Типологиялық зерттеулердің әдістері. Типологиялық индекстер әдісі немесе квантитативтік әдіс

Типологиялық зерттеу практикасында Дж. Гринберг енгізген индексация әдісі (типологиялық индекстер әдісі) немесе квантитативтік әдіс ерекше орын алады.

Сандық көрсеткіштерді қолдану әдісіне қарай квантитативтік деп аталатын өз әдісінің негізіне Дж. Гринберг сандық индекстер алатын кейбір қасиеттер мен нышандарды алды. Өз есептеу нәтижесін Дж. Гринберг 100 сөзден тұратын мәтін негізінде төмендегі параметрлер бойынша алды:

Бірінші параметр – синтез деңгейі немесе сөздің жалпы күрделілігі . Егер де зерттелген мәтіндегі морфемалар санын М әріпімен белгілесе, ал сөздер санын W әріпімен белгілесе, онда M/W қатысы синтездің көрсеткіші болып табылады және синтетикалық индексі деп аталады.

Екінші параметр – бұл байланыс әдістері. Егер А әріпімен агглютинативті конструкцилар санын белгілесе, aл J әріпімен морфемалар арасындағы тігісті белгілесе, A/J қатысы сөздің дәнекерлену деңгейінің көрсеткіші болып табылады және агглютинация индексі деген ұғымға ие. Дж. Гринбергтің ойынша агглютинациясы жоғары индексті тіл агглютинативті тіл, ал агглютинациясы төмен индексті тіл фузионды тіл, яғни флективті тіл.

Үшінші параметр – сөз жасаушы және сөз өзгертуші морфемалардың көп таралғандығы. Егер R зерттеліп отырған мәтіндегі түбір морфема санына тең болса, ал W – сол мәтіндегі сөз санына сәйкес болса, біз R/W қатысын аламыз, яғни сөз түзу (күрделі сөз түзу) индексі болады. Егер аталмыш мәтінде барлық деривациялы морфемаларды белгілесе, D/W қатынасы тілдің сөз жасау мүмкіндігінің көрсеткіші болып табылады.

Төртінші параметр аффикстердің түбірге қатысын сипаттау үшін қолданылады. Егер де префикстерді Р символымен белгілесе, онда P/W қатынасы, яғни префиксалдық индексі префикс санының сөз санына қатынасын көрсетеді. S/W қатынасы, яғни суффиксалдық индексі суффикс санының сөз санына қатынасын көрсетеді.

Детерминанттар теорисы

Типологиялық зерттеулердің әдістемесі мен универсалийлерді анықтауда Г. П. Мельников ұсынған детерминанттар теорисының үлкен маңызы бар. Оның ойынша, субстанциялық қасиетке ие тіл белгілі бір жүйе құрайды. Г. П. Мельников тіл жүйесінің ерекшелігі, оның нақты бір қажеттілікке байланысты ой-пікір білдіруге икемделуі, бейімделуі деп есептейді. Бұл қасиет құрылым варианттарының, сол сияқты субстанция варианттарының нақты тілдік жағдайға байланысты іріктеу жүргізу арқылы жүйенің өте жақсы қызмет етуін қамтамасыз етеді. Жүйенің осы маңызды қызметі детерминанта жүйесін анықтаушы сипаттамасы болып табылады.

Детерминантты қолданып әр деңгейдегі универсалийлерге талдау жасау Г. П. Мельниковты «кез келген күрделі қызмет қарапайымнан кейін, ал қосалқы қызмет маңызды қызметтен кейін жүзеге асады» деген жалпы қорытындыға келді.

Эталондық әдіс

Типологиялық зерттеулердегі эталондық әдістің мақсаты – кез келген бірнеше тілдерді эталондық жүйемен салыстыру. Тіл-эталон ғылымға белгілі кез келген тілді салғастыруға болатын өлшем бірлігі үшін шартты түрде қабылданған тіл. Аталмыш ұғымды тіл біліміне Б. А. Успенский енгізген. Тіл-эталон идеясы салыстыру ұғымынан шаққан.

Шет тілдердің жүйелерін ана тілімен (ағылшын тілін орыс немесе қазақ тілімен) салыстырғанда ана тілі тіл-эталон болады.

Жоғарыда аталып кеткен тек қана типологияға тән әдістерден басқа тіл білімінің басқа да бөлімдерінде қолданылатын дистрибутивті әдіс, анкеталық әдіс және т.с.с. әдістер қолданылады.