Психолингвистиканың әдістері мен тәсілдері
Тіл білімінде сыртқы лингвистика – шекаралас ғылымдардың – психолингвистиканың, социолингвистиканың, социологияның тағы сол сияқты ғылымдардың әдіс-тәсілдерін қолданатын ішкі лингвистика деген қате пікір бар.
Сыртқы лингвистиканың пәні мен тәсілдері туралы бұл сияқты түсінік бір шама қара-дүрсін пікір. Мысалы: Психолингвистика – психолингвистиканың әдіс-тәсілдерін қолданады, бірақ оның мақсаты – ішкі лингвистика мен психологияның мақсаттарынан мүлдем басқа. Психолингвистка – «тіл – адам» қатынастарының мәнін ашып қарастыруға тырысады. Психолингвистиканың жеке ғылым саласы болып қалыптасуы 1953 жыл болып есептеледі. Осы жылы АҚШ-та Индиана Университетінің әлеуметтік ғылымдарды зерттеу кеңесі мен тіл білімі және психология комитетінің ұйымдастыруымен университетаралық семинар өткізілді. Семинар жұмысын психологтар Чарльз Осгуд пен Джон Кэролл басқарды. Семинар жұмысының нәтижесі «Psycholinguistics//A Syrvey of Theory and Research Problems». Кітапта жаңа ғылымның теориялық ережелері мен негізгі бағыттары белгіленді. Ч. Осгуд психолингвистиканы адамның сөйлеу қызметімен байланыстырады.
КСРО-да психолингвистика адамның сөйлеу қызметінің теориясы ретінде ХХ ғ. 60-жылдарының ортасында пайда болды. Жаңа ғылым А. Н. Леонтьевтің, А. С. Лурия, С. Л. Рубинштейн есімдерімен байланысты. Сол сияяқты психолингвистканың қалыптасуына А.Хомскийдің, Ж. Пиаженің зерттеулері де елеулі үлес қосты.
Психолингвистиканың мақсаттары төмендегідей:
1) Адамның сөйлеу қызметін зерттеу, яғни сөйлеудің тууын және оны түсінуді зерттеу;
2) Ана тілі мен шетел тілдерін балалар мен ересектердің үйрену үрдісін зерттеу;
3) Ішкі лингвистиканың әдістері арқылы алынған мәліметтердің шыншылдығын анықтау (Верификация лат.verus – шындық ).
Негізгі ұғымдар
Психолингвистикалық тәжірибе – информанттарды пайдаланып тәжірибе өткізушінің бақылауымен тіл қызметін қолдан жасалған жағдайда зерттеу.
Информант – сөйлеу үрдісіндегі әр түрлі мәліметтерді алу үшін тәжірибеге шақырылған сыналушы. Әдетте бұл адам аталмыш тілді ана тілі ретінде қолданатын адам.
Тәжірибе түрлері. Психолингвистикада тәжірибенің негізгі үш түрі бар:
1) Зертханалық тәжірибе – тәжірибе өткізушінің күні бұрын тұжырымдалған гипотезаны тексеруі үшін өткізілетін тәжірибе;
2) Табиғи тәжірибе – сөйлеу үрдісін информанттарға табиғи жағдайда (жанұя, мектеп, жұмыс орны) өткізу;
3) Ассоциативті тәжірибе – информантқа әсерлеу мақсатында оның екі және одан да көп тілдердегі белгілі бір сөзге, сөз тіркесіне, сөйлемге реакциясын тексеру.
Тест – психолингвистиканы зерттеудегі негізгі әдіс болып табылады. Ол жеке тұлғаның бағалау шкаласындағы орнын анықтау мақсатында өткізілетін жеке немесе топтық тапсырма болуы мүмкін.
Тесттің екі түрі бар: ашық тест және жабық тест.
Ашық тест – онша қатаң талаптары жоқ, оларға объективті түрде баға беру қиын (диктант, шығарма, аударма және т.б.). Бұл тесттің жағымды жағы – информанттардың ой-желісін, ойлау мүмкіндіктерін, шығармашылық қабілеттерін бақылауға болады. Жабық тест жалпыға бірдей, қатаң талапқа сай жасалған тест. Жабық тестте информант тек қана берілген сұрақтарға жауап береді. Әдетте жабық тест жауаптың бірнеше варианттары бар тесттер болып келеді.
Тестке қойылатын негізгі талаптар:
1) Тесттің шынайылығы. Тесттің шынайылығы информанттардың саны мен сапасына байланысты. Шынайы мәлімет алу үщін информанттардың саны 19-дан 70-ке дейін болуы мүмкін. Ал тест сапалы болуы үшін информанттардың жасы, жынысы, білім деңгейі бірдей болуы керек;
2) Тесттің сенімділігі. Бұл эксперименттің болжамалы күші. Тесттің қорытындысы мен информанттармен ауызша әңгмелесу нәтижелері сәйкес келсе тест сенімді түрде өтті деуге болады;
3) Тесттің дәлдігі. Тесттің дәлдігі тест нәтижесінің математикалық өңдеуінің сапасына және тесттегі тапсырмалар санына байланысты. Мысалы, бір мәселеге байланысты 100 сұрағы бар тест пен 50 сұрағы бар тесттің дәлдігі бірдей болмайды.