Еуропаның салықтық құқығы
Еуропаның салықтық құқығы негізінен алғанда Еуропалық қоғамдастықтың, Еуропалық Одақтың және Еуропалық Кеңестің өз салық жүйелерінің құрылуы мен жұмыс істеулеріне, осыған орай және тағы басқа да маңызды жәйттерге байланысты шығарылып, қабылданған ұлттық салықтық заңдар мен өзара интеграцияланған Еуропалық Одақ мүшелері- мемлекеттердің құрылтайлық шарттарында көзделген салық ережелері мен салықтық құқық принциптерінің, сондай-ақ өзге де халықаралық-құқықтық және ұлттық құқық актілерінің жиынтығынан тұрады. Еуропаның салықтық құқығының осындай мән-жайын Еуропалық құқық айқындайтынын білу қажет.
Еуропалық салықтық құқық Еуропадағы салықтар мен салық салу және кеден мәселелеріне байланысты туындайтын айрықша қатынастарды реттейтін интеграциялық және мүше мемлекеттердің салықтық құқықтарының жиынтығы болып табылады.
Еуропалық салықтық құқықтың құрамдас бөлігі интеграциялық салықтық құқықтың Еуропа қоғамдастығының құқық жүйесінде алатын орны қоғамдастықтың салық саясатымен айқындалады, сондай-ақ оның дерек көздерінің қатарына регламенттер, директивалар, шешімдер, құрылтайлық шарттар, Еуропалық қоғамдастық Соттың шешімдері және халықаралық салықтық шарттар жатады. Еуропалық салық салу жүйесінің негізгі принциптері ретінде демократиялық принципін, құқықтық плюрализм принципін, адам құқығы мен бостандығының басымдылығы принципі, ЕО құқықтарының басымдылығы принципі, салық салу аясындағы қарым-қатынастардың икемділігі принципін атап өтуге болады.