Поэма жанрына қосқан үлесі
Торайғыров поэма жанрын жаңа арнада дамытты . Ол сюжетсіз поэмаларында өмірдегі сан түрлі мәселелерді кеңінен қамтып, өршіл ой-түйіндерін бүкпестен, өткір де ашық насихаттауға тырысты. Алғашқы поэмасы “Таныстыруда” Алашорда қозғалысы өкілдерін елге таныту мақсатын көздеді. Ә.Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы,М.Дулатовтарды таныстырып, олардың “бірі – күн, бірі – шолпан, бірі – ай” екендігін жазады, алаштықтардың қазақ халқының тәуелсіздігі жолындағы еңбектерін саралайды. Алаш өкілдерімен қоса, қазақтың көрнекті тұлғалары Абай мен Шәкерімді ерекше атап көрсетеді. “Адасқан өмір”, “Кедей” поэмаларының негізгі сарыны қоғамдағы әділетсіздік себептерін ашу, теңдікті іздеу болып табылады. Ақын бұл жайларды қазақ ауылы шеңберінен шығып, капиталистік қоғамға тән мәселелер ретінде қозғайды. “Адасқан өмір” – Торайғыров шығармашылығының зор табысы. Мұнда ақын аз ғұмырында көзімен көріп, ойымен түйген, білім-білігімен таныған тұрмыс өткелдерін өзіне ғана тән асқақ үнмен ашына, ақтара жырлайды. Поэманың лирикалық кейіпкері түрлі кәсіппен шұғылданса да, ешбірінен қанағат, теңдік таппай, әділетті қоғамды аңсайды. Шығармада ақын түсінігіндегі болашақ жаңа қоғамның бейнесі жасалады. Шығарманың негізгі идеясы адам өмірді өз тілегіне бағындыра алады және соған ұмтылуға тиіс деген оптимистік қорытындыға саяды. “Кедей” поэмасының бас кейіпкері де өз ортасынан әділдік таппайды, қоғам мен адам арасындағы қайшылықты бітіспес күреске ұластырады. “Айтыс” поэмасы толық аяқталмаған, онда Торайғыров қала ақыны мен дала ақынын айтыстырып, екі ортаның қайшылықты жақтары мен адамға пайдалы тұстарын қатар алып суреттейді. Торайғыров шығармалары – 20 ғасырдың басындағы қазақ қоғамы шындығын, ондағы жаңашыл ой-пікірдің дамуын танытатын үлкен белес. Оның ізденістері “шындықтың ауылын іздеумен” байланысты, оның реализмі бұлтақсыз, жалтақсыз айтылған шындыққа, әлеуметтік тіршіліктің шынайы суреттеріне негізделген, оның тенденциясы да сыншыл.[1]
27. І.Жансүгіровтің эпикалық кең тынысты шығармаларының танымдық, тәрбиелік мәні.
Ілияс Жансүгіров Талдықорған (қазіргі Алматы) облысының Ақсу ауданында туған. Алғаш Қарағаш ауылындағы мектепте жадитше оқып, өз бетімен оқи, жаза алатын дәрежеге жетті. 1919 жылы Ташкенттегі екі жылдық мұғалімдік курсқа түсті де, оны бітірген соң өз ауылында мұғалім болды. Онан кейін аз уақыт «Тілші» газетінде істеді. 1922 жылы Верныйдағы Қазақ ағарту институтының меңгерушілігіне тағайындалды. Мәскеудегі Коммунистік журналистика институтына оқуға түсіп, оны 1928 жылы бітірді. Мәскеуден оралғанда «Еңбекші қазақ» газетіне қызметке алынды. 1933-1936 жылдары ҚАССР Орталық Атқару Комитетінің мүшесі болды. Қазақстан Жазушылар Одағының председателі қызметін атқарып жүрген есіл ақынға орынсыз жала жабылып, репрессияның жазықсыз құрбаны болды.
Ілиястың шығармашылығы көп қырлы, алуан сырлы. Ол поэзия, проза, драма саласында өнімді еңбектеніп, өзіндік қолтаңбасы айқын көркем шығармалардың маржан шоғырын дүниеге келтірген құнарлы да тегеурінді қаламгер. Оның шығармаларына арқау болған тақырып өрістері де алуан түрлі. Поэзия, проза, драма салаларындағы шығармаларына өзі ғұмыр кешкен ортадағы нақтылы өмір көріністерінен бастап, тарихи тақырыпқа дейін арқау болып отырады.
Ақын ретінде Ілияс шығармаларының шоқтықты шыңы – оның поэмалары. Оның қаламынан туған «Күй», «Дала», «Күйші», «Құлагер»сияқты он беске жуық көлемді поэмалары қазақ поэзиясының інжу-маржаны болып табылады.
Ілияс Жансүгіровтің прозалық шығармасының ішіндегі көлемдісі «Жолдастар» романы. Мұнда қазақ сахарасындағы еңбек адамдарының тұрмыс-тіршілігін, азаттықты көксеген арман-аңсарын, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің дүмпуін суреткерлікпен ашып көрсетеді.
Ілиястың драма саласындағы «Кек», «Түрксіб», «Исатай-Махамбет» сияқты туындылары да қаламгер дарынына айғақ шығармалар. Ол әдебиет сыны мен аударма саласында да өнімді еңбектенді. А.С.Пушкиннің көптеген өлеңдеріне қоса, «Евгений Онегин» романын қазақ тіліне алғаш рет толық аударды. Сондай-ақ, М.Ю.Лермонтовтың, А.М.Горькийдің, Н.А.Некрасов-тың, В.В.Маяковскийдің көптеген шығармаларын қазақ тіліне аударды.
Ілияс Жансүгіров қазақ сөз өнерінің поэтикасын кемелдендірген, көріктендірген қайталанбас дарын иесі. Оның шығармалары қазақ әдебиетін ұдайы көркемдіктің шырқау шыңына бастай беретін мәңгілік үлгі-өнеге.
Көзі тірісінде қазақ поэзиясының өрен жүйрігі, ақындықтың Құлагері атанған Ілияс Жансүгіров кесепат-кесел репрессияға ұшырап, 1938 жылы опат болды.
Ілияс Жансүгіров - қазақ әдебиетінің барлық жанрларында қалам тартып, елеулі туындылар берген әмбебап дарын. Әсіресе ол өзінің аса қуатты суреткерлік талантын поэзия жанрында көрсетіп, күллі қазақ әдебиетінің мақтанышына айналған туындылар берді.
Ілияс әдебиетке халық фольклоры дәстүрінен, аз оқуымен және біршама кештеу - 20-жылдардың басында келді. Бірақ ол сол кездің өзінде халық өмірін жетік білетін, қазақ тілінің байлығын тамаша меңгерген бозбала еді. Өте қабілеттілігі мен ізденгіштігінің, жігерлілігінің және жаңадан құрылып жатқан қоғамның қоңыртөбел ортадан шыққан талапты жастың оқып, білім алуына жылы қабақ танытуының арқасында, ол біршама қысқа уақыттың ішінде тез жетіліп, аршындап алға озды. Алматы, Ташкент, Мәскеу оқу орындарында жақсы мағынасындағы қомағайлықпен білім алды, өз бетімен де көп оқыды, орыс және әлем классикалық әдебиетін зерттей оқып, үздік туындыларын орыс тілінен қазақшаға аударды. Осы аралықта жазуға да төселіп, қоғамдық жұмыстарға, әдебиет ісіне белсене қатысты. Алғашқы жинағы 1928 жылы 34 жасында жарық көрген Ілияс 5-6 жылдың ішінде қатарынан арындап алға озып, Абайдан кейінгі дәуірдің аса көрнекті ақынына айналды. Прозалық, драматургиялық талантты кесек туындыларын айтпағанда, "Күй", "Күйші", "Құлагер" сияқты классикалық шығармалар тудырды. Ілияс поэзиясы — ойға - қанат, сезімге нәр беретін, ешқашан ескірмейтін, мәңгі жас поэзия.
28.Көркем мәтінмен жасалатын жұмыс түрлері
Жазушы көркем туындының болмысын танытатындай, ондағы оқиғаларды бір‑бірімен байланыстырады. Ондағы кейіпкерлер тіршілік кешеді, еңбек етеді, бір‑бірімен қарым‑қатынасқа түсіп, тартысқа да барады. Соңында уақыт пен кеңістікке сіңісіп, орнығады. Осы кезде ең бірінші көзге түсетіні – автор баяндайтын оқиға. Ол жекелеген эпизодтардан құралып, шығарманың тақырыбын, идеясын, жанрлық ерекшелігін ашады. Автор өз шығармасында өмірдің әлеуметтік‑қоғамдық жағдайын, бір кезеңдегі адамдардың өмірін суреттейді. Көркем шығармада адам, адамгершілік, табиғат, атамекен, махаббат мәселелері сипатталады. Яғни, әдебиет – заманның рухани, адамгершілік, моральдық жағын ашып, көркем бейнелейді. Көркем мәтіннің осындай ерекшеліктері әдебиет сабақтарында игертіледі. Оқушы көркем шығарманы тек өтілген материал, баға алу үшін қажет міндетті оқу деп түсінбеу керек. Көркем шығарманы оқушы жан дүниесімен ұғып, одан алған әсерін, көркем танымын одан әрі қолдана алуы керек. Яғни, көркем дүние оқушы жанына эстетикалық жарасымды ықпал тудырып, таным көкжиегін кеңітуге, мінез қасиетін қалыптастыруға жәрдем етуі, ойға шақыруға тиіс.
Көп ретте көркем шығарма, оның ішінде көлемді туынды үстірт қана өтіледі. Оған себеп біріншіден, шығарманың ауқымдылығы, мазмұнының көпқырлылығы, мәтіннің психологиялық жағының күрделілігі; екіншіден, шығарманы оқып‑үйренудегі уақыттың аздығы, бір сарынды әдіс‑тәсілдердің қолданылуы. Көркем мәтінге барудағы жол – мазмұнды игеруден басталады. Көркем мәтіннің мазмұнын меңгертудің бірнеше жолдары бар.
Шығарманың таңдап алынған тұстарын, яғни мейілінше әсерлі тұстарын мазмұндау. Бұл мәтінді үстірт оқу дегендік емес. Оқушы шығарманы толық оқығаннан соң, оның ең қызықты тұстарын есіне көбірек сақтайды. Осы дағдыны пайдаланып, мұғалім оқушыларға шығарманың маңызды сәттері бойынша сұрақтар қойып, оқушылардың жауабын тыңдайды. Сол тұстардың мазмұнын ашуды сұрайды. Оқушы әңгімелеу барысында, өзінің мазмұндайтын бөлігін неғұрлым қызықтыра, өз сөзімен беруге талпынады. Мұның өзі оқушының мәтіннен алатын әсерін қалыптастырады. Осындай әсерлі тұстарды басқа шығармалардан табуға ұмтылады. Соның арқасында көркем мәтін оқуға деген ықыласы қалыптасады.
Логикалық тізбекті мазмұндау. Бұған шығарманың мазмұнын қуалай отырып, жүйелі мазмұндауды жатқызамыз. Бұл оқиғаларды ретімен, ішкі байланыстарын сақтай отырып, мазмұндауға да жол салады. Екінші бір тиімді жағы көркем шығарманы сыныпта мазмұндатқанда, тек бір оқушыдан ұзақ‑сонар сұрай алмайсыз. Осы кезде сөйлеп тұрған оқушының жауабын тиянақтатып, әрі қарай екінші оқушының жалғастыруын сұрағанда, ол сол тоқтаған жерден әрі іліп әкету керек. Бұл сабақ үстінде оқушының ықыласты отыруына, бір‑бірін тыңдауына, ой қосуына дағдыландырады. Бір жағынан бірінің мүдірмей бастап, соны екіншісінің кідіріп қалмай, жалғастырып әкетуі жарыс секілді әсер етеді.
Бүкіл мазмұны немесе жекелеген эпизодты шығармашылық түрде мазмұндау. Мұнда ең маңыздысы оқушының өз көзқарасын, ойын айта білуі. Оқушы мәтін мазмұнын сақтай отырып, оны өз атынан немесе кейіпкердің біреуінің атынан жеткізеді. Бұл тәсіл оқушының ой‑өрісін ұштайды, шығарма мазмұын жақын қабылдауға, кейіпкерді айқын елестете алуға шақырады.
Автор тақырыбына өзінің қиялын (фантазиясын) қоса отырып мазмұндау. Бұл оқушының шығармашылық белсенділігін өсіреді. Мәселен, ортаңғы сынып оқушыларына белгілі бір мәтінді мазмұндатқызу үстінде, оларға тқмендегідей сұрақтар қойып, ой‑қиялдарына қозғау салуға болады:
егер көп уақыттан соң, сен осындағы кейіпкердің орнында болатындай жағдайға кездессең, не істер едің?
Осы шығармадағы ең қызықты оқиғаға не қосар едің?
Егер сен автор болсаң, шығарма оқиғасын қалай аяқтар едің?
Яғни, оқушы мәтін мазмұнын айту үстінде тек автордың дайын дүниесін баяндап тұрғандай емес, өзі соған қатыып отырғандай жанды әсер алады. Бұл әрі қарайғы көркем мәтінді терең талдауға апарады.
29.Махамбет өлендеріндегі Исатай бейнесін «Исатай деген ағам бар», «Тайманның ұлы – Исатай» өлеңдері арқылы таныту.
Махамбеттің асқар таудай аға тұтып, ерге тірек, халыққа көсем санаған, аруағын ардақтап өткен адамы – Исатай.
Махамбетің Исатайға арналған өлеңдерін атау
1. Тайманның ұлы Исатай