Францияның салық жүйесі
Францияның салық жүйесіндегі салықтар табыс салықтары, тұтынуға салынатын салықтар және капиталға салынатын салықтар болып аса ірі үш топқа бөлінеді. Сонымен қатар Франциядағы салық салу көбінесе тұтынуға салынатын салыққа бағытталған. Франциядағы фиксалдық жүйедегі тікелей салық салудың деңгейі төмен, ал жанама салықтардың деңгейі аса жоғары болып табылады.
Францияның салық жүйесінің негізін құрайтын салықтар орталық және жергілікті салықтар болып бөлінеді. Негізгі орталық салықтарға мыналар: қосылған құнға салынатын салық; ақшалай капиталдардың табысына салынатын салық; жылжымайтын мүліктерден түскен пайдаларға салынатын салық; акционерлік компаниялардың пайдаларына салынатын салық; мұраға және сыйға тартуға салынатын салық; капиталдың өсімінен алынатын салық; елтаңбалық және тіркеу алымы; тіркеу салығы (алымы) жатады.
Жергілікті салықтар жүйесіне мына келесідей салықтар мен алымдар: тұрғын үйге салынатын салық; кәсіптік салық; жер салығы; құрылыс салынған учаскелерден алынатын жер салығы; құрал- жабдықтарға салынатын арнайы (қосымша) салықтар; тұрмыстық қоқыстарды жою үшін алынатын салық; рудниктерге салынатын департаменттік және коммуналдық салықтар; ауыл-шаруашылығы палатасын ұстауға алынатын баж; автокөлік құралдарынан алынатын баж; көгалдандыру үшін салынатын салық енгізілген.
Бүгінде Францияның салық жүйесі үш әкімшілік аумақтық бірліктер жүйесін қамтиды. Оларға регион, департамент және коммуна жүйесі жатады. Әрбір регион, департамент немесе коммуна өз ерекшеліктері мен мұқтаждықтарына сай қосымша салықтар енгізуге құқылы. Мәселен, Иль-де Франс регионында құрал-жабдықтарға салынатын арнаулы салық бұрыннан белгіленсе, әкімшілік аумақтық бірліктердің (АӘБ) басшылары осы салықты Эссон, О-де-Сен, Сен-э-Марнь, Сен-Дени, Валь-де-Марн, Валь-де Уаз және Эвелин департаменттерінде енгізе алады, сондай-ақ осы жәйттер Кальвадос, Ор, Сен-Маритин, Басс-Сен, Мерт-Э-Мозеле, Басс-Ран, О-Ранн аумақтарында да әртүрлі негіздерге байланысты қарастырылуы мүмкін.
Франциядағы салық жүйесін басқаруды жүзеге асыратын бірден-бір орган Экономика және Қаржы министірлігі болып табылады.