"Бақытсыз Жамал" романы

Халық тағдыры М. Дулатұлының прозалық шығармаларына да арқау болды. 1910 жылы оның "Бақытсыз Жамал" атты романы жарық көрді. Бұл роман жазушының шығармашылық жолындағы ірі табыс қана емес, бүкіл қазақ әдебиетіндегі елеулі көркем туынды болды. "Бақытсыз Жамал" қазақ әдебиетінде көркем прозалық үлгіде жазылған тұңғыш роман еді.

Бұлардың бәрі де сол кезектегі аса маңызды әлеуметтік мәселеге арналды. Қазақ ауылының тұрмысы жайында жазылды. Әйелдердің бас еркі, қоғамдағы жағдайы туралы баяндады.

"Бақытсыз Жамал" романының оқиғасына арқау болған мәселе де осы, ескі әдет- ғұрыптың қыспағына түскен қазақ қызының тағдыры. Сүйгеніне қосылып, бақытты өмір сүруді армандаған бойжеткеннің трагедиялық жолы. Шығарма сол кезеңдегі қазақ даласының шынайы тыныс-тіршілігін көрсететін эпизодтан басталады. ... Жайлауға жаңа көшіп қонған ауыл. Саумалкөл маңына жағалай тігілген киіз үйлер. Бие байлап, қымыз сапырған жайма-шуақ ауыл адамдары. Қыстай араласа алмай, сағынысқан жұрт енді бірін-бірі қонаққа шақырып мәз. Үй жағалап қымыз ішкен жастар... Осылайша жайбарақат жатқан ауылға патша ұлықтары келе жатқаны туралы хабар тарайды. Абыр-сабыр басталады. Ауыл сыртына үй тігіледі. Арнайы үйге келіп түскен екі ұлықты "ләббай, тақсыр" деп күткен ауылнайдың сөзінде де ерекше бір мақтаныш сезіледі. Міржақып Дулатұлы осы шағын көріністі суреттеу арқылы өз заманының тұрмыс-жағдайын, адамдардың психологиясын дәлме-дел береді. Ауыл адамдарының өзара әңгімелерінен, ауылнай бастаған белсенділердің іс-әрекет, мінез-құлықтарынан жазушы мол сыр ұқтырады. ...Дәл осындай абыр-сабыр сәтте ауыл қазағы Сәрсенбайдын әйелі босанып, дүниеге қыз бала келгені туралы қуанышты хабар жетеді. Дүниеге келген бұл сәби романның бас кейіпкері Жамал болатын. Табиғатынан зерек жаратылған Жамал молдадан ескіше, жаңаша оқып, хат таниды. Түрлі хисса-дастандарды көп оқиды. Бірқатарын жатқа да айтатын болады. Сөйтіп елдің көзіне түсіп, қыз айттырам деушілердің назарына ілігеді. Жамал он бес жасқа келді. Сұлулық, ақыл, салтанат үшеуі бір-біріне муафиқ келіп, Жамал сол елдің қызының алды болды. Бұл айтылмыш артықшылығының үстіне сөзге бек ұста болып, өз ойынан шығарып өлең де жазатын болды. Олай-бұлай қалжыңмен сөйлескен бозбаланы сөйлетпейтін еді. Ел ішінде тілді бозбалалардың көзі түсе бастап, шет елдерге де "Сәрсенбайда бек көркем бір ақын қыз бар" деген лақап жайыла бастады. Көркіне ақылы сай болып бойжеткен Жамалды Байжан деген бай баласы Жұманға айттырады. Қыз шешесінің қарсылығына қарамастан, Сәрсенбай болашақ құдасының байлығына қызығып, құдалыққа келіседі. Бірақ бай баласы топас, нашар болады. Жамал оны менсінбейді. Сөйтіп жүргенде бір тойда оқыған, мәдениетті, жаңаша киінген, сыпайы, әдепті Ғали деген жігітпен танысын, көңілдері жарасады. Арада біраз уақыт өтіп, қыздың Жұманға ұзатылар шағы туғанда, Жамал Ғалимен қол ұстасып қашып кетеді. Жастарды қудалау басталады. Сөйтіп жүргенде аяқ астынан Ғали ауырып қайтыс болады. Қайғыға батқан Жамал көп ұзамай Жұманға ұзатылады. Көрмеген қорлықты көреді. Ақыр аяғында бір боранды күні Ғалидың қабірінің басына барып, жылап жатып қайтыс болады. Романда оқиға желісі—суреттелетін ауыл өмірі, әр түрлі әлеуметтік топтар өкілдері арасындағы қарым-қатынастар мен жекелеген адамдар түсінігіндегі қайшылықтар шырмауына түскен Жамал мен Ғалидың мөлдір махаббаты, өз еркіндіктеріне жету жолындағы үмтылысы осы арнада өрбиді. Ақыр аяғында трагедиямен аяқталады. М. Дулатұлы бұл оқиғаны кездейсоқ болған бірді-екілі жай ретінде қарамайды. Ғашықтар трагедиясын ол қазақ даласындағы әлеуметтік мәселе дәрежесіне көтереді. Сол арқылы қазақ қыздарының бас еркі, жастардың өз қалауымен өмір сүру қажеттігі туралы ой ұсынады. Жазушы үшін әйелдің бас бостандығы, өзінің сүйгеніне қосылып, өмір сүруге мүмкіндік алуы ең бір түйінді мәселе болды. Ол әйелдің арын аяққа басатын ескі әдет-ғұрыпқа үзілді-кесілді қарсы шығады. Міржақып Дулатұлының романдағы Жамал бейнесін сомдаудағы жаңалығы да өзінің осы идеясына негізделеді. Романдағы Ғали — сол замандағы оқыған, мәдениетті жастарының жиынтық бейнесі. Сырт келбетіне ақылы сай жігіт Ғалидың әрбір іс-әрекетінен, сөйлеген , жазған хаттарынан бұл қасиет айқын аңғарылады. Ал шығармадағы Байжан бай, оның баласы Жұман, сондай-ақ Жамалдың әкесі Сәрсенбай, үлкен шешесі Қалампыр — ескі психологияның адамдары. Оларға адамгершіліктен гөрі байлық, шен мақтанышы қымбатырақ. Тұтастай алғанда, "Бақытсыз Жамал" романы сол кездегі тарихи-әлеуметтік шындықты шынайы да көркем бейнелеуімен, авторлық идеяның айқындығымен өзінен кейінгі қазақ прозасының өркендеуіне дәстүрлі жол көрсетті, үлгі болды.

47. Бұқар жырау «Тілек» өлеңі (32 сұрақта өмірбаяны бар)

Бірінші тілек тілеңіз:
Бір Аллаға жазбасқа.
Екінші тілек тілеңіз:
Ең шұғыл пасық залымның
Тіліне еріп азбасқа.
Үшінші тілек тілеңіз:
Үшкілсіз көйлек кимеске.
Төртінші тілек тілеңіз:
Төрде төсек тартып жатпасқа.
Бесінші тілек тілеңіз:
Бес уақытты бес намаз
Біреуі қаза қалмасқа.
Алтыншы тілек тілеңіз:
Алпыс басты ақ орда,
Ардақтаған аяулың.
Күнінде ертең біреуге
Тегіннен тегін олжа болмасқа.
Жетінші тілек тілеңіз:
Желкілдеген ту келіп,
Жер қайысқан қол келіп,
Сонан сасып тұрмасқа.
Сегізінші тілек тілеңіз:
Сегіз қиыр шар-тарап,
Жер тұлданып тұрмасқа.
Тоғызыншы тілек тілеңіз:
Төреңіз тақтан таймасқа,
Тоқсандағы қарт бабаң
Топқа жаяу бармасқа.
Оныншы тілек тілеңіз:
Он ай сені көтерген,
Омыртқасы үзілген,
Аязды күнде айналған,
Бұлтты күнде толғанған,
Тар құрсағын кеңейткен,
Тас емшегін жібіткен,
Анаң бір аңырап қалмасқа.
Он бірінші тілек тілеңіз:
Он бармағы қыналы,
Омырауы жұпарлы,
Иісі жұпар аңқыған,
Дауысы қудай саңқыған,
Назыменен күлдірген,
Құлқыменен сүйдірген,
Ардақтап жүрген бикешің
Жылай да жесір қалмасқа.


48. Үй тапсырмасын беру, бағалау жолдары.

Үй тапсырмасын беру және бала білімін есепке алу жолдары

Үй тапсырмалары бірнеше мақсатта беріледі:

А) сыныпта алған білімдерін бекіту;

ә) сыныпта алған білімдерін қосымша материалдар арқылы байыту, молайту;

б) шығармашылық бағыттағы тапсырмалар арқылы қабілеті, дарыны, талантын дамыту, оған әсер ету;

в) алдын ала берілетін тапсырмалар арқылы оқушыларды жаңа сабаққа дайындау (мысалы, М.Әуезовтің алғашқы әңгімелерін бастамас бұрын, алдын ала оның бірнеше шығармасын оқып келу тапсырылады).

Үй тапсырмасының қандай түрі болсын, мұғалім дифференциялді оқыту принциптерін басшылыққа алуы тиіс.

Мысалы, бір тақырып айналасында берілетін тапсырма әр түрлі болуы мүмкін. І.Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасын талдау барысында қабілеті «жоғары» оқушыларға: Құлагер аттың сынын (Күреңбай сыншы берген) Абайдың «Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлағымен» салыстыру, сол бойынша «Қай ақын жүйрік атты шебер сипаттай білген?» деген проблемалық сүрақ айналасында пікір таласына дайындалу тапсырылса , қаблеті «жақсы» оқушыға; «сакеннің көкшетауы мен ілиястың көкшетау суреттерін салыстыру», сол арқылы екі ақындағы ұқсастық ,өзіндік ерекшеліктерді саралау ; қабілеті «орташа» , «орташадан төмен» оқушыларға оқулықтағы талдаулар ,сондайақ өздеріне ұнаған өлең үзінділерін жаттау , соған талдау жасау тапсырылады. (Көкше көріністері , Құлагер сипатын жаттау.)

Бағалау. Бағалау нормативі, оған қойылатын талаптар бағдарламада да берілген. Соны басшылыққа алу керек. Бағалау міндетті түрде түсіндірмелі талдау әдісімен беріледі. Бұл, әсіресе, бала білімін ауызша талдауда іске асырылады. Шығарма, мазмұндама сияқты жазба жұмыстардың аяғында пікір беріледі. Қателері жинақталып көрсетіледі. Талдау әдісімен бағалауда оқушылар пікірімен, сыныптың пікірімен есептесіп отырған да жөн. Оқушы өзіне қойылатын бағаға келісе ме, оны да білудің артықтығы жоқ. Кейде оқушыларға өз білімін өзіне бағалатудың да маңызы зор. Бұл тәсіл оларды әділдікке тәрбиелейді. Өз-өзіне сын көзбен қарауға баулиды. Онда да оқушы бағаны талдау, түсіндіру арқылы қояды. (Соған баулу қажет.) Өз бағасына келіспеген оқушы егер қайта дайындалып келіп, айтайын десе, оған да мүмкіндік беру керек. Баға қоюдағы басты мақсат оқушыға білім берудің негізінен туындамай ма? Баға қоюда мұғалім ерекше әділ болғаны жөн. Қатал талап та, терең талдау да, көрегендік пен мейірім де, тіпті кешірім де бағалау кезінде өте керек мәселелер. Әсітесе, «орташа», «төмен» оқитын, денсаулығы нашар немесе жетім балалар білімін бағалау мұғалімге педагогикалық әдеп, ерекше ілтипат керек. Әділ, қатал, болам деп, үнемі «2» немесе «3» қоя беру мұғалімді де, оқушыны да жетістіктерге жеткізбейді. Тамаша ұстаздар «екілікті» баланы жазалау түрі деп, әлдененің әлденеге жасаған қысастығы деп түсініп, оны қоя беруден бас тартады. Оның орнына нашар оқудың себебін анықтайды, көмектеседі, қосымша сабақ өткізеді, өз сабағын барлық оқушыға қызықты етіп өтетін дәрежеде ойластырады. Қазір балаларды қабілеті, ынтасы, икеміне қарай оқыту тәжірибеге молынан енуде. Бұл – аса құптайтын мәселе. Мұғалім алдында математикадан қабілетті оқушы отырса немесе әнші, оған кешіріммен қарап, үлгерімін жақсарту үшін, ізденген жөн. Баға тек бала білімінің анықтаушысы емес, ол мұғалім еңбегінің де жемісі, анықтаушысы болып табылады.