріп қарамызға,

Жауапқа жауап таппай қаламыз ба?

Сыртынан Базарбайды естуші едік,

Төлеген біздің жоқ-ты арамызда.

– Әр жерден асып туған тегім деп ем,

Төлеген жұрттан асқан бегім деп ем.

Сұрасам жолаушыдан сіздер дейді

Жасырдың Төлегеннің несін менен?

Осынша осы Төлеген жасырынып

Ол өзі кімнің ұрлап ақын жеген?

Әлқисса, онда Төлеген шатырда жатыр екен. Қаршығаның сөзін естіп «бұлар мені неге жасырып тұр» деп сығалап қараса, Қаршығаның түрі жақсы адам екен. Шатырдың есігінде тұрған көп жігіттерге бұлай тұр демей, шатырдың іргесін көтеріп шығып, Қаршығаға өзін танытып, бір сөз деді:

– Ассалаумағалейкүм, Қаршеке,

Мен едім Базарбайдың Төлегені,

Қозының ерте туған көбегені.

Қаршекем араз ба еді, бұрын маған

Қасыма танып тұрып келмегені?

Мен едім Базарбайдың үлкен ұлы,

Алланың шыныменен сүйген құлы.

Қаршекем сәлем берсем қарамайды

Бар еді Төлегеннің неден міні?

Осы келген Қаршыға

Табынан асқан ер еді.

Шетте тұрған Қаршыға

Төлегенге келеді,

Келіп сөйлей береді:

– Ауыл алды бел,– дейді,

Белден көшкен ел,– дейді,

Сексен жігіт ішінде,

Базарбайдың баласы,

Төлеген мырза, сен,– дейді.

Нәсіліңе қарасам

Қас патшамен тең,– дейді.

Мен жайымды айтайын,

Алты шекті елінде

Сырлыбай ханның уәзірі,

Қаршыға жыршы мен,– дейді.

Төлеген болсаң сен,– дейді,

Кел, соңымнан ер,– дейді.

Жұртқа берген олжаңнан

Бүлдірмей маған бер,– дейді.

Мен бір сұлу табайын,

Патшамыздың жалғызы

Аты Жібек сұрасаң,

Кереметім көр,– дейді.

Базарбайдың Төлеген,

Қаршығадай ақынның

Бұ сөзін мақұл көреді.

Айдап жүрген жорғадан

Екі жорға береді.

Сексен жігіт елшіден

Бес жігітті бөледі.

Өзгесін елге қайтарып,

Қаршығамен ілесіп,

Ақжайыққа жөнеді.

Неше дүркін бел болып,

Ойпаңды жер қыр болып,

Төлегеннің сөздері

Соңғыларға жыр болып.

Ойынға бала шығады,

Айдын көлдің шетіне,

Адам қарап болмайды,

Ер Төлеген бетіне.

Қамшы басып кіш-кіш деп,

Көкжорға аттың көтіне.

Дәл сегіз күн жол жүріп,

Аз ғана емес мол жүріп,

Сонда жеткен секілді

Ақжайықтың шетіне.

Құланнан атты қодықты,

Көлден тартты борықты.

Арада неше қоныпты,

Жетемін деп зорықты.

Сәске махал болғанда,

Қыз іздеген Төлеген,

Көшкен бір елге жолықты.

Әлқисса, онда Қаршыға айтты: – Біздің ел жайлауға қарай бұзыла көшкен екен. Мен енді Жібекті Төлегенге көш жөнекей көрсетейін, – дейді. Қасындағы бес жігітті сол жерге тастап кетті: – Сіздер асықпай түстеніп, артымыздан жай келіңіздер, – деп. Екеуі қалың көшті аралап, аттарына қамшы басып «шүу» деді.

Базарбайдың Төлеген

Талай көштен өтеді,

Сонда бір көшке жетеді.

Көш алдына қараса,

Бір қыз кетіп барады.

Шытырма көйлек етінде,

Нұр сәулеті бетінде,

Бұралып кетіп барады

Перінің қызы секілді.

Өзі он төрт жасында,

Жарқыратып маңдайын

Айырып қойған кекілді.

«Осы екен, – деп,– Қыз Жібек»,

Жетіп келді қасына,

Базарбайдың Төлеген.

Артынан келіп Қаршыға,

«Жібек емес» деген соң,

Онан бір өтіп жөнеген.

Енді онан өтеді,

Және бір көшке жетеді.

Көш алдына қараса,

Бір қыз кетіп барады.

Таң мезгілі болғанда,

Шолпанның туған жұлдызы,

Кигені Алтай қырмызы.

Бейіштен шығып келмесе,

Бұ жалғанда хор қызы.

Сондай-ақ болып туар да

Адамзаттың бір қызы.

«Осы екен,– деп,– Қыз Жібек»

Жетіп келді қасына

Базарбайдың Төлеген.

Артынан келіп Қаршыға,

«Жібек емес» деген соң

Онан да өтіп жөнеген.

Қаршығамен ілесіп,

Төлеген көңілі түзелді.

Асығып жүрді тез енді,

Бір көрмекке Жібекті

Төлеген мырза кезенді.

Қаршыға мен Төлеген

Жағалай салды өзенді.

Сол уақытта алдынан

Бір көш шықты түбектен.

Көш алдына қараса,

Бір қыз кетіп барады.

Отыз түйе жетелеп

Сары мая үлектен.

Мұрындығы сары жез,

Бұйдасын ескен жібектен.

Толған айдай толықсып,

Ақ сазандай бұлықсып,

Бұралып кетіп барады

Неше алуан қылықсып.

Мұны көріп Төлеген

Атының басын бұрады,

Әңгіме дүкен құрады.

«Осы ма,– деп,– Қыз Жібек»

Қаршығадан сұрады.

Қаршыға жетіп келеді,

Әзіл айтып күледі,

«Бұл емес, – деп,– Қыз Жібек»,

Онан да өтіп жөнеді.

Онан өтіп Төлеген

Атына қамшы басады.

Тұлпардан туған көк жорға ат

Аузынан көбік шашады.

Жер тарпынып жануар

Ауыздықты басады.

Алдындағы белестен

Орғытып келіп асады.

Белестен түсіп желеді,

Ойға түсіп келеді,

Тағы айқасты бір көшке.

Көш алдына қараса,

Бір қыз кетіп барады.

Жанасалай сұлудың

Қасына жетіп келеді,

Төлеген мырза көреді.

Көш алдында сұлудың

Он қыз нөкер қасында,

Өзі он бес жасында,

Ақ маңдайы жалтылдап,

Танадай көзі жарқылдап,

Алтын шашбау шашында.

Қырық нарға жүк арттырған,

Қымқап зерлі кілемді

Жүк үстіне жаптырған.

Қазинелі қырық нарға

Жібектен арқан тарттырған.

Әсемдіктің бәрін де

Бұ жаһаннан арттырған.

Дүрия бешпент белсеніп,

Бұ дүниені кең салып,

Алтындай қамшы қолға алып,

Әб жыландай толғанып,

Бұралып кетіп барады,

Жын соққандай теңселіп.

«Осы екен, — деп, — Қыз Жібек»,

Жетіп келді қасына

Базарбайдың Төлеген.

Артынан келіп Қаршыға

«Жібек емес» деген соң,

Онан да өтіп жөнеген.

Тау басында қарағай,

Төлегеннің мінезі

Болып кетті баладай.

Осындай болып әр жерден,

Он бір қыз өтті сәулетпен

Бәрі де қалды жарамай.

Тағы айқасты бір көшке,

Көш алдына қараса,

Бір қыз кетіп барады.

Орта бойлы дембелше,

Алтынды камзол жейдеше,

Сипатына қараса

Бұрынғы қыздан өзгеше.

Алтын шыны кеседей,

Екі көзінің шарасы.

Бейіштен жанған шамшырақ

Көзінің гауһар қарасы.

Туған айдай иілген

Екі қастың арасы.

Сымға тартқан күмістей

Он саусақтың саласы.

Сондай-ақ болып туар да

Адамзаттың баласы.

«Осы екен, — деп, — Қыз Жібек»,

Жетіп келді қасына

Базарбайдың Төлеген.

Артынан келіп Қаршыға

«Жібек емес» деген соң,

Онан да өтіп жөнеген.

Енді онан өтеді,

Және бір көшке жетеді.

Көш алдына қараса,

Бір қыз кетіп барады.

Қара жорға мінгені,

Қара торқа кигені,

Екі көзі сүрмелі.

Бұ сияқты перизат,

Қыз іздеген Төлеген

Жоқ еді, сірә, көргені.

Сексен түйе қомдаған,

Сексені де болмаған.

Сексен түйе үстінде

Алтынды жағдан орнаған.

Асфаһани кілем бар,

Жібектен гүлін торлаған.

Қыз сипатына қараса,

Ақ бетінде кіршік жоқ

Айдын көлдің қуындай.

Екі көзі жалтылдап

Патшаның алтын тонындай.

Сөйлеген сөзі мазалы,

Әб зәмзам суындай.

Аузынан шыққан лебізі

Сары алтынның буындай.

«Осы екен,– деп,– Қыз Жібек»,

Жетіп келді қасына

Базарбайдың Төлеген.

Артынан келіп Қаршыға

«Жібек емес» деген соң,

Онан да өтіп жөнеген.

Онан өтіп Төлеген

Атқа қамшы салады.

Тұлпардан туған көк жорға ат

Көзі оттай жанады.

Сымға тартқан күмістей

Сүмбілдей болып жарады.

Тағы айқасты бір көшке,

Көш алдына қараса

Бір бәйбіше нұрлы жүзді

Көшті тартып барады.

Көш алдында бәйбіше

Сары алтыннан жабдығы.

Екі жүз түйе қазине

Қызыл алтын сандығы.

Ағажүніс перідей

Көркі раушандығы.

Жазығы қатын демесең,

Қартайса да ілгері

Әлгі қыздан салдығы.

Айдың өткен нешесі,

Ай қараңғы кешесі.

Жазығы қатын демесең,

Қартайса да ілгері

Әлгі қыздан мүшесі.

Асылдай болып есіліп,

Нұрдай болып шешіліп,

Ақ маңдайы жарқылдап,

Танадай көзі жалтылдап,

Алтынды кебіс сартылдап,

Көшті тартып барады,

Жібекті тапқан шешесі.

Жібекті тапқан шешесі.

Берсе Тәңірі жігітке

Ертесі мен кеші не?

Ертеңгі күн бесінде,

Зорға жеткен секілді,

Қыз Жібектің көшіне.

Көш сәулетін қараса,

Асфаһанның жауһары,

Стамболдың гауһары.

Тамаша қылған адамның

Тояды көзінің баһары.

Хисабы жоқ дүниені

Есептелік несіне.

Келсе Жібек жоқ екен

Сол секілді көшінде.

Мұны көріп Қаршыға

Атының басын бұрады,

Әңгіме дүкен құрады:

– Жібекжан қайда кеткен? – деп,

Әккі болған Қаршыға,

Шешесінен сол жерде

Сылтауратып сұрады.

– Жібекжан ерте кеткен,– деп,

Болжалды жерге жеткен,– деп,

«Көшпенен бірге жүргенде

Бетіме тозаң тиер» деп,

Көк пәуеске күймемен

Азаннан тұрып кеткен,– деп,

Шешесінің сол жерде

Бұларға берген жауабы.

Әлқисса, енді Төлеген менен Қаршыға Жібектің [шешесінен] бұ сөзді [естіп], көштің алдына шықты. Жібектің сонда арбасының ізіменен көш басшыларының ізінен басқа ешкімнің ізі жоқ екен. Оны көріп аттарына қамшы басып, «шүу» деді.

Найзасы аумай қолынан,

Желі тұрып оңынан.

Ай мүйізді қошқардың

Бөрі тартар қоңынан.

Төлеген сонда жөнелді

Кеткен Жібек соңынан.

Базарбайдың Төлеген

Енді белін түйінді,

Асыл киім киінді.

«Бағымды, Алла, ашқыл» деп,

Пірлеріне сыйынды.

Атқа салды сәндікке,

Төгілдіріп кілемді.

Енді ойланып Төлеген

Келгеніне өкінді.

Тұлпардан туған көк жорға ат

Ор қояндай секірді.

Қаршығаменен ілесіп,

Атқа қылды өкімді.

Ертеңгі күн бесінде,

Қыз Жібектің ізімен

Келе жатқан секілді.

Алмас қылыш сартылдап,

Алтынды жүген жарқылдап,

Көк жорға тұлпар қырланды

Екі көзі жалтылдап.

Өмілдірік сом алтын

Омырауда алқылдап.

Солқылдайды қара жер

Көк жорға ат басса былқылдап.

Ұршықтай саны бұлтылдап,

Құйындай шаңы бұрқылдап.

Алмас қылыш белінде

Қолында найза қылтылдап.

Төрт тұяқтан шыққан от

Шақпақ тастай жылтылдап.

Құлақ салсаң дабысы

Тау суындай сыңқылдап.

Қолтығынан аққан тер

Төгіледі шылқылдап.

Шамның жанған шырағы,

Жақынның болмас жырағы.

Жеті қырдан асқанда,

Күлдірлеген қоңырауды

Есітті сонда құлағы.

Шапса балта өтер ме,

Шағырлаудың тасына.

Нелер келіп, не кетпес,

Ер жігіттің басына.

Қоңырау дауысы келген соң,

Көк жорға атты ағызып

Жетіп бір келді қасына.

Әлқисса, Төлеген қасына келіп алдына бір шықты, артына бір шықты, Жібекті көре алмады. Пәуескенің қақпағы жабулы. Үш қара жорға атты тройкеге жегіп бара жатыр екен. Қайтерін білмей, артына қараса Қаршыға көзінің ұшында қалған екен. Тағат қылып тұра алмады. Және көшірінде отырған кісі жоқ, Жібектің ешнәрсеменен ісі жоқ. Сонда Төлеген қызды шақырып айтқаны.

«Кім бар деп бұл күймеде» дауыстады,

Ақылын ашуланып тауыспады.

Төлеген үш қайтара шақырса да,

Қыз Жібек сөйлесуге намыстанды.

Төлеген сонда тұрып қапа болды,

Өзінің елін ойлап іші толды.

– Қыз түгіл өз елімде еркек қорыққан

Қайран басым, бұл жерде бекер болды.

Өз елімде тең едім хан затымен,

Алдыма келмеуші еді жан атымен.

Мынау қыз жауап бермей қапа қылды,

Жүргенсіп өз елінде сәулетімен.

Төлеген қапа болып, қалды тұрып,

Атының кейін қарай басын бұрып.

Сол уақта Қаршыға да жетіп келді,

Сөйлеспей Жібек кетті Құдай ұрып.

Қаршыға Төлегенге келді жетіп,

Атына қамшы басып екпіндетіп.

Төлеген Қаршығаға сөз сөйлейді:

– Кетті, – деп,– жауап бермей, қапа етіп.

Әлқисса, онда Төлеген айтты: – Бұл Жібек маған шақырсам жауап бермейді, ақымақ адамдарға ұқсап, бұ қалай? – дейді. Сонда Қаршыға айтты: – Мұның бектігі бар, ешкім бұған ондай дауыстап сөйлескен емес. Енді мен сөйлесейін, – деп Қаршығаның Жібекке келіп айтқаны:

– Ұядан ұшқан балапан

Қанаттарын тарайды.

Асыл туған анадан

Әрбір іске жарайды.

Сенің үшін құрметіңе, қарағым,

Тігемін алтын сарайды.

Данышпан адам дүниенің

Парасатын қарайды.

Ақы алып қызмет қылғанды

Оны да іске санайды.

Көтергін, Жібек, басыңды,

Ертіп келдім бір жігіт

Тап өзіңе лайық,

Жақтырмап едің талайды.

Басыңды көтер, Жібекжан,

Құлағың салып сөзіме.

Қасымда тұр бір жігіт

Тап лайық өзіңе.

Нұр жігіттей жүзі бар,

Бал шекердей сөзі бар.

Талай бекзат көріп ем,

Мыңын жисаң осының,

Жетпейді басқан ізіне.

Қаршыға сынды көкеңді

Қапа қылмай, қарағым,

Бір қарашы жүзіне.

Сонда Жібек сөйлейді,

Сөйлегенде бүй дейді:

– Көке болмай жерге кір,

Салмаймын құлақ сөзіңе.

Бай тауып маған апкел деп

Қашан айттым өзіңе?

Жөндеп баққын малыңды,

Бет алдыңа сандалмай,

Жолама менің ізіме.

Екі тайға ұялмай

Мені сатып сыртымнан,

Не бетіңмен сөйлейсің,

Көрінбей жөнел көзіме!

Қаршыға сонда сөйлейді:

– Рас менің, Жібекжан,

Екі жорға алғаным.

Неге айтайын сөзімнің

Расын айтпай жалғанын.

Мақұл ма екен, Жібекжан,

Сөздің жөнін байқамай,

Өтірік жанжал салғаның?

Екі жорға мен алдым,

Төлегенге дос болып.

Нан, қарағым, сөзіме,

Көңілің маған хош болып.

Жолыңа сенің басымды

Бәйгіге тігіп мен келдім.

Сегіз күн ұдай жол жүріп,

Ерте көшіп, кеш қонып,

Басыңды көтер, Жібекжан,

Қайтпасын еңбегім еш болып.

Әлқисса, сонда Жібек ойлады «бұ Қаршыға адамсынып келген екен. Бұған көрінбесем ұят болар және әбден бетімді ашып отырсам тағы жарамас» деп, бетін бір ашып жарқ етіп көрініп амандасты да, қайтадан бетін жауып, пәуескенің қақпағын түймелеп, жатып қалды.

Қасында үш қыз бар екен. Сол уақытта Жібектің сипаты Төлегенге бұ сықылды көрінді.