43, Шағын пьеса, драма тілі мәселесіне талдау жаса.

Драмалық шығармаларды оқытқанда, оның өзіне тән ерекшелігі ескеріледі. Мұнда автордың баяндауы, суреттеулер, кейіпкерлер мінезі мен портреті берілмейді. Драмалық туындыда кейіпкер‑қатысушылар өздері сөйлейді. Пьеса оқиғасы басталмас бұрын, оған қатысушылар, олардың кім екендігі беріледі. Әрі қарай кейіпкерлер сөйлеу, өз ойларын айту, оқиғаға қатысу арқылы беріледі. Пьесадағы кейіпкерлердің көңіл‑күйі, қимыл‑қозғалысы автордың түсініктемесі (ремарка) арқылы беріледі. Қазақ драмасын қаһармандық, саяси‑әлеуметтік, тарихи‑ғұмырнамалық (Р.Нұрғали) деп бөлу оның табиғатының түрлілігінен хабар береді.

Драмалық шығармаларды өтерде мұғалім оқушыларға мынадай жұмыс түрлерін жүргіздіртуіне болады:

- мұғалім алдымен өзі оқып көрсетеді;

- оқушылар рөлдерге бөліп оқиды;

- пьесадағы негізгі тартысты анықтайды;

- басты кейіпкерлерге мінездеме береді;

- сюжет желісін бақылай отырып, әр көрініске тақырып ойлайды.

Пьесада көзге көрініп тұрған әрекет, оқиға болмағандықтан, оқушыларға алдымен қатысушыларды анықтап, олардың кімдер екендігін жете ұғынулары керек. Мәселен, белгілі драматург С.Жүнісовтің “Қызым, саған айтам...” пьесасының көтерген тақырыбы – адагершілік‑ізеттілік мәселесі. Мұндағы бір отбасының ойран болған тағдыры басқаларға сабақ боларлықтай көрсетіліп, адамдар арасындағы тұрмыстық‑отбасылық қарым‑қатынастың мәнін ашады. Пьесаға өзек болған басты әрекет барысында Мұрат пен Разияның отбасылық тірлігіндегі алуан түрлі оқиғалар мұндағы тартыс сипатын тереңдетіп отырады. Драматург образдарды даралауда өнімді тәсілдердің бірі – психологизмді қолданған. Жалпы, көркем туындыларда психологизм мәселесі екі жақты көрінеді: бірі ‑ ол алдымен жеке танымның құрылымы ретінде – адамгершілік, психологиялық және идеологиялық деңгейде көрінсе, екіншіден, тұлғаның ішкі әлемін ашу тәсілі ретінде көрінеді. Драма театр өнерімен байланысты. Қазақ драматургиясы осы жанрға тән сипаттарды бойына жинаған, өркендеу үстіндегі жанр.

Композиция мен сюжет. Композиция ‑ әдебиеттану ғылымындағы мазмұны терең теориялық ұғым. Композиция дегеніміз – көркем шығарманың құрылысы деген сөз. Көрем шығармада негізінен бейнеленетін – адамдардың өзара қарым‑қатынасы, әрекеті. Композиция – шығарманың сюжеттік‑баяндауыштық жағымен бірге, оның бейнелілік бітімін, характерлер сипатын толық қамтитын ұғым. Оның ішкі міндетіне көркем ой мен сезімнің үздіксіз қозғалысын реттеу де жатады. Осы іс‑әрекеттер сюжет құрайды да, кейіпкердің мінез‑сипатын, қимыл‑әрекетін, мақсат‑мүдесін, танытады. Композициядағы маңызды мәселе – компоненттерді орналастырудағы жүйелілік. Автордың алғашқы кезекте қай мәселені, екінші кезекте не жайында айтпақшы болғаны, нені бөлшектеп, суреттейтіні де белгілі мақсатқа бағындырылады.

Сюжетті эпикалық шығармалардың құрылымында жиі ұшырасатын композициялық бөлшектің бірі – лирикалық шегініс. Бұл детальдің неге эпикалық шығармаға тән екенін былайша түсіндіруге болады. Драмалық шығармаларда авторлық баяндау жоқ. Лирикалық шығармада автордың әр алуан көңіл‑күйі беріледі. Лирикалық шегініс дегеніміз – эпикалық шығарма авторы ойы мен сезімінің шығармада тікелей көрінуі. Лирикалық шегініс арқылы:

- қаламгер кейіпкерлер мен олардың әрекеттеріндегі өзінің пайымынша ең маңызды деген тұстарға оқырман назарын аударып, мәтін әсерлілігін күшейтеді;

- бір кейіпкерге бағытталған оқиғаның басқа кейіпкерлерге де қатысты екенін көрсетеді;

- автор өз шығармасының сипат‑болмысын хабарлайды.

Мәтіннің мазмұнын тереңдетіп, идеясын кеңейту үшін қаламгер кейде композициялық тәсілдердің бірі – оқшау эпизодтарды қолданады. Оқшау эпизодтар деп, мәтінде баяндалатын негізгі оқиғаға тікелей қатысы жоқ жанама көріністердің суреттелуін айтамыз. Кейде бұлар лирикалық шегініс секілді мәтіннің идеясын, пафосын түсіндіру үшін қолданылады. Көркемдік ишаралау – композициялық бөлшектердің бірі. Қаламгер өзі суреттеп отырған құбылыстың мән‑маңызын мейілінше ашу үшін, сол оқиғаларға кейбір сипаттары үйлесетін үзік, эпизодтарды енгізеді. Сол сияқты қаламгер алда болатын оқиғаны барынша терең түсіндіру үшін оны алдын ала соған іштей ұқсас көріністер арқылы аңғартатын тәсілдерді қолданады. Мәселен, М.Әуезовтің “Қорғансыздың күні” әңгімесінде Ақан мен Қалтай жолда келе жатқанда, олардың ниет‑пиғылынан хабар беретіндей Күшікбай кезеңі аңызы беріледі. Табиғаттың сұрғылт кезіне, Күшікбай аңызы қосылып, алдағы трагедиялық оқиғаның болатынын аңғартады. Бұл көркемдік аңдату болады.

Сюжет – эпикалық, драмалық, кейде лирикалық шығармаларда қозғалыс үстінде көрінетін оқиғаның дамуы. Сюжет тарихи‑әлеуметтік мәнге ие. Сондықтан, сюжетті қарастыру үстінде, шығарманың негізінде қандай қоғамдық тартыс жатқанын және оның қандай ұстаным тұрғысынан бейнеленгенін айқындап алу керек. Сюжетте қаламгердің жазу шеберлігі көрінеді. Сюжет толыққанды шығу үшін ол тиянақталып, тартыстың даму сипаттары, себеп‑салдарлары, оқиға дамуындағы әрбір эпизод айқын, көркем ашылу керек. Эпикалық шығармалардың бөлімдерге, тарауларға бөлінуі, автор немесе кейіпкер атынан баяндалуы композицияға қатысты. Жанры әр түрлі формадағы мәтіннің композициясын оқыту көркем шығарма табиғатын танып‑білуге үйретеді. Көркем шығарманың композициясын танытудағы мақсат – шығармадағы негізгі ой‑пікірді, идеялық мазмұнды ұғындыру. Мектептің төменгі сыныбында көркем шығарманың құрылысы ең жеңіл ұғыммен танытыла бастайды. Мұғалімнің басты міндеті – көркем мәтіндегі оқиғалардың байланыса дамуына назар аударту.

Оқырман көркем мәтінді алғаш оқығанда, оның жалпы фабуласын қабылдайды. Ал, сол шығарманы қайтадан оқитын болсақ, шығармада суреттелетін әрбір әрекеттің, құбылыстың мәніне тереңдей үңіліп, соның нәтижесінде сюжет туралы түсінік қалыптасады. Осы тұрғыдан келгенде, фабуланы болған оқиға деп, сюжетті сол оқиғаның оқырманға көркемделіп жеткен түрі деуге болады.

Қаламгер пайдаланған дайын фабулалар сюжетке айналған кезде, көркемдік өзгеруге ұшырайды. Алдымен, дайын фабулалар өмірдегі нақты оқиғаларға негізделген шығармаларда жиі кездесуі ықтимал; екіншіден, бір қаламгердің жасаған фабуласы келесі жазушыда жаға сападағы сюжетке ұласуы мүмкін. Яғни, бір фабула әр жазушының стиліне байланысты түрлі сюжеттік сипатқа ие болады. Демек, мәтіннің көркемдік маңызы фабулаға емес, оның (фабуланың) шығармашылық түрде игерілген көркемдік жағының сюжетте тереңдетілуіне байланысты. Көркем шығарма сюжетінде бірнеше фабула желісіқамтылуы да мүмкін. Сюжет бір немесе бірнеше эпизодтан тұрады. Эпизод дегеніміз – мазмұнның бөлінбейтін ең кішкене бөлшегі. Әдебиеттану ғылымында композиция мен сюжеттің мәні ерекше. Ол белгілі бір идеяны береді. Композиция ұғымы көбіне, өлең, поэма, мысал сияқты жанрларға, ал сюжет әңгіме, повесть, роман сияқты жанрларға тән. Екеуінің ұқсастығы – олар шығарманың құрылысына байланысты формалар. Айырмашылығы – композиция автор ойы тікелей айтылатын лирикалық шығармаларға тән. Ал, сюжет автор ойы тікелей байқалмайтын прозалық жанрларға тән. Өлеңді шығарма немесе поэма көбінесе композициялық жағынан талданады. Ал, сюжетті поэмада композиция мен сюжет элементі ұштас талданады.

Мәселен, С.Сейфуллиннің “Көкшетау” поэмасының сюжеттік‑композициялық құрылымын тізіп көрейік:

1. Көкшетау аңыздары (пейзаж).

2. Абылайдың қалмақ ауылын шауып алуы (оқиғаның басталуы).

3. Қалмақ қызының тұтқын болуы (оқиғаның дамуы).

4. Адақ бейнесі (оқиғаның байланысы).

5. Қыз жұмбағының шешілуі (оқиғаның шарықтау шегі).

6. Қалмақ қызының еркіндік алуы (оқиғаның шешімі).

Поэманың негізгі тақырыбы – ғасырдағы феодалдық‑хандық құрылыстың ішкі‑сыртқы қайшылығы. Идеясы – Адақ пен қыз мүддесінің жақындығы, халықтың, адамның бостандығы мәселесі.

44. «Абай жолы» - Әуезовтің бас кітабы, ғасырлық туынды.

«Абай жолы» - Мұхтар Әуезовтың әлемге әйгілі тарихи романдар топтамасы - қазақтың тұңғыш эпопеясы. 1-кітабы 1942, 2-сі 1947, 3-сі 1952, 4-томы 1956 ж. жарыққа шықты.
Эпопеяның «Абай» атанған алғашқы екі кітабына КСРО Мемлекеттік сыйлығы (1949), «Абай жолының» тұтас төрт томына Лениндік сыйлық (1959) берілді.
«Абай жолы» арқылы қазіргі қазақ прозасы күллі дүние жүзі әдеби классиканың шырқау шыңына шықты. Сөйтіп, 19 ғасырдың 40-50-жылдарын М. О. Әуезов туған әдебиетіміздің даму тарихында бұрын-соңды болып көрмеген ренессансқа айналдырды. Мұның өзі заңды да, өйткені «Абайдай» шығарма бұл тұсқа дейін қазақ әдебиетінде болған емес».[1] «Бұл да аз,- деді француз жазушысы Луи Арагон,- әлемнің басқа елдерінде де онымен тең түсетін шығарма табу қиын; бұл, менің ойымша, XX ғасырдағы ең үздік шығармалардың бірі». Ең талғампаз суреткерлердің аузымен айтылған осындай орасан биік бағаға «Абай жолы» қандай қасиеттері мен жетті? Бұл сұраққа жауап беру үшін эпопеяға тән негізгі ерекшеліктерді ескермей болмайды. Алдымен, тақырып туралы. Кешегі, яки тарихи тақырып: бүгінгі, яки қазіргі күн тақырыбы деп жүрміз. Бір тұста осылар жөнінде айтыс ашып, дауласып та көрдік. Бәрі шартты нәрсе! (Кеше, бүгін, ертең... Уақыт жалғастығында жік жоқ: таң атса, ертең бүгінге, бүгін кешеге айналады. Демек, кешесіз бүгін, бүгінсіз ертең жоқ). Сондай-ақ бүгінгі қазақ кім? Мұны тану үшін кешегі қазақты білу шарт. Тамыры жоқ ағаш, тарихы жоқ халық болмайды. Әуезов өзінің төрт том «Абай жолы» арқылы бүкіл дүние жүзіне, қала берді - өз отандастарына, керек десеңіз тіпті - қазақтардың өзіне қазақ дегеннің кім екенін танытты. Дәлірек айтқанда, қазақ халқының ұлылығын - оның өткен өмірін - тарихын, тарихының түбірлі кезеңдерін, қазақ мінезі қалыптасқан трагикалық Һәм шығармашылық дәуірлерді ғажайып көркемдік күшпен жарқыратып, ашып, жан-жақты айқындап, терең түсіндіріп берді. Сондықтан да, «Абай жолын» оқыған Бенжамен Матип «қазақ неткен ғажайып халық» деп өзін-өзі ұмыта таңырқаса, Константин Федин «өзінің қалай қазақ боп кеткенін білмей қалған». Сондықтан да бүгінде Л. Н. Толстойды оқымай орысты, О. Бальзакты оқымай французды білдім деу қандай қиын болса, Әуезовті оқымай қазақты білдім деу сондай қиын.

«Абай жолының» бас кейіпкері - Абай. Біз ақын өмірінің елу жылына айғақ боламыз. Абайдың адам, азамат, ақын ретінде қалыптасуы сол жарты ғасыр ішіндегі қазақ қоғамының барлық саласындағы өмірдің барлық ойы-қыры, қия-қалтарысымен өріле суреттеледі. Абай арқылы өткен ғасырдың екінші жартысындағы және осы ғасырдың басындағы бүкіл халық тіршілігін, оның көп бұралаң тағдырын, ой-арманын, мақсат-мүддесін, күрес-тартысын... бәр-бәрін түгел шарлап өтеміз. «Халық» дегенде, бұл ұғымның негізінде ұлттың әдет-ғұрпы ғана емес, ұлттық рухы жататыны сөзсіз. Демек, «Абай жолында» кешегі қазақтардың тұрмысы, әдет-ғұрпы ғана емес, күллі рухы сайрап білініп тұр.

45. Поэма жанры, оның түрлерін, көркемдік жүйесін таныту.

Поэма ‑ өлең сөзбен жазылған сюжеттік желісінде әңгімелеу сипаты басым көлемді туынды. Сюжетті поэмалармен қоса, таза лирикалық сюжетті қамтитын поэмалар да болады. Поэма жанры, оның көркемдік ерекшелігі, тарихи‑мәдени және әдеби процестегі мәні мен ролі туралы айтқанда, екі мәселені бөліп алуға болады. Гегель “Эстетика туралы дәрістерінде” эпикалық поэзияның мазмұнында жалпы әлем шеңберіндегі ұлттық дүниетаным көрінеді деген ой айтады. Осылайша поэма мазмұнына арқау болатын оқиғаның тарихи көлемі анықталады. Гегельдің көзқарасынша эпикалық дүниенің негізі ретінде халықтың рухын көрсететін жалпыхалықтық іс көрінеді. Гегельмен бірге Белинский өзінің белгілі “Поэзияны тегі мен түріне қарай бөлу” деген мақаласында поэмадағы жеке субъектінің рөліне, авторлық басталуға көбірек көңіл бөліп, нақты эстетикалық және тарихи‑әдеби талдау кезіде, баяндаушының лирикалық тебіренісі, оқиға мен кейіпкерлерге деген қарым‑қатынасы, көңіл‑күйі эпикалық шығармаға үлкен эмоция беретінін айтқан.

Қазіргі поэма жанры тақырып түрлілігімен, дәуір, ұлт рухын беруімен, өткен оқиғаларға өз бағасын айтуымен ерекшеленеді. Жазба әдебиет дамуының өне бойында поэма әдебиеттегі бірден – бір жетекші салаға жатады. Өзінің жанрлық мүмкіндігіне қарай, поэма әр түрлі көркемдік құрылымда, атап айтқанда, сюжетті, сюжетсіз, драмалық, монологтық‑толғаныс түрлеріне жіктеледі. Поэмада көтерілген проблемалар, тақырып пен идея, сюжет пен композиция, кейіпкерлер жүйесі эпикалық кең тынысқа негізделеді. Қазақ әдебиеті тарихында қара сөзбен жазылған поэмалар да бар. Мәселен, Ғ.Мүсірепов “Кездеспей кеткен бір бейне” шығармасын қара сөзбен жазылса да, поэма деп атаған.

Поэма ‑ әдебиеттегі іргелі жанрлардың бірі. Онда қоғамдағы алуан түрлі іргелі мәселелер, көкейкесті тақырыптар қозғалады. Мәселен, Абайдың “Ескендір” поэмасын қарастырып көрейік. Негізінен, Абай поэмаларында қозғалатын жайлар шығыс халықтарының аңыз‑ертегілерінен алынған.Бұл поэманың сюжеті аңыз түрінде кең таралған. Сондай бір сюжет – Ескендір жайында Науаидің, Фирдоусидің дастандарының желісі. Абай “Ескендір” поэмасына негіз болған оқиғаны ғасырдағы әзербайжан классигі Низами дастанынан алғандығы айтылады. Алайда, ақын оқиғаны өзінше құрған. Поэма мәтіні таныстырылғаннан кейін, поэмада қандай оқиғалар болды, кейіпкерлері кім, оқиға қалай баяндалған, автордың оқиғаға көзқарасы қандай деген мәселелер анықталады. Ол үшін поэма сюжетіне қатысты жоспар құрылады.

Жоспар

1. Ескендірдің жорықтары.

2. Ескендірдің бұлаққа кездесуі.

3. Жабық қақпа.

4. Қақпадан жеткен сый.

5. Сыйдың сыры.

6. Ақынның ғибраты.

Ақынның поэма соңында айтқанын өлеңдеріндегі өсиеттерімен байланыстыруға болады. Мәселен, “Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат”, “Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы”. Бұдан кейін поэмадағы екі кейіпкердің диалогы – жауыздық пен әділеттіліктің бетпе‑бет келуі, жауыздықтың даналықпен ақиқаттың алдына бас игені ашылады.

Аристотельдің уәжінен кейін Ескендірге ой түседі, тәубасына келеді. Поэманың алғашқы жартысы баяндауға, екінші жартысы нақты суретке құрылған. Ақын поэма соңында тойымсыз, қанағатсыз Ескендірді парасаттылықтың алдына бас игізеді. Аристотельді үлгі етеді. Абайдың “Әсемпаз болма, әрнеге”, “Ғылым таппай мақтанба” өлеңдерінен үзінділер келтіріліп, поэма идеясымен сабақтастырылады. Поэманың көркемдігі ашылып, нақты мысалдармен дәлелденеді. Мәселен, поэманың басында Ескендір таныстырылады:

“Қазақтың жазба әдебиетінің қалыптасуында эпикалық жанрдағы жетекші түрлердің бірі поэма екендігі әдебиеттану ғылымында айтылып жүрген пікір болғанымен, бұл саладағы көркемдік жетістіктердің негізінде романтикалық бейнелеу тәсілінің жатқаны арнайы сөз етуді қажетсінетін мәселе. Қазақ романтикалық поэмасы Мағанға дейінгі кезеңде кем дегнде үш типті көрінеді деуге негіз боларлық әдеби‑көркем деректер баршылық. Мұндай тұжырым жасауға Абайдың және оның ақын шәкірттері шығармашылығындағы эпос жанрының ипаы негіз бола алады”, ‑ дейді романтикалық поэма табиғатын дербес зерттеу нысаны еткен ғалым Е.Тілешев. Абай поэмаларындағы романтикалық шарттылық оның ағартушылық ойларын берудің тәсілі сияқты. Ақынның “Ескендір” поэмасындағы ағартушылық сипат алдыңғы кезекте өрістегенімен, ондағы оқиға, бейне жасау романтикалық түрде берілген. Абайдың балалары, шәкірттері Ақылбайдың, Мағауияның поэмалары – қазақ поэмаларының ішіндегі орыстың, батыстың осы жанр саласындағы XIX ғасырдың бірінші жартысында белгілі болған дәстүрін еске салады. Еуропа, орыс әдебиетіндегі байрондық поэмалар деп аталатын туындылардың идеялық, көркемдік қасиеттерін танытатын сипат “Дағыстан”, “Медғат – Қасым” поэмаларынан анық аңғарылады. Осы поэмалардағы басты тартыс – махаббат мәселесінен бастау алады. Осыдан барып бас қаһарман ортасынан оқшауланып, кек алу әрекетін ойластыра бастайды. Байрон, Пушкин шығармаларында да өзге елдегі, ортадағы жағдай, табиғат суреттеліп, кейіпкерлері де батыл, өжет мінезді болып келеді. Яғни, қазақ романтикалық поэма жанрының қалыптасуы, оған өзге халықтар әдебиетінің ықпалы туралы айтқанда, Ақылбайдың “Дағыстан”, Мағауияның “Медғат‑Қасым” поэмаларын атаған орынды. Романтикалық поэма үлгісін Шәкәрімнің “Ләйлі‑Мәжнүн” поэмасынан да байқаймыз.

Мағжанның романтикалық сипаттағы поэмаларының басы‑ “Ертегі” поэмасы. “Ертегі” атауы фольклор жанрын емес, идеялық мазмұнды меңзейді. Қазақтың кешегі азат күйі, көшпелі ерікті тірлігі – ертегідей елестейді. Романтикалық идеалды бейнелеудің формалары, мазмұны бұдан кейінгі “Қорқыт”, “Оқжетпестің қиясы”, “Батыр Баян” поэмаларында байқалады.

Поэма – эпостық жанрдың бір түрі. Поэманы жеңіл деп, үстірт оқыту дұрыс емес. Ендеше, поэманы мұқият меңгерген оқушы повесть, роман жанрларын талдауды тез игереді. Мұғалім осы үлкен прозаның бастауы болатын поэманы меңгертуге көп көңіл бөлгені жөн. Оқушылар мәтінді түсініп, нақты сюжетті меңгеруінде жоспардың атқаратын рөлі айтарлықтай. Мұғалім жоспарды екі түрлі жолмен ұсына алады. Жоспарды оқушыларға алдын ала беріп, сол арқылы поэманың сюжетін ашып, рет-ретімен баяндауға жол салуына болады немесе мұғалім мазмұнын аша отырып, оқушылармен бірлесе жоспар құрады.
Поэманың жанрлық ерекшеліктері оқиғаны баяндау тәсілі, композициялық, сюжеттік құрылысы, көркемдік жүйесі арқылы айқындалады. Поэма сюжет ұйытқысын құрайтын оқиғаның басталуы, шарықтау шегі мен шешімі болады. Онда адам, оның өмірі мен тағдыры, аса маңызды деген оқиға жинақы беріледі. Мұнда бір айтылған жайларға қайта оралуға, тәтпіштеп баяндауға, ұзақ суреттеуге орын жоқ.
Оқу материалын меңгеру көп жағдайда оқыту процесінде қолданылатын техникалық құралдарға байланысты.
Поэманы оқытудың сөздік және тәжірибелік әдістерімен өзара байланыста қолданылады және құбылыстармен, объектілермен оқушыларды таныстырарда олардың сезім мүшелеріне әсер етіп, алуан түрлі сурет, көшірме, сызба арқылы құбылыс, процесс, объектілердің символдық бейнелерін немесе оларды табиғи күйінде қабылдайды.

46. М.Дулатұлының «Бақытсыз Жамал» романының тақырыбы, идеясы