33.Қ.Аманжолов өмірі мен шығармашылығы.
Қасым Аманжолов 1911 жылы 10 қазанда қазіргі Қарағанды облысының Қарқаралы ауданындағы Қызыларай қыстауында дүниеге келген. Әке-шешеден жастай жетім қалған, ол біраз жыл ағасының қолында өседі.
Алғашында жаңадан ашылған ауыл мектебінде оқып, сауатын ашады. Кейін, 1924 жылы, ағасы Қасымды Семей қаласындағы интернатқа орналастырады. Қасым онда 1927 жылға дейін тәрбиеленеді. Одан әрі қарай үш жыл Семей мал дәрігерлік техникумында оқиды. Алғашқы өлеңдерін де осы кезде жазады. 1930 жылы Алматыға келіп, біраз уақыт "Лениншіл жас" газетінде істейді. 1931 жылы Ленинградтағы орман шаруашылығы институтына түсіп оқиды. Бірақ, денсаулығына байланысты және түскен оқуын да онша ұната қоймағандықтан, бірер жылдан кейін елге оралып, Орал қаласында "Екпінді құрылыс" газетіне қызметке орналасады.
1933 жылы міндетті әскер қатарына алынып, оны сол Орал қаласында өтейді.
Алғашқы өлеңдерін Қ. Аманжолов Семейде жазған. Олар қабырға газетіне ғана басылып жүрген. Кейін ол дәптері жоғалып кеткен. Сондықтан 1930 жылдарға дейін жазған өлеңдері сақталмаған. 1930 жылы жазған өлеңдері өзі қызмет істеп жүрген "Лениншіл жас", "Қызыл әскер" және "Пионер" газеттерінде жарияланған.
Қ. Аманжоловтың ақын, азамат болып қалыптасуына Орал қаласы үлкен әсер етті. Осы қалада ол ең алғашқы махаббат, жастық жырларын жазды. 1935 жылы әскер қызметінен босасымен Қасым Оралдың театр труппасын ұйымдастырып, өзі көркем басқарушысы болады. Бұл труппа тез өсіп, аз уақыт ішінде театр болып құрылды. Мұндағы ақынның еңбегі өте зор еді. Осы кездері Қ.Аманжоловтың ақындық, әншілік, артистік таланты жұртшылыққа танылды.
1936-1941 жылдары Қ. Аманжолов Алматыға барып, "Социалистік Қазақстан", "Лениншіл жас" газеттерінде, Жазушылар Одағында қызмет істейді. Бұл кездері ол өлеңмен қатар әр түрлі тақырыпқа мақала, очерк, фельетон жазады.
1938 жылы тұңғыш өлеңдер жинағы "Өмір сыры" деген атпен жарық көреді.
1939-1941 жылдар арасында Қ. Аманжоловтың шығармашылық елеулі өрлеу дәуірі басталады. Осы кездерде жазған "Нар тәуекел", "Дауыл", "Көкшетау", "Орамал", "Заула, заула Турксиб", "Сұлтанмахмұт туралы баллада" сияқты өлеңдерінде өрісті ойлар, терең сезім қуаты, өткір тіл байлығы байқалады. Және де Пушкин, Лермонтов, Шевченко, Байрон, Маяковскийдің шығармаларын қазақ тіліне аударуы Қасымның шығармашылық өнерінің өсу жолын анықтай түседі. Қасым қалың жұртшылыққа өзінің ақындығы, аудармасымен ғана емес, сонымен қоса әнімен, домбра, сырнай, скрипка, пианино тартатын әдемі өнерімен де танылған. Ол өз өлеңіне ән шығаруды өте қызық көрген. "Дариға", "Туған ел" атты өлеңдері бүгінгі жақсы әндер тізіміне қосылады. Қ.Аманжоловтың бірінші өлеңдер жинағы 1938 жылы "Өмір сыры" деген атпен шықты. 1940 жылы Қасым Маяковскийдің он шақты өлеңін аударып 1941 жылы "Бар дауыспен" деген атпен жеке жинақ етіп жариялады.
Қ. Аманжолов тек қана лирик емес, сонымен қоса эпик ақын. "Дүние қандай жап-жарық", "Сақыпжамал", "Күйім тасып барады, күйім тасып", "Жаным сәулем, еркешім, қызыл гүлім" атты өлеңдері Қасымның лириктігін танытса, "Ақын өлімі туралы аңыз", "Боран", "Біздің дастан", "Жамбыл тойында" атты поэмалары оның эпиктігінің дәлелі.
Ақын 1941 жылы армия қатарына шақырылады. Сол қарсаңда "Мазасыз музыка", "Қоштасу", "Бейсекештің бес ұлы" секілді әсерлі, сыршыл сезімге толы, лепті өлеңдерін жазады. 1941-1943 жылдары Қиыр Шығыста болған Қасым 1943 жылы батыстағы майданға ауыстырылады, содан соғыс аяқталғанға дейін "қанды қырғын, қып-қызыл өрттің ішінде" болады. Намыскер, өр, қайсар Қасым жауынгерлік міндетін жан аямай атқарады, абыройлы болады. Қиыр Шығыс пен батыстағы майдан аралығындағы ұзақ сапар, атамекен – Қазақстанын қақ жарып өтетін жол әсершіл, ұшқыр қиялды ақын жанын қатты тебірентеді. Соның нәтижесінде "Орал", "Сарыарқа", "Байкал", "Өтіп бара жатырмын" тәрізді тек Қасымның ғана емес, сол кездегі бүкіл қазақ поэзиясынық жетістігі болып саналатын өлеңдері дүниеге келеді.
Соғыс майданында жүріп Қасым көптеген лирикалы өлең жазған. "Үстімде сұр шинелім", "Мартбек", "Жеңіс дауысы", "Орал", "Ертіс", "Сибирь", "Сарыарқа" сияқты өлеңдері туған жердің сыр-сипатын, сұлулық бейнесін, соғыс өмірін суреттейді. Ал "Елге хат", "Достар қайда жүрсіңдер?", "Ағайға" деген өлеңдері туған елді, дос жорандарын, ағайын-туыстарын сағынған солдаттың сезім дүниесін жырлайды.
1943 жылғы сұрапыл кезеңде дүниеге келген Қасымның бір ерекше, өлмес туындысы – "Ақын өлімі туралы аңыз" атты поэма. Бұл поэма Қасымның атын аспандатып, ақындық даңқын шырқау шыңға шығарған тұлғалы туынды. Бұл поэма Ұлы Отан соғысының майданында жаудың қоршауында қалып қойып, ерлікпен қаза тапқан Қасымның жақын досы, жас ақын А.Жұмағалиев туралы.
Ұлы Отан соғысы аяқталған соң Қасым майдан өлеңдерін газет-журналдарға көптеп бастырумен қатар жаңа өлеңдер жазды. Осы кездері оның "Біздің дастан" поэмасы жазылып, таңдамалары өлеңдер жинағы "Дауыл" деген атпен жарық көрді. 1949-1952 жылдары Қ. Аманжоловтың "Балбөбек", "Нұрлы дүние" жинақтары "Таңдамалы шығармалар" жинағы басылып шықты.
1947 жылдан бастап Қасым сырқаттанып, ара-тұра жатып қалып жүрді. Бірақ қандай ауыр қалде жатса да, өлең жазуын тоқтатқан жоқ. Сырқаты дендеген кездерде Қасым өлеңдерінде өзінің ақындық өмірі туралы жазатын. Бұған дәлел оның "Өзім туралы" атты өлеңі. 1954 жылы қыркүйек-қазан айларында Қ. Аманжолов Қазақстан Жазушыларының ІІІ сьезінің ашылуына қатынасты. Осы жылдың желтоқсан айынан бастап сырқаты мендей түсті. 1955 жылы 18 қаңтарда Қасым мәңгілікке көз жұмды.
М. Лермонтовтың "Маскарад" драмасын, А. Твардовскийдің әйгілі "Василий Теркин" атты ұзақ та күрделі поэмасын өте шебер аударады. 1948 жылы да Қасым көп жазады, "Дауыл" атты жинағы жарық көреді. Осы жылдары Пушкин мен Лермонтовтың бірсыпыра өлеңдеріне қоса, Пушкиннің "Полтава" поэмасын аударады. "Балбөбек", "Нұрлы дүние" жинақтарын шығарады. 1952 жылы "Таңдамалы шығармалары" жарық көреді.
Өмірден ерте кеткенімен, Қасымның мәңгі жасайтын асыл жырлары қалды. Сол жырлары ақын атын өлтірмейді. Бұл күнде халықтың сүйікті ақыны Қ. Аманжоловтың жарқын бейнесі ел жүрегінде. Оның шығармалары орыс және басқа да халықтардың тілдеріне аударылған. Ақынның өлеңдерін қазақшадан орыс тіліне Дмитрий Снегин, Борис Слуцкий, Илья Сельвинский және басқалары аударған. Аманжоловтың үлкен жаңалығы – қалыптасқан қағидаларды жеңу, өлең саласындағы батыл тәжірибе, ол қазақ поэзиясына он буындық өлең жолын енгізді. Ақынның өлеңдері мен поэмалары қазақ әдебиеті бойынша мектеп оқулықтарына енгізілген.
34. Жұмбақтардың тақырыбы, ерекшелігі, таныту жолдары
Жұмбақ — халық шығармаларының ішіндегі ең ескі түрінің бірі және барлық жұрттың фольклорына ортақ түр. Әуелгі туысы арғы, ерте заман болғанымен, жұмбақ бергі заманда да, тіпті бүгінгі біздің дәуірімізде де керекті қасиетін жойған жоқ.
Қай кезді алсақ та, жұмбақ өткір, ұшқыр сөз есебінде халық арасында бағалы болған. жұмбақты халықтың өзге тапқырлық сөздері қатарында саяси құрал есебінде тап жауына қарсы қолданған орындар да аз емес.
Сырт қарағанда, соңғы уақыттарда жазба әдебиет күшеюімен қатар, "Жұмбақ азайған шығар, жаңадан жасалмайтын шығар" деген ойлар болушы еді. Анығында бұл теріс боп шықты. Жұмбақ қазақ халқының арасында да және Союздың барлық басқа халықтарының арасында да әлі күнге тыңнан туып, молайып, дамып келеді.
Олай болса, халықтың жұмбақ деген фольклор қорын жинап басып, тексеріп тану — ғылымдық зор міндет болады.
Бұрынғы халық нені жұмбақ еткен, қазірдегі халықтың көзін тартып, көңілін бөлген заттары не? Осы жайларын салыстырып қарағанда, мән-мазмұнын ғылым жолымен түсініп алуға да үлкен мағына бар.
Жалпы, жұмбақты сөз образының кілті есебінде тануға болады. Жұмбақ ақындықтың ұрығы — дәні тәрізді. Бұл жақтарынан тексеріп тану да ғылымдық міндет.
Қазақ жұмбақтарын ертеде П.М. Мелиоранский, А.В. Васильев, А. Лютшь, А. Алекторов, Ә. Диваев сияқты ғалымдар әр кезде жинап, газет-журналдарда жариялаған. Бұл жұмыстарды 1930 жылдардың орта кезінде біздің белгілі филолог ғалымымыз, қазақ мәдениетінің көрнекті кайраткері Сәрсен Аманжолов (1902—1958) ғылыми түрге келтіріп, 1940 жылы жинақ етіп шығарды.
Бұл шынында қазақ жұмбақтарын жинап, зерттеудегі алғашқы маңызды еңбек.
Одан бері Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл мен әдебиет институтында жұмбақтардың жаңа үлгілері, әсіресе социалистік салт-сана, тұрмысқа, техниканың дамуына байланысты жұмбақтар мол жиналып отыр.
Қазақ жұмбақтарының жинақ болып, толықтырылып, екінші рет баспа жүзіне шығуы — біздің әдебиетіміз бен ғылымымызға қосылатын құнды қазына екендігі даусыз.
Бұл жинақты қазақ тіліндегі жұмбақтардың түрін көрсете алатын кітап етуге тырыстық, сондықтан да барлық жұмбақтарды мазмұндарына қарап тақырыптық жіктерге бөлдік.
Бұл жинақтағы тақырыптар: аспан, жер, хайуан, адам, т. т., барлығы 20 тақырып.
Сондай тақырыптардың ішінде баяғы ескі замандағы шыққан жұмбақтармен қатар бүгінгі колхозшы, жұмысшы, оқушы жұртшылығымыздың жас-кәрісі шығарған жаңа техника, жаңа тіршілік жайындағы жұмбақтар да аралас келеді.
Қазақ жұмбақтарының алғашқы бір тобы осылайша, қолда бары іріктеліп бір жинақ боп шықса, кейінгі келесі топтары аудан-ауданнан жиналған қалпынша басылса дұрыс болады. Ол кезде ғылым жолымен әр саладан салыстыра отырып зерттеуге мүмкіндік көбейеді.
Енді біраз сөзбен бұрынғы ескі жұмбақ деген фольклордың қандай жайды сөз қылатынын айтып өтейік.
Жалпы алғанда, жұмбақ адамның дүние тану жолындағы ойының, қиялының шамасын білдіреді.
Жұмбақтың көлеміне кіретін заттар: табиғат жайы, адамның денесі, хайуанат пен есімдік, бақташы, егінші елдің еңбек процесі, еңбек құралы, техника жайы сияқтылар болады.
Жұмбақтар еңбекші халықтың өміріне, тұрмысына жанасатын жақтарынан қана алады. Жанды затты алса, өзімен көп кездесетін қасқыр, түлкі, қоян тәрізді алынады. Малдың төрт түлігі бірдей көп айтылады. Ұсақ жәндіктер, паразиттер, шыбын-шіркей сияқтылар және солармен адамның алысуы айтылады.
Жыртқыш аңның кейбірі қой малына қастық ететін қылығымен алынады.
Жұмбақтың кейде бір емес, бірнеше нәрсені санап, кеңірек қамтып келетіні де бар. Бірақ бұл ұдайы кездесетін жай емес. Көбінесе жұмбақ, жалпылап айтқанда, жекелеп, бөлшектеп және дәлдеп тұрып айтуды тәуір көреді.
Шаруашылық түрлері мен заттарды бас-басына анықтап атап айтқанда, соның әрқайсысының ұсақ бөлім-бөлшектеріне де айрықша көңіл бөледі. Мысалға сиырды алсақ: жұмбақ сиырдың өзін сөз қылумен қатар, мүйізін де, сүтін де, емшегін де айрықша жеке-жеке сөз қылады.
Жұмбақтың тілдік өрнектерінде халықтың тарихи-қоғамдық өміріндегі, тұрмыс-тіршілігіндегі өзгешеліктерді танытатын, солардан туындаған нақыш-өрнектер, ауыстырулар өте мол. Көбінесе көзбен көріп, қолмен ұсталған, тұтылған заттар тұспалдауға, жасыруға желі болады. Метафораларға ұйытқы, тірек сөздер алуан түрлі, олар сан-саналы табиғат құбылыстарына, тұрмыс пен шаруашылық, әдет-ғұрып, қоғамдық қатынастарға байланысты лексиканы қамтиды. Жұмбақ нысанасына айналған байламдар өмірдің барша құбылыстарын тақырып ете алады. Мысалы, аспан әлемі, табиғат құбылыстары, жер, хайуанаттар, құстар, жәндіктер, адам, үй жабдықтары, киім-кешек, тамақ-сусын, ыдыс-аяқ, өнер, шаруашылық, іс-құралдары, жол, қатынас, техника, оқу-білім, ойын-сауық, ән-күй, уақыт, дін, т.б. Сонымен қатар кейінгі кезде Жұмбақтардағы дәстүрлі тақырыптардың арнасы оқу-білім, ғылым мен техника дамуына байланысты толыға түсті.
Қазақ жұмбақтарын жинау ісі 19 ғасырдың 2-жартысында басталып, 20 ғасырда одан ары жалғасты. Қазақ фольклоры мен ауыз әдебиетін жинақтап, алғаш рет жіктеп көрсеткен Ш.Уәлиханов, сондай-ақ, ағартушы Ы.Алтынсарин өз шығармашылығында Жұмбақтарға арнайы тоқталған. Ауыз әдебиетін зерттеуші орыс ғалымы А.В. Васильев, сондай-ақ қазақ ғалымдары С.Аманжолов, Т.Жанұзақов, Қ.Саттаровтардың құрастыруымен қазақ Жұмбақтары жинағы бірнеше мәрте кітап болып шықты. Өзінің бастау көзін, өсіп-өркендеу жолын фольклор қойнауынан алатын Жұмбақ қазақ жазба әдебиетінде жалғасын тапты. Жазба әдебиеттің көрнекті өкілдері Абай, Шәкерім, С.Торайғыров, т.б. Жұмбақ жанрында қалам тартты. Қазақ әдеби жұмбағының өсіп қалыптасуына М.Жаманбалинов, Ж.Смақов, М.Әлімбаев, Қ.Ыдырысов, Қ.Мырзалиев, К.Баянбаев, Қ.Шұғаев, Ә.Ысқабаев, т.б. ақындар қомақты үлес қосты. Қазіргі уақытта Жұмбақ қазақ әдебиеттану ғылымының арнаулы нысаны ретінде зерттеліп келеді.[1]