Пайдаланылған әдебиеттер тізімін жасау
Әдебиеттерді жинау жоғарыда айтылып кеткен тақырыпты меңгеру барысы кезеңінде басталады. Авторлар әрбір қолданылған дереккөзге карточка жасауды ұсынады.
Қолданылған әдебиеттер тізімін алфавиттік ретпен немесе жұмыста аталып өтілген дереккөздердің қолданылу ретімен жасауға болады. Егер де бір дереккөз туралы екінші рет айтылса, ол жалпы тізімге қайтадан қосылмайды.
Әдебиетті таңдау кез келген ғылыми жұмысты жазудағы маңызды кезеңдерінің бірі. Библиографияны жасау кезінде жүйелі каталогтар мен ғылыми кітапханалардың арнайы жаңа әдебиет шолулары көмектеседі (мысалы ПМУ Хабаршысы «Филология» сериясы, аналитикалық журналдар, реферативті жинақтар және т.б.). Ізденушіге арнайы журналдардағы басылымдармен танысу қажет. Керекті дерекнама көзі болып Интернет желісі де қолданылуы мүмкін. Бұл кезең библиографияны құрастырумен аяқталады (таңдалған тақырып бойынша танысатын басылымдар тізімі).
Жоғарыда айтылған зерттеу жұмысының кезеңдері, қолжазбаның мазмұны мен рәсімделуіне қойылатын талаптардың барлығы тек ұсыныс ретінде ғана беріліп отыр. Әрбір зерттеушінің өз жұмыс істеу жүйесі, оны сақтауы (компьютер) болады. Бірақ та ең бастысы – зерттеу жұмысында жүйе болуы керек.
Зерттеу жұмысын қорғауға дайындық және жұмысты қорғау
Зерттеу жұмысының ақырғы нұсқасын аяқтаған соң, ғылыми жетекші өзінің қорытындысын дайындап, алдын ала бағасын береді. Соңғы баға жұмысты қорғау нәтижесінен кейін қойылады. Қорғау кезінде автор белгіленген уақыт ішінде жасалған зерттеу нәтижелерін баяндап беріп, барлық сұрақтарға жауап беруі керек. Қорғауда жоғары баға алам деген ізденуші сұраққа нақты және толық жауап бере алуы тиіс.
Зерттеу жұмысын бағалау келесі талаптарға жүгінеді:
1) Көтерілген мәселені терең талдай білу;
2) Берілген мәселеге шығармашылық көзқараспен қарау;
3) Ең жаңа фактологиялық және статистикалық материалдарды қолдану;
4) Автордың алдына қойған барлық талаптарды толықтай орындай алуы;
5) Материалдардың сауаттылығы, логикалық жүйелілігі;
6) Мәтінді құрастыру дәрежесі.
Қорғауға дайындалу үшін автор жұмысының көшірмесін алуы тиіс, себебі оның түпнұсқасы бірнеше күн бұрын кафедраға тапсырылады.
Егерде зерттеу жұмысы белгіленген уақытында дайын болса, жетекші түсіндірме қағазында жазбалар жасап, қорғауға кіргізеді де, жұмыс беттеріне қолын қояды.
Аяқталған жұмыс қорғау алдында 3 жұма бұрын жетекшіге тапсырылады. Мұндай мерзім тәжірибе көрсеткендей, жұмысты қорғауға дайындыққа ыңғайлы болып келеді. 10 күн арасында, жетекші автордан жұмысты алғаннан соң тағы бір рет қарап шығып, жұмысқа рецензия жазылып, қол қойылады. Рецензияда жұмыстың өзектілігі, толыққандығы, қойылған мәселенің қарастырылуы мен ашылуы, практикалық маңыздылығы және алынған нәтижелерді болашақта қолданылуы жазылуы тиіс.
Ізденушінің зерттеу тақырыбымен жұмыс жасау әдістемесі
Кез келген ғылыми жұмыс ізденушіден үлкен еңбекқорлықты, қайсарлықты, табандылықты, мақсаткерлікті талап етеді. Ғылымда бір жаңалық ашу үшін жас ізденуші өзі жұмыс істейтін ғылым саласынан білімі мол болуы керек. Өзі таңдап алған салада белгілі бір жетістіктерге жету үшін қажымас қайрат иесі, ізденімпаз болу керек.
Жас ізденуші өзінің жеке оқу стратегиясын құрып, өз жұмысына талдау жасап, жаңа нәрсе үйренуге тырысуы керек және ылғи да өзінен: Осы жұмысымнан не шығады? Не шықпайды? Неге? Не себепті? Не істеу керек? Қандай әдебиеттермен жұмыс жасау керек? Қандай анықтама, сөздіктерді қарау керек? Жетекшіден сұрау керек пе? Менің жеткен жетістігім осы ма? Тағы қандай мәселелерді қарауым керек? Осы тақырып бойынша қандай жетістіктер бар? Тақырыпты толық аша алдым ба? т.с.с. сұрақтарға жауап іздеуі керек.
Әдебиетпен және жұмыста кездесетін материалмен танысу негізінде зерттеу жұмысының алғашқы жоспары құрылады. Әдетте жұмыс кіріспеден, екі бөлімнен және қортындыдан тұрады.
Жоспар құру кезінде, біріншіден ең басты мәселелер мен сұрақтарды белгілеп алу керек. Әр бөлімге сай мәселені шешіп, оның орындалу ретін анықтаған жөн. Бұл мәселелер ақырғы, дайын жоспарда көрсетілмейді, бірақ алғашқы кезеңде ол жұмыс жоспары үшін керек.
Әр тақырып өзінше ашылуы мүмкін. Бірақ, тек қана дұрыс жасалған жоспар оның басты бағыттарын анықтайды. Жоспар жұмыстың басты идеясын, сипатын және мазмұнын көрсетуі тиіс. Жоспарда тақырыптың басты мәселелері ашылуы керек.
Жоспарды құру кезінде ешқандай шаблон болмағаны жөн. Жоспар құруда ізденуші жұмыстың ғылыми жетекшісімен ақылдасуы тиіс.
Тақырып бойынша оқыған әдебиеттер мен ғылыми жетекшімен әңгіме қорытындысы бойынша кіріспенің жобасын жасауға болады. Кіріспеге келесі кезеңдерді енгізу қажет:
Зерттеу жұмысының тақырыбына негіздеме жасау, оған тақырыптың өзектілігін, зерттеудің нысаны мен пәнін, ғылыми жаңалығын, теориялық және практикалық құндылықтарын, зерттеудің теориялық және методикалық негізерін көрсету керек. Осы жерде зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттерін нақты анықтап, қорғауға ұсынылатын тұжырымдарды беру керек. Жұмыста зерттеудің қағидаларын (синхрония- диахрония, интра- интерлингвистика, семасиология- ономасиология т.с.с) және әдістерін (сипаттау, тәжірибе т.с.с), сонымен қатар зерттеу барысында қолданылған көркем әдебиеттерді, бар болса архив материалдарын, статистикалық мәліметтерді, анықтамалар мен сөздіктерді көрсету қажет. Сонымен қатар зерттеу жұмысының негізгі терминдерін, ұғымдарын беру қажет.
Жас ізденуші! Егер де осы дәрісте берілген кеңестерді орындап, жоспар құрып, жоспарға сай әрбір бөлімін уақытында жазып, ғылыми жетекшіңізбен ақылдасып отырсаңыз, көп ізденсеңіз сіздің зерттеу жұмысыңыз өзіңізге қуаныш, жетекшіңізге мақтаныш сезімін әкелері сөзсіз.
Негізгі ұғымдар
Адъективтену – зат есімдерді анықтау мақсатында етістіктен сын есім немесе есімше жасау. Мысалы: Кітап қызықты болды. → Қызық кітап. (салыстырыңыз: ағылш. This book is interesting → Тhe interesting book.
Адъюнкция (лат. adjunctio – қосу) – сөйлем құрылымын қосымша элементтермен толықтыру. Мысалы: Ермек сабақта болды. Ермек сабақта болды ма? Ағылш. You know this. Do you know this?
Актант – етістік қоршауындағы семантикалық элементтер. Олар етістікпен берілген әрекетте міндетті түрде қатысады. Актанттар саны валенттілікті анықтайды. Мысалы, ішу етістігі. Бала су ішіп жатыр. Бұл етістік екі валентті.
Алгоритм – белгілі бір қойылған міндеттерді шешуге әкелетін, қатаң түрдегі ережелерге сай жүргізілетін бірізді әрекеттер жиынтығы.
Алломорф – морфеманың нақты манифестациясының бір түрі, нұсқасы, альтернаты (орыс. друг-, друз-, друж-.).
Аллофон – фонема нұсқасы, альтернат. Фонеманың нақты манифестациясының бір түрі.
Архетип – ата тілдің теориялық тұрғыдан белгіленген бастапқы түрі (фонема, морфема, сөз).
Ата тіл - негіз тіл – тілдің реконструкцияға келетін абстракт тілінің моделі, тұтасып бір семья құрайтын барлық туыс тілдердің ойға қонымды шығу көзі.
Әдіс – қойылған ғылыми мақсатқа жетудің жоспары. Әр ғылымның тек өзіне тән зерттеу әдістері болады. Әдіс әдіснамаға тәуелді болады, соған бағынады. Өйткені әдіснама зерттеудің жалпы ұстанымдарын белгілейді.
Әдіснама – ол жалпы ғылыми әдіс немесе жеке ғылымдардың әдістері туралы ғылым. Әдіснама зерттеудің жалпы ғылымдық бағыт-бағдарын көрсетеді.
Жалпы немесе философиялық әдіснама – адамның қоршаған ортаны танудағы жалпы ережелерінің жиынтығы, ол тірі және өлі табиғаттың ортақ заңдарына негізделген. Бұл әдіснама зерттеушіні табиғат пен қоғам дамуының жалпы заңдылықтарымен қаруландырып, оны өз зерттеу проблемасын анықтап түсінуге көмектеседі.
Буын – фонациялық ауаның кілт үзілуінің, не кедергіге ұшырауының нәтижесінде пайда болатын жеке дыбыс, не дыбыстар тобы.
Валенттілік – сөздің басқа сөз тұлғаларымен байланыса алу потенциясы, басқаша айтқанда оның грамматикалық және лексикалық семантикасын ашатын, нақтылайтын басқа бірнеше сөз тұлғаларын иемдене алу қабілеті.
Генетикалық тепе-теңдік – туыс тілдердегі фонемалар, морфемалардың жиі сәйкес келуі. Бірақ та жазуда толық сәйкес келмейді.
Грамматика – сөз түрлендіру формалары, сөз құрамы, сөз тіркесі мен сөйлем түрлері туралы ілімді қамтитын тіл білімінің саласы.
Граммема – ұйымдастыру, байланыстыру қызметін атқаратын тілдің ең жоғарғы бірлігі. Олар неше түрлі жалғаулықтар, шылаулар, көмекші сөздер, толып жатқан сөздердің сөйлемде тіркесу формалары.
Грамматика – сөздердің өзгеруін, түрленуін, олардың сөйлемде тіркесу формалары мен заңдылықтарын зерттейді.
Диалингвалдық қатынастар – айырмашылығы бар екі тілдер жүйесіндегі қатынастар.
Диаморфизм (гр. dia – әр түрлі + morpe – форма, түр) зерттеліп отырған екі тілдің корреспонденттеліп отырған элементтері арасындағы айырмашылықтар («изоморфизм» сөзіне антоним болып табылады).
Дивергенция – өзгеріс кезінде бір тұтас нәрсенің (фонеманың) екі түрлі дербес элементтерге бөлінуі. Мысалы, неміс тіліндегі Kraft-Kraefte cөзінде умлауттың нәтижесінде /а/ екі өз бетінше фонемаларға /а/ және /е/ бөлінді.
Дискурс (фр. Discours – логикалық байланыста айтылған сөз, сөйлем) – индивидтің экстралингвистикалық факторларды (жағдаят, әңгімелесушінің мінезі, кинесика және фонация) есепке ала айтылған ауызша мәлімдемесі.
Дистрибуция – берілген сөздер класындағы барлық элемент қоршауының жиынтығы немесе аталмыш элементтің сөйлем ішінде кездесетін барлық лексика-грамматикалық қоршаудағы жиынтығы.
Екпін – сөз ішінде бір буынның күшті айтылуы.
Жүйе – өзара шарттас, өзара байланысты, біртектес элементтердің бірлігі. Ол рет-ретімен орналасып, ұйымдасқан біртұтас құбылыс.
Идеографиялық әдіс (гр. іdios-ерекше, grapho-жазамын) синхронияда бір тілдің қасиеттерін зерттеуге арналған.
Идиоэтникалық – «идиос» - ерекше, белгілі бір этностың, мәдениеттің этникалық ерекшеліктерін құрайтын заттар, салт-дәстүрлер.
Изоморфизм (гр. іsos – бірдей, ұқсас, тәрізді) салыстырылып отырған тілдердегі корреспонденттеліп отырған элементтердің ұқсасатығы. Бұл элементтер табиғатына қарай изофон (ұқсас дыбыстар), изоглос (мағынасына қарай ұқсаса сөздер: қаз. зайып, әйел, жар = орыс. жена = ағыл. wife = нем. Weib) және изотаксема (ұқсас синтаксистік конструкция: орыс. я читаю книгу – ағыл. I read a book) болып бөлінеді.
Интенция – айтушының әлдебір коммуникативтік мәнді мағынаны айту пиғылы мен қажеттілігі, мақсаты.
Интеракт – коммуниканттар арасындағы вербалды және вербалды емес құралдарды қолданып өзара қарымқатынасқа түсуі.
Информант – сөйлеу үрдісіндегі әр түрлі мәліметтерді алу үшін тәжірибеге шақырылған сыналушы. Әдетте бұл адам аталмыш тілді ана тілі ретінде қолданатын адам.
Когезия – деректер, уақиғалар және әрекеттердің өзара тәуелділігін қамтамасыз ететін мәтіндегі сөйлемдердің мағыналары арасындағы байланыс.
Коммуникация (лат. сommunicare - байланысу) екі немесе одан да көп индивидтердің арасындағы вербалды немесе вербалды емес қатынастарды қолдана отырып мәлімет алмасуға немесе беруге негізделген байланыс.
Конвергенция – екі фонеманың бір фонемаға бірігуі. Мысалы, ертедегі неміс тіліндегі min өздік есімдігі /i/ дыбысының /ae/ дифтонгіне өзгеруінің нәтижесінде mein есімдігіне айналды.
Конструкция – тіл сызықтығында орналасқан кез-келген бірліктер тобы. Ол сөйлем, сөз тіркесі, композита (күрделі сөз) немесе туынды сөз (кітап/кітап-ша) болуы мүмкін.
Корреспонденция (лат. correspondero – жауап беру, сәйкес келу) – тек қана айтылуы бойынша (нан – жейтін зат, nun – монашка) немесе тек қана мағынасы бойынша сәйкес келу (қаз.нан – bread – ағылшынша нан деген сөз.) немесе айтылуы да, мағынасы да сәйкес келу (қаз. лаборант – орыс. лаборант ).
Қоршау «бала» және «су» сөздері, «ішу» етістігінің қоршауын құрайды.
Қостілділік – жеке адам немесе адам-топ қатынасында 2 тілдің кезек қолданылуы.
Көптілділік – жеке адам немесе адам-топ қатынасында бірнеше тілдің кезек қолданылуы.
Құрылым – тіл бірліктері мен деңгейлері арасындағы қатынас. Бұл қатынастың 2 түрі бар: парадигматикалық қатынас және синтагматикалық қатынас.
Лакуна – зерттеліп отырған тілдерде лексикалық корреспенденциялардың (сәйкестіктердің) жоқ болуы.
Лексема – атаулы немесе номинативті қызмет атқаратын, орта деңгейдегі тілдің екі жақты бірлігі. Лексеманың айтылуы фонеманың біртұтастығын құрайды, ал мазмұны заттың мағынасымен сәйкес келеді және әлем шындығын бейнелейді.
Лексикология – тілдің сөздік құрамын зерттеумен айналысатын тіл білімінің бөлімі.
Мотив – (мотивация – себеп-салдар) тілдік белгінің атауына негіз болған құбылыс.
Номинализация – орталық конструкцияның етістігінен зат есім жасау. Мыс.: Ит үріп жатыр → Иттің үрісі.
Номинация – ақиқат әлеміндегі заттарға олардың қасиеттері мен құбылыстарына, олардың мотивациялық белгілері негізінде ат беру, атауыш қызметін атқаратын тіл бірліктері. Номинацияның екі түрі бар: алғашқы номинация; екінші номинация.
Номографиялық әдіс (гр. nomos-заң, grapho-жазамын) әлем тілдеріндегі жалпылықты, универсалияларды зерттеуге арналған әдіс, яғни бұл әдіс бір тіл шекарасынан шығып бірнеше тілдерді зерттейді.
Парадигматикалық қатынас (парадигматика) – тіл жүйесіне тән типологиялық қатынас. Сөйлеу үрдісінен тыс семантикалық ортақ белгілері бар сөздер, адам жадында ассоциацияланып, топ құрады. Олардың өзара қатынасы мүмкіндігінше әр түрлі болады. Мұндай қатынастарды ассоциациялық қатынастар немесе парадигматикалық қатынастар деп атайды.
Паралингвистика (гр.para –жанында, маңында) – хабарланатын ойдың, пікірдің вербалды (сөзбен білдіру) тәсілдерімен қоса сөйлеу үстінде қолданылатын вербалды емес (тілден тысқары) амалдармен берілуін зерттейтін тіл білімінің саласы.
Пермутация (лат. permutare - өзгерту) – сөйлем ішіндегі элементтердің орнын ауыстыру.
Мысалы: Ермек сабақта болды. → Сабақта Ермек болды. Егер де сөйлемнің мағынасы өзгерсе пермутация мүмкін емес. Мыс. Мысық тышқанды жеді. ≠ тышқан мысықты жеді.
Прагматика (гр.рragma-қимыл) коммуниканттардың бір-біріне және сөйлеу немесе сөз мазмұнына (ауызша немесе жазбаша) олардың коммуникативтік ниетін есепке алғандағы қатынасы.
Пресуппозиция – сөйлеушінің әңгімелесуші адамның жалпы білімін сөйлеу кезіндегі көз қарасы мен психикалық жағдайын бағалау. Сөйлем мағынасының шын мәніндегі нағыз компоненті, оның көмегімен сөйлем семантикалық жағынан қалыпты, контекст бойынша дұрыс, орынды деп танылады.
Пропозиция – бір сөз тіркесінің немесе сөйлемнің, немесе бірнеше сөз тіркестері мен сөйлемдердің негізінде жатқан ортақ мағына; сөйлемнен туындайтын конструкцияларға ортақ семантикалық инвариант. Мысалы: әжем жіп иіріп отыр, әжемнің иірген жібі т. с.с.
Проспекция – жазба дерек сөздерде сақталған ең ежелгі сөздермен салыстыру.
Реалия сөздер – белгілі әлеуметтік қоғамдастықтың, мәдениеттің этникалық ерекшеліктерін құрайтын заттар, салт-дәстүрлер (тарихи атаулар, қайраткерлер, мерекелер және т.б.), басқа тілде сөйлейтін адамдардың іс тәжірибесінде жоқ заттарды ұғымдарды білдіретін сөздер немесе айтылыстар.
Реконструкция (лат. re – жаңарту, жаңғырту, constructiо – құру) – салыстырмалы-тарихи тіл біліміндегі тәсілдер, Р. тілдік құбылыстар мен формаларды қайта жаңғырту арқылы тіл дамуының бұрынғы кезеңдеріне тән әртүрлі деңгейдегі жүйелік қатынастарды қарастырады.
Ретроспекция – тілдің қазіргі жағдайынан ертедегі жағдайына дейін өзгеруін зерттеумен айланысады.
Референт – ішкітілдік шындық объектісі ретінде айтушының сөйлеу үзіндісін айтуы.
Сөйлем – коммуникативтік деңгейдегі негізгі синтаксистік бірлік.
Сема – мағынаның әрі қарай бөлінбейтін ең кіші бірлігі. Сема белгіленетін заттардың, болмыс құбылыстарының әр түрлі қырлары мен қасиеттерінің тілдегі қарапайым көрінісі.
Семантикалық өріс – мағына ортақтығының негізінде біріккен және білдіріп отырған құбылыстарының ұғымдық, заттық немесе қызметтерінің ұқсастығын бейнелейтін тілдік бірліктердің жиынтығы.
Синтагматикалық қатынас (синтагматика) – сөз бірліктері арасындағы қатынасты айқындайтын ережелер мен заңдылықтар жиынтығы. Фонемалардың жиынтығын – фонотактика, лексема жиынтығын – фразеология, сөйлемдердегі сөздер жиынтығын – синтаксис зерттейді.
Ситуация – Жағдаят – Қатынасқа түсушілердің жағдайы (уақыты, орны) мен қатысушылар (жасы, жынысы, әлеуметтік жағдайы) жөнінде мәлімет.
Соңғы құрастырушылар – (ағылш. ultimate constituents) – тікелей құрастырушылардың (фонема, морфема) әрі қарай бөлінбейтін бірліктері.
Сөздің лексикалық класы – конституент (гипоним) ретінде нақты бір сөздің жалпы ұғымын беретін сөздердің жиынтығы. Мысалы, қайың = ағаш; ұл бала = адам; су = сұйық зат;.
Сөздердің семантикалық маркері (фр. marquer-белгілеу, белгі жасау) сөздердің семантикалық немесе грамматикалық класын білдіретін шартты белгілер.
Субституция (лат. substitutio – алмастыратын, орнына жүретін) – бұл жағдайда жалпы мағынасын сақтай отырып, сөйлем элементін басқа сөзбен, конструкциямен немесе грамматикалық құралмен алмастыру. Салыстырыңыз: Жұмысшылар үй салып жатыр. → Үй салынып жатыр.
Тәсіл – зерттеушінің зерттеу материалын қарастырудағы нақты іс-әрекеті. Бұл соңғы мақсатқа жету үшін қолданған тәжірибелік амал.
Типология – тілдік құбылыстардың әр деңгейдегі жүйелер (фонология, лексика, грамматика) жиынтығы туралы немесе жалпы әлем тілдері жиынтығы туралы ғылым.
Тіл бірліктері - тіл жүйесінің әр түрлі мақсаты мен қызметі бар стандартталған элементтері.
Тіл деңгейі – тілдің кейбір «бөліктері», жалпы тілдік жүйенің шағын жүйешелері. Мысалы, грамматикалық деңгей, фонетикалық деңгей т.с.с.
Тілдер семьясы – бір ата тілден шыққан барлық туыс тілдердің және диалектілердің (тірі және өлі тілдер) жиынтығы.
Тілдік топ – бір тіл семьясы ішіндегі жақын туыс тілдер мен диалектілердің жиынтығы.
Тіркесім (сочетаемость) – сөздің грамматикалық ерекшеліктерді ескермей белгілі бір семантикалық класс сөздерінің айналысында болу қабілеті. Бұл сөздердің конструкция ішіндегі сапалы түрде шектелуі.
Тип – ортақ, бірқатар біріктіретін белгілері бар тілдік құбылыстардың жиынтығы.
Тікелей құрастырушы (ағылш. immediate constituents) – конституэнттер ретінде конструкцияға кіретін элементтер.
Тілдік жағдай – белгілі бір тарихи кезеңдегі, белгілі-бір әкімшілік аймағындағы тілдер мен тіл иелерінің жиынтығы.
Тілдік саясат – аталмыш мемлекетте тілдік жағдай мен қажетті бағытты зерттеудегі үкімет қызметі.
Трансформ – орталық конструкциядан жасалған әрбір жеке конструкция.
Трансформация (лат. transformatio – өзгеру, ауысу) – орталық конструкциядан «ішкі» аудару арқылы, яғни бір мағына беру үшін әр түрлі тілдік тәсілдерді қолдану арқылы туынды конструкция жасау.
Ішкі лингвистика тілді оның субстанциялық қасиеттері негізінде, жүйелі құрылым ретінде зерттейді.
Уникалия – зерттеліп отырған тілдердің бірінде ғана бар сөз немесе сөз тіркесі, ал екінші тілде оған лакуна сәйкес келеді. Мысалы, шаңырақ, шапан, қобыз сөздері қазақ тілінің уникалийлері болса, орыс тілінде бұл сөздерге лакуна сәйкес келеді.
Фондық білім – тіл иесінің белгілі бір этносқа қатысты білім жиынтығы.
Фонема – тілдің дыбыстық құрылымының негізгі бірлігі, сөйлеу тілінің ең кіші, одан әрі бөлінбейтін элементі. Фонема морфемалар құрамында, солар арқылы сөздерде мағына ажырату функциясын атқарады.
Фонетика – тіл ғылымында тілдің дыбыстық қырын зерттейтін бөлім.
Фонология – фонема жүйесін зерттейтін ғылым.
Элиминация – пропозициялық (мағыналық) негізді сақтай отыра сөйлемнен бір элементті алып тастау. Мысалы: Ол жақта ылғи да жылы. → Ол жақта жылы. → Онда жылы.
Этимон (гр.etymon – негізгі, әуелгі) – сөздің алғашқы мағынасы, дұрыс нұсқасы деп қабылданған түрі.
Этнос – халық, ұлт. Шығу тегіне тілі мен мәдениетінің ортақтығына негізделген адамдар тобы.
Әдебиеттер
1 Соссер Ф.де. Курс общей лингвистики // Труды по языкознанию. – М. : Прогресс, 1977. – 695 с.
2 Ахманова О.С. Словарь лингвистических терминов. – М., 1966. – 310 б.
3 Бенвенист Э. Общая лингвистика. – М. : Прогресс, 1974. – 447 с.
4 Маслова В. А. Когнитивная лингвистика. – Минск, 2004. – 203 с.
5 Қайдар Ә. Қазақ этнолингвистикасы: Қазақ тілінің өзекті мәселелері. – Алматы : Ана тілі, 1998. – Б. 475–476.
6 Копыленко М. М. Основы этнолингвистики. – Алматы : «Ақыл кітабы», 1997. – 178 с.
7 Тер-Минасова. Язык и межкультурная коммуникация. – М., 2000. – С. 16–18, С. 24–25.
8 Trier J. Der deutsche Wortschatz im Sinnberzirk des Verstandes. – Heidelberg, 1931. – 167 s.
9 Вайсгербер Л. Родной язык и формирование духа. – М., 1993. – 218 с.
10 Апресян Ю. Д. Лексическая семантика. – М., 1974. – 472 c.
11 Гак В. Г. Сопоставительная лексикология. – М., 1977. – 298 с.
12 Гулыга Е. В., Шендельс Е. И. О компонентном анализе значимых единиц языка // Принципы и методы семантических исследовании. – М., 1976. – С. 291–314.
13 Караулов Ю. Н. Структура лексико-семантического поля // Филоло-гические науки. – 1972. – № 1 – С. 57–68
14 Уфимцева А. А. Лексические значение: принципы семантического описания лексики. – М. : Наука, 1986. – 240 с.
15 Щур Г. С. Теория поля в лингвистике. – М. : Наука, 1974. – 225 с.
16 Бондарко А. В. К теории функциональной грамматики // Проблемы функциональной грамматики. – М. : Наука, 1985. – С. 16–29.
17 Гулыга Е. В., Шендельс Б. И. Грамматико-лексические поля в современном немецком языке. – М. : Просвещение, 1969. – 184 с.
18 Ножин Е. А. Вопросы использования лекций в пропаганде: автореф. ... канд. филол. наук. – М., 1966. – 23 с.
19 Новиков Л. А. Семантическое поле // Русский язык. Энциклопедия. – М., 1997. – 180 с.
20 Кобозева И. М. Лингвистическая семантика. – М. : Эдиториал, 2000. – 252 с.
21 Чумак-Жунь И. И. Лексико-семантическое поле цвета в языке поэзии И.А.Бунина: состав и структура, функционирование : автореф. ... канд.филол.наук. – Киев, 1996. – С. 18–22.
22 Караулов Ю. Н. Словарь как компонент описания языков: Принципы описания языков мира. – М., 1976. – С. 78–81.
23 Гальперин И. Р. Очерки по стилистике английского языка. – М., 1958. – 267 с.
24 Васильев Л. М. Семантика русского глагола. – М. : Высшая школа, 1981. – 184 с.
25 Оразов М. Қазақ тілінің семантикасы. – Алматы : Рауан, 1991. – 211 б.
26 Гак В. Г. Сопоставительная лексикология. – М., 1977. – 298 с.
27 Селиберстова О. Н. Об объекте лингвистической семантики и
адекватности ее описания // Принципы и методы семантических исследований. – М., 1976. – 315 с.
28 Арнольд И. В. Основы научных исследовании в лингистике : учеб. пособие. – М. : Высшая школа, 1991. – 140 с.
29 Жұбанов А. Қолданбалы тіл білімінің мәселелері. – Алматы : «Арыс» баспасы, 2008. – 640 б.
30 Сулейменова Э. Д. О казахстанской лингвистике: к десятилетию независимости Казахстана // Вестник КазНУ им. Аль-Фараби, серия 16. – Алматы, 2001. – С. 19–29.
31 Маманов Ы. Қазақ тіл білімінің мәселелері. – Алматы : Арыс, 2007. – 488 б.
32 Аманжолов С. Қазақ тілі теориясының негіздері. – Алматы : Ғылым, 2002. – 366 б.
33 Кеңесбаев І. Қазақ тіл білімінің мәселелері. – Алматы : Арын, 2008. – 608 б.
34 Қалиев Ғ. Тіл білімі терминдерінің түсіндірме сөздігі. – Павлодар : Кереку, 2010. – 548 б.
35 Аханов К. Тіл білімінің негіздері : оқулық. – 3-бас. – Алматы : «Санат», 1993. – 496 б.
36 Кенжетаева Г. К. Неміс және қазақ тілдеріндегі көру етістіктерінің лексика-семантикалық өрісі : филол.ғ.к. диссертациясы. – Алматы, 2009. – 179 б.
37 Тіл білімі сөздігі. – Алматы : Ғылым, 1998. – 544 б.
38 Орысша-қазақша түсіндірме сөздік: Лингвистика / Жалпы редакциясын басқарған э.ғ.д., профессор Е. Арын – Павлодар : «ЭКО» ҒӨФ. 2007. – 527 б.
39 Тіл білімі терминдерінің түсіндірме сөздігі. – Алматы : «Сөздік-Словарь», 2005. – 548 б.
40 Қазақ тілі. Энциклопедия. – Алматы : Қазақстан Республикасы Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігі, Қазақстан даму институты, 1998. – 509 б.
Мазмұны
Алғы сөз.................................................................................................. | 3 |
1-тақырып. Тіл білімі туралы жалпы түсінік......................................... | 4 |
2-тақырып. Тіл білімінің бөлімдері........................................................ | 6 |
3-тақырып. Тіл біліміндегі зерттеудің әдістері мен тәсілдері.............. | 12 |
4-тақырып. Ішкі лингвистиканың әдіс-тәсілдері. Диахрониядағы реконструкция әдісі.............................................................. | 18 |
5-тақырып. Синхронияда ішкі лингвистиканың әдіс-тәсілдері........... | 22 |
6-тақырып. Сыртқы лингвистиканың әдістері мен тәсілдері............... | 32 |
7-тақырып. Прагмалингвистиканың әдістері мен тәсілдері................. | 41 |
8-тақырып Лингвистикалық зерттеудегі математикалық статистика әдістері................................................................................... | 47 |
9-тақырып. Қолданбалы лингвистикалық зерттеулердің әдіс- тәсілдері................................................................................. | 48 |
10-тақырып. Лингвистикадағы өрістік тәсіл.......................................... | 49 |
11-тақырып. Компоненттік талдау әдісі................................................. | 58 |
12- тақырып. Жас ізденушілерге кеңес.................................................. | 61 |
Негізгі ұғымдарға түсініктеме........................................................... | 69 |
Әдебиеттер.......................................................................................... | 76 |