Мемлекет және құқық теориясы: оқу құралы
Булгакова Д.А.
Мемлекет және құқық теориясы: оқу құралы
МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ
1 тақырып. Мемлекет және құқық теориясына жалпы сипаттама
2 тақырып. Мемлекет және құқық теориясының пәні және әдісі
3 тақырып. Мемлекеттің пайда болуы.
4 тақырып. Мемлекеттің түсінігі және мәні.
5 тақырып. Мемлекеттің функциялары
6 тақырып. Мемлекет механизмі
7 тақырып. Мемлекет нысаны..
8 тақырып. Мемлекет типтері
9 тақырып. Қоғамның саяси жүйесі..
10 тақырып. Құқықтық мемлекет
11 тақырып. Мемлекет және қоғам.
12 тақырып. Құқықтың пайда болуы.
13 тақырып. Құқықтың түсінігі және мәні
14 тақырып. Құқықты түсінудегі қазіргі кезгі бағыттар
15 тақырып. Құқықтың қағидалары және функциялары
16 тақырып. Құқықтың типтері
17 тақырып. Әлеуметтік нормалар жүйесіндегі құқық
18 тақырып. Құқық жүйесі
19 тақырып. Тұлға, құқық, мемлекет
20 тақырып. Құқықтың қайнар көздері
21 тақырып. Құқық нормалары
22 тақырып. Құқықшығармашылық
23 тақырып. Заңнаманы жүйелеу
24 тақырып. Құқықтық қатынастар
25 тақырып. Құқықты жүзеге асыру
26 тақырып. Құқық нормаларын түсіндіру
27 тақырып. Құқықтық мінез-құлық
28 тақырып. Құқықбұзушылық және заңды жауапкершілік
29 тақырып. Құқықтық сана және құқықтық мәдениет
30 тақырып. Заңдылық және құқықтық тәртіп
31 тақырып. Қоғамның құқықтық жүйесі
32 тақырып. Құқықтық реттеу механизмі
КІРІСПЕ
Мемлекет және құқық теориясы–заң білімдерін беретін жоғары оқу орындарының бірінші курсында оқытылатын күрделі пәндердің бірі. Ол мемлекет пен құқық туралы жалпыланған абсрактілі ережелерден құралған. Оның күрделілігі мынада: студенттер бірінші курста нақты материалдармен– қолданыстағы заңнамамен, заң тәжірибесімен, мемлекет және құқықтың тарихымен таныс болмайды, сол себепті де, бұл оқу құралындағы жалпы теориялық мәселелер салыстырмалы түрде қарапайым қалыпта берілген.
Мемлекет және құқық теориясы студенттерде мемлекет және құқық, құқықтық және саяси мәдениет туралы терең шынайы ғылыми түсініктердің қалыптасуына, олардың әртүрлі тарихи кезеңдердегі мемлекеттік-құқықтық құбылыстардың дамуының басымдылықтары мен заңдылықтарын түсінуіне жәрдемдеседі. Алайда, жалпы тарихи білімердің барлығын толық меңгеру мемлекет және құқықтың жалпы теориясы бойынша оқулықтар мен мақалалармен дербес, өз бетімен жан-жақты жұмыс істеудің нәтижесінде ғана жүзеге асуы мүмкін.
Мемлекет және құқық теориясы бойынша бұл оқу құралы өз қысқа мазмұны бойынша жалпы теориялық әдебиеттердің барлығының орнын толтыра алмағанымен, жалпы теориялық мәселелермен танысуда өзінше бір жол көрсетушінің ролін атқаруға, студенттерді әрбір тақырып бойынша мейлінше маңызды теориялық ережелермен, заң ғылымының ерекше тілімен, арнайы заң түсініктерімен таныстыруға бағытталған. Бұл құралды қалған материалдарды меңгеру үшін ақпараттық-әдістемелік негізді құрайтын негізгі заң түсініктері мен санаттарының кеңейтілген сөздігі деп те атауға болады.
Оқу құралын дайындауда А.Б.Венгеров, С.С.Алексеев, С.А.Комаров, В.В.Лазарев, Н.И.Матузов, А.В.Малько, А.С.Пиголкин, В.Н.Хропанюк және т.б. сияқты ірі мемлекеттанушы-ғалымдардың еңбектері пайдаланылды.
Қараңыз: Алексеев С.С. Теория права. М., 1996; Венгеров А.Б. Теория государства и права. М.,1995; Ч.2.М., 1996; Комаров С.А. Общая теория государства и права. Саранск, 1994; Общая теория государства и права / Под ред. В.В.Лазарева. М., 1996; Марченко М.Н. Теория государства и права. М., 1996; Теория государства и права / Под ред. Н.И.Матузова и А.В.Малько. М.,1997; Общая теория права / Под ред. А.С.Пиголкина. М., 1995; Хропанюк В.Н. Теория государства и права. М., 1993.
1 тақырып. МЕМЛЕКЕТ ЖӘНЕ ҚҰҚЫҚ ТЕОРИЯСЫНЫҢ ЖАЛПЫ СИПАТТАМАСЫ
1. Мемлекет және құқық теориясының анықтамасы.
2. Мемлекет және құқық теориясының ерекшеліктері.
3. Мемлекет және құқық теориясының функциялары.
1. Мемлекет және құқық теориясының анықтамасы. Мемлекет және құқық теориясы–бұл мемлекет пен құқықтың жалпы заңдылықтары туралы, олардың мәні, мақсаты және қоғамдағы дамуы туралы жалпыланған білімдер жүйесі.
2. Ғылым ретіндегі мемлекет және құқық теориясының ерекшеліктері мынада:
Біріншіден, ол қоғамдық ғылым болып табылады, оның пәнін қоғамдық құбылыстар–мемлекет пен құқық құрайды. Бұл ерекшелігі арқылы мемлекет және құқық теориясы бірқатар басқа ғылымдардан (жаратылыстану, техникалық және т.б.) ерекшеленеді.
Екіншіден, ол саяси-заңды ғылым бола тұрып, мемлекеттің биліктік қызметі, саясаты саласымен тікелей қатысты қоғамдық құбылыстарды зерттейді. Бұл ерекшелігі арқылы мемлекет және құқық теориясы мемлекеттік-құқықтық құрылымды тікелей зерттемейтін басқа қоғамдық ғылымдардан ерекшеленеді.
Үшіншіден, ол жалпы теориялық ғылым бола тұрып, мемлекет пен құқықтың негізгі және жалпы заңдылықтары мен сипаттарын зерттейді. Бұл ерекшелігі арқылы ол арнайы заң ғылымдарынан ерекшеленеді.
Төртіншіден, ол әдістемелік сипаттағы ғылым болып табылады. Мемлекеттік-құқықтық құрылымның жалпы заңдылықтарын көрсете отырып, ол мемлекеттік-құқықтық құбылыстарды меңгеру әдісі мәселесін қарастырады.
3. Мемлекет және құқық теориясының функциялары. Мемлекет және құқық теориясының үш негізгі функциясы бар:
1. Теориялық-танымдық функция–мемлекеттік-құқықтық құбылыстарды тек сыртқы, техникалық-заңды жағынан ғана емес, сонымен қатар, олардың заңдылықтары, терең, мәндік белгілері тұрғысынан да ғылыми түсіндіруге негізделген. Бұл, өз кезегінде, ғылыми болжамдау міндеттерін шешуді, мемлекеттік-құқықтық құбылыстардың дамуының басымдылықтары мен бағыттары туралы ғылыми болжамдарды қалыптастыруды қамтамасыз етеді.
2. Тәжірибелік-қолданбалы функция. Мемлекет және құқық теориясы, басқа да заң ғылымдары сияқты, мемлекеттің қызметін жетілдіруге, заңнама мен оны қолдану тәжірибесін жақсартуға және дамытуға бағытталаған ұсыныстар жасауға қызмет етеді.
3. Тәрбиелік функция. Мемлекет және құқық теориясы құқықтық тәрбиелеу мәселелерін шешуге, адамдарда демократия, тұлғаның құқықтары мен бостандықтары, заңдылық, тәртіп және т.б. күрделі мәселелерге қатысты шынайы ғылыми көзқарастардың қалыптасуына жәрдемдесуі қажет.
2 тақырып. МЕМЛЕКЕТ ЖӘНЕ ҚҰҚЫҚ ТЕОРИЯСЫНЫҢ ПӘНІ МЕН ӘДІСТЕРІ
1. Мемлекет және құқық теориясының пәні.
2. Мемлекет және құқық теориясының әдістері.
3. Гуманитарлық ғылымдар жүйесіндегі мемлекет және құқық теориясы.
4. Заң ғылымдары жүйесіндегі мемлекет және құқық теориясының орны.
1. Мемлекет және құқық теориясының пәні. Әрбір ғылымның өз зерттеу пәні болады. Ол дегеніміз осы ғылымның объективтік шындықты зерттеу жағы. Мемлекет және құқық теориясының пәні болып мемлекет және құқықтың пайда болуы, дамуы мен қызмет етуінің жалпы заңдылықтары мен заң ғылымдарының негізгі түсініктерінің жүйесі табылады. Бұл жерде ерекше атап өтетін жайт, мемлекет және құқық теориясы нақты бір мемлекет пен құқықтың емес, жалпы мемлекеттіліктің пайда болуы, дамуы мен қызмет етуін, сонымен қатар, жалпы заң ғылымдарына тән құқық нормасы, құқықтық қатынас, құқық субъектісі және т.б. сияқты түсініктерді зерттейді.
2. Мемлекет және құқық теориясының әдістері. Ғылым әдісі–бұл пәнді түсінуге мүмкіндік беретін тәсілдер мен бағыттардың жиынтығы. Мемлекет және құқық теориясы өз пәнін зерттеу үшін көптеген әдістерді қолданады. Олардың ішінен мыналарды ерекше атауға болады:
1. Жалпы әдістер–ойлаудың кешенді қағидаларын көрсететін философиялық, дүниетанымдық бағыттар. Оларға мыналар жатады:
а) метафизика. Ол мемлекет пен құқықты мәңгілік және өзгермейтін институттар ретінде қарастырады;
ә) диалектика. Өз ішінде материалистік және идеалистік болып бөлінеді. Материалистік диалектика бұл құбылыстарды қоғамдағ әлеуметтік-экономикалық өзгерістермен, нақты айтқанда, жеке меншіктің пайда болуымен және қоғамның таптарға бөлінуімен байланыстырады, яғни, мемлекет пен құқық нақты бір тарихи кезеңге сәйкес, бір-бірімен байланыстылықта, даму барысында қарастырылады. Идеалистік диалектика, өз кезегінде, объективтік және субъективтік идеализм болып екіге бөлінеді. Объективтік идеализм мемлекет пен құқықтың пайда болу себептері мен өмір сүру жағдайын құдайдың күшімен, ал субъективтік идеализм адамның санасымен байланыстырады.
2. Жалпы ғылыми әдістер–жалпы әдістер сияқты бүкіл ғылыми танымды толығымен қамтымайды, оның жекелеген кезеңдерінде ғана қолданылады. Оларға мыналар жатады:
а) талдау–күрделі мемлекеттік-құқықтық құбылысты шартты түрде жекелеген бөліктерге бөлу;
ә) синтез–құбылысты оның құрамдас бөліктерін шартты түрде біріктіре отырып зерттеу;
б) жүйелік әдіс–объектінің тұтастығын ашуға, ондағы әртүрлі байланыс түрлерін анықтауға бағыттайды;
в) функционалды әдіс–бір әлеуметтік құбылыстардың екіншілеріне қатысты функцияларын анықтауға бағыттайды.
3. Жеке ғылыми әдістер–мемлекет және құқық теориясының техникалық, жаратылыстаны және гумантарлық ғылымдардың ғылыми жетістіктерін қабылдауы нәтижесінде пайда болатын әдістер. Оларға мыналар жатады:
а) нақты-әлеуметтанушылық әдіс–сұраудың, бақылаудың, сұхбаттасудың және т.б. тәсілдердің көмегімен мемлекеттік-құқықтық саладағы субъектілердің іс жүзіндегі жүріс-тұрысы туралы мәліметтер алуға мүмкіндік береді;
ә) статистикалық әдіс–нақты бір мемлекеттік-құқықтық құбылыстың сандық көрсеткіштерін алуға мүмкіндік береді;
б) кибернетикалық әдіс–кибернетиканың түсініктері, заңдары және техникалық құралдарының жүйесі арқылы мемлекеттік-құқықтық құбылыстарды тануға мүмкіндік береді.
4. Жеке құқықтық әдістер–тек заң ғылымдарына ғана тән болып келеді, оларға мыналар жатады:
а) формалды-заңды әдіс–заң түсініктерін,олардың белгілерін анықтауға, түрлендіруді жүзеге асыруға, құқықтық ережелердің мазмұнын түсіндіруге және т.б. мүмкіндік береді;
ә) салыстырмалы-құқықтық әдіс–әртүрлі құқықтық жүйелерді не олардың жекелеген элементтерін олардың жалпы және арнайы қасиеттерін анықтау мақсатында салыстыруға мүмкіндік береді.
3. Гуманитарлық ғылымдар жүйесіндегі мемлекет және құқық теориясы. Өз жиынтығында ғылым жүйесін құрайтын ғылыми пәндерді шартты түрде үш топқа бөлуге болады: 1) техникалық ғылымдар; 2) жаратылыстану ғылымдары; 3) гуманитарлық ғылымдар.
Гуманитарлық ғылымдар қоғамды, адамды, әлеуметтік қатынастар мен институттарды зерттейді. Заң ғылымдары–гуманитарлық ғылымдардың бір түрі, себебі, мемлекет пен құқық әлеуметтік институттар болып табылады. Заң ғылымдарын мынадай түрлерге бөлуге болады:
мемлекет және құқық теориясы;
тарихи-құқықтық ғылымдар (мемлекет және құқық тарихы, саяси және құқықтық ілімдер тарихы);
салалық заң ғылымдары ( конституциялық, азаматтық, қылмыстық және т.б. құқық салалары);
қолданбалы ғылымдар (криминалистика, сот медицинасы, сот психиатриясы және т.б.).
Мемлекет және құқық теориясы гуманитарлық ғылымдар жұйесінде бола тұра, философиямен, әлеуметтанумен, саясаттанумен және т.б. тығыз байланысқа түседі. Солай, философияның көмегімен мемлекет және құқық теориясының дүниетанымдық бағыттары қалыптасады, оның нәтижесінде мемлекеттік-құқықтық шындықты танудың жалпы әдістемесі қалыптасады. Өз кезегінде, мемлекет және құқық теориясы кеңейтілген философиялық жалпылаулар ұшін нақты материалдар береді.
4. Заң ғылымдары жүйесіндегі мемлекет және құқық теориясының орны. Заң ғылымдары жүйесіндегі мемлекет және құқық теориясының орнын оның тарихи-құқықтық ғылымдармен арақатынасын мысалға ала отырып қарастыруға болады. Мемлекет және құқық теориясы мен тарихи-құқықтық ғылымдарға тән ортақ белгі–олар мемлекет пен құқықты зерттейді. Ал айырмашылықтары мынада– тарихи-құқықтық ғылымдар мемлекеттік-құқықтық құбылыстардың даму үдерісін хронологиялық тәртіпте зерттесе, мемлекет және құқық теориясы бұл үдерістерге жалпы сипаттама береді, мемлекет пен құқықтың мәнін, олардың қызмет ету заңдылықтарын және т.б. зерттейді.
Салалық заң ғылымдарына қатысты мемлекет және құқық теориясы жалпылаушы сипатты иеленеді; ол мемлекет пен құқықтың пайда болуы, қызмет етуі мен дамуының жалпы заңдылықтарын зерттейді. Ал кез-келген салалық ғылымның пәні қоғамдық қатынастардың тек нақты бір саласымен ғана байланысты болады. Сонымен қатар, мемлекет және құқық теориясы барлық салаларға ортақ мәселелерді зерттейді, яғни, мемлекет және құқық теориясының түсініктері мен институттарының негізінде салалық заң ғылымдарының түсініктері мен институттары қалыптасады.
3 тақырып. МЕМЛЕКЕТТІҢ ПАЙДА БОЛУЫ
1. Мемлекетке дейінгі кезеңдегі әлеуметтік билікке жалпы сипаттама.
2. Мемлекеттің пайда болу себептері.
3. Мемлекеттің пайда болу нысандары.
1. Мемлекетке дейінгі кезеңдегі әлеуметтік билікке жалпы сипаттама. Мемлекетке дейінгі кезеңдегі әлеуметтік биліктің ерекшеліктері болып мыналар табылады:
- ол тек бір ру көлемінде ғана таралды, оның еркін білдірді және қандық туыстыққа негізделді;
- тікелей қоғамдық болып табылды, алғашқы қауымдық демократияның, өзін-өзі басқарудың бастамаларының негізінде қалыптасты;
- бұл биліктің биліктік органдары ретінде рулық жиналыстар, ақсақалдар, әскербасылары және т.б. қызмет етті, олар алғашқы қауымдық қоғамның өмір сүруінің маңызды мәселелерін шешіп отырды.
2. Мемлекеттің пайда болу себептері. Мемлекеттің пайда болуы туралы мәселе даулы болып табылады, себебі, этнография және тарих ғылымдары оның пайда болуы туралы күннен-күнге жаңа мәліметтер беруде. Мемлекеттің пайда болу себептері туралы бірқатар теориялар бар, олардың негізгілері болып мыналар табылады:
1. Діни теория–мемлекеттің, мемлекеттік биліктің пайда болуының құдайлық бастамасын негізге алады, «барлық билік құдайданң деген тұжырымдаманы бекітіп, жақтайды. Өзінің діни мазмұнына қарамастан, бұл теория бірқатар шынайы жағдайларды көрсетеді, нақты айтқанда, алғашқы мемлекеттердің теократиялық нысандарын–абыздар билігін, шіркеудің ролін, діни және әкімшілік орталықтар арасындағы билік бөлінісін. Бұл теорияның көрнекті өкілдерінің бірі–Фома Аквинский.
2. Патриархалды теория–мемлекеттің пайда болуын отбасымен байланыстырады, ал мемлекет басшысының билігін отбасы мүшелерінің алдындағы әке билігінен туындатады. Бұл теория патшаның шексіз билігін негіздеуге бағытталған, ал бұл биліктің қайнар көзі ретінде құдайды емес, отбасындағы әкенің, патриархтың шексіз билігі орын алған отбасы нысанын таниды. Бұл теория Грецияда пайда болған, өз негіздемесін Аристотельдің еңбектерінен иеленсе, өз дамуын ағылшын ғалымы Филмердің еңбектерінен тапты.
3. Шартты теория–ХVІІ-ХVІІІ ғасырларда кеңінен таралған. Оны жақтаушылардың қатарынан Голландияда Гуго Гроций мен Спиноза, Англияда Д.Локк пен Т.Гоббс, Францияда Ж.-Ж.Руссо, Ресейде А.Радищев орын алды. Мысалы, А.Радищевтің ойынша, билік халыққа тиесілі, алайда ол мемлекет басшысына берілген және оны халық бақылауы тиіс. Шарттық теорияға сәйкес, мемлекет шарт нәтижесі ретінде пайда болады, оның қатысушылары болып адамдар табылады, олар шарттың негізінде өз бостандықтарының, өз билігінің бір бөлігін мемлекетке береді.
4. Күштеу теориясы–мемлекеттің пайда болу негізі ретінде күштеу әрекетін, бір халықтың екінші халықты жаулауын таниды. Жауланған халықтың үстінен билікті бекіту үшін, оған күштеу жүргізу үшін мемлекет құрылады. Күштеу теориясы ХІХ ғасырда пайда болы, оның өкілдері–Л.Гумплович, К.Каутский, Е.Дюринг.
5. Психологиялық теория–мемлекеттің пайда болуын адам психмкасының көріністерімен: бағыну қажеттігімен, еліктеумен, алғашқы қауымдық қоғамның жоғарғы топтарына тәуелділікті сезінумен, белгілі бір әрекет түрлерінің әділдігін түсінумен және т.б. байланыстырады. Психологиялық теорияның өкілдерінің қатарынан Л.Петражицкий мен Г.Тардты атауға болады.
6. Органикалық теория. Бұл теорияның өкілдері Г.Спенсер, Вормс, Х.Прейс мемлекетті ағза ретінде түсіндіреді. Оның бөліктері арасындағы тұрақты байланыстар тірі ағзаның бөліктері арасындағы байланысқа теңестіріледі, яғни, мемлекет–биологиялық дамудың бір түрі ретінде көрініс табатын әлеуметтік даму өнімі. Биологиялық ағзаның бір түрі ретінде мемлекеттің өз миы (басшы) мен оның шешімдерін жүзеге асыру құралдары (халық) болады.
7. Ирригациялық теорияға сәйкес мемлекеттердің алғашқы қанаушы нысандарының пайда болуы шығыстық аграрлық аймақтардағы ірі ирригациялық құрылыстарды жүргізу қажеттігімен байланысты. Бұл теория қазіргі кездегі неміс ғалымы К.-А.Виттфогельдің еңбектерінен айрықша көрініс тапқан.
8. Материалистік теория–мемлекеттің пайда болуын әлеуметтік-экономикалық факторлармен, яғни, жеке меншіктің пайда болуымен және қоғамның таптарға бөлінумен, байланыстырады. Бұл теорияның өкілдері–К.Маркс, Ф.Энгельс, В.И.Ленин–мемлекет бір таптың екінші таптың үстінен үстемдігін сақтау және бекіту, қоғамның біртұтас ағза ретінде өмір сүруі мен қызмет етуін қамтамасыз ету мақсаттарында пайда болған деп санайды.
3. Мемлекеттің пайда болу нысандары. Мемлекеттің қалыптасуы–әртүрлі халықтарда түрліше жүзеге асқан ұзақ үдеріс.
Шығыста «өндірістің азиялық тәсілің (Египет, Вавилон, Үндістан, Қытай және т.б.) нысаны кеңінен таралды. Бұл жерде рулық құрылымның әлеуметтік-экономикалық бөліктері–жердік үлес, ұжымдық меншік және т.б. тұрақты сипатты иеленді. Ежелгі Шығыста пайда болған алғашқы мемлекеттер ауылдық қауымдастықтарды қанай отырып, оларды басқарды, яғни, өндірісті ұйымдастырушы ролін атқарды.
Афины мен Римде мемлекеттің пайда болу бағыты басқаша жолмен жүзеге асырылды, бұларда құлиеленушілік мемлекет меншіктің пайда болуы және қоғамның таптарға бөлінуі негізінде пайда болды. Афины–мемлекеттің пайда болуының ең таза, классикалық нысаны, себебі, мемлекет рулық құрылым ішіндегі таптық қарама-қайшылықтардың негізінде пайда болады. Римде мемлекеттің пайда болуы плебейлердің римдік аристократтар–патрицийлерге қарсы күресінің нәтижесінде тездетілді.
Ежелгі герман мемлекетінің пайда болуы көптеген жерлерді алып жатқан бөтен аумақтарды жаулап алумен байланысты, бұл жерлерге үстемдік орнатуда рулық қоғам әлсіз болды, сол себепті, мемлекеттің пайда болу қажеттігі туды.
Барлық нысандағы мемлекеттердің пайда болуына негіз болып 10-12 мың жылдар бұрынғы неолиттік революция табылды. Оның мәні мынада: өз қажеттіктерін қанағаттандыру мақсатында адам дайын өсімдік және жануарлық нысандарын иемденумен байланысты құралдық қызметтен табиғатты өзгертумен және азық дайындаумен байланысты шынайы еңбек қызметіне ауысты, яғни, иемденушіден өндіруші экономикаға өту орын алды.
Сонымен, мемлекет объективтік түрде, сырттан емес, ішкі факторлардың негізінде пайда болады.
4 тақырып. МЕМЛЕКЕТТІҢ ТҮСІНІГІ ЖӘНЕ МӘНІ
1. Мемлекеттің түсінігі және белгілері.
2. Мемлекеттік билік әлеуметтік биліктің ерекше түрі ретінде.
3. Мемлекеттің мәні.
1. Мемлекеттің түсінігі және белгілері. Мемлекет–бұл арнайы басқару және мәжбүрлеу аппараты бар, қоғамның өкілі бола тұра, оны басқаратын және оның дамуын қамтамасыз ететін, бұқаралық биліктің саяси-аумақтық, егеменді ұйымы.
Мемлекетті рулық құрылымдағы әлеуметтік биліктен ажырататын төмендегідей белгілері болады:
1. Бұқаралық биліктің болуы. Міндетті түрде мемлекеттің басқару және мәжбүрлеу аппараты болуы тиіс, себебі, бұқаралық билік–бұл шенеуніктер, әскер, полиция, түрме мен басқа да мекемелер.
2. Аумақтық бөлініс. Мемлекет өз аумағында өмір сүруші барлық адамдарды өз билігімен және қорғау арқылы біріктіреді.
3.Салықтар жүйесі. Олар мемлекеттік аппараттың өмір сүруін қамтамасыз ету үшін қажет.
4. Егемендік. Бұл мемлекетке тән өз аумағындағы үстемдік пен халықаралық қатынастардағы тәуелсіздік.
5. Құқықтың болуы. Мемлекет құқықсыз өмір сүре алмайды, себебі, құқық мемлекеттік билікті заңдастырады.
2. Мемлекеттік билік әлеуметтік биліктің ерекше түрі ретінде. Мемлекеттік билікке сипаттама берместен бұрын әлеуметтік билікке анықтама беріп алу қажет. Әлеуметтік билік–бұл адамдарың кез-келген бірігуіне тән үстемдік пен бағынушылық қатынастары, бұл кезде бір тұлғалардың–билік құрушылардың– еркі мен әрекеттері басқа тұлғалардың–бағынушылардың–еркі мен әрекеттеріне үстемдік құрады. Әлеуметтік билік кез-келген ұйымдасқан, белгілі бір дәрежеде тұрақты адамдар тобына–руға, тайпаға, отбасына, қоғамдық ұйымға, партияға, мемлекетке, қоғамға және т.б. тән.
Мемлекеттік билік әлеуметтік биліктің ерекше бір тұрі ретінде көрініс табады. Бұл мемлекеттік мәжбүрлеуге сүйенген, субъектілер арасындағы үстемдік және бағынушылық сипаттағы бұқаралық-саяси қатынас. Мемлекеттік биліктің ерекшеліктері:
1. Бұқаралық билік. Ол бүкіл қоғамның, халықтың атынан қызмет етеді және өз қызметінде бұқаралық негізге–қазына мүлкіне, өз кірістеріне, салықтарға ие.
2. Аппараттық билік. Ол аппаратқа, мемлекеттік органдар жүйесіне сүйенеді және олар арқылы жүзеге асырылады.
3. Заң қолдайтын билік. Сол себепті, ол аппарат пен заң нормаларының көмегімен елдегі барлық халық үшін міндетті сипатты иеленеді.
4. Егеменді билік–ол кез-келген биліктен дербес және тәуелсіз.
5. Заңдастырылған билік. Яғни, ол заңды негізді және қоғамдық тануды иеленген.
Мемлекетте еңбек бөлінісі болған жағдайда ғана, яғни, ерекше қызмет түріне негізделген дербес билік түрлері қалыптасқан жағдайда ғана, мемлекеттік биліктің тиімділігі артады. Мұндай биліктің үш түрі бар: заң шығарушы билік, атқарушы билік және сот билігі.
3. Мемлекеттің мәні. Мемлекеттің мәнін түсіну мемлекет және құқық теориясының негізгі міндеттерінің бірі болып табылады. Мемлекеттің мәні–бұл оның мазмұнын, мақсаттарын, қызмет етуін анықтайтын басты қасиеті. Мемлекеттің мәнін бұл түсініктің кең және тар мағынасында анықтауға болады.
Кең мағынада мемлекеттің әлеуметтік мәнін биліктік-саяси ұйымдасқан қоғам, құқықтық заңдарға бағынған көптеген адамдар бірлестігі ретінде анықтауға болады. Мұндай бірлестіктердің тұтастығы сәйкес мемлекеттік-құқықтық институттар мен қатынастарда көрініс тапқан бұқаралық-биліктік құрылымдар негізінде қалыптасады.
Тар мағынада мемлекеттің әлеуметтік табиғатын қоғамнан бөлектенген, жекелеген класстар мен әлеуметтік топтардың да, қоғамның да мүддесін білдіруші әрі қорғаушы басқару аппараты, бұқаралық биліктің әртүрлі мекемелерінің жүйесі ретінде анықтайды.
Жоғарыда аталғандардың негізінде, мемлекеттің мәнін қарастыруда екі аспектіні ескерудің маңызы зор:
1) формальды–кез-келген мемлекеттің саяси биліктің ұйымы екендігі;
2) мазмұнды–осы ұйымның кімнің мүдделеріне қызмет ететіндігі.
Мемлекеттің мәнін анықтауда келесі бағыттарды атап өтуге болады:
- класстық, бұған сәйкес мемлекетті экономикалық үстемдік құрушы топтың саяси билігінің ұйымы ретінде анықтауға болады;
- жалпы әлеуметтік, бұған сәйкес мемлекетті әртүрлі класстар мен әлеуметтік топтардың мүдделерін ескеру үшін жағдай жасайтын саяси биліктің ұйымы ретінде анықтауға болады.
Сонымен, мемлекеттің мәні саяси билік аппаратының көмегімен қоғамның тұтастығын және қалыпты қызмет етуін қамтамасыз етуден көрінеді.
5 тақырып. МЕМЛЕКЕТТІҢ ФУНКЦИЯЛАРЫ
1. Мемлекет функцияларының түсінігі.
2. Мемлекет функцияларының түрлері.
3. Мемлекет функцияларын жүзеге асырудың нысандары.
1. Мемлекет функцияларының түсінігі. Мемлекет функциялары–бұл мемлекеттің қызметінің негізгі бағыттары, олардан мемлекеттің мәні мен мақсаты көрініс табады. Мемлекеттің функциялары оның міндеттерімен тығыз байланысты, олар мемлекеттің мәніне тәуелді болып келеді және оның өзгеруіне қарай өздері де өзгереді. Сонымен, мемлекет функциялары–ауыспалы сипаттағы категория. Олар мемлекет түрінің басқа түрге ауысу жағдайында да өзгереді.
2. Мемлекет функцияларының түрлері. Мемлекет функцияларын түрлерге бөлуді әртүрлі негіздер бойынша жүзеге асыруға болады:
а) әрекет ету ұзақтығына қарай функциялар тұрақты және уақытша болып бөлінеді. Тұрақты функциялар мемлекет дамуының барлық кезеңдерінде жүзегеасырылса, уақытша функциялар төтенше сипаттағы белгілі бір міндетті шешумен өз әрекетін жояды.
ә) маңыздылығына қарай–негізгі және қосымша функциялар;
б) қоғамдық өмірдің қай саласында жүзеге асырылуына байланысты–ішкі және сыртқы функциялар.
Мемлекеттің ішкі функциялары–оның алдында тұрған ішкі міндеттерді шешудегі қызметінің негізгі бағыттары. Ішкі функцияларға мыналар жатады: адам және азамат құқықтары мен бостандықтарын қорғау, құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету функциясы, экономикалық функция, салық салу функциясы, әлеуметтік қорғау функциясы, экологиялық функция және мәдени функция.
Мемлекеттің сыртқы функциялары–оның алдында тұрған сыртқы міндеттерді шешуге байланысты қызметінің негізгі бағыттары. Сыртқы функцияларға мыналар жатады: мемлекетті қорғау функциясы, бейбіт тәртіпті сақтау функциясы, басқа мемлекеттермен одақтасу функциясы және т.б.
3. Мемлекет функцияларын жүзеге асырудың нысандары – бұл мемлекеттің функцияларын жүзеге асыруға бағытталған оның органдарының біртектес қызметі. Мұндай нысандарды екіге бөлуге болады: құқықтық және ұйымдастырушылық нысандар. Құқықтық нысандарға мыналар жатады:
а) құқықшығармашылық–бұл нормативтік актілерді дайындау мен шығаруға қатысты қызмет;
ә) құқыққолданушы–бұл құқық қолдану актілерін шығару арқылы нормативтік актілерді жүзеге асыруға байланысты қызмет, бұл заңдарды орындау мен басқарушылық сипаттағы әртүрлі мәселелерді шешуге байланысты күнделікті жұмыс;
б) құқыққорғаушы–бұл адам мен азматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, құқықбұзушылықтардың алдын алуға және кінәлі тұлғаларды заңды жауапкершілікке тартуға және т.б. байланысты қызмет.
Ұйымдастырушылық нысандарға мыналар жатады:
а) ұйымдастырушылық-реттеуші–бұл белгілі бір құрылымдардың құжаттар жобаларын дайындаумен, сайлаулар жүргізумен т.б. байланысты мемлекеттік органдардың қызмет етуін қамтамасыз етуге бағытталған ағымдағы жұмысы;
ә) ұйымдастырушылық-шаруашылық– бұл бухгалтерлік есеппен, статистикамен, қамтамасыз етумен т.б. байланысты жедел-техникалық және шаруашылық жұмыс;
б) ұйымдастырушылық-идеологиялық–бұл жаңадан қабылданған нормативтік актілерді түсіндірумен, қоғамдық көзқарасты қалыптастырумен және т.б. байланысты мемлекеттің әртүрлі функцияларын орындауды идеологиялық қамтамасыз етудегі күнделікті тәрбие жұмысы.
6 тақырып. МЕМЛЕКЕТ МЕХАНИЗМІ
1. Мемлекет механизмінің түсінігі.
2. Мемлекет механизмінің құрылымы.
3. Мемлекеттік аппаратты ұйымдастырудың және оның қызметінің қағидалары.
4. Мемлекет органдарының түсінігі және түрлері.
1. Мемлекет механизмінің түсінігі. Әдетте заң әдебиеттерінде «мемлекет механизмің және «мемлекеттік аппаратң түсініктері синоним сөздер ретінде қолданылады. Мемлекет механизмі–бұл мемлекеттің міндеттері мен функцияларын жүзеге асыруға бағытталған мемлекеттік органдардың жүйесі. Мемлекет аппаратының, оның барлық бөлімшелерінің мазмұнын қоғамдық өмірдің барлық салаларының тиісті ұйымдаусы мен тиімді қызмет етуні қамтамасыз етуге бағытталған басқарушылық, ұйымдастырушылық қызмет құрайды.
Бұл қызметтің нысандары көп жағдайда басқарудағы заңдар мен құқықтық механизмдердің қолданылу шамасына байланысты. Осыған сәйкес мемлекеттік аппарат қызметінің келесі нысандарын бөліп қарастыруға болады:
1) тікелей басқарушылық–бұл ғылыми ұсыныстар жасаумен, тәжірибе алмасумен байланысты, құқықтық сипатты иеленбеген қызмет түрлері;
2) құқықтық нысандар–құқықтық заңды сипаттағы қызмет түрлері, яғни, олар барлық субъектілер үшін міндетті болып табылады және мемлекеттік-міндетті салдарды туындатады. Мемлекет аппараты қызметінің негізгі құқықтық нысандарына мыналар жатады:
а) құқықшығармашылық қызмет–бұл нормативтік актілер жобаларын дайындауға, оларды қабылдау мен жариялауға байланысты қызмет;
ә) құқыққолданушы қызмет–бұл құқықтық нормаларды жүзеге асырумен байланысты қызмет;
б) құқыққорғаушы қызмет–бұл заңдардың сақталуын бақылаумен және қадағалаумен, кінәлі тұлғаларды заңды жауапкершілікке тартумен т.б. байланысты қызмет.
2. Мемлекет механизмінің құрылымы. Бұл құрылымға мыналар кіреді:
1) өздерінің тікелей биліктік функцияларын жүзеге асыру барысында тығыз байланыстағы және өзара бағыныстылықтағы мемлекеттік органдар;
2) биліктік өкілеттіктерге ие емес, алайда, экономика, білім беру, мәдениет, денсаулық қорғау, ғылым т.б. салаларда жалпыәлеуметтік функцияларды атқаратын мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындар;
3) басқарумен арнайы айналысатын мемлекеттік қызметшілер;
4) мемлекеттік аппараттың қызметін қамтамасыз ету үшін қажетті ұйымдастырушылық,қаржылық және күштеу құралдары.
3. Мемлекеттік аппаратты ұйымдастырудың және оның қызметінің қағидалары– бұл мемлекеттік органдарды құру мен олардың қызмет етуіның негізгі бағыттарын анықтайтын бастамашылық ережелер. Оларға мыналар жатады:
1) адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының артықшылығы қағидасы, бұл қағидаға сәйкес, мемлекеттік қызмешілер аталған құқықтар мен бостандықтарды мойындауы және қорғауы тиіс;
2) демократиялық қағидасы, бұл қағида мемлекеттік органдар қызметін қалыптастыру мен ұйымдастыруға азаматтардың кең көлемде қатысуын білдіреді;
3) биліктің тармақтарға бөліну қағидасы, бұл қағида билік органдары мен лауазымды тұлғалар тарапынан заңсыз әрекеттерді болдырмауға негізделген;
4) заңдылық қағидасы, бұл барлық мемлекеттік қызметшілердің Конституцияны, заңдар мен заңға сәйкес актілерді сақтау міндеттілігін білдіреді;
5) жариялылық қағидасы, бұл қағида нақты бір мемлекеттік органдардың тәжірибелік қызметіне қатысты құқық субъектілерінің ақпараттармен танысуын білдіреді;
6) кәсібилік қағиадсы, бүл қағида мемлекеттік аппарат қызметінде мейлінше кәсіби қызметкерлерді пайдалануға қолайлы жағдайлар жасайды,
7) алқалық пен жалғызіліктіліктің үйлесу қағидасы, бұл қағида мемлекеттік аппараттың демократиялық және бюрократиялық бастамаларының саналы сәйкестігін қамтамасыз етеді;
8) сайлаушылық пен тағайындаушылықтың үйлесу қағидасы, бұл қағида мемлекеттік басқарудағы орталықтандыру мен орталықсыздандырудың тиімді байланысын білдіреді;
9) бағыныстылық (иерархичность) қағидасы, бұл қағида мемлекеттік органдардың мемлекеттік аппараттағы әртүрлі деңгейде орналасқанын білдіреді.
4. Мемлекет органдарының түсінігі және түрлері. Мемлекеттік орган– бұл мемлекеттік міндеттерді орындаушы және осы мақсатта сәйкес биліктік өкілеттіктерді иеленген ұйым немесе мекеме. Әрбір мемлекеттік органға мыналар тиесілі: а) оның оралымды басқаруындағы мемлекеттік, қазыналық мүліктер; ә) қаржы құралдары, банктегі есепшот, бюджеттен қаржыландыру көзі; б) өзіне тән ұйымдастырушылық құрылымы, онымен байланысты қызметтік бағыныстылық және қызметтік тәртіп жүйесі; в) биліктік өкілеттіктердің қажетті көлемі, олардың негізінде лауазымдық тұлғалар мен алқалық органдар заңды міндетті әрекеттерді жүзеге асырады.
Мемлекеттік органдардың түрлері:
1. Мемлекеттік қызметті жүзеге асыру нысанына қарай мемлекет органдары өкілдік, атқарушылық, сот, прокурорлық және басқа да бақылаушы-қадағалаушы органдар болып бөлінеді.
2. Биліктің тармақтарға бөліну қағидасы бойынша– заң шығарушы, атқарушы және сот органдары.
3. Қызметінің құқықтық нысандары бойынша– құқықшығарушы, құқыққолданушы және құқыққорғаушы органдар.
4. Бағыныстылық деңгейіне байланысты–республикалық және жергілікті органдар.
5. Өкілеттіктерінің мерзіміне байланысты–тұрақты (қызмет ету мерзімі шектеусіз түрде құрылады) және уақытша (қысқа мерзімді мақсаттарға жету ұшін құрылады).
6. Құзіретінің сипатына қарай–жалпы (мысалы, Үкімет) және арнайы (мысалы, министрлік) құзіретті органдар.
7 тақырып. МЕМЛЕКЕТ НЫСАНЫ
1. Мемлекет нысанының түсінігі.
2. Басқару нысаны.
3. Мемлекеттік құрылым нысаны.
4. Саяси режим.
1. Мемлекет нысанының түсінігі.Мемлекет нысаны–бұл қоғамның басқару, мемлекеттік құрылым және саяси режим нысандарынан құралған құрылымдық ұйымдастырылуы.
2. Басқару нысаны–бұл мемлекеттік биліктің жоғары органдарының өкілеттіктерінің өзара қатынасы, олардың құрамы мен құрылу тәртібі. Басқару нысаны жоғары билікті жалғыз адамның немесе сайланбалы алқалық органның жүзеге асыруына байланысты ерекшеленеді. Осыған сәйкес, басқарудың негізгі түрлері болып монархия мен республика болып табылады.
Монархия–бұл жоғары мемлекеттік биліктің бір тұлғада ғана, монархта, болуымен сипатталатын басқару нысаны. Монарх билікті мұрагерлік бойынша өмір бойы иеленеді.
Егер монарх мемлекеттік биліктің жалғыз органы болып табылса, бұл монархия шектелмеген деп аталады, ал жоғарғы билік монарх пен басқа бір органның арасында бөлінсе, бұл монархия шектелген деп аталады. Шектелген монархиялар, өз кезегінде, өкілдік (дуалистік) және парламантарлық болып екіге бөлінеді. Өкілдік монархияда монарх атқарушылық билікті жүзеге асыра алады, ол үкіметті құру, министрлерді тағайындау, вето және парламентті тарату құқықтарын иеленеді. Ал парламентарлық монархияда монархтың құқықтық жағдайы әлдеқайда шектелген болады, монарх тағайындаған министрлер парламенттің сенімсіздік вотумына тәуелді болады және монарх заңда көзделген жекелеген жағдайларда ғана парламентті тарата алады.
Республика–жоғары мемлекеттік билік белгілі бір мерзімге сайланатын сайланбалы органға тиесілі басқару нысаны. Халықтың қай бөлігінің мемлекеттік биліктің жоғары органдарын сайлауға қатыса алатынына байланысты республика аристократиялық және демократиялық болып екіге бөлінеді.
Демократиялық мемлекеттер, өз кезегінде, төмендегідей түрлерге бөлінеді:1) парламенттік, бұл мемлекетте саяси өмірдегі шешуші рөл парламент сайлаған үкіметке тиесілі болады; 2) президенттік, бұл мемлекетте сайланға ел басшысы үкіметтің де басшысы болып табылады, сол себепті, ол үкімет мүшелерін тағайындайды және оларды қызметінен босатады; 3) аралас, бұл мемлекетте үкіметті президент пен парламент бірлесе отырып құрайды.
3. Мемлекеттік құрылым нысаны– бұл мемлекеттің аумақтық құрылымы, оның құрамдас бөліктерінің және осы бөліктердің әрбірінің мемлекетпен қарым-қатынасының сипаты. Барлық мемлекеттер өздерінің мемлекеттік құрылымы бойынша жай және күрделі болып екіге бөлінеді.
Жай немесе біртұтас мемлекет –бұл өз ішінде бөлінбейтін тұтас мемлекет, оның өз ішінде дербес мемлекеттік құрылымдар болмайды, бұл мемлекетте жоғары органдардың біртұтас жүйесі, заңнаманың ортақ жүйесі, ортақ сот жүйесі, ортақ азаматтығы мен салықтардың бір каналды жүйесі болады.
Күрделі мемлекет – бұл белгілі бір дәрежедегі дербестікке ие жекелеген мемлекеттік құрылымдардан құралған мемлекет. Күрделі мемлекеттерге империялар, федерациялар, конфедерациялар, достастықтар мен одақтастықтар жатады.
Империялар күштеу арқылы құрылатын күрделі мемлекеттер, бұларда құрамдас бөліктердің жоғары билікке бағыныстылық деңгейі әртұрлі болған. Империялардың басты ерекшелігі–олардың құрамдас бөліктерінің ешқашан ортақ мемлекеттік-құқықтық мәртебесі болмаған.
Конфедерация империяға қарағанда ерікті негізде құрылады. Бұл нақты бір тарихи кезең шегінде белгілі бір мақсаттарға жету үшін құрылған мемлекеттердің уақытша одағы. Конфедерацияны құраған егеменді мемлекеттер халықаралық-құқықтық қатынастар субъектісі болып қала береді, оларда өз азаматтығы, билік, басқару және сот әділдігі органдарының жүйесі болады.
Федерация –бұл күрделі, одақтас мемлекет, оның бөліктері мемлекеттік құрылымдар болып табылады және және белгілі бір дәрежеде мемлекеттік егемендікке ие болады; федерацияда жоғарғы федералдық органдар мен федералдық заңнамамен қатар федерация субъектілерінің жоғарғы органдары мен заңнамасы да болады; федерауияда салықтың екіканалды жүйесі пайдаланылады, оның белгілерінің бірі болып қосазаматтық табылады. Федерациялар аумақтық немесе ұлттық-мемлекеттік қағида бойынша құрылуы мүмкін.
Достастық–бұл ортақ белгілермен, біртектіліктің белгілі бір деңгейімен сипатталатын мемлекеттердің ұйымдастырушылық бірлестігі. Оларды біріктіретін белгілер экономикаға, құқыққа, тілге, мәдениетке, дінге қатысты болуы мүмкін. Достастықтың мүшелері–бұл толығымен тәуелсіз, егеменді мемлекеттер, халықаралық қатынастардың субъектілері.
Одақтастық– бұл қоғамды мемлекеттік ұйымдастырудағы ауыспалы нысан. Одақтастықтың негізінде көп жағдайда мемлекетаралық шарт болады. Ол одақтастыққа кіретін мемлекеттердің интеграциялық байланыстарын күшейте түседі және оларды конфедеративтік бірлестікке қарай итермелейді.
4. Саяси режим–бұл мемлекеттік билікті жүзеге асыруға жәрдемдесетін тәсілдер мен әдістер. Мемлекеттік биліктегі тәсілдер мен әдістердің жиынтығына қарай екі түрлі режимді бөліп атауға болады–демократиялық және антидемократиялық режимдер.
Демократиялық режимнің белгілері:
1) халық мемлекеттік билікті жүзеге асыруға тікелей (азаматтардың референдумға қатысуы) және өкілдік (халықтың билікті өзі сайлаған өкілдік органдар арқылы жүзеге асыруы) демократия арқылы қатысады;
2) шешімді көпшілік азшылықтың мүдделерін ескере отырып қабылдайды;
3) мемлекеттік биліктің орталық және жергілікті органдарының сайланбалылығы және ауыспалылығы, олардың сайлаушыларға есеп беруі, жариялылық;
4) сендіру, келісу, келісімге келу әдістері жиі қолданылады;
5) қоғамдық өмірдің барлық салаларындағы заңның үстемдігі;
6) адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтары жарияланады және шын мәнінде қамтамасыз етіледі;
7) саяси плюрализм, соның ішінде көппартиялылық;
8) биліктің тармақтарға бөлінуі және т.б.
Антидемократиялық режимнің бірнеше түрі болады: тирания, деспотизм, фашизм, тоталитарлық және авторитарлық режимдер. Антидемократиялық режимге мына белгілер тән:
1) бір саяси партияның үстемдігі;
2) бір ресми идеологияның болуы;
3) бір меншік түрінің болуы,
4) саяси құқықтар мен бостандықтарды жоққа шығару;
5) қоғамның сословиелік, касталық және т.б. белгілер бойынша бөлінуі;
6) халықтың төмен экономикалық деңгейі,
7) мәжбүрлеу мен жазалау шаралаының үстемдігі;
8) сыртқы саясаттағы агрессиялық сипаттағы әрекеттер және т.б.
8 тақырып. МЕМЛЕКЕТ ТИПТЕРІ
1. Мемлекет типінің түсінігі.
2. Мемлекеттерді типке бөлудегі формациялық тәсіл.
3. Мемлекеттерді типке бөлудегі өркениетті тәсіл.
1. Мемлекет типінің түсінігі. Мемлекет типі сәйкес тарихи кезеңде туындайтын оның маңызды жақтары мен қасиеттерінің қатаң жүйесін білдіреді. Белгілі бір кезеңдегі барлық мемлекеттерге белгілі бір сипаттар тән болып келеді. Мемлекеттерді типке бөлу негізінен формациялық және өркениетті тәсілдер тұрғысынан жүзеге асырылады.
2. Мемлекеттерді типке бөлудегі формациялық тәсіл. Формациялық тәсілдің шегінде негізгі талап ретінде әлеуметтік-экономикалық факторлар, яғни, қоғамдық-экономикалық формация орын алады. Бұл тәсіл тұрғысынан мемлекет типі қоғамның экономикалық базисімен тығыз байланысты қоғамдық құрылымға сәйкес мемлекеттің өзара тығыз байланысты белгілерінің жиынтығы ретінде анықталады. Экономикалық базистің типтеріне қарай мемлекеттің төмендегідей типтерін бөліп қарастырады: құлиеленушілік, феодалдық, буржуазиялық және социалистік мемлекеттер.
Бұл типологияның артықшылықтары болып екі мәселе табылады: мемлекеттерді әлеуметтік-экономикалық негізінде бөлу идеясы өте дұрыс, себебі, шынымен де бұл факторлар қоғамға зор әсерін тигізеді, ол мемлекеттің дамуының табиғи-тарихи сипатын, кезеңділігін көрсетеді. Ал формациялық теорияның әлсіз жағы оның тарихтың әртүрлі сипаттарын ескермеуінен және рухани факторларды бағаламауынан көрінеді.
3. Мемлекеттерді типке бөлудегі өркениетті тәсіл. Өркениетті тәсіл шегінде негізгі талаптар ретінде рухани факторлар– мәдени, діни, ұлттық және т.б. факторлар орын алады. Өркениет–бұл қоғамның діни, ұлттық, географиялық және тағы да басқа белгілерінің ортақтығымен ерекшеленетін тұйық және локальды сипаты. Өз дамуында өркениет бірнеше кезеңдерден өтеді:
І кезең –локальды өркениеттер, олардың әрқайсысының өзара байланысты әлеуметтік институттары, оның ішінде мемлекет те, болады (ежелгіегипеттік, шумерлік, үнділік, эгейлік және т.б. өркениеттер).
ІІ кезең–белгілі бір мемлекет типтерімен байланысты ерекше өркениеттер (үндлік, қытайлық, батыс еуропалық, исламдық және т.б. өркениеттер).
ІІІ кезең– өз мемлекеттілігімен ерекшеленетін қазіргі кезгі өркениеттер, бұл өркениеттер енді-енді қалыптасып келе жатыр, бұларға әлеуметтік-саяси құрылымдардың дәстүрлі және қазіргі кезгі түрлерінің қатар өмір сүруі тән.
Өркениеттер мен олардың мемлекеттіліктерін типке бөлудің басқа да негіздері бар: хронологиялық, генетикалық, діни жән т.б.
9 тақырып. ҚОҒАМНЫҢ САЯСИ ЖҮЙЕСІ
1. Қоғамның саяси жүйесінің түсінігі.
2. Саяси жүйелердің түрлері.
3. Қоғамның саяси жүйесіндегі мемлекеттің орны мен рөлі.
1. Қоғамның саяси жүйесінің түсінігі. Қоғамның саяси жүйесі–бұл белгілі бір саяси функцияларды атқарушы мемлекеттік және мемлекеттік емес әлеуметтік институттардың жүйесі. Мұндай институттардың қатарына қоғамдық өмірдің билікке байланысты саласына қатысушы мемлекет, партиялар, кәсіптік одақтар және басқа да ұйымдар мен қозғалыстар жатады. Саяси жүйе сыртқы және ішкі саясаттың жүзеге асуын қамтамасыз етеді, әлеуметтік топтардың мүдделерін қалыптастырады, білдіреді және қорғайды. Оның сипаты, ең алдымен, осы саяси жүйенің пайда болған және қызмет ететін әлеуметтік ортасы арқылы анықталады:
1. Еңбек нәтижелері саналы түрде мемлекеттік ұйымдасқан адамдардың ерекше тобымен бөлінетін әлеуметтік орта. Мұндай ортада меншіктің мемлекеттік және қоғамдық түрлері орын алады; өзіндік меншікке рұқсат берілуі мүмкін, ал жеке меншік мүлдем болмайды. Мұндай саяси жүйелерде мемлекеттік билік қоғамның экономикалық өміріне тоталитарлы түрде араласады; мемлекет идеологиясынан өзгеше ойлау басып-жаншылып отырады; мемлекеттік идеология, дін, мәдениет, білім, ғылым қалыптасады. Билікте тек бір саяси партия болады.
2. Әлеуметтік ортаның екінші түрі қоғамның экономикалық өмірінің нарықтық-ақшалық негізіне, еркін кәсіпкерліктің тәжірибесі мен идеологиясына негізделеді. Мұндай саяси жүйелерде мемлекет нарықтық экономика үшін жағдайларды ұйымдастырушы ретінде көрініс табады, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етеді. Мұндай жүйеде партиялар билікті сайлау кампанияларына қатысу арқылы жаулап алуға тырысады; құқықтық нысандар саяси мақсаттарға жетудің негізгі құралына айналады.
3. Әлеуметтік ортаны ұйымдастырудың үшінші түрі–аралас түр, ол конвергенция деген атқа ие болды. Конвергенциялық саяси жүйелер бір әлеуметтік ортадан екінші әлеуметтік ортаға өту кезінде пайда болады. Конвергенциялық саяси жүйелерге әртүрлі мақсаттағы және мазмұндағы көптеген саяси институттардың араласуы тән болып келеді.
2. Саяси жүйелердің түрлері. Саяси жүйелердің пайда болатын әлеуметтік ортасының сипатына қарай мынадай саяси жүйе түрлері болады: тоталитарлық, либералдық-демократиялық және аралас жүйелер; ал өзара байланысу сипатына қарай ашық және жабық саяси жүйелер болады.
3. Қоғамның саяси жүйесіндегі мемлекеттің орны мен рөлі. Мемлекет саяси жүйеге белгілі бір жекелеген органдары арқылы емес, өзіндік бір саяси, аумақтық, құрылымдық бөлік ретінде кіреді. Ол өз функцияларын басқа әлеуметтік инстиуттармен, партиялармен, кәсіптік одақтармен, жергілікті басқару органдарымен бірлесе отырып атқарады. Ол саяси жүйеде жетекші рөлді иеленген, себебі:
а) оның аумақтық шекараларында азаматтық белгісі бойынша біріккен халықтың жалғыз ресми өкілі рөлін атқарады;
ә) егемендіктің жалғыз иесі болып табылады;
б) қоғамды басқаруға бағытталған әлеуметтік аппараты болады;
в) қарулы құрылымдары болады;
г) құқықшығармашылыққа қатысты монополияға ие;
д) материалдық құндылықтардың ерекше жиынтығына (мемлекеттік меншік, бюджет, валюта және т.б.) ие.
10 тақырып. ҚҰҚЫҚТЫҚ МЕМЛЕКЕТ
1. Құқықтық мемлекеттің түсінігі және қағидалары.
2. Биліктің тармақтарға бөлінуі құқықтық мемлекеттің қағидасы ретінде.
3. Мемлекет пен тұлғаның өзара жауапкершілігі.
1. Құқықтық мемлекеттің түсінігі және қағидалары. Құқықтық мемлекет–бұл адам мен азаматтың құқықтар мен бостандықтарының толық түрде қамтамасыз етілуіне және құқықбұзушылықтарды болдырмау мақсатында мемлекеттік билікті құқықпен мейлінше байланыстыруға жағдай жасаушы саяси билік ұйымы.
Құқықтық мемлекеттің мәнін қарастыруда оның негізгі екі жағын (екі негізгі қағиданы) бөліп қарастыруға болады:
1) мазмұнды жағы– адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын мейлінше толық көлемде қамтамасыз етуден, тұлға үшін құқықтық ынталандыру режимін орнықтырудан көрінеді;
2) формальды-заңды жағы–мемлекеттік билікті құқықпен байланыстырудан, мемлекеттік құрылымдар үшін құқықтық шектеу режимін орнықтырудан көрінеді.
Сонымен қатар, құқықтық мемлекеттің қағидасына мыналар да жатады:
- билікті заңсыз пайдалануды болдырмау мақсатында оны заңшығарушылық, атқарушылық және сот тармақтарына бөлу;
- заңның үстемдігі, яғни, биліктің жоғары органымен барлық конституциялық тәртіптерді сақтай отырып қабылданған заң атқарушылық билік актілерімен жоққа шығарылуы, өзгертіліуі және тоқтатылуы мүмкін емес;
- мемлекет пен тұлғаның өзара жауапкершілігі;
- қоғамдағы құқықтық сана мен құқықтық мәдениеттің жоғары деңгейі;
- азаматтық қоғамның болуы және тарапынан құқық субъектілерінің заңдарды орындауына бақылау жүргізілуі.
2. Биліктің тармақтарға бөлінуі құқықтық мемлекеттің қағидасы ретінде. Бұл қағиданы алғаш рет Д.Локк пен Ш.Монтескье ұсынған болатын. Қағиданың басты талабы–саяси бостандықты бекіту, заңдылықты қамтамасыз ету және белгілі бір әлеуметтік топтың, мекеменің немесе жеке тұлғаның билікті асыра пайдалануын болдырмау үшін мемлекеттік билікті заң шығарушылық (халық сайлайтын және қоғамды дамытуды заңдар қабылдау жолымен жүзеге асыруға бағытталған), атқарушылық (биліктің өқілдік органы тағайындайтын және заңдар мен оралымдық-шаруашылық қызметті жүзеге асырумен айналысатын) және сот (бұзылған құқықтарды қалпына келтірудің, кінәлілерді әділетті түрде жазалаудың кепілі болып табылатын) биліктері деп бөлу қажет. Және осы әр бір билік түрлері дербес және бір-бірін тежей отырып, өз функцияларын органдардың ерекше жүйесі арқылы және арнайы нысандарда жүзеге асыруы тиіс.
Констиуцияда бекітілген «тепе-теңдік және тежемелік жүйесің заң шығару, атқарушы, сот билігінің нақты бір билік түріне қатысты құқықтық шектеулерінің жиынтығын білдіреді. Мысалы, заң шығару билігіне қатысты тежемелік жүйесінде ерекше рөлді Президент иеленген, ол заң шығарушыға қатысты вето құқығын иеленеді; атқарушы билікке қатысты тежемелік сипатта болып президент өкілеттіктерінің мерзімі, импичмент, сенімсіздік вотумы, атқарушы органдардың жауапты қызметкерлеріне заңшығарушылық құрылымға сайлануға тыйым салу, коммерциялық қызметпен айналысу табылады; сот билігі үшін конституцияда көрініс тапқан құқықшектеуші құралдар болып мыналар табылады: кінәсіздік презумпциясы, қорғану құқығы, азаматтардың заң мен сот алдындағы теңдігі, іс жүргізудің жариялылығы мен жарыспалылығы, соттарға отвод жариялау және т.б.
3. Мемлекет пен тұлғаның өзара жауапкершілігі. Бұл құқықтық мемлекеттің дербес қағидасы болып табылады. Бұл саяси билікті шектеудің өзінше бір тәсілі, ол сасяи биліктің иесі ретіндегі мемлекет пен оны жүзеге асырудың қатысушысы ретіндегі азаматтың арасындағы қарым-қатынастардың адамгершілік-заңды бастамаларын көрсетеді. Қоғам мен тұлғаның бостандығын заңшығарушылық нысанда бекіте отырып, мемлекет өз шешімдері мен әрекеттерінде белгілі бір шектеулерді иеленеді. Заң арқылы ол өзінің азаматтармен, қоғамдық ұйымдармен, басқа мемлекеттермен қарым-қатынастарындағы әділеттілік пен теңдікті қамтамасыз ететін міндеттемелерді өз мойнына алуы тиіс.
Құқыққа бағына отырып, мемлекеттік органдар ондағы ережелерді бұза алмайды және осы міндеттерді орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылады. Заңның мемлекеттік билік үшін міндеттілігі әкімшіліктік қателіктерді болдырмауға бағытталған кепілдіктер жүйесімен қамтамасыз етіледі. Оларға Үкіметтің өкілдік органдардың алдындағы жауапкершілігі, мемлекеттің кез-келген деңгейдегі лауазымды тұлғаларының нақты бір тұлғалардың құқықтары мен бостандықтарын бұзғандығы, билікті асыра пайдаланғаны, қызметтік жағдайын асыра пайдаланғаны үшін тәртіптік, азаматтық-құқықтық және қылмыстық жауапкершілігі, импичмент және т.б. жатады.
Жалпы қауымның мемлекеттік құрылымдардың өз міндеттерін орындауды бақылауының нысандары болып референдумдар, депуттардың сайлаушылар алдында есеп беруі және т.б. табылады.
Тұлғаның мемлекет алдындағы жауапкершілігі де дәл осы құқықтық бастамалар негізделеді. Мемлекеттік мәжбүрлеуді қолдану құқықтық сипатта болуы, ол тұлғаның бостандығын бұзбауы және жасаллған құқықбұзушылықтың ауырлығына сай болуы тиіс. Сонымен, мемлекет пен тұлғаның арасындағы қарым-қатынастар өзара жауапкершіліктің негізінде жүзеге асырылуы тиіс.
11 тақырып. МЕМЛЕКЕТ ЖӘНЕ ҚОҒАМ
1. Мемлекет пен қоғамның өзара қатынасы.
2. Азаматтық қоғамның түсінігі және құрылымы.
1. Мемлекет пен қоғамның өзара қатынасы. Қоғам–бұл, кең мағынада, адамдардың бірлескен қызметінің тарихи қалыптасқан нысандарының жиынтығы немесе, тар мағынада, әлеуметтік жүйенің тарихи нақты типі, қоғамдық қатынастардың белгілі бір нысаны.
Мемлекет–бұл саяси биліктің саяси-аумақтық, егеменді түрде ұйымдастырылуы. Қоғам мен мемлекет–әртүрлі түсініктер. Біріншісі екіншісіне қарағанда кең болып келеді, себебі, қоғамда мемлекетпен қатар мемлекеттік емес құрылымдар да (саяси партиялар, саяси қозғалыстар, қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктер, еңбек ұжымдары және т.б.) болады. Мемлекет қоғамның саяси бөлігі, элементі болып табылады.
Мемлекет қоғамда орталық орынды және басты рөлді иеленген. Мемлекеттің сипаты бойынша бүкіл қоғамға. Оның мәніне сипаттама беруге болады. Мемлекет қоғамға қатысты оның істерін шешу, басқару құралы рөлін атқарады. Қоғам мен мемлекеттің хронологиялық шектері де әртүрлі болып келеді: біріншісі екіншісіне қарағанда ерте пайда болған және бай даму тарихына ие. Дамыған қоғамның негізінде пайда болған мемлекет оған қатысты салыстырмалы түрдегі дербестікті иеленеді.
2. Азаматтық қоғамның түсінігі және құрылымы. «Азаматтық қоғамң түсінігін Аристотель, Цицерон, Гроций, Т.Гоббс, Дж.Локк, Гегель, Маркс және т.б. ойшылдар қалыптастырған. Барлық ғалымдар азаматтық қоғамдағы негізгі идея ретінде адам идеясын таниды. Азаматтық қоғам–бұл олардың көмегімен жеке тұлғалар мен топтардың мүдделері қанағаттандырылатын адамгершілік, діни, ұлттық, әлеуметтік-экономикалық, отбасы институттары мен қатынастарының жиынтығы.
Азаматтық қоғамның құрылымына мыналар кіреді:
1) мемлекеттік емес, әлеуметтік-экономикалық қатынастар мен институттар (меншік, еңбек, кәсіпкерлік);
2) мемлекеттен тәуелсіз өндірушілердің жиынтығы (жеке фирмалар және т.б.);
3) қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктер;
4) саяси партиялар мен қозғалыстар;
5) тәрбиелеу мен мемлекеттік емес білім беру саласы;
6) мемлекеттік емес бұқаралық ақпарат құралдарының жүйесі;
7) отбасы;
8) шіркеу және т.б.
Азаматтық қоғамның белгілері:
- адам мен азаматтың құқықтар мен бостандықтарының мейлінше толық қамтамасыз етілуі;
- өзін-өзі басқару;
- оның құрылымдары мен адамдардың әртүрлі топтарының бәсекелестігі;
еркін түрде қалыптасатын қоғамдық көзқарас пен плюрализм;
- жалпы ақпараттану мен адамның ақпаратпен танысу құқығының шын мәнінде жүзеге асырылуы;
- өмір сүру координация қағидасына негізделеді (мемлекеттік аппарат кезінде субординация қағидасы үстемдік құрады);
- экономиканың көпжақтылығы;
- биліктің заңды және демократиялық сипаты;
- құқықтық мемлекет;
- адамдардың жақсы өмір сүру жағдайын қамтамасыз ететін мемлекеттің күшті әлеуметтік саясаты және т.б.
12 тақырып. ҚҰҚЫҚТЫҢ ПАЙДА БОЛУЫ
1. Мемлекетке дейінгі кезеңдегі нормаларға жалпы сипаттама. Мемлекетке дейінгі әлеуметтік нормалардың ерекшелігі болып олардың адамдардың күнделікті өміріне сіңе отырып рудың, тайпаның әлеуметтік-экономикалық біртұтастығын көрсетуі және қамтамасыз етуі табылды. Бұл еңбек құралдарының жетілмегендігімен, оның өндіру деңгейінің төмендігімен байланысты болды. Осыдан барып бірлесіп өмір сүру, қоғамдық меншікті қалыптастыру, өнімдерді теңдік негізінде бөлу қажеттігі туындады, ал бұл жағдай, өз кезегінде, алғашқы қауымдық қоғам нормаларының табиғатына әсерін тигізді.
Мемлекетке дейінгі кезеңде болған нормалардың белгілері:
1) алғашқы қауымдық қоғамдағы қарым-қатынастар ең алдымен әдет-ғұрып нормаларымен, яғни, ұзақ уақыт бойы қолдану нәтижесінде әдетке айналған, тарихи қалыптасқан жүріс-тұрыс ережелерімен реттелген;
2) жазбаша нысандағы көрінісі болмастан, адамдардың жүріс-тұрысы мен санасында өмір сүрген;
3) әдеттің, сонымен қатар, сендіру және мәжбүрлеу (рудан қуу) шараларымен қамтамасыз етілген;
4) оларда негізгі реттеу тәсілі болып тыйым (табулар жүйесі, құқықтар мен міндеттердің болмауы) табылған;
5) олар ру мен тайпаның барлық мүшелерінің мүдделерін білдірген.
2. Құқықтың пайда болуының ерекшеліктері. Құқық әлеуметтік институт ретінде мемлекетпен бірге пайда болады, себебі, көп жағдайда олар бір-бірінің тиімділігін қамтамасыз етуге бағытталған. Мемлекеттің құқықсыз өмір сүре алмайтыны секілді, құқық та мемлекетсіз өмір сүре алмайды: құқық мемлекеттегі с аяси билікті ұйымдастырса, мемлекет заң нормаларын орнықтырады, қолданады және оларға кепілдік береді.
Құқық тарихи тұрғыда таптық құбылыс ретінде пайда болып, ең алдымен, экономикалық үстемдік құрушы таптардың еркі мен мүдделерін білдірді. Егер әдет-ғұрыптар адамдардың санасы мен жүріс-тұрысында бекітілсе, құқықтық нормалар жалпыға мәлім болу мақсатында жазбаша рәсімделе басталды. Құқықтың пайда болуы–әлеуметтік байланыстардың күрделенуінің, қоғамдағы қарама-қайшылықтардың таралуын әлеуметтік нормалардың реттей алмауының салдары.
Құқықтық нормалар негізгі үш жолмен қалыптасты:
1) мононормалардың (алғашқы қауымдық әдет-ғұрыптардың) әдет құқығының нормаларына айналуы және осыған байланысты оларды мемлекеттің санкциялауы;
2) құқық нормаларынан құралған арнайы құжаттарды–нормативтік актілерді–шығарудан көрініс тапқан мемлекеттің құқықшығармашылық қызметі;
3) сот және әкімшілік органдарымен қабылданатын нақты шешімдерден құралған және басқа да ұқсас істерді шешуде үлгілік сипатты иеленетін прецеденттік құқық.
13 тақырып. ҚҰҚЫҚТЫҢ ТҮСІНІГІ ЖӘНЕ МӘНІ
1. Құқықтың түсінігі және белгілері.
2. Құқықтың мақсаты.
3. Құқықтың құндылығы.
4. Құқықтың мәні.
5. Құқықтың объективтік және субъективтік мағынадағы түсінігі. Табиғи құқық. Позитивтік құқық. Бұқаралық және жеке құқық.
6. Құқық қоғамдық қатынастарды мемлекеттік реттеуші ретінде.
1. Құқықтың түсінігі және белгілері. Құқық–бұл қоғамдық қатынастарды реттеуге бағытталған, мемлекетпен орнықтырылатын және қамтамасыз етілетін, жалпыға міндетті, формальды анықталған заң нормаларының жүйесі.
Құқықтың белгілері:
еріктілік сипаты;
жалпыға міндеттілігі;
нормативтілігі;
мемлекетпен байланысы;
формальды анықталғандығы;
жүйелілігі.
2. Құқықтың мақсаты. Құқықтың қоғамдық жоғарғы мақсаты қоғамдағы бостандықты нормативтік тәртіпте қамтамасыз етуінен және кепілдеуінен, әділеттілікті қалыптастыруынан, қоғамдық өмірден қателіктер мен өз бетімен кетушіліктерді жоя отырып, қоғамдағы экономикалық және рухани факторлардың әрекет етуіне мейлінше жағдай жасауынан көрініс табады.
3. Құқықтың құндылығы–бұл құқықтың азаматтардың және жалпы қоғамның әлеуметтік әділетті қажеттіктері мен мүдделерін қамтамасыз ету құралы мен мақсаты ретінде қызмет ете алу қабілеті. Құқықтың әлеуметтік құндылығының төмендегідей негізгі көріністерін атап өтуге болады:
1) құқық адамдардың әрекеттеріне ұйымдастырушылықты, тұрақтылықты, үйлесімділікті дарыта отырып, олардың бақылануын қамтамасыз етеді, осы арқылы ол қоғамдық қатынастарға реттеушілік элементін енгізе отырып, оларды өркениетті құбылысқа айналдырады;
2) құқық тұлғалардың ерекше мүдделерін үйлестіру арқылы олардың жүріс-тұрысы мен қызметіне әсерін тигізеді, яғни, құқық жеке мүдделерді басып-жаншымайды, керісінше, оны қоғамдық мүддемен үйлестіреді;
3) құқық тұлғаның қоғамдағы бостандығын көрсетуші және анықтаушы болып табылады және осы бостандықтың шегін, шамасын анықтайды;
4) құқық әділеттілік идеясын көрсету қабілетіне ие, яғни, құқық материалдық игіліктердің дұрыс және әділетті бөлінуінің талаптарын орнықтырады, барлық азаматтардың заң алдындағы теңдігін бекітеді;
5) құқық қоғамдық дамудың тарихи кезектілігіне сәйкес қоғамның жаңаруының қайнар көзі болып табылады; әсіресе, оның құндылығы тоталитарлық режимдердің құлауы мен жаңа нарықтық механизмдердің бекітілуі жағдайларында өсе түседі;
6) құқықтық тәсілдер халықаралық және ұлтаралық сипаттағы мәселелерді шешудің негізі және жалғыз құралы болып табылады.
4. Құқықтың мәні өркениеттілік жағдайында қоғамдық қатынастарды реттеуден,нормативтік негізде қоғамның тұрақты ұйымдастырылуына жете отырып, демократияның, экономикалық бостандықтың, тұлға бостандығын жүзеге асырылуынан көрінеді.
Құқықтың мәнін қарастыруда екі аспектіні ескерудің маңызы зор:1) формальдық–кез-келген құқықтың ең алдымен реттеуші екендігі; 2) мазмұндық–осы реттеушінің кімнің мүдделеріне қызмет ететіндігі.
Құқықтың мәнін түсінуде келесі тәсілдерді бөліп атауға болады:
- таптық, бұның шегінде құқық экономикалық үстемдік құрушы таптың заңда көрініс тапқан мемлекеттік еркін білдіретін, мемлекетпен кепілденген заң нормаларының жүйесі ретінде анықталады;
- жалпыәлеуметтік, бұның шегінде құқық қоғамдағы әртүрлі таптардың, әлеуметтік топтардың арасындағы келісімнің көрінісі ретінде қарастырылады.
5. Құқықтың объективтік және субъективтік мағынадағы түсінігі. Табиғи құқық. Позитивтік құқық. Бұқаралық және жеке құқық. Объективтік құқық–бұл қоғамдық қатынастарды реттеуге бағытталған, мемлекетпен орнықтырылатын және қамтамасыз етілетін, жалпыға міндетті, формальды анықталған заң нормаларының жүйесі. Объективтік құқық–бұл нақты бір мемлекеттегі белгілі бір кезеңдегі заңнама, заң әдеттері, заңды прецеденттер және нормативтік шарттар. Оның объективтілігі жеке тұлғаның еркі мен санасынан тәуелсіз болып, оған тиесілі болмауынан көрініс табады.
Субъективтік құқық–бұл тұлғаның жеке мүдделерін қанағаттандыруға бағытталған, заңды мүмкін жүріс-тұрыстың шамасы. Субъективтік құқықтар ретінде адамның нақты құқықтарын (еңбек етуге, білім алуға және т.б. құқық) атауға болады, олардың субъективтілігі тұлғамен байланыстылығынан, оған тиесілігінен және оның санасы мен еркінен тәуелділігінен көрінеді.
Заңды мағынадағы құқықпен (объективтік және субъективтік құқықтар) қатар табиғи құқық та болады, ол өмір сүруге, бостандыққа және т.б. құқықтарды қамтиды. Табиғи құқықтың қатарына жататын құқықтар бір жерде бектілген-бектілмегеніне қарамастан өмір сүреді, олар өмірдің өзінен тікелей туындайды.
Табиғи құқыққа қарағанда заңды мағынадағы құқық (объективтік және субъективтік құқық) позитивтік құқық ретінде көрініс табады, яғни, олар заңдар мен басқа да қайнар көздерде бекітілген.
Позитивтік құқықтың негізгі сипаттары:
а) оны адамдар немесе қоғамдық құрылымдар–заңшығарушылар, соттар, құқық субъектілер қалыптастырады, яғни, олардың шығармашылығының, мақсатты ерікті қызметінің нәтижесі болып табылады;
ә) ол заңдар немесе басқа да қайнар көздер түрінде, яғни, жай ой, идея түрінде ғана емес, нақты сыртқы көрінісі бар ақиқат ретінде өмір сүреді.
Құқықтың пайда болу кезінен бері және оның дамуы барысында оның бір мезетте әрі қарама-қайшы, әрі өзара байланысқан екі жағы анықталды. Бірінші жағы–бұқаралық-құқықтық жағы, екінші жағы–жеке-құқықтық жағы.
Бұқаралық құқық–бұл мемлекеттік істер саласы, яғни, билік пен бағыныстылық қатынастарына негізделген мемлекеттің бұқаралық билік ретіндегі және барлық бұқаралық институттардың құрылымы және қызметі.
Жеке құқық–бұл жеке істер саласы, яғни, дербестік, субъектілердің заңды теңдігі бастамаларына негізделген еркін тұлға, институттар мәртебесі.
6. Құқық қоғамдық қатынастарды мемлекеттік реттеуші ретінде. Құқықтың түсінігіне кірген аса маңызды белгілерінің бірі болып оның мемлекетпен тығыз байланысы табылады. Бұл белгі мыналардан көрініс табады:
1) мемлекет құқықты ресми түрде орнықтырып, оның орындалуын мемлекеттік мәжбүрлеу арқылы қамтамасыз етеді;
2) құқық мемлекеттік еріктің нормативтік көрінісі бола тұра, қоғамдық қатынастарды таптық, жалпыәлеуметтік және басқа да мүдделерге сәйкес реттейді;
3) құқық жалпыға міндетті сипатқа ие, бұл оның ерекше әлеуметтік реттеуші, заңды және заңсыз әрекеттерді өлшеуші ретінде көрініс табуына мүмкіндік береді.
4) басқа әлеуметтік нормаларға қарағанда құқықтың реттеушілік рөлінің ерекшелігі оның нормаларының өкілдік-міндеттеуші мазмұнымен байланысты.
14 тақырып. ҚҰҚЫҚТЫ ТҮСІНУДЕГІ ҚАЗІРГІ КЕЗГІ БАҒЫТТАР
1. Нормативистік бағыт.
2. Құқықтың табиғи-құқықтық теориясы.
3. Құқықтың діни теориясы.
4. Құқықтың тарихи мектебі.
5. Психологиялық бағыт.
6. Социологиялық бағыт.
7. Марксистік бағыт.
8. Интегративтік бағыт.
1. Нормативистік бағыт. Оны жақтаушылар (Штаммлер, Новогородцев, Кельзен және т.б.) құқыққа мемлекетпен қорғалатын нормалар жиынтығы ретінде анықтама береді. Нақты айтқанда, Кельзеннің концепциясына сәйкес, құқық нормалар жүйесі (пирамидасы) ретінде түсіндіріледі, оның ең басында заңшығарушы қабылдаған негізгі (егеменді) норма тұрады, және бұл жердегі әрбір төменгі норма өз заңдылығын заңды күші жоғары нормадан алады. Құқық туралы нормативистік бағыттың мазмұны ақиқатқа мемлекет қабылдаған нормативтік актілер негізінде қарау арқылы анықталады.
2. Құқықтың табиғи-құқықтық теориясы. Бұл құқық теориясын жақтаушылар (Т.Гоббс, Д.Локк, А.Радищев және т.б.) мемлекет орнықтыратын құқыққа қоса адамға тумысынан берілетін табиғи құқық та болады деп санаған. Бұл–өмір сүруге, бостандыққа, теңдікке, меншікке және т.б. құқық. Яғни, табиғи құқық (адамның табиғи, мәңгі, өзгермейтін құқықтарының жиынтығы) –қолданыстағы құқыққа (заңдар, прецеденттер) қарағанда жоғары құқық, бұл өз бойына сана мен мәңгілік әділеттілікті сіңіре білген құқық. Бұл теорияның шеңберінде құқық пен заң бөліп қарастырылады, яғни, позитивтік құқықпен (мемлекет қабылдаған заңдармен) қатар адамға туған сәтінен тиесілі жоғары, шынайы, табиғи құқық та болады.
3. Құқықтың діни теориясы құқықты түсіндіруде құдай кітаптарына, ең алдымен, Інжілге негізделеді. Бұл теорияның өкілдері (Аристотель, Фома Аквинский және т.б.) егер адамға табиғи құқықтар туған сәтінен берілсе, оларды Құдай беруі мүмкін деп санаған.
4. Құқықтың тарихи мектебі. Оның өкілдері (Ф.Савиньи, Гуго, Г.Пухта және т.б.) құқықты заңшығарушы қалыптастырмайды, ол халықтық рухтың, дамуы нәтижесінде тіл сияқты өз бетімен қалыптасады деп санаған. Құқықтанушы-ғалымдар халықтық құқықтық рухтың көріністерін дәл тауып, оның ережелерін заң формулалары арқылы көрсетуі тиіс, ал заңшығарушы дайын құқықты тауып, оны қолданыстағы заңнамаға айналдыруы тиіс.
5. Психологиялық бағыт. Бұл теорияның өкілдері (Л.И.Петражицкий, Росс, И.М.Рейснер және т.б.) нормалармен қатар «құқықң түсінігіне адамдардың құқықтық санасын да, құқықтық эмоцияларын да енгізеді. Психологиялық бағыт кеңес билігінің алғашқы жылдарында аса кең қолданыста болған. Себебі, бұл кезде жаңа заңдар қалыптаспаған болатын, тіпті, декреттердің өзінде соттардың істерді пролетарлық мемлекет мүддесіне сәйкес шешуінде құқықтық санаға жүгінуі танылған еді.
6. Социологиялық бағыт. Құқықтың социологиялық теориясының өкілдері (П.Эрлих, Жени, С.И.Муромцев және т.б.) құқық табиғи құқықтар мен заңдардан емес, заңдарды жүзеге асырудан көрінісі табады деп санаған, яғни, құқықты өз құқықтарын белгілі бір дәрежеде жүзеге асырушы жеке және заңды тұлғалардың қызметі ретінде түсіндірген. Құқық ретінде мемлекетті құру тәжірибесі де жарияланған.
7. Марксистік бағыт. Марксистік теорияның өкілдері (Маркс, Энгельс, Ленин және т.б.) құқықты экономикалық үстемдік құрушы таптың заңға айналған еркі ретінде түсіндірген. Және таптық еріктің құқығынан көрініс тапқан мазмұнды материалдық өндірістік қатынастардың сипатымен анықтаған.
8. Интегративтік бағыт. Бұл бағытқа сәйкес шын мәнінде кемшіліксіз құқықтың болуына күмән келтіріледі, сондықтан, аталған бағыттың өкілдері әртүрлі теориялардан өз ойларынша ең дұрыстарын таңдап алып, құқыққа мынадай анықтама береді: «Құқық–бұл еркін еріктердің өзара байланыстағы күресі мен келісімін реттейтін, ресми қорғаумен қамтамасыз етілген және нақты бір қоғамда танылған теңдік пен әділеттілік нормативтерінің жиынтығың.
15 тақырып. ҚҰҚЫҚТЫҢ ҚАҒИДАЛАРЫ МЕН ФУНКЦИЯЛАРЫ
1. Құқықтың қағидаларының түсінігі және түрлері.
2. Құқықтың функцияларының түсінігі және түрлері.
1. Құқықтың қағидаларының түсінігі және түрлері. Құқықтың қағидалары–бұл құқытың ерекше әлеуметтік реттеуші ретіндегі мәнін көрсететін негізгі бастамалар, ережелер, идеялар. Олар құқықтың заңдылығын, табиғатын және әлеуметтік мәнін көрсетеді және заңдардың өзінде тікелей көрініс тапқан немесе олардың мәнінен туындайтын жүріс-тұрыс ережелері болып табылады. Таралу саласына қарай жалпықұқықтық, салааралық және салалық қағидаларды бөліп қарастырады.
Жалпықұқықтық қағидалар барлық құқық салаларында күшке ие болып келеді. Оларға мына қағидалар жатады:
әділеттілік;
азаматтардың заң мен сот алдындағы заңды теңдігі;
ізгілік (гуманизм);
демократиялық;
құқықтар мен міндеттердің біртұтастығы;
сендіру мен мәжбүрлеуді үйлестіру.
Салааралық қағидалар бірнеше құқық саласының ерекше мәнді белгілерін сипаттайды. Олардың арасынан жарыспалылық және сот өндірісінің жариялылығы және т.б. қағидаларды бөліп атауға болады.
Салалық қағидалар тек бір саланың шеңберінде ғана әрекет етеді. Мысалы, азаматтық құқықта–мүліктік қатынастардағы тараптардың теңдігі қағидасы; қылмыстық құқықта–кінәсіздік презумпциясы.
Құқық қағидалары қоғамдық қатынастарды реттеуге қатысады, себебі, олар құқықтық әсер етудің жалпы бағыттарын анықтап қана қоймай, нақты бір іс бойынша шешімнің негіздемесіне де енуі мүмкін.
2. Құқықтың функцияларының түсінігі және түрлері. Құқықтың функциялары–бұл құқықтың қоғамдық қатынастарды реттеудегі рөлін көрсететін, құқықтық әсер етудің негізгі бағыттары.
Құқықтың функцияларын түрлерге бөлудің негізінде жатқан екі жақты шартты түрде бөліп қарастыруға болады:
1) сыртқы жақ, бұған сәйкес құқықтың әлеуметтік функциялары анықталады, олар: экономикалық (құқық өндірістік қатынастарды реттейді, меншік нысанын бекітеді және т.б.), саяси (құқық саяси қатынастарды, саяси жүйе субъектілерінің қызметін реттейді және т.б.), тәрбиелік (құқық белгілі бір идеологияны көрсетеді, тұлғаларға арнайы педагогикалық әсер етеді және т.б.) функциялар.
2) ішкі жақ, бұл құқықтың табиғатынан туындайды, олар–реттеуші және қорғаушы функциялар.
Реттеуші функция–бұл позитивтік жүріс-тұрыс ережелерін орынқтырудан, қоғамның, мемлекеттің, тұлғаның мүдделеріне сәйкес қатынастарды дамытуыға жәрдем беру мақсатында құқық субъектілеріне субъективтік құқықтар беруден және заңды міндеттер жүктеуден көрініс табатын, құқықтық әсер етудің әлеуметтік мақсатпен байланысты бағыты.
Бұл функцияның шеңберінде оның екі түрін бөліп қарастырады: реттеуші статистикалық және реттеуші динамикалық функциялар.
Реттеуші статистикалық функция құқықтың қоғамдық қатынастарға оларды белгілі бір құқықтық инстиуттарда бекіту жолымен әсер етуінен көрінеді. Статистикалық функцияны жүзеге асыруда конституцияда бекітілген саяси құқықтар мен бостандықтар институты ерекше мәнге ие.
Реттеуші динамикалық функция құқықтың қоғамдық қатынастарға құқық субъектілерінің белсенді жүріс-тұрысын қамтамасыз ету жолымен әсер етуінен көрінеді. Ол азаматтық, әкімшілік, еңбек құқығының институттарынан көрініс табады.
Қорғаушы функция–бұл ерекше маңызды экономикалық, саяси, ұлттық және жеке қатынастарды қорғауға, заңды қорғау мен заңды жауапкершіліктің шамасын, оларды жүктеу мен орындаудың тәртібін орнықтыруға бағытталған құқықтық әсер етудің әлеуметтік мақсатпен байланысты бағыты.
16 тақырып. ҚҰҚЫҚТЫҢ ТИПТЕРІ
1. Құқықтың типінің түсінігі.
2. Құқықтың тарихи типтері.
1. Құқықтың типінің түсінігі. Құқықтың тарихи типі–бұл белгілі бір экономикалық базиске тән барлық құқық жүйелерінің жалпы әлеуметтік сипаттарын көрсететін категория. Формациялық бағытқа сәйкес, базис қоғамдық даумыдағы шешуші фактор болып табылады, ол мемлекет пен қоғамның белгілі бір типін қалыптастырады. Экономикалық базистің типтеріне қарай құқықтың құлиеленушілік, феодалдық, буржуазиялық және социалистік типтерін бөліп қарастырады.
2. Құқықтың тарихи типтері. Құқықтың құлиеленушілік типі–бұл құлиеленушілердің толыққұқылығын және құлдардың құқықсыздығын бекітетін, құлиеленуші таптың еркін білдіретін, құлиеленуші мемлекет қалыптастырған құқықтық нормалардың жүйесі. Бұл құқықтың мазмұны құлиеленуші таптың өмірінің материалдық жағдайларына сәйкес анықталады.
Құқықтың феодалдық типі– бұл бір сословиелердің артықшылығын және келесі бір сословиелердің кемсітілуін бекітетін, феодалдар табының еркін білдіретін сословиелік-құқықтық нормалардың жүйесі. Бұл құқықтың мазмұны феодалдар табының өмірінің материалдық жағдайларына сәйкес анықталады.
Құқықтың буржуазиялық типі–бұл капиталистердің еркін білдіретін және олардың мүдделеріне жауап беретін, мемлекетпен қалыптастырылған және қорғалатын жалпыға міндетті нормалардың, жүріс-тұрыс ережелерінің жиынтығы.
Құқықтың социалистік типі–бұл халықтың еркін б ілдіретін, мемлекетпен қалыптастырылға және қамтамасыз етілетін жалпыға міндеті заң нормаларының жиынтығы.
17 тақырып. ӘЛЕУМЕТТІК НОРМАЛАР ЖҮЙЕСІНДЕГІ ҚҰҚЫҚ
1. Әлеуметтік және техникалық нормалар.
2. Құқық пен моральдың арақатынасы.
3. Құқық және діни нормалар.
4. Құқық және корпоративтік нормалар.
5. Құқық және әдет-ғұрып.
1. Әлеуметтік және техникалық нормалар. Қоғам реттеушіліксіз өмір сүре алмайды, ол дегеніміз адамдардың өмір сүрудің әртүрлі салаларындағы жүріс-тұрысын ретке келтіру. Реттеу нормалардың көмегімен жүзеге асырылады, ал нормалар, өз кезегінде, техникалық және әлеуметтік болып бөлінеді.
Техникалық нормалар–бұл адамдардың еңбек құралдарын және табиғат заттарын дұрыс қолдануының ережелері. Мысалы, техникалық нормаларға мыналар жатады: белгілі бір құрылыс жұмыстарын орындау ережелері, шикізатты қолану ережелері, мемлекеттік стандарттар, техникалық жағдайлар. Техникалық нормалар төмендегідей ерекшеліктерге ие: а) бұл жердегі реттеу пәні тек әлеуметтік сипатта емес; ә) «субъектілікң құрамы тек адамдармен ғана емес, сонымен қатар сыртқы әлеммен, табиғатпен, техникамен де байланысты.
Әлеуметтік нормалар–бұл қоғамдық қатынастарды реттеуде қолданылатын жүріс-тұрыс ережелері. Оларға құқықтық, моральдық, діни, саяси, эстетикалық, әдет, корпоративтік нормалары жатады. Әлеуметтік нормалар келесі ерекшеліктерге ие: а) бұл жердегі реттеу пәні тек әлеуметтік сипатта болады, ол–қоғамдық қатынастар; ә) «субъектілікң құрамы әлеуметтік саланың өкілдері ретіндегі адамдармен ғана байланысты.
Техникалық және әлеуметтік нормалар өзара тығыз байланыстылықта болады. Нақты айтқанда, қоғам үшін маңызды техникалық нормаларды мемлекет пен құқық қолдайды, нәтижесінде олар белгілі бір заңды салдарды туындататын, жалпыға міндетті техникалық-заңды жүріс-тұрыс ережелеріне айналады. Мысалы, қылмыстық заңнама құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу әрекеттері үшін жауапкершілікті көздейді.
2. Құқық пен моральдың арақатынасы. Мораль–бұл адамдардың жүріс-тұрысын жақсылық пен жамандық, әділеттілік пен әділетсіздік тұрғысынан реттейтін нормалар мен қағидалардың жүйесі. Құқық–бұл мемлекетпен орнықтырылған және қамтамысыз етілетін, қоғамдық қатынастарды реттеуге бағытталған жалпыға міндетті, формальды анықталған заң нормаларының жүйесі.
Құқық пен моральдың ортақ белгілері:
1) әлеуметтік нормалар жүйесінде олар қоғамға ең кеңінен таралған, кешенді нормалар болып табылады;
2)олардың реттеу объектісі біреу–қоғамдық қатынастар;
3) олар түп негізінде қоғамның өзінен туындайды.
Құқық пен моральдың арасындағы айырмашылықтар төмендегідей:
1) пайда болуы бойынша: егер мораль қоғаммен бірге пайда болса, құқық мемлекетпен бірге пайда болады;
2) көріну нысаны бойынша: мораль қоғамдық қатынастардан көрініс тапса, құқық жазбаша нысандағы арнайы нормативтік актілерден көрініс табады;
3) әрекет ету саласы бойынша: мораль барлық қоғамдық қатынастарды реттей алады, ал құқық аса маңызды және өзі реттей алатын қоғамдық қатынастарды ғана реттейді;
4) күшіне ену мерзімі бойынша: моральдық нормалар олардың түсіну барысында күшіне енсе, құқықтық нормалар нақты анықталған мерзімде күшіне енеді;
5) қамтамасыз ету тәсілі бойынша: моральдық нормалар қоғамдық әсер ету шараларымен қамтамасыз етілсе, құқықтық нормалар мемлекеттік әсер ету шараларымен қамтамасыз етіледі;
6) бағалау негізі бойынша: моральдық нормалар қоғамдық қатынастарды жақсылық пен жамандық, әділеттілік пен әділетсіздік тұрғысынан реттесе, құқықтық нормалар оларды заңдылық пен заңсыздық, құқыққа сәйкестік пен құқыққа қайшылық тұрғысынан реттейді.
3. Құқық және діни нормалар. Діни нормалар деп әртүрлі діндермен орнықтырлған және осы дінге сенуші тұлғаларға міндетті болып табылатын ережелерді атайды. Олар әртүрлі діни кітаптарда көрініс тапқан: Құранда, Інжілде, Тәуратта, буддистердің діни кітаптарында және т.б. Бұл нормалар діни бірлестіктердің ұйымдастырылуының және қызмет етунің тәртібін анықтайды, діни рәсімдерді орындау, шіркеулік қызмет тәртіптерін реттейді.
Тарихқа көз жүгіртетін болсақ, бірқатар дәуірлерде діни нормалар заңды сипатты иеленіп, кейбір мемлекеттік, саяси, азамттық-құқықтық, отбасы-некелік және т.б. қатынастарды реттеген. Қазіргі кездегі бірқатар ислам мемлекеттерінде Құран мен Сүннет мұсылмандардың өмірінің барлық салаларын реттейтін діни, құқықтық және моральдық нормалардың негізі болып табылады.
Діни ұйымдар орнықтырған нормалар бірқатар қатынастарда қолданыстағы құқықпен тығыз байланысқа түседі. Мысалы, Конституция әрбір адамға ар-ождан бостандығын, кез-келген дінге еркін түрде сену құқығын кепілдей отырып, діни ұйымдардың қызметінің құқықтық негізін бекітеді. Діни бірлестіктерге заңды тұлға мәртебесі берілуі мүмкін. Олар шіркеулерге, оқу орындарына иелік етуге құқылы.
4. Құқық және корпоративтік нормалар. Корпоративтік нормаларға мүшелікке негізделген еркін қауымдастықтардың, кәсіптік одақтардың партиялардың жарғылары мен басқа да құжаттарында бекітлген нормалар, сонымен қатар, кооперативтік және коммерциялық ұйымдардың жарғыларында бекітілген нормалар жатады.
Қорпоративтік нормалар мен құқықтық нормалардың ұқсастығы олардың екеуінің де белгілі бір ресми тәртіппен қабылданған жазбаша құжаттарда бекітілуінен байқалады. Ал корпоративтік нормалардың құқықтық нормалардан айырмашылығы–олар өздеріне сәйкес ұйымдардың мүшелерінің ғана еркі мен мүдделерін білдіреді және солар үшін ғана міндетті болып табылады. Корпоративтік нормаларды бұзушыларға ұйымның жарғысында көзделген әсер ету шаралары қолданылады.
5. Құқық және әдет-ғұрып. Әдет ретінде күнделікті қалыптасқан әрекеттердің нәтижесінде қалыптасқан ережелерді атайды. Ұзақ уақыт бойы өмір сүруінің нәтижесінде оларды сақтау әдетке айналған нормалар әдет нормалары деп аталады.
Құқық өз өмір сүруі барысында құқықтық нормаларға көпшіліктің әдетті түрде бағынуына негізделеді (заңдарды сақтау әдеті). Кейбір жағдайларда санкцияланған әдет құқықтың қайнар көзі болып табылады.
18 тақырып. ҚҰҚЫҚ ЖҮЙЕСІ
1. Құқық жүйесінің түсінігі.
2. Құқықтық реттеу пәні мен әдісі құқық нормаларын салаларға бөлу негіздері ретінде.
3. Құқық саласы.
4. Құқық институты.
1. Құқық жүйесінің түсінігі. Құқық жүйесі–бұл құқықтың өзінің құрылымы, оның салаларға, институттарға бөлінуі. Құқықтың жүйелік құрылымы оның белгілі бір байланыстағы көптеген элементтерден құралған біртұтас құрылым екендігін білдіреді.
Құқық жүйесінің негізгі сипаттары:
1) оның алғашқы элементі болып құқық нормалары табылады, олар, өз кезегінде, біріге отырып, ірі құрылымдарды–институттарды, салаларды құрайды;
2) оның элементтері бір-біріне қайшы келмейді, іштей үйлескен, тығыз байланыстылыққа ие; бұл құқық жүйесінің тұтастығын қамтамасыз етеді;
3) ол әлеуметтік-экономикалық, саяси, ұлттық, діни, мәдени, тарихи факторлармен тығыз байланысты;
4) ол объективтік сипатқа ие, себебі, объективтік сипаттағы қатынастарға тәуелді және адамдардың субъективтік қалауы бойынша қалыптасуы мүмкін емес.
2. Құқықтық реттеу пәні мен әдісі құқық нормаларын салаларға бөлу негіздері ретінде. Құқық нормаларын салаларға бөлу үшін екі негізді басшылыққа алады: құқықтық реттеу пәні мен әдісін.
Құқықтық реттеу пәні–бұл құқық реттейтін қоғамдық қатынастар. Ол басты негіз болып табылады, себебі, қоғамдық қатынастар объективтік түрде қалыптасады және олардың белгілі бір сипаты сәйкес құқықтық нысандарды талап етеді. Мысалы, еңбек қатынастары еңбек құқығының, ал отбасы қатынастары отбасы- неке құқығының реттеу пәні болып табылады.
Қосымша негіз болып құқықтық реттеу әдісі табылады. Егер пән құқықтың нені реттейтініне жауап берсе, әдіс оның қалай реттейтінін көрсетеді.
Құқықтық реттеу әдісі–бұл олардың көмегімен біртектес қоғамдық қатынастарды құқықтық реттеу жүзеге асырылатын заңды құралдардың жиынтығы. Құқықтық реттеудің төмендегідей негізгі әдістері болады:
1) императивтік–бұл тыйымдарға, міндеттерге, жазаларға негізделген биліктік ережелер, субординация әдісі;
2) диспозитивтік– рұқсат етуге негізделген, тараптардың теңқұқылығы, координация әдісі;
3) марапаттаушы–белгілі бір жақсы жүріс-тұрыс үшін марапттаау әдісі;
4) ұсынушылық–мемлекет пен қоғам үшін тиімді жүріс-тұрысты жүзеге асыруға кеңес беру әдісі;
3. Құқық саласы– бұл белгілі бір қоғамдық қатынастар түрін (саласын) реттейтін заң нормаларының жиынтығы.
Құқық саласының белгілері;
әрбір саланың өз пәні болады;
әрбір саланың өз заңнамасы, яғни, дербес кодекстері болады;
құқық субъектілерінің құқықтық жағдайын реттейтін, құқықтар мен міндеттерді жүзеге асыру тәсілдерін және құқықтық нормаларды жүзеге асыруға бағытталған мемлекеттік-құқықтық шараларды орнықтыратын ерекше заңды режимі болады.
Құқық салаларының түрлері:
1) негізгі салалар; бұлар басты құқықтық режимдерді қамтиды, жалпы алғанда, құқық салаларының жүйесінің ең басында конституциялық құқық, одан кейін материалдық құқықтар–азаматтық, қылмыстық, әкімшілік құқықтар және оларға сәйкес іс жүргізушілік салалар–азаматтық іс жүргізушілік, қылмыстық іс жүргізушілік және әкімшілік іс жүргізушілік құқықтары орналасқан;
2) арнайы салалар; бұларда құқықтық режимдер қоғамның ерекше сфераларына бағытталған: еңбек құқығы, жер құқығы, қаржылық құқық, әлеуметтік қамтамасыз ету құқығы, отбасы құқығы, түзеу-еңбек құқығы;
3) кешенді салалар; бұларға негізгі және арнайы салалардың әртүрлі институттарының бірігуі тән: шаруашылық құқық, аграрлық құқық, экологиялық құқық, сауда құқығы, прокурорлық қадағалау, теңіз құқығы.
4. Құқық институты–бұл қоғамдық қатынастардың белгілі бір түрін (тобын) реттейтін заң нормаларының жиынтығы. Құқық институты–заң нормаларының құқық саласына қарағанда аз жиынтығы. Әрбір құқық саласында бірқатар институттар болады. Мысалы, еңбек құқығында–еңбек тәртібі институты, жалақы институты, азаматтық құқықта–ескіру мерзімі институты, өкілдік институты және т.б.
Белгілі бір нормалар жиынтығының нақты бір құқықтық инстиутты қалыптастыруының заңды негізі болып үш белгі табылады: 1) құқықтық нормалардың заңды теңдігі; 2) қоғамдық қатынастарды реттеудің толықтығы; 3) құқықтық институтты құраушы нормалардың заңдар мен басқа да нормативтік-құқықтық актілердің тарауларында, бөлімдерінде және басқа да құрылымдық бірліктерінде жинақталуы.
19 тақырып. ТҰЛҒА, ҚҰҚЫҚ, МЕМЛЕКЕТ
1. Тұлғаның құқықтық мәртебесі.
2. Мемлекет пен құқықтың арақатынасы.
3. Экономика, саясат пен құқықтың арақатынасы.
1. Тұлғаның құқықтық мәртебесі–бұл субъектінің қоғамда заңды түрде бекітілген жағдайы. Құқықтық мәртебе тұлғаның іс жүзіндегі (әлеуметтік) мәртебесін, оның қоғамдағы нақты жағдайын бекітеді. Құқықтық мәртебе дегеніміз субъектілердің құқықтары мен міндеттерінің, сонымен қатар, мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың өз әлеуметтік рөлдерін орындауға бағытталған өкілеттіктерінің конституция мен заңнамада танылған жиынтығы.
Құқықтар мен міндеттер құқықтық мәртебенің негізін құрайды. Құқықтық мәртебенің құрылымы төмендегідей элементтерден құралған:
құқықтар мен міндеттер;
заңды мүдделер;
құқықсубъектілік;
азаматтық;
заңды жауапкершілік;
құқықтық қағидалар.
Құқықтық мәртебе жалпы, арнайы және жеке-дара болып бөлінеді. Жалпы мәртебе–бұл тұлғаның мемлекет азаматы ретіндегі Конституцияда бекітілген мәртебесі. Ол барлық азаматтар үшін бірдей болып табылады. Арнайы мәртебе азаматтардың белгілі бір санаттарының (студенттердің, соғысқа қатысушылардың, зейнеткерлердің және т.б.) жағдайының ерекшеліктерін бекітеді, олардың арнайы функцияларды жүзеге асыру мүмкіндігін қамтамасыз етеді. Жеке-дара мәртебе жекелеген тұлғаның ерекшеліктерін (жыныс, жас, отбасы жағдайы, лауазым және т.б.) көрсетеді және тұлғаның жеке дараландырылған құқықтары мен міндеттерін білдіреді.
2. Мемлекет пен құқықтың арақатынасы. Мемлекет және құқық теориясында осы уақытқа дейін мемлекет пен құқықтың арақатынасы туралы басты екі бағыт орын алған.
Біріншісі–этатистік; бұл бағыт мемлекеттің құқыққа қарағанда артықшылығын таниды, құқық мемлекеттің қызметінің өнімі, оның жалғасы ретінде қарастырылады.
Екінші бағыт табиғи-құқықтық көзқарастар негізінде пайда болды және құқықтың мемлекетке қарағанда артықшылығын бекітті.
Алайда, аталған мәселеге қатысты үшінші бағыт та бар, бұл бағыт жоғарыда аталған екі бағыттың көзқарастарын өзіне үйлестіре білген. Бұл теорияны жақтаушыларды алғашқы орынның мемлекет пен құқықтың қайсысына тиесілі екендігі қызықтырмайды, олар мемлекет пен құқықтың бір-бірінсіз өмір сүре алмайтындығына, яғни, олардың арасында функционалдық байланыстың бар екендігіне назар аударады. Бұл бағыт біржақтылықты болдырмауға, құқықтың мемлекетке не беретінін түсінуге және мемлекеттің құқықты қамтамасыз етудегі шынайы рөлін анықтауға мүмкіндік береді.
Мемлекеттің құқықты қамтамасыз етудегі рөлі мыналардан көрінеді:
1) құқықшығармашылық қызметті жүзеге асырудан. Тура мағынада бұл мемлекеттің құқық нормаларын орнықтыратынын білдіреді;
2) тіккелей мемлекеттік емес сипаттағы нормаларды мемлекеттің санкциялауынан. Мысалы, мұсылман құқығының қалыптасуы мемлекеттің мұсылмандық доктрина нормаларын санкциялауымен сипатталды;
3) іс жүзінде қалыптасып қойған қатынастарды жүріс-тұрысты заңды міндетті реттеуші ретінде тануынан. Мысалы, әдет құқығы осылай қалыптасады;
4)құқықты жүзеге асыруды қамтамасыз етуден. Құқықты пайдаланудың мемлекетсіз жүзеге асырылуы мүмкін емес;
5) мемлекет құқықты және құқықтық қатынастарды қорғауды қамтамасыз етеді;
6) мемлекет құқықтың әлеуметтік кеңістікке таралуына жәрдемдеседі, яғни, қоғамдық қатынастардың қатысушыларын құқыққа сәйкес әрекет жасауға міндеттейді.
Құқықтың мемлекетке әсері мыналардан көрініс табады:
1) құқық мемлекеттің халықпен, жекелеген тұлғамен өзара қарым-қатынастарына әсер етеді; мемлекет азаматтарға құқықтық талаптар шегінде әсер етеді, ал азаматтар, өз кезегінде, мемлекетке құқықтың көмегімен әсер етеді;
2) құқық мемлекеттің қызметін заңдастырады, мемлекеттің қорғау және мәжбүрлеу шараларының рұқсат етілуін қамтамасыз етеді;
3) құқық арқылы мемлекеттің қызметінің шектері, азаматтардың жеке өміріне араласудың шектері анықталады;
4) құқық ұлттардың ерекше мүдделерін қамтамасыз етеді, осы арқылы мемлекеттік биліктің ұлттармен қарым-қатынасына әсерін тигізеді;
5) құқықтық нысан мемлекеттік аппараттың қызметіне бақылау жүргізу мүмкіндігін қамтамасыз етеді, осы арқылы мемлекеттің халық алдындағы жауапкершілікті әрекеттерінің заңды кепілдіктерін бекітеді;
6) құқық басқа мемлекеттермен, жалпы әлемдік қауымдастықпен байланыс тілі рөлін атқарады.
3. Экономика, саясат пен құқықтың арақатынасы. Экономика–бұл өндірістік қатынастардың жиынтығы, нақты қоғамдағы өндіріс тәсілдері. Саясат–бұл таптар, партиялар, ұлттар арасындағы билік мәселесіне қатысты мемлекет пен халық арасындағы қатынастарға сипаттама беретін қоғамды басқару өнері. Құқық–бұл мемлекетпен орнықтырылатын және қамтамасыз етілетін, қоғамдық қатынастарды реттеуге бағытталған, жалпыға міндетті, формальды анықталған заң нормаларының жүйесі.
Аталған түсініктердің өзара арақатынасына қатысты екі негізгі бағыт бар. Бірінші бағытқа сәйкес, бұл түсініктердің арасында ешқайсысы артықшылық сипатты иеленбейді. Қоғамдық қатынастардың, оның ішінде өндірістік, құқықтық және саяси қатынастардың, дамуы мен әрекет етуінің алғашқы факторлары болып адамдардың мүдделері табылады. Бұл жерде құқықтың экономикадан басымдығы туралы айтуға болады. Мысалы, буржуазиялық революциялар дәуірінде Батыс Еуропада алдымен заңдар қабылданатын, содан кейін барып олардың негізінде жаңа экономикалық қатынастар қалыптасатын. Алайда, кейбір кездері керісінше да болады: алдымен мүдделер жаңа өндірістік қатынастарда жүзеге асырылып, содан кейін барып құқықта бекітілуі мүмкін. Бұл жерде экономиканың құқықтан басымдығы жөнінде айтуға болады. Ал саясат аталған екі құбылысты байланыстырушы болып табылады.
Екінші бағытқа сәйкес, экономика құқық пен саясатты анықтайды. Құқық пен саясат базиске тәуелді болып келеді. Алайда, бұл басымдық рөл тек ақыр соңында ғана байқалады, себебі, құқық пен саясат экономикаға негізделе отырып, өндірістік қатынастардың дамуын ынталандыру немесе оларға кедергі жасау арқылы оған кері әсер етуі де мүмкін. Саясат бұл жерде де құқық пен экономиканы байланыстырушы болып табылады.
20 тақырып. ҚҰҚЫҚТЫҢ ҚАЙНАР КӨЗДЕРІ
1. Құқықтың қайнар көздерінің түсінігі және түрлері.
2. Нормативтік актілердің түсінігі жән түрлері.
3. Заңдардың түсінігі, белгілері және түрлері.
4. Нормативтік актілердің күші.
1. Құқықтың қайнар көздерінің түсінігі және түрлері. Позитивтік құқықтың өзіне тән белгісі болып оның формальды сипаты табылады. Оны құрайтын нормалар заңдарда немесе мемлекетпен танылатын басқа да қайнар көздерде көрініс тапқан жағдайда заңды, жалпыға міндетті болып танылуы мүмкін.
Құқықтың қайнар көздері–бұл құқық нормаларының бекітілу және көрініс табуының мемлекет шығарған немесе ол таныған ресми-құжаттық нысандары, оларға заңды, жалпыға міндетті мағына беру.
Құқықтың қайнар көздеріне ресми сипат тән, оларды мемлекет таниды; бұлар ондағы нормаларды мемлекеттің қолдаудын қамтамасыз етеді. Құқықтың қайнар көздеріне ресми сипат екі жолмен беріледі:
1) құқықшығарсашылық жолы арқылы; бұл жағдайда нормативтік құжаттарды құзіретті мемлекеттік органдар қабылдайды, яғни, тікелей мемлекет шығарады.
2) санкциялау жолы арқылы; бұл жағдайда мемлекетік органдар белгілі бір түрде әлеуметтік нормаларды (әдет-ғұрып, корпоративтік нормалар) қолдап, оларға заңды күш береді.
Құқықтың қайнар көздерінің түрлері:
1. Нормативтік заң актілері– бұл құзіретті мемлекеттік орган қабылдайтын, құқық нормаларынан құралған және белгілі бір қоғамдық қатынастарды реттеуге бағытталған ресми құжаттар. Оларға Конституция, заңдар мен заңға сәйкес актілер жатады.
2. Санкцияланған әдет нормалары–бұл адамдардың санасынан орын алған және көп рет қолданылуының нәтижесінде әдетке айналған, тарихи қалыптасқан жүріс-тұрыс ережелеріне мемлекеттің жалпыға міндетті мән беріп, оларды орындауды өзінің мәжбүрлеу күші арқылы кепілдеуі. Әдет-ғұрып нормаларына заңды мағына беретін мемлекет санкциясы екі түрлі жолмен беріледі: а)нормативтік актілерде әдет нормаларына сілтеме жасау арқылы; ә)оларды сот шешімдерінде және басқа да мемлекеттік органдар актілерінде іс жүзінде тану арқылы.
3. Заңды прецедент– бұл ұқсас істерді шешуде басшылыққа алынатын және жалпыға міндетті заңды мағынаны иеленетін нақты бір заңды істі шешудегі соттық немесе әкімшілік шешім.
4. Нормативтік шарт–бұл екі немесе одан да көп субъектілердің жалпыға міндетті заң нормаларынан құралған кеілісімі.
5. Құқықтың жалпы қағидалары–бұл құқықтық жүйенің негізгі бастамалары. Мысалы, заңнамалық норма, міндетті прецедент немесе әдет нормасы болмаған жағдайда заңгерлер әділеттілік, ар-ождан, құқықтың әлеуметтік бағыттылығ қағидаларына негізделуі мүмкін (Грецияның, Испанияның, Ауғаныстанның Азаматтық кодекстері).
6. Діни мәтіндер–бұлар, әсіресе, мұсылмандық құқыққа тән. Ең алдымен, бұл Құран мен Сүннет. Құран–бұл Алланың сөздері, өсиеттері және ақылдарының жиынтығы түріндегі қасиетті кітап; Сүннет–бұл Мұхаммед Пайғамбардың өмірін сипаттайтын жинақ.
2. Нормативтік актілердің түсінігі және түрлері.Нормативтік заңды актілер– бұл құзіретті мемлекеттік орган қабылдайтын, құқық нормаларынан құралған және белгілі бір қоғамдық қатынастарды реттеуге бағытталған ресми құжаттар.нормативтік актілерді нормашығарушылық құзіретке ие органдар қатаң анықталған тәртіп бойынша қабылдайды. Заңды күшіне қарай барлық заң актілері екі топқа бөлінеді: заңдар мен заң актілері.
Заң–бұл заң шығарушы билік органы немесе референдум арқылы ерекше тәртіпте қабылданған, халықтың еркін білдіретін, жоғары заң күшіне ие және маңызды қоғамдық қатынастарды реттейтін нормативтік акт.
Заңға сәйкес актілер–бұл заң нормаларынан құралған, заңдардың негізінде және оларды орындау мақсатында қабылданған актілер. Оларға мыналар жатады:
1) Президенттің құзіреті шегінде қабылданған жарлықтар мен өкімдер;
2) Парламенттің құзіреті шегінде қаабылданған қаулылар мен өкімдер;
3) мемлекеттік аумақтық және жергілікті органдардың (өкілдік органдар мен әкімшілік органдар) актілері–мемлекеттік билік пен басқарудың аумақтық органдары немесе жергілікті өзін-өзі басқару органдары қабылдайды және осы аумақта өмір сүріп жатқан барлық тұлғаларға таралады;
4) ведомстволық актілер–белгілі бір органның құзіреті шегінде қабылданады және осы ұжымның мүшелеріне ғана таралады.
3. Заңдардың түсінігі, белгілері және түрлері. Заң–бұл заң шығарушы билік органы немесе референдум арқылы ерекше тәртіпте қабылданған, халықтың еркін білдіретін, жоғары заң күшіне ие және маңызды қоғамдық қатынастарды реттейтін нормативтік акт.
Заңның белгілері:
1. Заң–бұл құқықтық жүйеге заң нормаларын енгізуге, оларды жоюға немесе өзгертуге байланысты құқықшығармашылық әрекеттер бекітілген заң актісі.
2. Заң–бұл мемлекеттік биліктің қатаң анықталған жоғары органдарының актісі.
3. Заң жоғары заң күшіне ие. Бұл мынаны білдіреді: а) қалған барлық құқықтық актілер заңдарға негізделуі және оларға қарама-қайшы болмауы тиіс. Кез-келген басқа акт заңға қайшы келген жағдайда басымдылық соңғысына беріледі; ә) заңды кез-келген басқа орган бекіте алмайды; б) оны қабылдаған органнан басқа ешкім заңды өзгерте немесе оның күшін жоя алмайды.
4. Заң–бұл құқықтық жүйеде бұрын болмаған және қоғамдық өмірдің маңызды мәселелеріне байланысты міндетті нормалардан құралған нормативтік акт.
Заңның түрлері:
1) Конституция–бұл басқарудың және мемлекеттік құрылымның нысанын, сот әділдігі жүйесін анықтайтын, конституциялық құрылымды, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын бекітетін негізгі саяси-құқықтық акт;
2) конституциялық заңдар–Конституциямен көзделген және онымен байланысты мәселелерге қатысты қабылданады;
3) жай заңдар–бұл қоғамдық өмірдің экономикалық, саяси, әлеуметтік, рухани жақтарына арналған ағымдағы заңнама актілері.
4. Нормативтік актілердің күші. Нормативтік актілер әрекет етудің уақыттық, кеңістіктік және субъектілік шектеріне ие:
1. Нормативтік актілердің уақыттағы күші олардың күшіне енген сәтінен бастап қүшін жоғалтқан сәтіне дейін таралады. Актілер не оларды қабылдаған сәттен бастап, не нормативтік актінің өзінде немесе оның күшіне енуі туралы арнайы актіде көрсетілген уақыттан бастап, немесе оларды жариялаған сәттен бастап белгілі бір мерзім өткеннен кейін күшіне енеді. Актілер оларды қабылдауда көрсетілген әрекет ету уақыты өткеннен кейін,не олардың орнына жаңа акт қабылданған жағдайда, не нақты бір органның осы актінің күшін жою туралы тікелей нұсқауы негізінде өз күштерін жояды.
Нормативтік актілердің уақыттағы күшіне байланысты жалпы ережелердің ішінде екі ерекше ереже бар:
а) заңның кері күші–жаңадан қабылданған нормативтік актінің өз күшін бұл акт заңды күшіне енгенге дейінгі қатынастарға таратуы. Жалпы ереже бойынша, заңның кері күші болмайды, алайда, заңның кері күшті иеленуі екі жағдайда мүмкін: егер заңның өзінде бұл аталып өтсе немесе заң жауапкершілікті жеңілдетсе немесе жойса;
ә)жаңа заңдағы арнайы көрсету бойынша өз күшін жойған заңның жекелеген мәселелерге қатысты күшін сақтап қалуы.
2. Нормативтік актілердің кеңістіктегі күші олар таралатын аумақпен анықталады. Мемлекеттің аумағы ретінде мемлекеттік шекаралар ішіндегі оның құрғақ және су кеңістігі, олардың үстіндегі ауа кеңістігі, жер қойнаулары, сонымен қатар, шетелдердегі елшілік өкілдіктердің аумақтары, ашық теңіздегі әскери және сауда кемелері, мемлекеттің аумағынан тыс жерлерде ұшып жүрген ұшақтар танылады. Бұл мәселені қарастыру кезінде мынаны ескерген жөн: заңның белгілі бір кеңістікке немесе тұлғаларға таралмау тәртібі эксаумақтық деп аталады.
3. Заңның тұлғалар шеңбері бойынша күші нормативтік талаптардың белгілі бір актінің әрекет ету аумағындағы барлық тұлғаларға таралуын білдіреді. Алайда, бұл ережеден де ауытқушылықтар бар:
а) мемлекеттер мен үкіметтердің басшылары, елшілік және консулдық өкілдіктердің қызметкерлері эксаумақтық құқығына ие және оларға қылмыстық заңнаманы және әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы заңнаманы бұзғандығы үшін жауапкершілік және мемлекеттік мәжбүрлеу шаралары қолданылмайды;
ә) кейбір нормативтік актілер, мысалы, қылмыстық жауапкершілікті көздейтін актілер, азаматтарға, олардың қай жерде жүргеніне және олардың шетелдік заңнама нормаларына сәйкес жазаны өтегеніне қарамастан, таралады;
б) мемлекет аумағында өмір сүруші шетелдік тұлғалар мен азаматтығы жоқ тұлғалар құқықтар мен міндеттердің кең шеңберін пайдаланатынына қарамастан, кейбір жағдайларда құқықтар мен міндеттерді иелене алмайды. Мысалы, олар қарулы күштер қатарында борышын өтемейді, мемлекеттік билік органдарына сайлана алмайды және сайлауғақатыса алмайды.
21 тақырып. ҚҰҚЫҚ НОРМАЛАРЫ
1. Құқық нормаларының түсінігі және белгілері.
2. Құқық нормаларының түрлері.
3. Құқық нормаларының құрылымы.
4. Құқық нормасы мен нормативтік акт бабының арақатынасы.
1. Құқық нормаларының түсінігі және белгілері. Құқық нормасы–бұл мемлекет таныған және қамтамасыз ететін жалпыға міндетті, формальды анықталған жүріс-тұрыс ережесі. Құқық нормасынан қоғамдық қатынастар қатысушыларының құқықтары мен міндеттері туындайды және осы ереже аталған субъектілердің әрекеттерін реттеуге бағытталған.
Заң нормасы–құқықтың алғашқы буыны, оның жүйесінің элементі. Сол себепті, бұл нормаға ерекше әлеуметтік құбылыс ретіндегі құқықтың негізгі белгілерінің тән болуы заңды да. Алайд, бұл «құқықң және «құқық нормасың түсініктерінің бір екенін білдірмейді. Олар бір-бірімен бүтін мен оның бөлігі ретінде байланысқа түседі.
Құқық нормасының белгілері:
1) жалпыға міндеттілігі–ол адамдардың мүмкін және міндетті әрекеттеріне қатысты мемлекеттің биліктік ережелерін білдіреді;
2) формальды анықталғандығы–ол жазбаша түрде ресми құжаттарда көрініс табады;
3) мемлекетпен байланысы–оны мемлекеттік органдар орнықтырады және мемлекеттік әсер ету шараларымен қамтамасыз етіледі;
4) ұсынушылық-міндеттемелік сипат– ол бір субъектілерге құқықтар берсе, келесі субъектілерге міндеттемелер жүктейді, себебі, құқықты міндетсіз, ал міндетті құқықсыз жүзеге асыру мүмкін емес.
2. Құқық нормаларының түрлері. Заң нормаларының түрлері:
1) реттеуші және құқыққорғаушы; 2) құқық беруші, тыйым салушы және міндеттеуші; 3) императивтік және диспозитивтік.
Реттеуші норма–бұл субъектінің субъективтік құқықтары мен міндеттерін, олардың пайда болу және әрекет ету жағдайларын анықтайтын норма,
Құқыққорғаушы норма–бұл субъектіге мемлекеттік мәжбүрлеу шараларын қолданудың жағдайларын, осы шаралардың сипаты мен мазмұнын анықтайтын норма.
Құқық беруші норма–бұл субъектіге белгілі бір әрекеттерді жүзеге асыруға байланысты құқықтарды беретін норма.
Тыйым салушы норма–бұл субъектіге белгілі бір әрекеттерді жасадан бас тартуды міндеттейтін норма.
Міндеттеуші норма–бұл субъектіге белгілі бір мазмұндағы әрекеттерді жасау міндетін жүктейтін норма.
Императивтік норма–бұл қатаң ережелер түрінде көрініс табатын және құқық субъектілерінің қалауларынан тәуелсіз түрде әрекет ететін норма.
Диспозитивтік норма– бұл өзіндік қалау бостандығын білдіретін норма.
3. Құқық нормаларының құрылымы. Құқықтық норманың құрылымы үш элементтен құралады: гипотеза, диспозиция және санкция.
Гипотеза–бұл құқықтар мен міндеттердің пайда болу жағдайын көрсету; диспозиция–бұл құқықтар мен міндеттердің өзін көрсету; санкция–бұл норманы бұзудан туындайтын қолайсыз салдарды көрсету.
Бұл үлгінің сөздік кестесі мынадай: «егер… , онда… , бұлай болмаған жағдайда…ң. Мысалы, займ шарты жазбаша нысанда жүзеге асырылуы тиіс. Логикалық түрде бұл норманы былай құруға болады: егер займ шарты бекітілетін болса, онда ол жазбаша түрде жасалуы тиіс, бұлай болмаған жағдайда, шарттың күші болмайды.
4. Құқық нормасы мен нормативтік акт бабының арақатынасы. Құқық нормасы мен нормативтік акт бабы бір ұғымдар емес, көп жағдайларда олар сәйкес келмеуі де мүмкін. Құқық нормасы– бұл гипотезадан, диспозициядан және санкциядан құралған жүріс-тұрыс ережесі, ал заңшығармашылық актісінің бабы–бұл құқық нормасының жүзеге асырылу құралы, мемлекеттің ерік білдіру нысаны. Құқық нормасы нормативтік акті бабының мазмұны болып табылса, бап құқықтық норманың нысаны болып табылады. Олардың арасындағы байланыс әртүрлі сипатқа ие. Жүріс-тұрыс ережесін бекіте отырып, заңнама құқық нормасының логикалық құрылымының үш элементін де нормативтік актінің бір бабына енгізуі мүмкін,бір бапқа бірнеше құқық нормасын енгізуі мүмкін, кейбір жағдайда құқық нормасы элементтерін әр түрлі нормативтік актілердің бірнеше баптарында немесе бір нормативтік актінің бірнеше баптарында көрсетуі мүмкін.
Көрсету тәсілдері бойынша құқық нормасы мен нормативтік акт бабының арақатынасының үш түрі болады:
а) тікелей тәсіл–құқық нормасы нормативтік акт бабының өзінде тікелей көрсетіледі;
ә) сілтемелі тәсіл–нормативтік акт бабы норманы толығымен ашпастан, осы актінің басқа бабына сілтеме жасайды;
б) бланкеттік тәсіл–нормативтік акт бабы нақты бір бапқа емес, белглілі бір нормативтік акті түріне сілтеме жасайды.
22 тақырып. ҚҰҚЫҚШЫҒАРМАШЫЛЫҚ
1. Құқықшығармашылықтың түсінігі және түрлері.
2. Құқықшығармашылықтың қағидалары.
3. Құқықшығармашылық процестің кезеңдері.
1. Құқықшығармашылықтың түсінігі және түрлері. Құқықшығармашылық–бұл құзіретті органдардың заң нормаларын қабылдауға, өзгертуге және жоюға байланысты арнайы қызметі. Құқықшығармашылық мыналармен сипатталады:
- ол белсенді, мемлекеттік, шығармашылық қызметті білдіреді;
- оның негізгі өнімі–нормативтік актілерден көрініс тапқан заң нормалары;
- бұл қоғамды басқарудың маңызды құралы; мұнда оның даму бағдараламасы қалыптасады, маңызды жүріс-тұрыс ережелері қабылданады;
- құқықшығармашылықтың деңгейі мен мәдениеті, қабылданған нормативтік актілердің сапасы–бұл қоғамның өркениеттілігі мен демократиялылығының көрсеткіші.
Субъектілерінің түріне қарай құқықшығармашылық келесі түрлерге бөлінеді:
1) халықтың мемлекеттік және қоғамдық өмірдің маңызды мәселелері бойынша жалпыхалықтық дауыс беруін–референдум– жүргізу кезіндегі тікелей құқықшығармашылығы;
2) өкілетті мемлекеттік органдардың тікелей құқықорнықтырушы қызметі;
3) әдет түрінде қалыптасқан немесе мемлекеттік емес ұйымдар қабылдаған нормаларды мемлекеттің санкциялауы.
2. Құқықшығармашылықтың қағидалары.
Құқықшығармашылыққа мына қағидалар тән:
1) ғылымилық–нормативтік актілерді дайындау процесінде әлеуметтік-экономикалық, сасяи және басқа да жағдайларды, қоғамның дамуының объективтік қажеттіктерін және т.б. зерттеудің маңызы зор;
2) кәсібилік–мұндай қызметпен құзіретті тұлғалар–заңгерлер, экономистер және т.б. айналысуы тиіс;
3) заңдылық–бұл қызмет Конституцияның және басқа да заңдардың негізінде және шеңберінде жүзеге асырылуы тиіс;
4) демократиялық–азаматтардың бұл процеске қатысу дәрежесін, қоғамдағы процедуралық нормалар мен институттардың даму деңгейін сипаттайды;
5) жариялылық–құқықшығармашылық процестің көпшілік қауым үшін ашықтығын білдіреді.
3. Құқықшығармашылық процестің кезеңдері.
Құқықшығармашылық процесс бірнеше кезеңдер арқылы жүзеге асырылады:
1. Заң шығару ынтасы–құқықшығарушы органға нормативтік актіні шығару туралы ұсыныс немесе актінің дайын жобасы ұсынылады. Заң шығару құқығына ие субъектілер шеңбері заңнамада қатаң түрде анықталған.
2. Заң жобасын талқылау–бұл кезең құжатты қажетті сапаға жеткізу, қарама-қайшылықтарды, олқылықтарды, түсініксіз мәселелерді және т.б. жою үшін қажет. Ерекше маңызды заң жобалары жалпыхалықтық талқылауға ұысынлады.
3. Заңды қабылдау.
4. Қабылданған актінің мазмұнын көпшілікке жеткізу, яғни, заңды жариялау.
23 тақырып. ЗАҢҢАМАНЫ ЖҮЙЕЛЕУ
1. Нормативтік-құқықтық актілерді жүйелеудің түсінігі мен түрлері.
2. Құқық жүйесі мен заңнама жүйесі.
1. Нормативтік-құқықтық актілерді жүйелеудің түсінігі мен түрлері. Жүйелеу–бұл нормативтік актілерді реттеу, оларды белгілі бір жүйеге келтіру. Ол заңнаманы қолдану ыңғайлылығын арттыру үшін, көпшілікке түсінікті болуын қамтамасыз ету үшін қажет.
Жүйелеудің түрлері:
1. Инкорпорация– бұл нормативтік актілердің мазмұнын өзгертпестен бір жинаққа біріктіру арқылы жүйелеу нысаны. Мұндай жинақта әрбір акт өзінің дербес мәнін сақтап қалады. Инкорпорацияның қағидалары: хронологиялық (оларды қабылдау уақыты бойынша), тақырыптық (белгілі бір тақырып бойынша) және т.б.
Инкорпорацияны кім жүзеге асырғанына байланысты жинақтардың үш түрін бөліп қарастырады: ресми, официозды және бейресми. Ресми жинақ құқықшығарушы орган өзі жинақты дайындап, жариялаған кезде орын алады. Официоздық жинақ болып құқықшығарушы органның (мысалы, әділет министрлігінің) тапсырмасы бойынша, бірақ оның ресми көрініс таппаған қолдауы арқылы шығарылған жинақтар табылады. Бейресми жинақ болып ғылыми мекемелердің, баспалардың өз ынтасы бойынша, құқықшығарушы органның арнайы өкілеттіктерісіз шығарған заңнама жинақтары табылады.
2. Консолидация–бұл нормативтік актілердің мазмұнын өзгертпестен бір жинаққа біріктіру арқылы жүйелеу нысаны. Инкорпорациядан айырмашылығы–мұндай жинақта әрбір акт өзінің дербес мәнін жоғалтады. Мұнда нормативтік актілер олардың белгілі бір қызмет түріне қатыстылығы белгісі бойынша біріктіріледі (табиғатты қорғау, білім және т.б.).
3. Кодификация–бұл нормативтік актілердің мазмұндарын өзгертудің нәтижесінде оларды біртұтас актіге біріктіру арқылы жүйелеу нысаны. Кодификация процесінде ескірген материалдар мен нормалардағы қарама-қайшылықтар жойылады, жаңа жүріс-тұрыс ережелері қалыптасады, олардың өзара келісуі мен логикалығы қамтамасыз етіледі. Кодификациялық актінің дәстүрлі қалыптасқан түрі болып кодекс табылады, ол–бір сипатты қоғамдық қатынастардың белгілі бір саласын жан-жақты реттеуге мүмкіндік беретін ірі акт.
2. Құқық жүйесі мен заңнама жүйесі. Заңнамада, құқықтағы сияқты, оның ішкі құрылымы болып табылатын өз жүйесі бар. Алайда, бұл түсініктерді келесі негіздер бойынша ажыратқан жөн:
1) егер құқық жүйесінің алғашқы элементі болып норма табылса, заңнама жүйесінің алғашқы элементі болып нормативтік акт табылады;
2)егер құқық жүйесі мазмұн түрінде көрініс тапса, заңнама жүйесі нысан түрінде көрініс табады;
3) егер құқық жүйесі объективтік түрде, қоғамдық қатынастарға сәйкес қалыптасса, заңнама жүйесі субъективтік сипатқа ие, себебі, заңшығарушыға тәуелді болып келеді;
4) егер құқық жүйесі негізгі, алғашқы сипатты иеленсе, заңнама жүйесі туынды сипатқа ие, себебі, алғашықысы екіншісі үшін негізгі база болып табылады;
5) құқық жүйесі мен заңнама жүйесі көлемі бойынша ажыратылады: заңнама, бір жағынан, нормативтіліктің барлық түрлерін қамтымайды, себебі, себебі, құқық заңнамамамен қатар әдет нормаларынан, нормативтік шарттардан және заңды прецеденттерден де көрініс табады; екінші жағынан, нормалардың атауларынан басқа да элементтерді қамтиды–преамбулалар, тараулардың бөлімдердің, баптардың атаулары және т.б.
24 тақырып. ҚҰҚЫҚТЫҚ ҚАТЫНАСТАР
1. Құқықтық қатынастардың түсінігі және түрлері.
2. Құқықтық қатынастардың пайда болуының алғышарттары.
3. Құқық нормалары мен құқықтық қатынастардың өзара байланысы.
4. Құқықтық қатынастардың құрылымы.
5. Құқықтық қатынастардың субъектілері.
6. Құқық субъектілерінің құқыққабілеттігі және әрекетқабілеттігі. Құқықсубъектілік.
7. Құқықтық қатынастардың объектілері.
8. Субъективтік құқықтар және заңды міндеттер.
9. Заңды фактілер.
1. Құқықтық қатынастардың түсінігі және түрлері. «Құқықтық қатынасң категориясы құқықтың жалпы теориясында негізгі, орталық категориялардың бірі болып табылады және адамдардың жүріс-тұрысына құқықтың қандай жолмен әсер ететінін түсінуге мүмкіндік береді. Құқықтық қатынас– бұл қатысушылары субъективтік құқықтар мен заңды міндеттерді иеленетін, құқық нормаларымен реттелген қоғамдық қатынас.
Құқықтық қатынастардың белгілері:
а) бұл әлеуметтік субъектілер арасындағы екіжақты нақты байланысты білдіретін қоғамдық қатынас;
ә) ол құқық нормаларының негізінде қалыптасады, яғни, құқық нормаларының жалпы талаптары субъектілер мен нақты жағдайларға қатысты жеке дараланады;
б) бұл тұлғалар арасында субъективтік құқықтар мен заңды міндеттер арқылы қалыптасатын байланыс;
в) бұл ерікті қатынас, себебі, оның пайда болуы үшін оның қатысушыларының еркі қажет;
г) бұл мемлекетпен қорғалатын және қамтамасыз етілетін қатынастар.
Құқықтық қатынастардың түрлері. Құқықтық қатынастарды түрлерге бөлу, құқық нормаларын тұрлерге бөлудегі сияқты, әр түрлі негіздер бойынша жүзеге асырылуы мүмкін:
1) салалық белгісі бойынша құқықтық қатынастар конституциялық-құқықтық, әкімшілік-құқықтық, азаматтық-құқықтық және т.б. болып бөлінеді;
2) сипаты бойынша–материалдық (қаржылық, еңбек және т.б) және іс жүргізушілік (қылмыстық іс жүргізушілік, азаматтық іс жүргізушілік және т.б.) құқықтық қатынастар;
3) құқықтың функциялары бойынша–реттеуші және қорғаушы құқықтық қатынастар; реттеуші құқықтық қатынастар құқық нормасы немесе шарт негізінде пайда болады, қорғаушы құқықтық қатынастар мемлекеттік мәжбүрлеумен және заңды жауапкершілікті жүзеге асырумен байланысты болады;
4) қатысушыларының құрамына қарай–жай және күрделі құқықтық қатынастар; жай құқықтық қатынастар екі субъектінің арасында туындайды (сату-сатып алу құқықтық қатынастары), ал күрделі құқықтық қатынастар бірнеше субъектілердің арасында туындайды (қылмыстық жазаны өтеу құқықтық қатынастары);
5)субъектілерінің анықталу дәрежесіне қарай–абсолюттік және қатысты құқықтық қатынастар; абсолюттік құқықтық қатынастарда тек бір жақ қана–субъективтік құқықты иеленуші– анықталады, ал қатысты құқықтық қатынастарда екі жақ та жеке дара анықталған болып келеді және бір-біріне қатысты құқықтар мен міндеттерді иеленуші болып табылады;
6) жалпы және нақты құқықтық қатынастар; жалпы құқықтық қатынастар заңнан тікелей туындайды, нақты құқықтық қатынастар заңды фактілердің–әрекеттердің, нақты жүріс-тұрыс актілерінің–нәтижесінде пайда болады.
2. Құқықтық қатынастардың пайда болуының алғышарттары. Алғышарртар–бұл құқықтық қатынастарды туындататын жағдайлар, факторлар. Құқықтық қатынастардың пайда болу алғышарттарының екі түрін бөліп қарастырады:
1. Материалдық (жалпы) алғышарттар; бұларға адамдардың құқықтық қатынастарға түсуіне әсер ететін өмірлік қажеттіктері мен мүдделері жатады. Кең мағынада–бұл белгілі бір қоғамдық қатынастарды құқықтық реттеудің объективтік қажеттігін көрсететін әлеуметтік-экономикалық, мәдени және т.б. жағдайлардың жүйесі.
2. Заңды (арнайы) алғышарттар; бұларға құқық нормасы, құқықсубъектілік және шынайы өмір жағдайы ретіндегі заңды факт жатады. Аталған алғышарттарсыз құқықтық қатынастың туындауы мүмкін емес.
3. Құқық нормалары мен құқықтық қатынастардың өзара байланысы. Құқық нормасы–бұл жалпыға міндетті жүріс-тұрыс ережесі, ал құқықтық қатынас–құқық нормасының негізінде пайда болатын қоғамдық қатынас.
Олардың арасындағы өзара байланыс мыналардан көрінеді:
а) құқық нормасы мен құқықтық қатынас құқықтық реттеу механизмінің элементтері болып табылады;
ә) құқық нормасы–бұл құқықтық қатынастың пайда болуының негізі;
б) құқық нормасы құқықтық қатынастар субъектілерінің шеңберін анықтайды;
в) құқық нормасы өз гипотезасында белгілі бір құқықтық қатынастың пайда болу жағдайларын көздейді;
г)құқық нормасы өз диспозициясында құқықтық қатынастар қатысушыларының субъективтік құқықтары мен заңды міндеттерін анықтайды;
д) құқық нормасы өз санкциясында диспозицияны орындаудың мүмкін салдарын көрсетеді (жазалау немесе марапаттау);
е) құқықтық норма мен құқықтық қатынас себеп пен сал ретінде байланысқа түседі, яғни, құқықтық қатынас–бұл құқық нормасының жүзеге асу нысаны.
4. Құқықтық қатынастардың құрылымы. Құқықтық қатынас элементтер құрамы бойынша күрделі құрылымға ие: құқықтық қатынастың субъектісі; құқықтық қатынастың объектісі; субъективтік құқық және заңды міндет (заңды мазмұн).
5. Құқықтық қатынастардың субъектілері–бұл құқықтық қатынастардың сәйкес субъективтік құқықтар мен міндеттерді иеленген қатысушылары. Құқықтық қатынас субъектісі–бұл өзінің құқықәрекетқабілеттігін пайдаланушы құқық субъектісі. Құқықтық қатынастар субъектілерінің келесі түрлеі болады:
1. Жеке субъектілер (жеке тұлғалар); бұларға азаматтар, азаматттығы жоқ тұлғалар, қосазаматтығы бар тұлғалар, шетелдік тұлғалар жатады. Азаматтығы жоқ тұлғалар мен шетелдік азаматтар Қазақстанның аумағында Қазақстан азаматтары сияқты құқықтарды иеленіп, құқықтық қатынастарға түсе алады, алайда, оларға қатысты заңнамамен орнықтырылған шектеулер бар, мысалы, олар Қазақстан Республикасының өкілдік органдарына сайлана және сайлауға қатыса алмайды, Қарулы Күштер қатарында қызметін өтемейді, мемлекеттік аппаратта белгілі бір лауазымды иелене алмайды және т.б.
2. Ұжымдық субъектілер; бұларға мыналар жатады: мемлекет (ол басқа мемлекеттермен халықаралық-құқықтық қатынастарға түскен жағдайда); мемлекеттік ұйымдар; мемлекеттік емес ұйымдар (жеке фирмалар, коммерциялық банкілер, қоғамдық бірлестіктер және т.б.).
6. Құқық субъектілерінің құқыққабілеттігі және әрекетқабілеттігі. Құқықсубъектілік. Құқықтық қатынастардың субъектілері болу үшін тұлғалар құқыққабілеттік пен әрекетқабілеттікті иеленуі тиіс.
Құқыққабілеттік–бұл тұлғаның құқықтар мен міндеттерді иелену қабілеті. Әрекетқабілеттік–бұл тұлғаның өз әрекеттері арқылы осы құқықтар мен міндеттерді жүзеге асыру қабілеті. Әрекетқабілеттіктің келес түрлері болады: толық–18 жастан басталады; жартылай–14 пен 18 жас аралығында болады.
Әрекетқабілеттік шектелуі мүмкін. Конституцияда бекітілгендей, азаматтардың құқықтары мен міндеттері заңмен ғана және конституциялық құрылымды, адамгершілікті, басқа тұлғалардың құқықтары мен міндеттерін, денсаулығын қорғау, елдің қорғанысы мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсаттарында қажет болған шамада ғана шектелуі мүмкін.
Құқыққабілеттік пен әрекетқабілеттік бір-бірінен ажыратылмайды және көп жағдайда бір мезетте пайда болады. Азаматтық құқықтан басқа көптеген салаларда осындай жағдай орын алған. Азаматтық құқықтағы құқыққабілеттік пен әрекетқабілеттіктің ажыратылуын былай түсіндіруге болады:
а) мүліктік қатынастар олардың жасына, еркінің жағдайына қарамастан барлық азаматтар үшін қажет;
ә) мүліктік құқықтық қатынастар саласында құқыққабілеттігі бар, алайда әрекетке қабілетсіз тұлғаның орнына оның заңды өкілі қатыса алады.
Құқықсубъектілік–бұл тұлғаны құқық субъектісі ретінде сипаттайтын құқыққабілеттік пен әрекетқабілеттік.
7. Құқықтық қатынастардың объектілері–бұл құқықтық қатынастар субъектілерінің құқықтары мен міндеттері бағытталған және осыған байланысты олар заңды байланысқа түсетін категория. Аталған категорияны түсінуде екі бағытты бөліп қарастырады:
- олардың біріншісіне сәйкес, құқықтық қатынастың объектісі болып тек субъектілердің әрекеттері табылады;
- екінші көзқарасты көптеген ғалымдар жақтайды, оған сәйкес, объектілердің түрлері өте көп, олар:
1) материалдық игіліктер (заттар, құндылықтар, мүлік және т.б.);
2) материалдық емес игіліктер (өмір, денсаулық, қадір-қасиет, абырой және т.б.);
3) рухани шығармашылық өнімдері (әдебиет, өнер, музыка, ғылым туындылары және т.б.);
4) құқықтық қатынастар қатысушыларының әрекеттерінің нәтижелері (мысалы, тасымалдау шартының, мердігерлік шартының нәтижесінде туындайтын құқықтық қатынастар);
5)бағалы қағаздар мен құжаттар (ақша, акциялар, диплом және т.б.).
8. Субъективтік құқықтар және заңды міндеттер. Егер қоғамдық қатынастар құқықтық қатынастардың материалдық мазмұны болып табылса, субъективтік құқықтар мен міндеттер субъективтік мазмұны болып табылады. Құқықтар мен міндеттер арқылы құқықтық қатынастар қатысушыларының арасындағы заңды байланыстар жүзеге асырылады.
Субъективтік құқық–бұл субъектінің өз мүдделерін қанағаттандыруға мүмкіндік беретін заңды мүмкін жүріс-тұрыс шамасы.
Заңды міндет–бұл заңды қажет жүріс-тұрыс шамасы. Міндет–бұл субъективтік құқықтың жүзеге асырылуының кепілі.
Субъективтік құқық пен заңды міндеттің арасындағы айырмашылықтар:
- егер субъективтік құқық тұлғаның өз мүдделерін қанағаттандыруға бағытталса, заңды міндет бөтен мүдделерді (мысалы, мемлекеттің, басқа тұлғалардың) қанағаттандыруға бағытталған;
- егер субъективтік құқық заңды мүмкін жүріс-тұрыс шамасы болып табылса, заңды міндет қажетті жүріс-тұрыс шамасы болып табылады.
9. Заңды фактілер–бұл белгілі бір құқықтық салдардың туындауына негіз болып табылатын нақты өмірлік жағдайлар. Заңды фактілер құқықтық қатынастардың пайда болуының алғышарттары болып табылады.
Заңды фактілерді әр түрлі негіздер бойынша түрлерге бөлуге болады:
1. Туындайтын салдардың сипаты бойынша:
құқықтудырушы (мысалы, жоғары оқу орнына түсу);
құқықөзгертуші (мысалы, күндізгі оқу бөлімінен сыртқы бөлімге ауысу);
құқықтоқтатушы (мысалы, жоғары оқу орнын аяқтау).
2. Құқықтық қатынастар субъектілерінің еркімен байланысына қарай:
- оқиғалар–бұл субъектілердің еркіне тәуелсіз жағдайлар, мысалы, табиғат апаты, өлім және т.б
- әрекеттер–бұл құқықтық қатынастар субъектілерінің еркімен байланысты жағдайлар. Әрекеттер, өз кезегінде, құқыққа сай және құқыққа қайшы болып бөлінеді.
Көп жағдайда құқықтық қатынастардың пайда болуы үшін бір заңды факт жеткіліксіз болып, олардың жиынтығы–заңды құрам қажет болатын жағдайлар туындайды. Мысалы, кәрілігіне байланысты зейнетақы алу үшін зейнеткерлік жасына жету, белгілі бір еңбек өтілінің болу, зейнетақыны тағайындау туралы шешімінің болуы тиіс. Заңды құрамдардың екі түрі болады: а) оның барлық элементтері көрсетіліп, заңмен нақты анықталған болуы мүмкін (мысалы, зейнетақыны тағайындау мәселесі); ә) ол жалпы белгілермен сипатталуы мүмкін (мысалы, некені бұзудың негіздері).
25 тақырып. ҚҰҚЫҚТЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ
1. Құқықты жүзеге асырудың түсінігі және нысандары.
2. Құқық нормаларын қолданудың түсінігі, белгілері және кезеңдері.
3. Заңды коллизиялар.
4. Құқықтағы олқылықтар.
5. Құқықтық нормаларды қолдану актілері.
1. Құқықты жүзеге асырудың түсінігі және нысандары. Құқықтық нормалар адамдардың санасы мен еркіне мақсатты түрде әсер ете отырып, оларды заңнамаға сәйкес жүріп-тұруға итермелеу үшін қажет. Қоғамдық қатынастардың қатысушыларының жүріс-тұрыстары арқылы кез-келген заңшығарушы қалайтын нәтижелерге жетуге болады.
Құқықтық нормаларды жүзеге асыру–құқықтық нормалардың ережелері көрініс тапқан адамдардың жүріс-тұрысы, олардың құқықтарды жүзеге асыру мен заңды міндеттерді орындаумен байланысты тәжірибелік қызметі. Субъектілердің әрекеттеінің сипатына қарай құқықты жүзеге асырудың төрт нысанын бөліп қарастырады:
1) сақтау–қолданыстағы құқықпен тыйым салынған әрекеттерден бас тарту;
2) орындау–оң мазмұнды заңды міндеттерді орындауға байланысты белсенді әрекеттерді жүзеге асыру;
3) пайдалану–олар арқылы тұлғаның өз мүддесін қанағаттандырылатын субъективтік құқықтарды жүзеге асыру;
4) қолдану–құзіретті органдардың нақты бір заңды істі шешуге байланысты биліктік қызметі, нәтижесінде сәйкес жеке ак қабылданады.
2. Құқық нормаларын қолданудың түсінігі, белгілері және кезеңдері.Құқықты қолдану– бұл құқықты жүзеге асырудың ерекше нысаны. Ол субъектілердің билік органдарының көмегінсіз өз құқықтары мен міндеттерін жүзеге асыра алмауы жағдайында қажет. Қолдану мына белгілермен сипатталады:
- құқықты тек осыған өкілетті құзіретті органдар ғана қолданады;
- биліктік сипатқа ие;
- іс жүргізушілік нысанда жүзеге асырылады,
- сәйкес жеке, биліктік (құқыққолданушы) актіні қолданумен байланысты;
- үш кезеңнен құралады:
1) істің іс жүзіндегі негізін анықтау; бұл кезде іс бойынша объективтік шындық анықталып, барлық заңды маңызы бар ақпараттарды жинау жүзеге асырылады;
2) істің заңды негізін анықтау; бұл кезде құқыққолданушы осы қоғамдық қатынасты реттейтін құқықтың саласын, институтын және нормасын таңдайды;
3) істі шешу; бұл кезде құқық нормасының негізінде ресми мағынадағы биліктік сипаттағы жеке акт қабылданады. Шешім қабылдау қорытынды әрі негізгі кезең болып табылады. Бұдан кейін шешім орындалуы және нақты қоғамдық қатынас іс жүзінде реттелуі тиіс.
3. Заңды қарама-қайшылықтар. Екінші кезеңде, яғни, нақты құқық нормасын таңдауда, нормалардың қарам-қайшылығы және құқықтағы олқылықтар сияқты құбылыстарды кездестіруге болады.
Заңды қарама-қайшылықтар–бұл бір қоғамдық қатынастарды реттеуші құқықтық актілер арасындағы қарама-қайшылықтар. Олар құқықтық жүйеге келіспеушіліктерді, кемшіліктерді әкеледі, құқыққолану тәжірибесінде ыңғайсыздықтар туғызады, заңнаманы қолдануды қиындатады.
Қарама-қайшылықтардың түрлері:
1) Конситуция мен басқа барлық актілер арасындағы: басымдылық Конституцияға беріледі;
2) заңдар мен заңға сәйкес актілер арасындағы: заңдарға басымдылық беріледі;
3) бір органның актілері арасындағы: уақыты бойынша кейін қабылданған актіге басымдылық беріледі;
4) әр түрлі органдар қабылдаған актілер арасындағы: жоғары тұрған органның актісіне басымдылық беріледі.
4. Құқықтағы олқылықтар–бұл қолданыстағы заңнамада қажетті заң нормаларының толығымен немесе жартылай болмауы.
Олқылықты жаңа құқық нормасын қабылдау арқылы құқықшығармашылық процесінің көмегімен жоюға болады.
Олқылықтарды құқыққолдану процессі арқылы жеңуге болады , себебі, бұл кезде ешбір жаңа нормалар қабылданбайды: не құқық ұқсастығы, не заң ұқсастығы қолданылады.
Заң ұқсастығы–бұл нақты бір заңды істі осыған ұқсас істі шешуге бағытталған құқықтық норманың негізінде шешу.
Құқық ұқсастығы–бұл нақты заңды істі құқықтың жалпы қағидалары мен мәні негізінде шешу. Құқықтағы олқылықтарды жеңудің бұл әдісі ұқсас істі шешуге байланысты осы құқық саласында , ұқсас құқық саласында да нақты нормалар болмаған жағдайда ғана қолданылады.
5. Құқықтық нормаларды қолдану актілері. Құқықты қолдану актісі–бұл нақты бір заңды істі шешу нәтижесінде құзіретті орган шығаратын, жеке биліктік ережеден құралған құқықтық акт. Оның мынадай ерекшеліктері болады:
- құзіретті орган шығарады;
- мемлекеттік-биліктік сипатқа ие;
- нормативтік емес, жеке сипатқа ие, себебі, нақты субъектілерге бағытталған;
- заңмен анықталған өзіне тән нысанға ие.
Құқыққолдану актілерін келесі негіздер бойынша түрлерге бөлуге болады:
1) нысаны бойынша–жарлықтар, үкімдер, шешімдер, бұйрықтар және т.б.;
2) оларды қабылдайтын субъектілерге байланысты–мемлекеттік және мемлекеттік емес органдардың (мысалығ муниципалды органдардың) актілері;
3) құқықтың функциялары бойынша–реттеуші (мысалы, қызметтік бұйрықтар) және қорғаушы (мысалы, қылмыстық істі қозғау туралы қаулы);
4) заңды табиғаты бойынша–негізгі және көмекші; негізгі актілер заңды істің соңғы шешімін көрсетеді (мысалы, үкім), ал көмекші актілер негзгі актілерді шығаруға жәрдемдеседі (мысалы, тұлғаны айыпкер ретінде жауапқа тарту туралы қаулы).
5) құқықтық реттеу пәні бойынша–қылмыстық-құқықтық, азаматтық-құқықтық және т.б. актілер;
6) сипаты бойынша– материалдық және іс жүргізушілік.
26 тақырып. ҚҰҚЫҚ НОРМАЛАРЫН ТҮСІНДІРУ
1. Түсіндірудің түсінігі.
2. Түсіндіру тәсілдері.
3. Субъектілер бойынша түсіндіру түрлері.
4. Көлемі бойынша түсіндіру түрлері.
5. Құқықты түсіндіру актілері.
1. Түсіндірудің түсінігі. Құқық нормаларын түсіндіру–бұл мемлекеттің, лауазымды тұлғалардың, қоғамдық ұйымдардың, жекелеген азаматтардың құқық нормаларының мазмұнын түсіндіруге, оларда көрініс тапқан билік басында тұрған әлеуметтік күштердің еркін ашуға бағытталған қызметі. Түсіндіру процесінде нормативтік ереженің мәні, оның негізгі мақсаты мен әлеуметтік бағыттылығы, түсіндіріліп отырған актінің мүмкін салдары, оның құқықтық реттеу жүйесіндегі орны және т.б. анықталады.
Түсіндірудің мақсаты– заңшығарушының не айтқысы келгенін емес, оның қалыптастырған ережесінің мәнін анықтау. Түсіндіру қолданыстағы заңнамаға өзгертулер мен толықтырулар енгізбейді және енгізе алмайды да, ол заңдағы ережелерді түсіндіруге және нақтылауға бағытталған. Түсіндіру екі жақтан құралады:
норманың мәні мен оны түсіндіруді түсіну (өзі үшін);
норманың мазмұнын түсіндіру (өзгелер үшін).
2. Түсіндіру тәсілдері–бұл құқықтық нормалардың мазмұнын анықтауға бағытталған тәсілдер мен бағыттардың жиынтығы. Түсіндіру тәсілдерінің мынадай түрлері бар:
1) грамматикалық–тіл құралдарының, грамматика ержелерінің, орфографияның және т.б. көмегімен түсіндіру;
2) логикалық–логика заңдарының және ережелерінің көмегімен түсіндіру;
3) жүйелік–заң нормасының басқа нормалармен жүйелік байланысын, нақты жүріс-тұрыстың құқық жүйесіндегі орны мен рөлін талдау арқылы түсіндіру;
4) тарихи-саяси–құқықтық норманы қабылдаудың нақты-тарихи және саяси жағдайларының көмегімен түсіндіру;
5) телеологиялық (мақсатты)–нормативтік актіні қабылдау мақсаттарын анықтаудың көмегімен талқылау;
6) арнайы-заңды–заңнамада қолданылатын заң терминдерінің мазмұнын ашу арқылы түсіндіру.
3. Субъектілер бойынша түсіндіру түрлері. Субъектілеріне байланысты түсіндірудің мынадай түрлері болады:
- ресми; мұндай түсіндіруді өкілетті субъектілер ғана береді, олар арнайы актіде көрініс табады және заңды салдарды туындатады;
- бейресми; мұндай түсіндірудің заңды міндетті мәні болмайды және биліктік күші жоқ.
Ресми түсіндіру нормативтік (тұлғалар мен жағдайлардың кең шеңберіне таралады) және казуалды (тек нақты бір жағдай үшін міндетті болып табылады) болып екіге бөлінеді. Нормативтік түсіндіру, өз кезегінде, аутентикалық (нормативтік актіні қабылдаған органмен беріледі) және легалды (өкілетті субъектілер береді) болып екіге бөлінеді.
4. Көлемі бойынша түсіндіру түрлері. Түсіндірудің нәтижелері заң нормаларының шын мәніндегі мазмұны мен мәтінінің арақатынасына қарай әр түрлі болуы мүмкін. Осындай арақатынастықтың негізінде түсіндірудің үш түрін бліп қарастырады (көлемі бойынша түсіндіру):
1) дәлме-дәл түсіндіру–құқық нормасының шын мәніндегі мағынасы мен оның мәтіндік көрінісі сәйкес келген жағдайда мүмкін;
2) шектелген түсіндіру–құқық нормасының шын мәніндегі мағынасы оның мәтіндік көрінісінен тар болған жағдайда қолданылады;
3) кеңейтілген түсіндіру–құқық нормасының шын мәніндегі мағынасы оның мәтіндік көрінісінен кең болған жағдайда қолданылады.
5. Құқықты түсіндіру актілері. Құқықты түсіндіру актісі–бұл заң нормаларының мағынасын түсіндіруге бағытталған құқықтық акт.
Құқықты түсіндіру актілерінің ерекшеліктері:
- заң нормаларының мағынасын түсіндіруге бағытталған;
- нормативтік емес, нақтылаушы ережелерден құралған;
- дербес сипатқа ие емес және өзі түсінідіріп отырған нормалармен бірге әрекет етеді;
- құқықтың қайнар көзі болып табылмайды.
Құқықты түсіндіру актілерінің төмендегідей түрлері болады:
1) ресми түсіндірудің түрлеріне қарай олар нормативтік (аутентикалық және легалды) және казуалды түсіндіру актілері болып бөлінеді;
2) түсіндіруді жүзеге асырып отырған органдарға қарай–мемлекеттік билік органдарының, басқару органдарының, сот, прокуратура органдарының түсіндіру актілері;
3) құқықтық реттеу пәніне қарай–қылмыстық, азаматтық, әкімшілік және т.б. құқықты түсіндіру актілері;
4) сипатына қарай–материалдық және іс жүргізушілік түсіндіру актілері;
5) нысанына қарай–жарлықтар, қаулылар, бұйрықтар, нұсқаулар және т.б.
27 тақырып. ҚҰҚЫҚТЫҚ МІНЕЗ-ҚҰЛЫҚ
1. Құқықтық мінез-құлықтың түсінігі және белгілері.
2. Құқықтық мінез-құлықтың түрлері.
1. Құқықтық мінез-құлықтың түсінігі және белгілері. Құқықтық мінез-құлық–бұл субъектілердің құқық нормаларына және әлеуметтік маңызды мақсаттарға сай келетін жүріс-тұрысы.
Құқықтық мінез-құлық келесі белгілермен сипатталады:
- заңмен орнықтырылған шекте болады (формальды аспект);
- әлеуметтік пайдалы, қоғамдық мақсаттар мен мүдделерге қайшы келмейді; бұлар оның объективтік жағын құрайды (мазмұнды аспект);
- саналы сипатқа ие; бұл оның субъективтік жағын құрайды.
2. Құқықтық мінез-құлықтың түрлері. Құқықтық мінез-құлық мына негіздер бойынша түрлерге бөлінеді:
1) әлеуметтік маңыздылығы дәрежесіне қарай: қажетті (мысалы, әскери борышты өтеу); қалаулы (мысалы, ғылыми және көркем шығармашылық); рұқсат етілген (мысалы, діни рәсімдерді орындау).
2) себептеріне, яғни, субъективтік жағына, байланысты: әлеуметтік белсенді; конформисттік; әдетті; маргиналды.
Әлеуметтік белсенді жүріс-тұрыс–бұл құқықтық сана мен құқықтық мәдениеттің, жауапкершілік пен еріктіліктің жоғары деңгейімен сипатталатын жүріс-тұрыстың жоғарғы нысаны. Бұл жерде субъект жазадан қорықанынан немесе марапаттауды күткенінен емес, құқықтық мінез-құлықтың қажеттігіне сенуінің негізінде әрекет етеді.
Әлеуметтік белсенді жүріс-тұрыс мынадай элементтерден құралады: а) қызметтің мемлекеттік ұйымдастырылған түрлеріндегі, құқықшығармашылық және құқықты жүзеге асыру салаларындағы белсенділік; ә) ерікті ұймдардың қызметіндегі белсенділік; б)қоғамдық және қоғамдық-мемлекеттік құрылымдарды құрудағы және олардың қызметіндегі белсенділік; в) тұлғаның құқық саласындағы дербес белсенділігі.
Конформисттік жүріс-тұрыс–бұл құқықтық ережелерге оларды терең әрі жан-жақты түсінбестен, жоғары құқықтық белсенділіксіз бағынумен сипатталатын әрекет. Басқаша айтқанда, адам басқалардың да осылай жүріп-тұрғанын көргендіктен құқықтық мінез-құлықты таңдайды.
Әдетті жүріс-тұрыс–бұл құқық нормаларының орындалуы әдетке айналып кеткен жағдайда көрініс табатын жүріс-тұрыс. Әдет әрекеттердің бірнеше рет таныс жағдайда қайталануының нәтижесінде қалыптасады.
Маргиналды жүріс-тұрыс–бұл мемлекеттің мәжбүрлеуінің, жазадан қорқудың нәтижесінде жүзеге асырылатын құқықтық мінез-құлық.
28 тақырып. ҚҰҚЫҚБҰЗУШЫЛЫҚ ЖӘНЕ ЗАҢДЫ ЖАУАПКЕРШІЛІК
1. Құқықбұзушылықтардың түсінігі, белгілері және түрлері.
2. Құқықбұзушылықтың заңды құрамы.
3. Заңды жауапкершіліктің түсінігі, белгілері және қағидалары.
4. Заңды жауапкершіліктің түрлері.
5. Әрекеттің құқыққа қайшылығын және заңды жауапкершілікті жоятын жағдайлар.
1. Құқықбұзушылықтардың түсінігі, белгілері және түрлері. Құқықбұзушылық–бұл қоғамның, мемлекеттің, тұлғаның мүдделеріне нұқсан келтіруші, тұлғаның кінәлі, құқыққа қайшы, қоғамға қауіпті әрекеті.
Құқықбұзушылықтың белгілері:
әрекет немесе әрекетсіздік;
кінә;
құқыққа қайшылығы;
зиянды нәтиже;
әрекет пен зиянды нәтиженің арасындағы себепті байланыс;
заңды жауапкершілік.
Әлеуметтік қауіптілігіне қарай барлық құқықбұзушылықтар қылмыстарға және теріс қылықтарға бөлінеді.
Қылмыстар–бұл қоғамға ерекше қауіптілікпен ерекшеленетін, әлеуметтік маңызды мүдделерге нұқсан келтіретін, нұқсан келтірушіліктен қылмыстық заңнамамен қорғалатын қылмыстық құқықбұзушылықтар. Құқықбұзушылықтардың басқа түрлеріне қарағанда, қылмыстық заңмен аталған қылмыстық әрекеттердің тізімі нақты анықталған және олар кеңейтілген түсінуге жатпайды. Қылмысты жасау жазалауды көздейді.
Теріс қылықтар–әлеуметтік қауіптіліктің, қылмысқа қарағанда, аз дәрежесімен ерекшеленеді, қоғамдық өмірдің әр түрлі салаларында жүзеге асырылуы мүмкін, әр түрлі нұқсан келтіру объектілері мен заңды салдарға ие. Олар үшін жаза емес, әр түрлі шаралар көзделген.
Теріс қылықтардың түрлері:
1. Азаматтық–бұл мүліктік және жеке мүліктік емес қатынастар саласында жасалатын, ұйымдарға немесе жеке азаматтарға мүліктік зиян келтіруден көрініс табатын, шарт бойынша міндеттемелерді орындауды, азаматтың абыройы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін мәліметтерді таратуды және т.б. білдіретін құқықбұзушылықтар. Олар үшін зиянды өтеу, бұзылған құқықты мәжбүрлі түрде қалпына келтіру, орындалмаған міндетті мәжбүрлі түрде орындату сияқты санкциялар және басқа да құқықты қалпына келтіруші санкциялар көзделген.
2. Әкімшілік–бұл заңмен орнықтырылған қоғамдық тәртіпке, мемлекет органдарының атқарушылық-өкімдік қызметі саласындағы қызметтік міндеттерді жүзеге асырумен байланысты емес қатынастарға нұқсан келтіруші құқықбұзушылықтар. Әкімшілік құқықбұзушылықтар үшін айыппұл, ескерту, арнайы құқықтан айыру (мысалы, көлік құралын айдау құқығы) және әкімшілік заңнамамен көзделген басқа да санкциялар көзделген.
3. Тәртіптік–бұл еңбек қатынастары саласында жүзеге асырылатын, кәсіпорындардың, ұйымдардың, мекемелердің қызметінің ішкі тәртібіне нұқсан келтіретін құқықбұзушылықтар. Тәртіптік шаралар Еңбек туралы заңда, әскерилер үшін–Тәртіп туралы жарғыда, лауазымды тұлғалардың кейбір санаттары үшін–арнайы ережелерде қарастырылған. Бұл шараларды кәсіпорынның, мекеменің немесе ұйымның әкімшілігі жүзеге асырады.
Құқықбұзушылықтардың барлық түрлері үшін санкциялар көзделген. Санкциялар құқықты қалпына келтіруші және айыпппұлдық болып бөлінеді. Құқықты қалпына келтіруші санкциялар міндетті мәжбүрлі түрде орындатуға, бұзылған құқықты мәжбүрлі түрде қалпына келтіруге бағытталған, ал айыппұлдық санкциялар құқық бұзушының белгілі бір құқықтарын шектеуді, оған арнайы міндеттерді жүктеуді немесе оны ресми түрде сынға алуды көздейді.
2. Құқықбұзушылықтың заңды құрамы–бұл құқықбұзушылықтың заңды жауапкершілікке тарту үшін қажетті және жеткілікті белгілерінің жүйесі. Заңды құрамға мыналар жатады:
1. Құқықбұзушылықтың субъектісі–бұл осы әрекетті немесе әрекетсіздікті жасаған құқықәрекетқабілетті жеке тұлға немесе әлеуметтік ұйым.
2. Құқықбұзушылықтың объектісі–бұл осы құқықбұзушылықтың неге бағытталғанын көрсетеді. Объектінің түрлік және тектік түрлерін бөліп қарастырады. Тектік объект ретінде қоғамдық қатынастар орын алса, түрлік объектіге өмір, денсаулық, абырой, мүлік және т.б. жатады.
3. Құқықбұзушылықтың субъективтік жағы–бұл тұлғаның өз әрекетіне және оның салдарына деген субъективтік қатынасын сипаттайтын белгілердің жиынтығы. Бұл жерде басты категория болып кінә табылады. Кінә дегеніміз тұлғаның өзі жасаған құқыққа қайшы әрекетіне психологиялық қатынасы.
Кінәнің екі түрі болады: қасақаналық және абайсыздық. Қасақаналық тікелей және жанама болып бөлінеді. Тікелей қасақаналықта тұлға өз әрекеттерінің қоғамға қауіпті сипатын сезінеді, зиянды салдардың туу мүмкіндігін түсінеді және осы салдардың тууын қалайды. Жанама қасақаналықта тұлға өз әрекеттерінің қоғамға қауіпті сипатын сезінеді, зиянды салдардың туу мүмкіндігін түсінеді және осы салдардың тууын қаламаса да, олардың туындауына саналы түрде жол береді.
Абайсыздықтың да екі нысаны болады: менмендік және немқұрайдылық. Менмендікте тұлға өз әрекеттерінің қоғамға қауіпті салдарын түсінеді, алайда жеткілікті негізсіз олардың алдын алуға тырысады. Немқұрайдылықта тұлға өз әрекеттерінің қоғамға қауіпті салдарын болжай алмайды, алайда дұрыс зейін қойғанда оларды байқауы мүмкін әрі тиіс еді.
4. Құқықбұзушылықтың объективтік жағы–бұл осы құқықбұзушылықты сипаттайтын сыртқы белгілердің жиынтығы, оларға мыналар жатады: а) әрекет немесе әрекетсіздік; ә) құқыққа қайшылық; б) зиянды нәтиже; в) әрекет (әрекетсіздік) пен зиянды салдың арасындағы себепті байланыс.
3. Заңды жауапкершіліктің түсінігі, белгілері және қағидалары. Заңды жауапкершілік–бұл құқықбұзушылық жасаған тұлғаларға заңнамамен көзделген мемлекеттік мәжбүрлеу шараларын белгілі бір іс жүргізушілік тәртіпте қолдану. Шаралар мынадай сипатта болуы мүмкін: а) жеке сипаттағы шаралар (бас бостандығынан айыру); ә) мүліктік сипаттағы шаралар (айыппұл); б) ұйымдастырушылық сипаттағы шаралар (жұмыстан босату).
Заңды жауапкершіліктің белгілері:
- оны мемлекет құқықтық нормалард орнықтырады;
- мемлекеттік мәжбүрлеуге негізделеді;
- арнайы өкілетті мемлекеттік органдар қолданады;
- жаңа қосымша міндетті жүктеумен байланысты;
- жеке, мүліктік және ұйымдастырушылық сипаттағы белгілі бір теріс салдардан көрініс табады;
- іс жүргізушілік нысанда жүктеледі;
- тек жасалған құқықбұзушылық үшін ғана туындайды.
Егер заңды жауапкершіліктің іс жүзіндегі негізі болып оның құрамын құрайтын белгілердің жиынтығымен сипатталатын құқықбұзушылық табылса,оның заңды негізі болып құқық нормасы мен сәйкес құқыққолданушы акт табылады. Құқыққолдану актісінде құзіретті орган нақты бір құқықбұзушыға қатысты мәжбүрлеу шараларының нақты көлемі мен нысанын анықтайды. Мұндай құқыққолдану актісі ретінде әкімшілік бұйрығын, сот үкімін немесе шешімін және т.б. атауға болады.
Заңды жауапкершіліктің қағидалары:
1) заңдылық–жауапкершіліктің тек құқықбұзушылық (яғни, құқықәрекетқабілетті тұлға жасаған кінәлі, құқыққа қайшы әрекет немесе әрекетсіздік) үшін ғана қолданылатынын білдіреді;
2) әділеттілік–жазаның кінәға сәйкестігін, теріс қылықтар үшін қылмыстық санкцияларды белгілеуге жол берілмейтіндігін, кінәліге бір құқықбұзушылық үшін тек бір ғана жазаны тағайындауды білдіреді;
3) негізділік–істің жағдайларын объективтік түрде зерттеуді және нақты жазалау шарасын заңға сәйкес анықтауды білдіреді;
4) ізгілік (гуманизм)–адамның қадір-қасиетін қорлайтын жазалау шараларын белгілеуге және қолдануға тыйым салуды білдіреді;
5) жауапкершіліктің міндетті түрде болатындығы–жасалған қылмыс үшін заңды жауапкершіліктің міндетті түрде туындайтынын білдіреді;
6) мақсаттылық–құқықбұзушыға қатысты таңдалған жазаның заңды жауапкершіліктің мақсаттарына сәйкестігін білдіреді.
4. Заңды жауапкершіліктің түрлері. Заңды жауапкершіліктің төмендегідей түрлері болады:
1. Қылмыстық–тек қылмыстар үшін қолданылады; ешкім де сот шешімінсіз қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылмауы және қылмыстық жауаптылыққа тартылмауы тиіс. Қылмыстық жазалау шаралары–кінәлінің тұлғасына бағытталған мемлекеттік мәжбүрлеудің ең қатаң нысандары–бас бостандығынан айыру, өлім жазасы және т.б.
2. Әкімшілік–әкімшілік теріс қылықтарды жасағаны үшін туындайды және айыппұл, арнайы құқығынан айыру және т.б. сияқты шаралардан көрініс табады.
3. Азаматтық–мүліктік сипаттағы шарттық міндеттемелерді бұзу және шарттан тыс мүліктік зиян келтіру үшін туындайды. Азаматтық-құқықтық жауапкершіліктің негізгі қағидасы–зиянды толығымен өтеу.
4. Тәртіптік–еңбек, оқу, қызметтік, әскери тәртіпті бұзу үшін қолданылады; тәртіптік жауапкершілік шаралары–сөгіс, қатаң сөгіс, жұмыстан шығару және т.б.
5. Материалдық–қызметкерлер мен жұмысшылардың өз қызметтік міндеттерін орындауы барысында кәсіпорынға, мекемеге, ұйымға келтірген зияны үшін туындайды.
5. Әрекеттің құқыққа қайшылығын және заңды жауапкершілікті жоятын жағдайлар. Оларға мыналарды жатқызуға болады:
1) есі дұрыс еместік–тұлғаның өз әрекеттеріне есеп бере алмауы;
2) қажетті қорғаныс–мемлекеттің, қоғамның тұлғаның мүдделерін қоғамға қауіпті нұқсан келтіруден қорғау барысында нұқсан келтіруші тұлғаға зиян келтірумен сипатталады; алайда, қажетті қорғаныс шегінен асып кетпеуі тиіс, яғни, қорғанудың нұқсан келтірушіліктің қоғамға қауіптілігінің сипаты мен дәрежесіне айқын түрде сәйкес келмеуі орын алмауы тиіс;
3) аса қажеттілік–мемлекеттің, қоғамның, тұлғаның мүдделеріне қауіп төндіруші әрекетті жою жағдайында мүмкін, қойылатын шарт–бұл қауіп басқа құралдармен жойыла алмауы қажет және аса қажеттіліктен туындаған зиян алдын алған зияннан аз болуы тиіс;
4) қоғамға аса қауіптілігі жоқ құқықбұзушылық;
5) казус (жағдай) және т.б.
29 тақырып. ҚҰҚЫҚТЫҚ САНА ЖӘНЕ ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘДЕНИЕТ
1. Құқықтық сананың түсінігі және функциялары.
2. Құқықтық сананың құрылымы.
3. Құқықтық сананың түрлері.
4. Құқықтық мәдениеттің түсінігі және құрылымы.
1. Құқықтық сананың түсінігі және функциялары. Құқықтық сана– бұл адамдардың құқыққа деген қатынасын көрсететін түсініктер мен сезімдердің, көзқарастар мен эмоциялардың, бағалаулардың жиынтығы түріндегі қоғамдық сананың ерекше нысаны. Құқықтық сана–бұл адамдардың жаңадан қабылданған заңдарға, нормативтік актілердің нақты жобаларына және т.б. деген оң немесе теріс көзқарасы.
Құқықтық сана мынаны білдіреді:
- құқықтың қажеттігін түсіну және сезіну;
- құқықты бағалау;
- заңнаманың дамыған жүйесін құру қажеттігін түсіну;
- қолданыстағы нормативтік актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізудің қажеттігін түсіну;
құқықты жүзеге асырудың нәтижелері мен процесін қабылдау.
Құқықтық сананың ерекшеліктері мыналардан көрінеді:
а) ол өмірдің шындықтарын әділеттілік, құқықтық, еркіндік тұрғысынан қабылдайды;
ә) жалпыға міндетті жүріс-тұрыс ережелерін орнықтыруды талап етеді;
б) құқықтық пен құқықтық еместіктің, құқыққа сәйкестік пен құқыққа сәйкессіздіктің шектерін көрсетеді;
в) құқықты қамтамасыз ету үшін заңды шараларды талап етеді.
Құқықтық сананың рөлі оның функцияларынан көрініс табады:
1) танымдық; бұған «құқықтық дайындықң түсінігінен көрініс табатын және ойлану қызметінің нәтижесі болып табылатын заң білімдерінің белгілі бір жиынтығы тән болып келеді;
2) бағалаушылық; бұл тұлғаның құқықтық өмірдің әр түрлі жақтары мен көріністеріне өтіл мен құқықтық тәжірибе негізінде белгілі бір эмоционалдық қатынасын тудырады;
3) реттеуші; ол құқықтық көзқарастар мен құндылық-құқықтық бағыттылық арқылы жүзеге асырылады. Көзқарас дегеніміз тұлғаның белгілі бір түрде ақпараттарды, процестерді, құбылыстарды қабылдауға және бағалауға бейімділігін және осы бағалауға сәйкес әрекет етуге дайындығын білдіреді.
Құқықтық бағыттылық–бұл тұлғаның заңды мәні бар жағдайларда әрекет ету бағдарламасын тікелей қалыптастыратын құқықтық көзқарастарының жиынтығы.
2. Құқықтық сананың құрылымы екі элементтен құралады: құқықтық психология және құқықтық идеология.
Құқықтық психология–бұл, ең алдымен, құқыққа қатысты сезімдердің, көңіл-күйдің, эмоциялардың, көзқарастардың, армандардың жиынтығы. Бұл жерде құқықтық құбылыстарға деген қатынас ерекше деңгейде пайда болып, белгілі бір сезімдер мен эмоцияларды қалыптастыруға тырысады. Құқықтық психология арқылы мыналар жүзеге асырылады: а) құқықтық мәдениетке тән әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлер, тұлғаның мәдениетіне, күнделікті өміріне, әдетіне еніп кеткен барлық элементтер; ә) тұлғаның өзін-өзі бағалауы, яғни, өз жүіс-тұрысын құқық нормаларына сәйкестігі тұрғысынан сындарлы түрде бағалай білу қабілеті.
Құқықтық идеология–бұл адамдардың құқыққа қатынасын білдіретін құқықтық көзқарастардың, түсініктердің, қағидалардың, сенімдердің, талаптардың жүйеленген ғылыми көрінісі. Бұл субъектілердің құқықтық құбылыстарды тереңірек түсінуі; ол құқықтық бағалаудың ерекше деңгейін білдіреді. Құқықтық идеология–құқықтық сананың құрылымындағы басты элемент.
3. Құқықтық сананың түрлері. Құқықтық сана мына негіздер бойынша түрлерге бөлінеді:
1) мазмұны бойынша:
- қарапайым құқықтық сана–бұл тұлғалардың құқыққа қатысты жалпы көзқарастары, өмірлік тәжірибесінің әсерімен туындайтын көңіл-күйлері;
- кәсіби құқықтық сана–бұл заңгерлердің заңды тәжірибесінің негізінде қалыптасатын сезімдері, сенімдері, көзқарастары, дәстүрлері;
- ғылыми құқықтық сана–бұл құқықты теориялық игеруді көрсететін идеялар, түсініктер, концепциялар ;
2) субъектілері бойынша:
жеке құқықтық сана;
топтық құқықтық сана;
қоғамдық құқықтық сана.
4. Құқықтық мәдениеттің түсінігі және құрылымы. Құқықтық мәдениет құқықтық санамен тығыз байланыстылықта болы тұрып, оған сүйенеді. Алайда, құқықтық мәдениет құқықтық санаға қарағанда әлдеқайда кең, себебі, ол психологиялық және идеологиялық элементтермен қатар, заңды мәні бар жүріс-тұрысты да қамтиды. Құқықтық мәдениет мыналарды білдіреді:
1) құқықтық шынлдықты сезімдік қабылдаудың және құқықтық ойланудың белгілі бір деңгейі;
2) халықтың заңдарды білуінің тиісті дәрежесі;
3) құқық нормаларды, олардың үстемдігін түсінудің жоғары деңгейі;
4) құқықшығармашылық және құқықты жүзеге асыру процестерінің сапалық жағдайы;
5) құқықтық қызметтің ерекше тәсілдері (құқыққорғау органдарының жұмысы, конституциялық бақылау және т.б.);
6) құқықтық қызметтің адамдар жасаған рухани және материалдық игіліктер түріндегі нәтижелері (заңдар, сот тәжірибесі, заңнама жүйесі және т.б.).
Бұлардың барлығы жекелік және қоғамдық тұрғысынан қарастырылуы мүмкін.
Тұлғаның құқықтық мәдениеті–бұл құқықты білу және түсіну, соған сәйкес әрекет ету. Тұлғаның құқықтық мәдениеті тұлғаның құқықтық білімділігін білдіреді, оған құқықтық сана, құқықты қолданудың дағдылары мен қабілеті, өз жүріс-тұрысын заң нормаларына бағындыру жатады. Тұлғаның құқықтық мәдениетінің құрылымы мына элементтерден құралады:
1) психологиялық элемент–құқықтық психология;
2) идеологиялық элемент–құқықтық идеология;
3) жүріс-тұрыстық элемент–заңды мәні бар жүріс-тұрыс.
Қоғамның құқықтық мәдениеті–бұл қоғамның құқықтық санасының және құқықтық белсенділігінің деңгейі, заң нормалар мен заң қызметінің дамуының дәрежесі. Қоғамның құқықтық мәдениеті оның жалпы мәдениетінің бөлігі болып табылады және келесі факторлармен сипатталады:
- құқықты шын мәнінде қажетсіну;
- елдегі заңдылық пен құқықтық тәртіп жағдайы;
- қоғамдағы заң ғылымы мен заң білімінің даму дәрежесі.
Қоғамның құқықтық мәдениетінің құрылымы келесі элементтерден құралады:
1) қоғамның құқықтық санасы мен құқықтық белсенділігінің деңгейі;
2) заң нормаларының даму дәрежесі (құқықтың даму деңгейі, заң мәтіндерінің мәдениеті және т.б.);
3) заң қызметінің даму дәрежесі (құқықшығарушы, құқыққолданушы және құқыққорғаушы қызметтің мәдениеті).
30 тақырып. ЗАҢДЫЛЫҚ ЖӘНЕ ҚҰҚЫҚТЫҚ ТӘРТІП
1. Заңдылықтың түсінігі және қағидалары.
2. Заңдылықтың кепілденуі.
3. Құқықтық тәртіптің түсінігі.
4. Заңдылық пен құқықтық тәртіптің арақатынасы.
1. Заңдылықтың түсінігі және қағидалары. Заңдылық–бұл қоғамдық қатынастардың барлық қатысушыларының құқық нормаларын қатаң түрде сақтауы.
Заңдылық үшін екі жақ тән: а) мазмұнды жағы–бұл құқықтық, әділ, ғылыми негізделген заңдардың болуы; ә) формальды жағы– бұл оларды орындау, себебі, орындаусыз ең кемшіліксіз заңдардың болуының өзі де жеткіліксіз.
Заңдылықтың субъектілері болып қоғамдық қатынастардың барлық қатысушылары табылады, нақты айтқанда: мемлекет және оның органдары; қоғамдық және басқа да ұйымдар; еңбек ұжымдары; лауазымды тұлғалар; азаматтар. Заңдылықтың объектісі болып заңды міндетті тұлғалардың жүріс-тұрысы, олардың санасы, еркі мен әрекеттері табылады.
Заңдылықтың қағидалары–бұл заңдылықтың мазмұнын ашатын негізгі идеялар, бастамалар. Оларға мыналар жатады:
1) заң үстемдігі–барлық нормативтік және жеке құқықтық актілердің заңға бағыныстылығын білдіреді;
2) заңдылықтың тұтастығы–нормативтік актілерді түсіну мен қолдану елдің бүкіл аумағында бірдей болуы тиіс дегенді білдіреді;
3) заңдылықтың мақсатқа сәйкестігі– құқықшығармашылық және құқықты жүзеге асыру қызметінің қоғамның мақсаттары мен міндеттеріне жауап беретін ең дұрыс түрлерін қатаң түрде заңдардың шегінде таңдау қажеттігін, заңдылық пен мақсатқа сәйкестілікті қарама-қарсы қоюды болдырмауды білдіреді, яғни, мақсатқа сәйкестілікті себеп қылып заңды бұзуға жол берілмейді;
4) заңдылықтың шынайылығы–құқықтық ережелердің барлық қызмет түрлерінде іс жүзінде орындалуына жетуді және оларды кез-келген түрде бұзу міндетті түрде жауапкершілікті көздейтінін білдіреді.
2. Заңдылықтың кепілденуі–бұл заңдар мен заңға сәйкес актілердің орындалуын, азаматтардың құқықтарының, қоғам мен мемлекеттің мүдделерінің ешбір кедергісіз жүзеге асырылуын қамтамасыз ететін құралдар мен жағдайлар. Заңдылықтың кепілденуінің келесі түрлерін бөліп қарастырады:
1) әлеуметтік-экономикалық–бұл қоғамның экономикалық дамуының дәрежесі, оның жағдайының деңгейі, меншік нысандарының алуан түрлілігі, экономикалық бостандық және т.б.;
2) саяси–бұл конституциялық құрылымның қоғамның саяси жүйесінің демократиялылығының дәрежесі, саяси плюрализм, көппартиялық, биліктің тармақтарға бөлінуі және т.б.;
3) ұйымдастырушылық–бұл заңдар мен заңға сәйкес актілердің орындалуын бақылайтын арнайы органдардың (прокуратура, сот, полиция және т.б.) қызметі;
4) қоғамдық–бұл заңнаманы бұзумен күресу мақсатында қолданылатын алдын алу және басқа да шараларының мемлекетте қалыптасқан кешені;
5) идеологиялық–бұл құқықтық сананың дамуының, азаматтар арасында заң білімдерінің таралуының, заң талаптарын орындаудың дәрежесі, қоғамдағы адамгершілік тәрбиелеудің деңгейі;
6) арнайы-заңды–бұл құқықтық талаптарды бұзудың алдын алу, болдырмау және қудалау мақсатында қолданыстағы заңнамада бекітілген тәсілдер мен құралдар.
3. Құқықтық тәртіптің түсінігі. Құқықтық тәртіп–бұл субъектілердің құқықтық мінез-құлығымен сипатталатын қоғамдық қатынастар жүйесі; бұл әлеуметтік байланыстардың реттелу жағдайы, заңдылықтың шынайы қоғамдық қатынастарға айналуының нәтижесі.
Құқықтық тәртіптің ерекшеліктері:
а) ол құқық нормаларында жоспарланған;
ә) осы нормаларды жүзеге асырудың нәтижесінде туындайды;
б) мемлекетпен қамтамасыз етіледі;
в) қоғамдық қатынастардың ұйымдастырылуына жағдай жасайды;
г) заңдылықтың нәтижесі болып табылады.
4. Заңдылық пен құқықтық тәртіптің арақатынасы. Заңдылық пен құқықтық тәртіптің арақатынасы мыналардан көрінеді.
1) құқықтық тәртіп құқықтық тәртіптің мақсаты болып табылады; құқықтық тәртіпке жету үшін заңдар мен басқа да нормативтік-құқықтық актілер қабылданады, заңнаманы жетілдіру жүзеге асырылады, заңдылықты нығайтуға байланысты шаралар қолданылады;
2) құқықтық реттеуді жетілдіру мен заңдылықты қамтамасыз етуден басқа тәсілдермен құқықтық тәртіпке жету мүмкін емес;
3) заңдылықты нығайту құқықтық тәртіпті нығайтуға алып келеді;
4) құқықтық тәртіптің нақты мазмұны заңдылықтың мазмұнына байланысты болады.
31 тақырып. ҚОҒАМНЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖҮЙЕСІ
Құқықтық жүйе–бұл құқықтың құқықтық идеологиямен және сот тәжірибесімен біртұтастықта қарастырылуы. Осы үш элемент: заңдар мен басқа да мемлекетпен танылған қайнар көздерден көрініс тапқан жалпыға міндетті нормалар жүйесі ретіндегі құқық, құқықтық сананың белсенді жағы–құқықтық идеология және сот тәжірибесі құқықтық жүйені құрайды.
«Құқықтық жүйең түсінігінің белгілі бір мемлекеттегі құқыққа сипаттама берудегі маңызы зор. Бұл жағдайда ұлттық құқықтық жүйе жөнінде сөз болып отыр. Құқықтық жүйенің құқықпен қатар қай элементінің–не сот тәжірибесінің, не құқықтық идеологияның–ерекше рөлге ие болуына сол мемлекеттегі барлық құқықтық құбылыстар тәуелді болып келеді. Осы белгі бойынша құқықтық жүйенің келесі жанұяларын (құқықтың қайнар көздерінің ортақтығы негізінде бөлінген құқықтық жүйелердің жиынтығы) бөліп қарастырады:
1. Континенталдық Еуропаның нормативтік-заңнамалық жүйелер отбасы–бұл романдық-германдық құқық. Бұл құқықтық жүйелерде бірінші орынға заң қойылған (Италия, Франция, Германия, Португалия және т.б.).
2. Нормативтік-соттық, ағылшын-саксондық құқықтық жүйелер жанұясы–бұл Ұлыбританияның, АҚШ-тың, Канаданың, Австралияның және т.б. елдердің прецеденттік құқығы. Бұл құқықтық жүйелерде басты орынды сот тәжірибесі, заңды прецедент иеленген.
3. Діни-дәстүрлі, идеологиялық құқықтық жүйелер жанұясы–бұл мұсылман құқығы (Иран, Ирак, Пәкістан, Судан және т.б.) және кеңестік құқық. Бұл құқықтық жүйелерде ерекше рөлді дін мен партиялық идеология иеленеді.
31 тақырып. ҚОҒАМНЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖҮЙЕСІ
Құқықтық жүйе–бұл құқықтың құқықтық идеологиямен және сот тәжірибесімен біртұтастықта қарастырылуы. Осы үш элемент: заңдар мен басқа да мемлекетпен танылған қайнар көздерден көрініс тапқан жалпыға міндетті нормалар жүйесі ретіндегі құқық, құқықтық сананың белсенді жағы–құқықтық идеология және сот тәжірибесі құқықтық жүйені құрайды.
«Құқықтық жүйең түсінігінің белгілі бір мемлекеттегі құқыққа сипаттама берудегі маңызы зор. Бұл жағдайда ұлттық құқықтық жүйе жөнінде сөз болып отыр. Құқықтық жүйенің құқықпен қатар қай элементінің–не сот тәжірибесінің, не құқықтық идеологияның–ерекше рөлге ие болуына сол мемлекеттегі барлық құқықтық құбылыстар тәуелді болып келеді. Осы белгі бойынша құқықтық жүйенің келесі жанұяларын (құқықтың қайнар көздерінің ортақтығы негізінде бөлінген құқықтық жүйелердің жиынтығы) бөліп қарастырады:
1. Континенталдық Еуропаның нормативтік-заңнамалық жүйелер отбасы–бұл романдық-германдық құқық. Бұл құқықтық жүйелерде бірінші орынға заң қойылған (Италия, Франция, Германия, Португалия және т.б.).
2. Нормативтік-соттық, ағылшын-саксондық құқықтық жүйелер жанұясы–бұл Ұлыбританияның, АҚШ-тың, Канаданың, Австралияның және т.б. елдердің прецеденттік құқығы. Бұл құқықтық жүйелерде басты орынды сот тәжірибесі, заңды прецедент иеленген.
3. Діни-дәстүрлі, идеологиялық құқықтық жүйелер жанұясы–бұл мұсылман құқығы (Иран, Ирак, Пәкістан, Судан және т.б.) және кеңестік құқық. Бұл құқықтық жүйелерде ерекше рөлді дін мен партиялық идеология иеленеді.